Ваххабизм идеологиясының Пәкістанда таралуының себептерін сараптау
(last modified Mon, 07 Aug 2017 08:37:59 GMT )
Там 07, 2017 14:37 Asia/Almaty
  • Ваххабизм идеологиясының Пәкістанда таралуының себептерін сараптау

Назарларыңызға «Ваххабизм идеологиясының Пәкістанда таралуының себептерін сараптау» атты бағдарламаны ұсынамыз.

Қалыптасуында АҚШ пен Ұлыбританияның тыңшылық ұйымдары шешуші рөл атқарған ваххабизмнің аймақта, әсіресе Пәкістанда таралу себептерін зерттеуде бірнеше жағдайға көңіл аударып, ойлану керек. Бұл сектаның ислам елдеріндегі мақсаты мен жоспары қатыгездікті, әсірешілдікті, сектанттықты өршіту, сүнниттер мен шиіттер арасында соғыс тудыру және ваххабизмді ұстанушылардан басқа мұсылмандарды кәпір санау болды. Сектаның ваххабизмді жаюдағы құралдарының қатарында Сауд әулетінің қаржылай демеуін, діни медреселер ашып, қарулы қатігез лаңкестік топтарды құруын, уағыздар мен құтпалар айтып, соңғы кездері барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерге ықпал етуін атау керек.

Сауд әулетінің ваххабизм мен терроризм идеологиясын аймаққа, әсіресе Пәкістанда таратудағы рөлі ұлғайып, дүние жүзін қамтып бара жатқандықтан Сауд әулетінің  негізгі қорғаушысы саналатын Батыс орталары да олардың істерін сынға алуда. Brokens қорының зерттеушісі Уильям Маккенз New York Times газетіне берген сұхбатында Арабстанның рөлі мен ваххабизмнің лаңкестікті әлемнің әртүрлі аймақтарына таратуға бет бұрғанына тоқталып: «Экстремизм және лаңкестікпен қатынас саласында  Арабстан "от тұтатушының" да, "өрт сөндірушінің" де рөлін ойнайды. Саудиялықтар экстремистер, сектанттар мен лаңкестерді  идеялогиялық тұрғыдан қоректендіретін «ваххабизм» атты улы идеологиялық мектепті таратушы бола тұрып, өздерін лаңкестікпен күресушілер ретінде таныстырады»,-деді.

Фарид Закария да «The Washington Post» газетіндегі мақаласында ваххабизм мен оның ислам әлеміндегі қатігездіктердегі рөлі туралы: «Арабстан ислам әлемінде бір құбыжықты тудырды»,-деді.

Сауд Арабиясының бұрын ислам әлемінде, атап айтқанда Пәкістанда ваххабизмді жасырын қолдап, тайпааралық және ағымаралық шиеленістерді қоздырып отырғанын Батыс қоғамы қолдаса да, ваххабистік топтардың тәсілі  лаңкестіктікке ойысқаннан кейін дүниежүзілік орталар ваххабизм идеологиясын, олардың әрекеттері мен құралдарын сараптауға көбірек назар аударуда.

Түркия мұсылмандарының рухани қайраткері Мехмет Гюрмез ваххабизмнің мақсаттары жайлы: «Ваххабизм ілімі плюрализмге, ислам діні  көрсеткіштерінің бірі саналатын ғылым мен білімге төзімділік танытып, қайта қарастыруға күмән тудыруға негізделген. Алайда ваххабиттер бедғат енгізу арқылы ислам дінінде қатігездік пен лаңкестікке әкеліп соқтырған үлкен ауытқушылық тудырып жатыр»,-деді.

Арабстан  ваххабизмді аймаққа тарататын жер ретінде Пәкістанды таңдады. Өйткені, бұл ел қажет жағдайларға ие еді. Пәкістанда 70-ші жылдары ел армиясын дінге қатты итермелеген Зия-ул-Хақтың билікке келуі, Кеңес Одағының Ауғанстанды басып алуы, АҚШ пен Арабстаннан Қызыл армияға қарсы мұджахедтерді дайындау үшін қаражаттың жіберілуі, Иранда Ислам Революциясының орын алуы және әлемдегі алғашқы шиіттік мемлекеттің құрылуы Сауд Арабиясын бұрынғыдан көбірек сүнниттер арасындағы беделіне сызат түсуінен алаңдатты. Сондықтан Сауд Арабиясының Пәкістанда ваххабизмді таратуы үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалды. Исламабадта Халықаралық ислам университетін ашу, ваххабизмді уағыздаушыларды жіберу, мыңдаған діни медреселер мен «Дар ул-Давве салафие» сияқты үгіт-насихат орталығын ашу, ондаған мешіт салу, ақпараттық қызметтерді атқару, араб тілін тарату, пәкістандық жұмысшыларды жұмысқа тарту, «Ислам үлемдерінің жамағаты» сияқты партиялар  мен «Лашкар-е Джангви» мен «Сепах-е сахаба» сияқты  қарулы және лаңкестік топтарды құру Арабстанның Пәкістанда бұрмаланған ваххабистік ойларды тарату құралдары болды.  АҚШ-тағы Коннектикут штатының демократ сенаторы Крис Мерфи 2015 жылы АҚШ-тың Сыртқы байланыс кеңесінің институтында сөйлеген сөзінде: «Арабстан Пәкістанда жеккөрушілікті таратып, лаңкестерді тәрбиелеп шығаратын 24 мың діни медресе ашты. Бұл жерлерде ваххабизмнің шиіттер мен Батысқа қарсы бағытталған нұсқасы астыртын оқытылады»,-деп ашық айтты.

Пәкістан партиялары мен әскерінің Арабстан мен оның мұнайдан түсетін долларларына тәуелділігі, Исламабад үкіметінің ішкі, аймақтық және трансаймақтық лаңкестікпен күрестегі әрекеттеріне наразылықтар мен ішкі сындардың айтылуына қарамастан, Пәкістанның бұрынғыдай Арабстанның саясаттары мен жоспарлары және ваххабизмнің зұлымдығына бағынуына себеп болды. Ауғанстан халқы ешқашан өз елдерінде ваххабистерге  жұмыс істеуге рұқсат бермегенін және бұл елдің тарих бойында шиіттер мен сүннитер арасындағы бейбіт өмірдің мақтан тұтарлық үлгісі болып саналуына байланысты Арабстан Пәкістанды ваххабизмді таратуға бағытталған талпыныстарының орталығына айналдырды. Бұл Пәкістан үшін ішкі, аймақтық және халықаралық көзқарас тұрғысынан теріс әрі бүлдіргі салдарлар тудырды.

«New York Times» газеті: «Пәкістан сияқты бүлінген елдерде Сауд Арабиясының қаржысы мен ваххабизм үдерісі дінге қатысты алшақтықтардың күшеуіне және осы ел жағдайының қатты  әлсіреуіне соқтырды»,-деп жазды.

Ағылшындық «The Guardian» газеті бұл жағдайға реакциясында: «Ваххабизм Сауд Арабиясы ақшасының цунами іспеттес нөпірімен лаңкестер тәрбиелеп жатыр. Алайда АҚШ Конгресі басқа елдерді, соның ішінде ИИР-ын лаңкестікті қолдайды деп айыптайды»,-деді.

Сауд Арабиясының Пәкістандағы қылмыстары мен қатыгездік таратушылығын ұдайы жасырып келген батыстың БАҚ қазіргі таңда Сауд Арабиясын барлық сектанттық және лаңкестік қатігездіктерді жасаушы деп таныстырып отыр.

«The Huffington Post» газеті 2016 жылдың тамыз айында жариялаған мақаласында: «Егер сіз Арабстандағы ваххабизмнің тарихын білмесеңіз, әртүрлі аймақтардағы, әсіресе Пәкістандағы сектанттық пен лаңкестікті зерттеп, сараптай алмайсыз»,-деп жазды.  

Арабстанның Пәкістанда бастаған жаңа ойыны ағымаралық соғыстарды тарату мақсатында  гибридтік соғысты өршіту болып отыр. Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс, екі ел шекараларында, сондай-ақ Пәкістанның басқа елдермен шекараларында тынышсыздық қалыптастырып, лаңкестік пен ваххабизді қатты айыптайтын Ауғанстан үлемдері мен «Ислам үлемдері жамағаты» сияқты діни ағымдар мен  кейбір үлемдер арасында қарама-қайшылық тудыру Арабстанның мұсылман мемлекеттері арасында іріткі мен қақтығысты өршітуге бағытталған жоспарының қатарына жатады.

Батыс сарапшысы Патрик Кокберн «The Independent» газетінде мақала жариялап: «Бұл – лаңкестік, жаппай қыру,  қамауға алу, тиісу мен азаптау, күнәсіз ондаған мың адамды өлтірген қорқынышты соғыс, бірақ мұсылмандар мен мұсылман еместер бұл қылмыстардың астарындағы шынайы факторлар мен негіздерді сирек түсінеді»,-деді.

Алайда бүгінде Пәкістан мен аймақтағы барлық саяси орталар мен сарапшылар назарға алып отырған маңызды жайт мынада:  ваххабиттер мен Арабстан – АҚШ пен басқа Батыс елдерінің  лаңкестікпен күрестегі серіктестері. Олар Пәкістан үкіметіне лаңкестікпен күресу үшін әртүрлі, соның ішінде әскери және қаржылай көмек көрсетіп отыр.