АҚШ революциясының арманы: қиялдан шындыққа дейін
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i29706-АҚШ_революциясының_арманы_қиялдан_шындыққа_дейін
«Біз мына шындықты – адамдардың тең жаралғанын және Жаратушының оларға белгілі бір ажырағысыз құқық, соның ішінде өмір сүру, еркіндік пен бақыт іздеу құқығын бергенін айқын білеміз. Осы құқықтарға кепілдік ету үшін адамдардың арасында үкіметтер құрылып, олар өздерінің құқықтық өкілеттіктерін халықтың ризалығынан алады.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Там 10, 2017 16:47 Asia/Almaty
  • АҚШ революциясының арманы: қиялдан шындыққа дейін

«Біз мына шындықты – адамдардың тең жаралғанын және Жаратушының оларға белгілі бір ажырағысыз құқық, соның ішінде өмір сүру, еркіндік пен бақыт іздеу құқығын бергенін айқын білеміз. Осы құқықтарға кепілдік ету үшін адамдардың арасында үкіметтер құрылып, олар өздерінің құқықтық өкілеттіктерін халықтың ризалығынан алады.

Бұл мақсаттар кез келген үкімет тарапынан тапталған жағдайда халық оны өзгертуге немесе құлатуға, жаңа үкімет құруға, оның іргесін өздерінің ойынша бәрінен бұрын қауіпсіздік пен бақытқа жетелейді деп санаған принциптерге негіздеп, оның күшін өздеріне лайық формада құруға құқылы».

Бұл – 1776 жылы 4 шілдеде жаңа әлемде Ұлыбритания отарларының 13 өкілінің қатысуымен жазылған декларацияның бір бөлігі. 241 жыл бұрын 13 отар ел Ұлыбритания державасымен бір жыл соғысқаннан кейін Тәуелсіздік декларациясын қабылдап, егемендіктерін жариялады. Сол кезден бүгінге дейін «Америка Құрама Штаттары» ретінде қалыптасқан ел революцияның басшылары мен мемлекетттің негізін салушылардың армандарын орындап,  Тәуелсіздік декларациясындағы мақсаттарды жүзеге асыру жолында талпыныс жасап келеді. Алайда АҚШ революциясының мақсаттары 2,5 ғасырдан кейін орындалды ма?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын кейін «АҚШ» деп аталған жерде болған революцияға қысқаша шолу жасап өтейік. Бұл революция Ұлыбритания империясының Франциямен болған 7 жылдық соғыстың бел қайыстырарлық шығындарын қамтамасыз ету үшін 13 отар елде алым-салықты көбейткен кезде басталды. Британия Парламентінің шешіміне бәрінен көбірек ашуланған осы аймақтың белсенді саудагерлері мен кәсіпкерлері адвокаттардың  көмегімен бүлік шығарып, наразылық білдірді.  

Алайда лондондықтар наразылықтарға құлақ аспағандықтан, екі тарап арасында соғыс басталып, отар елдерді Ұлыбритания империясынан бөлініп,  тәуелсіздік жариялауға итермеледі.

Томас Джеферсон, Джон Адамс, Бенджамин Франклин секілді адамдар Америка құрлығындағы армияның қолбасшысы генерал Джордж Вашингтонның  Ұлыбританияның қызыл шекпенді армиясына қарсы  соғыстағы жеңісінен кейін, қолдарына қалам алып, 13 отар елдің Ұлыбритания империясынан тәуелсіздік алуы туралы декларацияны жазды. Бұл декларация 1776 жылдің 4 шілдесінде дайын болды. Көптеген тарихшылардың қуаттауы бойынша сол жылдың тамыз айына дейін 2-ші Құрлық Конгресі өкілдері тарапынан бекітілді. Сол себепті 4 шілде АҚШ-тың  Тәуелсіздік күні деп аталды.

АҚШ революциясына жетекшілік етіп, осы жаңа құрылған елдің тәуелсіз  құжаттары мен Конституциясын жазған адамдар көптеген мақсаттарды көздеген. Заңның үстемдігін орнату, көпшіліктің дауысымен санасу, жеке бостандықтарды қорғау, диктатурадан бас тарту, меншік құқығының негіздері мен адамның қадір-қасиетін сақтау осы мақсаттардың қатарында болды.

Олар өз жерлерінде адамға құрметпен қарайтын, өзін-өзі сайлаудан бас тартатын,  азаматтардың құқығына құрметпен қарайтын, мұнымен қоса өз азаматтарына бақуаттылық пен бақыт сыйлап, ұлттың мерейін арттыратын үкімет құрғысы келді.

Алайда өз заманының ірі құл иеленушілері болған АҚШ революциясының басшылары жүздеген мың қара түсті құлды адам санатына қоспай, осы елде әділетсіз құл иелену жүйесін жалғастыра берді. Қара түсті құлдардың қарапайым құқықтарын елемеумен қоса, АҚШ-тың негізін салушылардың көзқарасынша құқық қаржылай мүмкіндігі бар ақ нәсілділерге тиесілі. Сол  себепті 1776 жылғы оқиғалардың революциялық өзгеріс ретіндегі шынайылығына күмән келтірілді. Өйткені, бұл оқиға әлеуметтік қатынастар мен дәстүрлі құрылымдарда түбегейлі өзгеріс жасамай, бұрынғы қатынасты сақтап, тек биліктің Лондоннан 13 отар елге берілуіне жасалған талпыныс болды.  

Бұған қарамастан, АҚШ революциясының арман-мақсаттары өз заманындағы өзгерістермен салыстырғанда демократияның дамуы  мен заң үстемдігінің орнауы жолында ілгері жасалған қадам саналады. Құрылған мемлекет ұзақ жылдар бойы Еуропаның езуші ақсүйектер жүйесіне қарсы революциялық үлгі болып, кейбір саяси-экономикалық, әлеуметтік және ғылыми дамудың бастауы саналады.  

АҚШ-тың кейінгі Президенті Авраам Линкольнның айтуы бойынша «Халық үшін және халықтың арқасында халықтық үкімет құру» деген ұранмен орын алған революция 100 жылдан кейін еуропалық империяларды басып озып, үстемшілдіктің жаңа түрін көрсетті.

АҚШ-та демократия мен азаттықты сынаудың алғашқы түйткілі құл иеленуші жүйенің болашағына қатысты орын алып, елді екіге жарды. Азат штаттар мен құл иеленушілер бір-біріне қарсы сап түзеген төрт жылдық соғыста 600 мыңнан астам адам қаза тауып, АҚШ толық дерлік қиратылды. Содан соң капитализм алыбы пайда болып, АҚШ қоғамы арасындағы теңсіздендікті одан ары арттыра түсті. XIX ғасырдың аяғынан басталған трансаймақтық соғыстар АҚШ республикасын жаһандық империалистке   айналдырды.

Қазіргі таңда АҚШ-та Тәуелсіздік декларациясының жарияланғанынан 250 жылға жуық уақыт өтті. Бұл декларацияда адамдар теңдігі, өмір сүру мен еркіндік сияқты ажырағысыз құқықтарды пайдалану және бақытты болуға ұмтылу жайлы айтылған. Өткен 250 жылда осы арман-мақсаттардың ешқайсысы дерлік орындалмады.  

Азаматтық құқық белсендісі Ноам Хомский: «Біз, америкалықтар бір құз-жартасқа қарай жылжып барамыз, нарық жүйесіне байланысты ең жаман құзға қарай бара жатырмыз»,-деді.

Ол Батыстағы капитализмнің, соның ішінде АҚШ-та орнаған  экономикалық жүйенің қазіргі жағдайын сынап: «Неолибералистік өзгерістер шешім қабылдауды қоғамдық аядан   нарыққа шығарды. Бұл идеялогия еркіндіктің артуын талап етеді,  дегенмен шын мәнінде деспотизмді арттырады»,-деді.

Әрине АҚШ азаматтарының жағдайы қазіргі таңда Ұлыбританияның отары болған кездегі, революция мен соғыс жылдарындағы ата-бабаларының жағдайларынан әлдеқайда жақсы екені айқын. Мұнымен қоса, әлеуметтік өзгерістер АҚШ-тағы билікті бұрынғымен салыстырғанда заңды ұстанып,  жауапкершілікке ие үкіметке айналдырды.  

Алайда АҚШ-та мемлекеттің негізін салушылардың армандарына ұқсамайтын көптеген қиындықтар мен бейберекеттіктер әлі де бар. Мысалы,  АҚШ-тың қазіргі билігі Ұлыбритания тағайындаған отаршыл басшылар мен жаңа құрылған АҚШ қайраткерлерінен әлдеқайда әсерлірек әрі тиімдірек  өз азаматтарына үстемдік етіп, олардың жеке өмірлеріне араласады.

Қазір үлкен, ауқымды, көп шығынды әрі агрессор үкімет билік басына келген. Қаржы олигархтары немесе сол танымал 1 пайыз мемлекетті басқарады. Осындай жағдайда революциядан 250 жыл өткенімен, АҚШ-та кедейшілік пен әлеуметтік теңсіздік жалғасып, күннен күнге ұлғайып бара жатыр. Лаңкестік қоқан-лоққылармен күресу де АҚШ-та полициялық  үкіметтің қалыптасып, бұл ел қоғамының Тәуелсіздік декларациясында уәде етілген қоғамға емес,  Джорж Оруэллдың «1984» атты атақты романындағы кейіпке енуіне себеп болды.   

Бұған қарамастан, АҚШ үкіметінің елден тыс жерлерде жасап отырған әрекеттерінің ел ішіндегі қатынасынан айырмашылығы көп. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықаралық сахнада екі құдыретті елдің біріне айналған АҚШ  көптеген қылмыс жасап, бостандықтарды аяққа таптады. Бұл ел әлемдегі басқа мемлекеттерден көбірек соғысып, миллиондаған адам  АҚШ-тың тура немесе жанама араласуымен ажал құшты.

АҚШ, сонымен қатар, өз тарихында әлемдегі кейбір ең қатігез әрі ең қорқынышты диктаторлық үкіметтерді қолдады. Адам құқығын бұзатын  ең негізгі елдердің бірқатары Вашингтонның одақтастары саналады. Көптеген елдердегі демократияның шырағы төңкеріс және АҚШ-тың араласуымен сөнді.

Мұнымен бір мезгілде АҚШ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін таңылған қағидалар арқылы халықаралық экономикаға монополия жариялап, әлемде тоқыраудың туындауына, кедейшіліктің таралуы мен саяси-әлеуметтік теңсіздіктердің тереңдеуіне себеп болды.   

АҚШ жұртшылығы жыл сайын 4 шілдені Тәуелсіздік декларациясы жарияланған және еркіндік, демократия, заңның үстемдігі мен бақыт сияқты құндылықтар қуатталған  күн ретінде тойлайды. Жыл өткен сайын бұл елдің революция басшыларының армандары мен саяси-әлеуметтік шындықтардың арасы қашықтап барады.

АҚШ-та саяси атсалысу деңгейінің төмендеуі мен әсірешіл және популистік ағымдардың пайда болуы АҚШ қоғамының қазіргі жағдайға риза еместігін және осы дағдарыстардан шығатын жол іздестіріп жатқанын көрсетеді. АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлау бұл елдегі саяси құрылымның қаншалықты жеккөрінішті екенін және Дональд Трамп секілді адамның АҚШ халқының өзгеріске бейімділігін пайдаланып, қалай жеңіске жеткенін көрсетті.

Сенатор Берни Сандерс: «АҚШ демократиясы халық тарапынан түзетіліп, барлық америкалықтар үшін үкімет қалыптасуы керек. Үкімет тек қана қоғамның бай адамдары жайлы ойламауы керек, өйткені АҚШ қоғамы ұшырап отырған экономикалық, әлеуметтік, қоршаған орта мәселелері келесі ұрпақтың өміріне де әсер етеді»,-деді.

АҚШ-та Тәуелсіздік декларациясы жарияланған күннің қарсаңында PEW орталығы жариялаған зерттеу нәтижесі әлем халықтарының АҚШ пен оның Президенті Дональд Трампқа деген сенім деңгейінің күрт төмендегенін көрсетті.

Америка Құрама Штаттарының 250 жылдық тарихы мемлекеттің негізін салушылардың армандарының орындалмағанын және қазіргі АҚШ-тың бір кездері революция басшылары қарсы күрескен орында тұрғанын көрсетеді.