Әл-Авамия – Сауд әулеті режимімен қарсыласудың орталығы
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i29862-Әл_Авамия_Сауд_әулеті_режимімен_қарсыласудың_орталығы
Сауд әулеті режимінің қауіпсіздік күштері 2017 жылы мамырдың онынан бастап қазірге кезге дейін Сауд Арабиясы Шарқия облысының әл-Қатиф ауданындағы шиіттер мекендейтін әл-Авамия қаласына шабуыл жасап, соның салдарынан онға жуық адам қаза тауып, көп адам жарақат алды.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Там 14, 2017 13:44 Asia/Almaty
  • Әл-Авамия – Сауд әулеті режимімен қарсыласудың орталығы

Сауд әулеті режимінің қауіпсіздік күштері 2017 жылы мамырдың онынан бастап қазірге кезге дейін Сауд Арабиясы Шарқия облысының әл-Қатиф ауданындағы шиіттер мекендейтін әл-Авамия қаласына шабуыл жасап, соның салдарынан онға жуық адам қаза тауып, көп адам жарақат алды.

Сауд әулеті режимінің әл-Авамия қаласындағы әрекеті көкейкесті сауалдарды тудырды. Алғашқы сауал Сауд Арабиясындағы шиіттердің жалпы жағдайы төңірегінде болмақ.

Шиіттер Сауд Арабиясының әртүрлі қалаларында, соның ішінде Мекке мен Мәдине қалаларында өмір сүргенімен, олардың басым бөлігі аш-Шарқия облысында тұрады. Аш-Шарқия облысы жер аумағы бойынша Сауд Арабиясының ең ірі облысы саналып, Арабстанның жер аумағының төрттен бір бөлігін құрайды. Бұл облыста Сауд Арабиясының шамамен 2 миллион 900 мың азаматы өмір сүреді. Олардың басым бөлігін шиіттер құрайды. Жалпы алғанда, Арабстанның шамамен 30 миллион халқының 10-15 пайызын шиіттер құрайды.

Сауд Арабиясының шиіттері осы елде туып өскеніне қарамастан, Арабстанның бірінші санаттағы азаматтары саналмайды. Шиіттер жүйелі түрде Сауд үкіметі тарапынан кемсіту, діни бостандықтарын бұзу, жаппай зорлық-зомбылық пен жеке террор секілді азаптаулардың куәсі болып отырады. Сауд әулеті үкіметінің Арабстан шиіттеріне қарсы стратегиясы бұл елдегі ауытқыған вахаббиттік ағым мен оның үстемдігін, шиіт мазһабымен шынайы қайшылығы мен қатты жек көрушілік қатынасын көрсетеді.

Университет профессоры және Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі сарапшы Мохаммад Садеқ Кушакидің пікірінше вахаббизмнің билік басындағы Сауд әулетіне басымдығы мен Сауд әулетінің осы көзқарасты бүкіл Арабстанға таратуға талпынысына байланысты шиіттер әуел бастан Сауд әулеті үшін кедергі әрі қауіп ретінде бағаланған. Саудиялықтар әлі күнге дейін Арабстан шиіттеріне қатысты осындай көзқарасты ұстанып, шиіттерді заңды әрі ресми түрде мойындамай, оларды Арабстанның азаматтары ретінде қабылдамайды. Соңғы бірнеше жылдың ішінде саудиялықтар тарапынан діни жеккөрушіліктің аймақ деңгейінде кең таралуына байланысты, Арабстанның шығысындағы шиіттер үкімет тарапынан бұрынғыдан көп қауіп сезіп отыр.

Саудиялық үкіметтің қауіпсіздік бағытындағы көзқарасы негізінде арабстандық шиіттер кәпір және тыңшы ретінде таныстырылып, білікті ірі лайық болуына қарамастан, мемлекеттік қызметке тұру құқығынан мақұрым қалған. Бұл жайт та жүйелі түрде кемсітудің тағы бір айқын мысалы саналады.

Шиіттер Сауд әулетінің кемсітушілігіне ғана шағымданып отырған. Арабстан шиіттері осы ел үкіметінің оларға қарсы зорлық-зомбылықтарының куәсі болып отыр. Сауд Арабиясы шиіттерінің діни тұлғасы шейх Нимр Бағер ан-Нимрді өлім жазасына кесу, сонымен қатар онға жуық адамның қаза болып, жарақаттануына соқтырған әл-Авамияға жуырда жасалған шабуылды Сауд әулетінің Арабстан шиіттеріне қарсы зорлық-зомбылығының айқын мысалдарына жатқызуға болады. Арабстанның әскери күштері әл-Авамия қаласының тарихи аудандарын қайта құру сылтауымен әскери тікұшақтар мен сауытты автокөліктермен осы аймақтарға, әсіресе әл-Масуре аймағына баса-көктеп кіріп, әл-Авамия қаласына баратын жолдардың барлығы саудиялық әскерилер тарапынан жабылып, көліктер мен тұрғындардың, түрлі құрал-жабдықтардың аймаққа кіруіне тосқауыл жасалды.

Осы арада туындайтын келесі сұрақ мынадай: Сауд Арабиясы үкіметі неліктен шығыны азырақ болатын әдістердің орнына әл-Авамияға шабуыл жасауды таңдады? Бұл сауалға жауап бермес бұрын аш-Шарқия облысының, әсіресе әл-Авамия қаласының Сауд үкіметі үшін маңызына көңіл аударған жөн.

Арабстанның шығыс бөліктерінің маңызды болуының алғашқы себебі осы аймақтардағы көмірсутекке бай көздердің болуымен тікелей байланысты. Содан кейін, Сауд Арабиясының мұнай қорының басым бөлігі аш-Шарқия облысында шоғырланған. Басқаша айтқанда, Сауд Арабиясы үкіметі табыстарының үлкен көлемі осы елдің шығыс аймақтары тарапынан қамтамасыз етіліп тұрады.

Сауд Арабиясы шығыс аймақтарының маңызға ие болуының екінші дәлелі оның географиялық орыны мен халқының құрамына байланысты болып отыр. Географиялық тұрғыдан алып қарағанда, бұл облыстар Бахрейнмен шекаралас орналасқан. Бахрейн және аш-Шарқия облысы халқының көпшілігі шиіттер болғандықтан, Бахрейн мен Арабстан шиіттерінің арасында этникалық немесе туыстық қатынас бар. Басқа жағынан, бахрейндіктер соңғы алты жылдың ішінде Бахрейнде билік етіп отырған Халифе әулетіне қарсы халықтың жаппай наразылықтарының куәсі болды. Наразылықтар 2017 жылы күшейе түсіп, Сауд әулеті Арабстанның шығыс аймақтарына, әсіресе әл-Авамияның қауіпсіздігіне байланысты назарын арттырды.

Арабстанның шығыс облыстарының, әсіресе әл-Авамия қаласының маңызды болуының үшінші факторы бұл қала марқұм шейх Нимр Бағер ән-Нимр секілді Арабстанның ұлы тұлғалары мен үлемдерінің туған жері саналады. Осы мәселеге байланысты Стивен Сахиуни 2017 жылы мамырдың он тоғызы American Herald Tribune сайтында келесі тақырыпты көтеріп: "Әл-Авамия қаласы – «шейх Нимр» деген атпен танымал Нимр Бағер ән-Нимрдің туған жері. Шейх Нимр 2012 жылы орын алған наразылықтардың жалғасында құрықталды. 2015 жылы қазанның он бесінде Сауд Арабиясының Қылмыстық соты шейх Нимрге ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекеті үшін халықтың алдында семсермен өлтіру және крестке керу жазасы үкімін шығарған болатын. Бұл үкім 2016 жылдың қаңтар айында басқа 46 сотталғандардың үкімімен бірге жүзеге асты. Осылайша, әл-Авамия Сауд үкіметіне қарсы қарсыласу орталығына айналды",- деп жазды.

Сауд Арабиясының шығыс аймақтары, әсіресе әл-Авамияның осындай қауымдық, экономикалық, географиялық және мәдени жағдайларына байланысты саудиялық үкімет бұл аймаққа қатысты қауіпсіздік және басып-жаныштау көзқарасын ұстануда. Марва Салман 2017 жылы мамырдың он тоғызы Signs of the Time сайтында жариялаған "Неліктен Сауд Арабиясы өз азаматтарын өлтіруде?" деген сараптамасында: "Себебі, олар – шиіттер. Сауд әулеті режимінің аш-Шарқия облысының Қатиф ауданында көрсетіп жатқан зорлық-зомбылығы соны мәселе емес. Бұл зорлық-зомбылықтар 1970 жылдардан бастау алады. 1979 жылы қарашаның он бірі күні шиіттер Арабстанды билеп отырған әулет пен қырғи ұшақтарын маневр жасау үшін Заһран базасына қондырған америкалықтарға қарсы наразылық шеруін ұйымдастырды. Сауд Арабиясы үкіметі бұл наразылықтарға қарсы танктер мен әскери құрал-жабдықтары арқылы реакция білдірді. Соның салдарынан жүздеген адам жарақат алып, 24 азамат қаза тауып, мыңдаған адам құрықталды. Бүгінде Сауд Арабиясы үкіметі әл-Авамия қаласы мен Қатиф ауданының әл-Масуре елді мекенінде дәл сол жетпісінші жылдардағы әдісті пайдаланып отыр",- деп жазды.

Осы арада туындайтын тағы бір маңызды сауал мынадай: Сауд Арабиясы үкіметі әл-Авамияда зорлық-зомбылық көрсету арқылы қандай мақсаттарды көздеп отыр?

Арабстан үкіметінің қазіргі таңда әл-Авамияда ұстанып отырған стратегиясы Израильдің басып алынған жерлерде, сондай-ақ Саддамның Баас режимінің Ирактың күрдтер мекен ететін аймақтарды арабтандыру стратегиясына ұқсас. Израиль басып алынған жерлерде сонда мекен ететін палестиналықтардың үйлерін қиратып, онда қалашықтар салу арқылы бұл аймаққа арабтардың орнына еврейлерді қоныстандырып жатыр. Ал Саддамның Баас режимі 1980 жылдары Ирактың күрдтер мекендейтін аймақтарда күрдттерге қарсы арабтандыру саясатын іске асырды. Осы саясат шеңберінде күрдттерді өз жерлерінен күштеп көшіріп, олардың орнына Киркукте арабтарды қоныстандыруды көздеді. Қазіргі таңда Сауд Арабиясы үкіметі әл-Авамияда, әсіресе әл-Масуре секілді аймақтарда тұрғын үйлер мен тарихи ескерткіштерді қайта құру сылтауымен қиратып жатыр. Сауд Арабиясы үкіметі осы аймақтардың ғимараттарын қайта салу туралы уәж айтып отыр. Бірақ, шын мәнінде, оның көздеп отырған стратегиясы бұл аймақтарды мекендейтін халықтың құрамын өзгерту болып табылады. Нақтырақ айтқанда, үкіметтің көздегені бұл аймақтардың халқының оннан бір бөлігін басқа аймақтарға жіберіп, басым бөлігін мүлдем шығарып тастау саналады. Сонымен қатар, бұл аймақтың құрылымын өзгертіп, мұндағы Сауд әулеті басшыларына қарсы қарсыласу символының көзін жою болып табылады.

Халықаралық Қылмыстық сот жарғысының 7-ші бабына сәйкес, Сауд әулетінің әл-Авамиядағы қылмыстары, соның ішінде сол аймақтың тұрғындарын күштеп көшіруі адамзатқа қарсы жасалған айқын қылмыс саналады. Алайда, әлемдік ақпарат құралдары Сауд әулетінің осы ұйымдасқан қылмысына қатысты немқұрайлық және үнсіздік таныту стратегиясын ұстануда.