Иран және халықаралық конвенциялар (2)
Химиялық қару – тікелей байланыс немесе тыныс алу арқылы кез келген тіршілік иесін жойылуға дейін жеткізетін немесе тіршілік иесінің денесінде ұзақ мерзімге немесе уақытша көп мөлшерде улы қалдықтар қалдыратын заттардың қоспасы.
Химиялық соғыс 20 ғасырдың басында Бірінші дүниежүзілік соғыспен бір мезгілде басталып, 20 ғасырдың аяғында Ирактың Иранға қарсы химиялық соғысында өзінің шарықтау шегіне жетті. Тарихта Бірінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ химиялық қарудың қолданылғаны жайында айтылғанымен, химиялық қаруларды көптеп қолдану Бірінші дүниежүзілік соғыстан басталды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында 120 мыңнан астам тонна химиялық қару қолданылған. Соның салдарынан кемінде 90000 адам қаза тауып, 1 млн-ға жуық адам жараланды. Аталмыш қаруларды қолдану адамдар мен олардың келесі ұрпақтарының денсаулығына ұзақ мерзімді әсер қалдырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін химиялық газдарды өндіру саласында әртүрлі протоколдар мен конвенцияларға қол қойылғанына қарамастан, оны өндіру әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ешбір ел немесе халықаралық ұйым бұл қаруларды қолдануға тосқауыл қоя алмады. Улы және тұншықтыратын газдарды соғыста қолдануға және биологиялық соғыс тәсілдеріне тыйым салуға арналған 1925 жылғы Женева протоколы Қару-жарақтар мен оқ-дәрілердің халықаралық саудасын бақылау конференциясының соңында дайындалып, қол қойылған алғашқы хаттама болды. Конференция БҰҰ-ның әріптестігі және көмегімен 1925 жылдың 4 мамыры мен 17 маусымы аралығында Женева қаласында өтті. Бұл протокол биологиялық қаруларды қолдануға тыйым салған алғашқы халықаралық құжат болып табылады.
1925 жылғы Женева протоколы 1928 жылы 8 ақпанда күшіне енді. Алайда оның кемшіліктеріне, соның ішінде химиялық қаруларды өндіру мен таратуға тыйым салынбағанына байланысты бұл протокол химиялық қарулардың таралуына бөгет бола алмады. Осы тұрғыдан мұндай қару түрлерін өндіру мен пайдалану кеңейе түсті.
1948 жылы БҰҰ-ның соғыс құралдарын бақылауға қатысты белсенділіктері аясында Дәстүрлі соғыс құралдарының комитеті химиялық қаруларды жаппай қырып-жоятын қарулар ретінде ядролық қарулардың қатарына қойды. Осылайша, 1966 жылы БҰҰ ұйымының химиялық қаруларға қатысты басқосуында алғашқы қарар бекітілді. Химиялық және биологиялық қаруларды өндіру, сақтау және қолданудың алдын алуға бағытталған талпыныстардан кейін 1972 жылы бір келісімге қол қойылды. Сол келісімге сәйкес, қол қоюшы елдер қандай жағдай болса да, биологиялық қаруларды өндірмеуге, сақтамауға және таратпауға міндеттеме алды. 15 жыл өткен соң 1987 жылы 11 қарашада БҰҰ химиялық қарулар жайлы қарар бекітті.
1992 жылы да Женевада химиялық қаруларға тыйым салу конференциясы химиялық қаруларды тежеу конвенциясының алғынұсқасы мен жобасын жасап, БҰҰ-на ұсынды.
Осы талпыныстардан кейін Химиялық қаруларды қолдануға тыйым салу конвенциясы (CWC) 1992 жылы 3 қыркүйекте 20 жылдық келіссөздерден кейін бекітілді. Содан кейін 1997 жылы Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымы (OPCW) 192 мүшесімен химиялық қарулардан ада әлем құру үшін бір-бірімен әріптестік жасау ұранымен ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл конвенция 1997 жылдың 29 сәуірінен бастап күшіне енді.
Осы үдерісте аталмыш конвенцияға қол қойған елдердің барлығы өздерінің химиялық қаруларын жоятын болып келісті. Алайда кейбір елдер өз қорларын жоюдан бас тартты.
Жаппай қырып-жоятын қаруларды өндіру мен қолдануға тыйым салу хаттамаларының бекітілгеніне қарамастан, әлі де кейбір елдер, соның ішінде АҚШ осы конвенцияда белгіленген өз міндеттемелеріне берік болмай отыр. Америка міндеттемелерді орындаудан жалтарып, осы конвенцияның заңдық күші мен беделіне қауіп төндіріп отыр. Осы салада халықаралық ұйымдардың әлсіз рөлі де әсерсіз емес, өйткені олар әлемде жаппай қырып-жоятын қаруларды тарататындарға қарсы өз міндеттерін бар әлеуетімен атқара алмай отыр.
Университет ұстазы әрі саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Сиамак Бақери осы туралы: «Батыс елдері өлім әкелетін химиялық қарулардың алғашқы пайдаланушысы болуымен қатар, бұл қаруларды экспорттайтын алғашқы елдер де болды. Таңылған соғыс жылдары Ирак өзінің химиялық қаруларын Германия, АҚШ пен Ұлыбританияның 150 компаниясынан алып отырды»,-деді.
Аталмыш конвенцияға көңіл аудармаудың және екіұшты саяси қолданудың салдарларының бірі Саддам режимінің басым бөлігі батыстық саналатын 455 компаниядан Иракқа сыйға берілген химиялық қаруларды Иранға таңған соғыста қолдануы болды. Иранның батысында орналасқан Сардашт қаласының бейбіт тұрғындарына жасалған химиялық шабуыл, сондай-ақ, Ирактың Күрдістанындағы Халабче қаласын химиялық қарулармен бомбалау осындай адамзатқа қарсы қылмыстың мысалы болып табылады. Саддамның Иранға 8 жылдық соғысы барысында жасаған химиялық шабуылдары салдарынан 100 мыңнан астам адам шәһид болып, жараланды.
Иран мен әлемдік қауымдастық химиялық қаруларға тыйым салу конвенциясы туралы келісімге келу үшін ауыр құн төледі.
ИИР Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымына қосылғаннан бері өзі жариялаған негізгі принциптер бойынша 1992 жылы химиялық қаруларға тыйым салу конвенциясын қабылдауға және Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымын құруға белсенді араласып, сол конвенцияға мүше болып кірді.
Иранның осы саладағы белсенді рөлін ескере отырып, 2017 жылдың мамыр айында ИИР-ның Нидерландыдағы елшісі әрі Иранның Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымындағы өкілі Әлиреза Жаһангири ұйымның құпия комиссиясының 19-шы отырысында комиссия мүшелерінің бірауыздан қолдауымен осы топты басқару жауапкершілігін өз мойнына алды.
Иран мен әлемдегі бейбітшілік жаршылары мен жаппай қырып-жою қаруларына қарсы белсенділер осы жылдар барысында химиялық қарулардың құрбандары мен зардап шеккендердің бейбітшілік жолдауын әртүрлі тәсілдермен әлем халықтарына жеткізу үшін талпыныс жасап жатыр. Осы саладағы құнды бастамалардың бірі химиялық қарулардың құрбандарын қолдау қоғамының мүшесі Шизоко Тацуя жазған «Иранның химиялық қарулардан зардап шеккендерімен бірге 20 жыл халықаралық жәрдемдесу» атты кітаптың шығуы болды. Өткен жылы жарыққа шыққан бұл кітап Иранда химиялық қарулардан зардап шеккендердің өмірі, көрген қиындықтары мен ауыртпашылықтарын сипаттауға арналған.
Бұл талпыныстардың барлығы қауіпсіз әлемге жету үшін жасалып жатыр. Мұндай әлемде соғысқа және жаппай қырып-жоятын қаруларды қолдануға орын болмайды.