Иран және халықаралық конвенциялар (1)
Терроризм мәселесінің әлемдегі ең түйткілді мәселелердің бірі екені айқын. Лаңкестікпен күрес тақырыбын құрал ретінде пайдаланудың өзі әлемде үлкен бір қиындыққа айналып барады. Өкінішке орай, әлемнің түкпір-түкпірінде лаңкестікпен күрес сылтауымен орын алып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалар осындай екіұштылық және лаңкестікпен күрес бетпердесінің астарында жасырынған саяси мақсаттардың салдары болып отыр.
Бұл салада екі негізі сұрақ бар: біріншісі, лаңкестікпен күрестің басты түйткілі халықаралық міндеттемелердің жоқтығынан туындап отыр ма? Міндеттемелердің жоқтығы терроризмнің әлемге таралуына себеп болып отыр. Екіншісі, лаңкестікпен күреске қатысты халықаралық конвенциялардың орындалуына кедергі болып отырған басқа да түйткілдер бар ма? Осы екі сұрақтың жауабын табу үш бөлімнен тұратын осы бағдарламаның тақырыбы болады. Бағдарлама барысында лаңкестікпен күреске қатысты халықаралық конвенцияларды түсіндіріп, Иранның осы саладағы рөліне тоқталамыз.
Қазіргі заманда жаһандану мәселесі сөз болып тұрған шақта әлем адамзат баласының өміріне қауіп төндіріп, адамдарды өзінің негізгі құқықтары мен бостандықтарынан мақұрым етіп, елдер арасындағы достық қарым-қатынасқа және елдердің аумақтық біртұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жүгенсіз кеткен лаңкестік оқиғалар тізбегімен бетпе-бет келіп отыр. Бүгінде лаңкестер халықаралық деңгейде әрекет етуде. Ешбір аймақ, үкімет, халық немесе жеке адам олардың әрекеттерінен қорғалмаған. Осындай жағдайда терроризм сөзіне әлі бірыңғай сипаттама берілген жоқ. Бәлкім, осы көпұштылық лаңкестік және қатігездікпен шынайы түрде күресуге кедергі болып отырған болар.
Осы қатерлі айналымда терроризм ұлттық қатерден халықаралық және дүниежүзілік қауіпке айналды. Лаңкестер сыртта дайындықтан өтіп, сырттан басқарылып, қару-жарақ алады. Қылмыстық әрекеттерін жасап болған соң шетелдерді паналайды. Осы екіұштылықтың көптеген мысалдарын әлемнің әртүрлі жерлерінен көруге болады. Батыс елдерінің тыйым салынған әртүрлі қару-жарақтарының лаңкестерді қолдайтын елдерге, соның ішінде Сауд Арабиясы мен Израильге сатылуы және олардың Сирия, Йемен, Ирак пен Ауғанстанда қолданылып, мыңдаған әйел-баланың өліміне себеп болуы – осындай үдерістің айқын мысалдары. Бұл тақырыпқа тереңдей үңілсек, Батыстың, әсіресе АҚШ-тың саяси мәдениетінде лаңкестік топтарды қолдаудың өздерінің үстемшіл мақсаттарына жетудің құралы болып отырғанын көруге болады.
Бүгінде лаңкестік пен қатігездік баршаның мәселесіне айналып, адамзат өркениетінің төмендеп, дамуы тоқырап, тыныштығының бұзылуына себеп болды. Жаһандану мен дамыған технологиялар заманында лаңкестік оқиғалар бір ұлттың немесе аймақтың шекараларымен шектеліп қалмайды. Әуе сапарларының көбеюі, байланыс саласындағы революция, дүниежүзілік экономика мен өзіміз өмір сүріп жатқан шекарасыз әлем лаңкестердің жағдайды теріс пайдалануы үшін тиімді мүмкіндік тудырды. Лаңкестер аймақтан тыс жердегі жақтастарының көмегі, байланыстары және қаржы желілерін пайдалану арқылы өздері қалаған кез келген жерде лаңкестік әрекет ұйымдастырып, орындай алады. Лаңкестер де жаһандану үдерісімен бірге дамыды, бірақ олар ешқашан өздерін халықаралық ережелермен шектемейді.
Осыған орай, қолда бар статистикалық мәліметтер бойынша, ДАИШ лаңкестік тобы 2016 жылы әлемнің түкпір-түкпірінде 1141, яғни айына 95 жарылыс жасаған. Сонымен қатар, деректерге сәйкес, 100 елден шыққан 30 мың шетелдік лаңкес Сирия мен Иракқа барып, сонда бүлдіргі әрекеттер жасаумен айналысқан.
Осылайша, бүгінде экстремизм мен қатігездік шекара танымайды және бір елдің аумағымен шектелмейді деп айтуға болды. Қазіргі таңда лаңкестік пен қатігездік барлық адамдардың мәселесіне айналып, адамзат өркениетінің төмендеп, дамуы тоқырап, тыныштығының бұзылуына себеп болды. Осы тұрғыдан лаңкестікпен күрес ұлттық және әлемдік ерік-жігерді қажет етеді. Бұл күрес ешбір кемсітушіліксіз, тайпалық, мазхабтық және діни айырмашылықтарға, қандай адамның кімге қарсы қандай атаумен және қандай мақсатпен атқарылғанына назар аудармастан жүзеге асырылуы тиіс.
Батыс өзі лаңкестіктен зардап шегіп, қауіп-қатерге ұшыраса да, осы салада айқын қарама-қайшылыққа ие. Батыс елдерінің көбінің сөздері мен істері бұлыңғырлыққа ұшыраған екіұштылықты көрсетеді. Бұл жағдай лаңкестікпен күрес мәселесінің Батыс әлемінде құралға айналғанынан хабар береді. Алайда лаңкестікпен күресеміз деп уәж айтушылар өздерінің шынайы бейнесін жасырып, басқаларды лаңкестікке қолдау көрсетеді деп айыптау арқылы өздерін лаңкестікпен күрестің туын көтерушіміз деп көрсетуге күш салуда. Бұл үдеріс халықаралық қауымдастықтың лаңкестікпен күрестен күтетіндері мен шынайы талаптарына қайшы.
Мысал ретінде Батыстың Таяу Шығыс аймағындағы әрекеттерін атауға болады. Кейбір аймақтық елдер шетелдік араласушыларға жақтасу арқылы өткен отыз жылда Батыс Азияны текетірестердің ошағына айналдырды. Бұл араласушылықтар аймақты тұрақсыздандырып, лаңкестік ағымдардың көбеюіне себеп болды. Лаңкестікпен күресте барлық елдер әріптестік жасауы керек. Осыған қатысты ИИР соңғы онжылдықтарда лаңкестікке қарсы ауқымды күрес бастады. «Global Terrorism Index» деген атпен жарияланған есеп бойынша, Иран өткен жылы терроризм қатері жөнінен 39-шы орында болған. Биыл 47-ші орынға көтерілген. Мұндай ілгерілеушілік Иранның қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен лаңкестікпен күресудегі байсалдығын көрсетеді.
Бұл үдерісте БҰҰ-нан ең алдымен өзінің халықаралық саладағы барлық әлеуеттері мен мүмкіндіктерін пайдалану күтіледі. БҰҰ құрылымында лаңкестікпен күреске қатысты негізгі орган – Қауіпсіздік кеңесі. Бұл кеңес лаңкестікпен күрес тақырыбына бірнеше қарар арнады. Солардың ішінде №1267, 1373, 2178 және 2179 қарарларды атауға болады. Осы қарарлардың ортасында №1373 қарар ерекше маңызды. Мұнда лаңкестікпен күресетін жүйе құру туралы айтылған. Осы жүйенің негізінде үш жолмен ұйымдасқан терроризммен күресуге болады:
- лаңкестердің мал-мүліктерін тәркілеу;
- лаңкестерді қару-жарақпен қамтамасыз етуге тыйым салу;
- лаңкестердің жүріп-тұруына тыйым салу.
Бұл тақырыпты екінші бөлімде конвенциялар мен халықаралық талпыныстар тұрғысынан талдайтын боламыз.