Жетекші көзқарасы: қажылықтың теңдессіз рухани-әлеуметтік қасиеті
(last modified Wed, 23 Aug 2017 04:38:43 GMT )
Там 23, 2017 10:38 Asia/Almaty

Ислам революциясының жетекшісі қажылықты өзін дұшпандардың алдында көрсететін ислам үмбетінің құзыры, бірлігі мен қуатының көрінісі деп сипаттап, қажылықты теңдесі жоқ рухани қасиетпен қатар жүретін теңдессіз әлеуметтік қасиет және ислам үмбетінің өз сенімі мен ұстанымын білдіретін орын деп атады.

Қажылық маңызды илаһи уәжіптердің бірі саналады. Оны орындау қажеттігі Құран мен хадистерде үнемі баса айтылған. Бірақ бұл маңызды рухани рәсімді жүзеге асыру қауіпсіздік пен тыныштықты қажет етеді. Соның арқасында қажы қажылық парызынан көбірек сауап алады. 2015 жылы орын алған екі оқиға: бірі әл-Харам мешітінің үстіне алып жүк көтергіш кранының құлауы мен Мина апаты кезінде мыңдаған қажының, соның ішінде 464 ирандық қажының қаза болуы барша қажылар мен мұсылмандардың есінде ащы оқиға ретінде сақталды. Сол себепті өткен жылы ИИР саудиялық басшылардан ирандық қажылардың қауіпсіздігі мен ғиззатын сақтауға кепілдік беруді сұрады. Бірақ, олар әрбір қонақ күтушінің міндеті саналатын бұл істен бас тартып, қажылық парызын жасауды мақсат еткен ирандықтарды бұл мүмкіндіктен айырды. Алайда биыл Арабстан үкіметі осы міндеттемелерді қабылдаған секілді. Сол үшін Иран биыл зияратшыларын осы ұлы рухани рәсімге қатысуға жіберіп жатыр.

Аятолла Хаменеидің қажылықты ұйымдастырушыларды қабылдауы

Ирандық зияратшыларды қажылыққа жіберудің қарсаңында осы қасиетті рәсімге жауапты тұлғалар мен ұйымдастырушылар Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеидің қабылдауында болып, осы іске байланысты есеп беріп, хазіреттің нұсқауларын тыңдап қайтты. Кездесуде революция жетекшісі «Бақара» сүресінің 125-аятының бір бөлігіне сілтеме жасап:

وَإِذْ جَعَلْنَا الْبَیْتَ مَثَابَةً لِّلنَّاسِ وَأَمْنًا

«"Сол уақытта үйді (Қағбаны) адам баласы үшін орталық әрі бейбітшілік орны етіп жасадық».

Қауіпсіздік өте маңызды. Қажылардың қауіпсіздігі аса маңызды мәселелердің бірі саналады. Біз х.ш.ж.с.б 1394 жылы қажылық кезінде орын алған ащы да қайғылы оқиғаларды ұмытпаймыз. Бұл оқиға ислам үмбетінің, әсіресе, біз, ирандықтардың жанына қатты батты. Мұндай нәрсе ұмытылмайды" деді.

Революция жетекшісі қажылардың еш алаңдаусыз қажылық парызын орындауы үшін қауіпсіздіктен басқа қажылардың жайлылығы мен ғиззатының да сақталуын баса айтты. Хазірет басқа ел үкіметтерінен өз қажылары үшін осындай жағдай жасауды белсенді түрде талап етуді сұрады.

Мина апаты

Бүкіл әлемде қабылдаушы ел сол елге келуші жолаушылардың қауіпсіздігі мен аман-саулығына жауапты. Алланың үйі әл-Харам мешітінің қажыларын қабылдаушы ел – Сауд Арабиясы. Сол ел зияратшылар үшін қауіпсіз әрі тыныш орта жасауға міндетті. Сауд Арабиясының үкіметі бұл істі дұрыс орындауға шамасы келмейтінін бірнеше мәрте дәлелдегенімен, Иран бұрын болған қайғылы оқиғалардың қайталанбайтынды,ына үміттенеді.

Ислам революциясының жетекшісі ИИР-ның зияратшыларды қажылыққа жіберу туралы шешіміне қатысты: "Қуанышқа орай, елдің үш билік тармағының басшылары Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесінде бас қосып, осы мәселені жан-жақты қарастырып, биыл зияратшыларды қажылыққа жіберу туралы шешім қабылдады. Алла қаласа, биылғы қажылық игі түрде жүзеге асады деген үміттеміз",- деді.

Иран Ислам Республикасының ирандықтар үшін ұлы қажылық парызын орындау қажеттігін осылайша қуаттап, талап етуінің дәлелі – оның жеке адам мен жалпы әлеумет үшін тигізетін керемет әсерінде. Ислам революциясының жетекшісі қажылықты ұйымдастырушыларды қабылдауында бұл илаһи парыздың жеке және рухани әсерлері жайлы: "Қажылық – өте маңызды парыз. Исламдық маңызды парыздардың ішінде қажылық секілді маңызды парыз жоқ болар. Біріншіден, бұл ұлы әрі жан-жақты парыз көптеген рухани қасиеттерге ие. Құдаймен рухани байланыс орнатуды, руханилық және т.б. құндылықтарды көздеген адамдар осы уәжіп пен ұлы міндетті орындау арқылы көптеген мүмкіндіктер мен таңғажайып қасиеттерге қол жеткізе алады. Егер руханилыққа қол жеткізгіміз келсе, қажылықтың беретін қасиеті басқа уәжіптерден әлдеқайда көбірек",- деді.

Рухани жағдайға қол жеткізу үшін революция жетекшісі әл-Харам және ән-Нәби мешіттерінде жамағат намаздарына қатысуға, Құран оқуға, Арапа күнгі ғамалдарға көңіл бөлу мен басқа да ғибадаттарды орындауға кеңес берді. Сонымен қатар хазірет қажылық сапары кезінде уақытты босқа кетіретін көңіл көтеру, дүнияуи істер мен сауда-саттықты айыптап: "Қажылық кезінде қажы бәрінен бұрын өзін, өз жүрегі мен рухын тазалауы тиіс. Сонда ол үлкен рухани жетістіктерге қол жеткізе алады. Дәл осылай болған жағдайда илаһи рақымшылықтың арқасында қажылықтың осындай әлеуметтік нәтижелеріне қол жеткіземіз",- деп қуаттады.

Аятолла Хаменеи сілтеме жасаған қажылықтың әлеуметтік нәтижелері мен жетістіктері дегеніміз не? Хазірет қажылықтың жеке аспектісімен қоса, оның басқа ерекшелігі, яғни теңдессіз әлеуметтік қасиеті бар деп баса айтып, қажылықтың осы аспектісі туралы: "Ислам руханилыққа иек артады. Бірақ исламдық руханилық оқшаулану, шеттену және халықтан алыстау дегенді білдірмейді. Ең көп рухани қасиетке ие уәжіп пен парыз әлеуметтің ең көп құзырына ие уәжіп пен парыз саналады",- деді. Осы тұрғыдан революция жетекшісі қажылықты өзін дұшпандардың алдында көрсететін ислам үмбетінің құзыры, бірлігі мен қуатының көрінісі деп сипаттап, қажылықты теңдесі жоқ рухани қасиетпен қатар жүретін теңдессіз әлеуметтік қасиет және ислам үмбетінің өз сенімі мен ұстанымын білдіретін орын деп атады. Сол себепті жетекшінің пікірінше, қажылық кезінде орын алатын ұлы Конгресс барысында жүз мыңдаған мұсылмандар бір-бірінің елдеріндегі ахуалмен жақын таныса алады. Қажылықтың бұл ерекшелігін хазірет былай деп сипаттайды: "Мұсылман халықтары қажылық кезінде бір-бірімен танысып, жақын араласып, достасып жатады. Бұрын болған күмәндар жойылып, дұшпандықтар солғын тартып, ақырындап жойыла бастайды. Жүректер бір-біріне жақындасып, адамдар бір-біріне көмекке келе бастайды. Осылайша, мемлекеттер мен халықтар бір-біріне көмектесе алады. Міне, осы қажылық саналады".

Әлем мұсылмандары көптеген ортақ қасиеттері мен ұқсастықтарына қарамастан, бүгінде ішкі және сыртқы іріткі салу және бөлінушілік талпыныстарымен бетпе-бет келіп отыр. Ислам революциясының жетекшісі қажылықты бірлік пен ынтымақтастықты білдіріп, келіспеушіліктерді жою үшін өте қолайлы мекен деп атап: "Қажылық кезінде ислам үмбетінің ынтымағы мәселесіне қатты көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінгі таңда исламдық мазхабтар арасында келіспеушіліктер мен араздық тудырып, оларды бір-біріне дұшпан ету үшін миллиардтаған ақша жұмсалып жатыр. Ешкім осындай араздық тудыру үшін көмек көрсетпеуі тиіс. Кімде-кім бұл іске атсалысатын болса, қастандық әрекет пен үлкен күнәнің рухани және илаһи салдарына үлесін қосқаны саналады",- деді.

Қажылық кезіндегі Конгресте бас қосуға қатысты келесі бір маңызды тақырып ислам мен мұсылман дұшпандарынан безу үшін осы ерекше мұрсатты пайдалану саналады. Аятола Хаменеи осы мәселеге байланысты: "Біз осыншама баса айтқан және ұлы имам да дұшпаннан безу рәсімінсіз қажылықты қабылдамайтынын айтқан дұшпаннан безу мәселесінің құпиясы осында» деді.

Бұл мәселесінің сыры мынада: қажылық кезінде ислам үмбеті дұрыс және өздері келіскен және қабылдайтын ұстанымдарды баяндай алады. Ол қандай адамдардың келіскен және қабылдаған ұстанымдары? Халықтар мен тайпалардың. Үкіметтер басқаша ойлап, басқаша әрекет етуі мүмкін. Өкінішке орай, бүгінде көптеген мұсылман мемлекеттерінің үкіметтері өз халықтарының қалауынан басқа жолда қадам басып, әрекет етіп келеді. Бірақ халықтардың қалауы мүлдем басқа. Бұл жер, яғни қажылық халықтардың әртүрлі оқиғаларға байланысты өз ұстанымдарын білдіре алатын мекен саналады",- деді.

Арафаттағы қажылар

Иран Ислам революциясы Палестина мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Сол себепті ИИР-ның жетекшілері Палестина халқына қолдау көрсетуде алдыңғы шептен көрінуде. Атап айтқанда ислам революциясының жетекшісі қажылықты ұйымдастырушыларды қабылдауында: "Палестина мәселесі қажылық кезінде ұмыт қалмауы тиіс. Себебі, бұл маңызды мәселе. Палестина мәселесі соңғы алпыс-жетпіс жылдың ішінде көтеріліп келді. Кейде көбірек, кейде азырақ. Қазіргі таңда да бұның кейбір жағдайлары сионистердің көрсетіп жатқан қаскүнемдігі мен айуандығы және кейбір мұсылман елдері басшыларының қиянатының кесірінен көбірек көтерілуде. Қалай болғанда да бүгінгі таңда ислам әлемі мәселелерінің негізгі тақырыбы Палестина мәселесі болып табылады",- деп баса айтты.

Жетекші сионистердің қаскүнемдігі деп мұсылман үкіметтерінің үнсіздігінің көлеңкесінде олардың әл-Ақса мешітіне қарсы жасаған әрекеттеріне тоқталып: "Қазір әл-Ақса мешіті мен Құдс мәселелері көтеріліп жатыр. Бұлар кішкентай мәселелер емес. Сионистер басынып, бетімен кетті. Олар әл-Ақса мешітінің иелерін, яғни мұсылмандарды қыспаққа алып отыр. Мұның бәрі озбыр әрі жалған сионистік режим тарапынан шығып отырған бассыздық, арсыздық пен әдепсіздіктің көріністері. Иә, мұсылман халықтарының әл-Ақса мешіті үшін уайымдап, жандары ашитыны рас. Мұсылман үмбеті басқа халықтардың Палестина, әл-Ақса мешіті туралы не айтатынын, не қалайтыны мен олар туралы не ойлайтыны жайлы баяндайтын әл-Харам мешіті, Мекке, Медине, Арафат, Машар мен Минадан асқан мекен бар ма? Міне, қажылық осындай ерекшеліктерге ие",-деді.

Палестиналықтарды әл-Ақса мешітінде басып-жаныштау

Сөзінің соңында аятолла Хаменеи қажылықты мұсылмандардың өз мәселелерін айтуы үшін қолайлы мүмкіндік деп атап: "Қажылық – әлемнің барша мемлекеттерінен келген мұсылман үмбетінің өз ұстанымдары мен сенімдері және идеологиясын білдіру үшін ең игі жер. Қажылық осындай ерекшелікке ие. Мұны қадір тұтып, осы мақсатты көздеуіміз қажет",- деп қуаттады. Сонымен қатар хазірет қажылықтың үлкен Конгресін АҚШ-тың мұсылман мемлекеттерінің істеріне араласуы мен тәкфиршіл және лаңкестік топтарды құрып, оларды қару-жарақпен қамтамасыз етуін, сондай-ақ сионистік режимге қолдау көрсетуін әшкерелеп, Йемен мен Бахрейннің мазлұм халықтары мен әлемнің басқа да  мазлұмдарын қорғау үшін қолайлы мүмкіндік деп атады.