Халықаралық келісімдердегі Иранның серпінді рөлі
Ядролық қаруды таратпауды қолдайтын 122 елдің, соның ішінде Иранның өкілдері шілденің жетісі күні БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінің бірінші конференц-залында кез-келген жағдайда ядролық қару өндіру, сынақтан өткізу, өндіру, алу, иемдену, жинау, тасымалдау, пайдалану және қолданумен қоқан-лоққы жасауға толық тыйым салу туралы келісімнің мәтінін бекітті.
Осы келісімді қолдайтын тараптар оны тарихи жетістік деп атаса, ядролық қаруға ие елдер бұл келісімді шындыққа жанаспайды деп атап, оның мыңдаған ядролық оқтұмсықтар сақтаулы ірі арсеналдар санының азаюына еш әсерін тигізбейтінін айтты.
Бұл келісім АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен басқа да ядролық қаруға ие мемлекеттер оны қабылдамаған жағдайда бекітілді.
Атом Қуаты Халықаралық Агенттігіндегі ИИР-дың тұрақты өкілі Реза Наджафи бұл отырыста: "Иран осы келісімнің әлемде ядролық қаруларды иемдену, пайдалану және қолданумен қоқан-лоққы жасауға тыйым салу туралы мақсатын толығымен қолдайды",- деп мәлімдеді.
Атом Қуаты Халықаралық Агенттігіндегі ИИР-дың тұрақты өкілі Ислам революциясы жетекшісінің жаппай қырып-жою қаруларының харам екендігі туралы пәтуасына тоқталып, БҰҰ отырысында келісім мәтінінде діни жетекшілердің ядролық қаруларды толығымен жою үшін жасап жатқан талпыныстарына сілтеме жасауына алғыс білдірді.
ИИР қауіпсіз әлем құру үшін осы қаруларды толығымен жою керек деп санайды. Иран бұл салада осы уақытқа дейін 60-тан астам мемлекеттің Сыртқы істер министрлері мен жоғары лауазымды сарапшылары, аймақтық және халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірнеше халықаралық конференция мен отырыстар өткізді. 2011 жылы сәуірде өткен осындай басқосулардың бірінде Ислам революциясының жетекшісі былай деді: "Ядролық қарулармен қоса химиялық, биологиялық қарулар секілді жаппай қырып-жою қаруларының басқа түрлері де адамзат баласы үшін шынайы қатер төндіреді. Өзі химиялық қарудың құрбаны болған Иран халқы басқа ұлттарға қарағанда мұндай қаруларды шығару мен сақтаудың қатерін шынайы сезінуде". БҰҰ-ның құжаттарының қатарында тіркелген Ислам революциясы жетекшісінің жолдауында сондай-ақ: "ИИР бұл қауіппен күресу үшін өзінің барлық мүмкіндігін ұсынуға дайын",- деп баса айтылған. Ислам революциясы жетекшісінің атом қаруын пайдаланудың харам екендігі туралы тарихи пәтуасы да осы жолдауда айтылды: "Біз бұл қаруларды пайдалануды харам санаймыз. Адамзатты осы үлкен бәледен сақтап қалу біздің міндетіміз".
Жаппай қырып-жою қаруларының әлемдегі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін төніп тұрған шынайы қауіп-қатерлердің бірі саналатындығы күмәнсіз. Тарихи деректерге сәйкес, бұл қаруларды (химиялық, бактериялық, ядролық) қолданудың адамзат тарихындағы ең үлкен апаттарға соқтырғаны мәлім.
Ядролық қаруға ие мемлекеттер өздерінің ядролық қарулары мен оқтұмсықтары туралы ресми мәлімет беруден бас тартып жатса да, соңғы болжамдарға сәйкес, әлемде 23 мың ядролық оқтұмсық бар. Оның шамамен 20 мыңы АҚШ пен Ресейдің қолында. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы осы мәселеге қатысты бірнеше қарар қабылдады. Соның ішінде №1665 қарар маңызды саналады.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл қарарда ядролық қаруларды бақылау және таратпау мақсатында халықаралық қарарды барлық мемлекеттердің, әсіресе ядролық қаруға ие елдердің қол қоюы қажеттігін қуаттамаған. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1965 жылы қабылдаған № 2028 қарарында өзінің он сегіз мүшеден тұратын қарусыздандыру жөніндегі комитетінен ядролық қаруларды таратпау мәселесіне шұғыл түрде назар аударуды сұрады.
1970 жылы күшіне енген ядролық қаруларды таратпау туралы келісім бойынша ядролық қаруларға ие мемлекеттерден қаруларын жою талап етілген. Бұл келісім негізінде ядролық қаруларға ие мемлекеттерден жаңа ядролық қаруларды шығарудан бас тартумен қоса, қарудың осы түрлерін басқа елдерге тасымалдаудан, өз елінен тыс жерде сақтаудан және басқа мемлекеттермен ядролық қару шығаруда ынтымақтастық жасаудан бас тарту сұралған. Қарусыздандыру мәселесі БҰҰ-ның басты бағдары әрі негізгі мақсатына айналғанына шамамен жарты ғасыр болғанымен, ядролық қаруға ие тоғыз мемлекеттің ешқайсысы, атап айтқанда АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея мен Таяу Шығыстағы ядролық қаруға ие жалғыз мемлекет Израиль режимі бұл келіссөздерге қатысқан емес. Солтүстік Антлантикалық келісім ұйымына мүше елдердің басым бөлігі де бұл келіссөздерге қатыспаған.
Қарусыздандыру мен қару-жарақты бақылау жолында тұрған қиындықтар әлі күнге дейін ядролық қаруларға байланысты ой-пікірлерде шынайы өзгерістің орын алмағанын көрсетеді. Бұл мәселеге байланысты АҚШ-тың қарусыздандыру мен қару-жарақты бақылау саласында жасаған бүлдіргі әрекеттері осы пікірді растай түседі. Антибаллистикалық зымыранды шектеу туралы келісімнен шығу, ядролық қаруларды сынақтан өткізуге жан-жақты тыйым салу туралы келісімді бекітуге қарсылық пен ядролық қаруларға жаппай тыйым салу туралы шартқа қарсы болу осы саясаттардың салдарларының қатарын құрайды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпарат хатшысы осы министрліктің интернет порталында жарияланған баяндамасында АҚШ-тың бұл келісімді қолдамайтынын ашық түрде мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпарат хатшысы Хизер Нойерт бұл баяндамасында: "Сырттай ядролық қаруға тыйым салу туралы болып көрінетін келісім жайлы келіссөздер шілденің жетісі жұма күні Нью-Йоркте аяқталды. АҚШ бұл келіссөздерге қатыспады және бұл келісімді қолдамайды. Ядролық қаруға ие мемлекеттердің ешқайсысы бұл отырысқа қатысқан жоқ. Ұзақ мерзімді ядролық тежегіш күшке иек артып отырған АҚШ-тың одақтастарының ешқайсысы бұл келісімнің мәтінін қолдамады",- деді.
ИИР оның қорғаныстық доктринасында жаппай қырып-жою қаруларына, атап айтқанда ядролық қаруларға орын жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Сол себепті Иран халықаралық қауымдастықта ядролық қаруларды таратпау туралы келісімге байланысты ядролық қаруларды толық жоюға бағытталған халықаралық талпыныстарды қолдап, ядролық қарусыздандыруды жүзеге асыруға талпыныс жасауда. Мысалы үшін оның БҰҰ-ның отырыстарына, әсіресе БҰҰ Бас Ассамблеясының ядролық қарусыздану және оны қадағалау жөніндегі отырыстарына белсенді түрде қатысуын атауға болады.
Мұсылман елдері, атап айтқанда Таяу Шығыс елдері, соның ішінде ИИР-дың қадағалауының арқасында 1995 жылы Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру туралы қарар бекітілді.
ИИР қарудың бұл түрін шығару мен пайдалануды өзінің принциптері мен сенімдеріне қайшы және де ахлақ пен адамгершілікке жатпайтын әрекет санайды.
ИИР-ның негізін қалаған имам Хомейни (р) ядролық қаруларға ие мемлекеттерді айыптаған сөзінде: "Егер олар көптеген ядролық бомбалар жасайтын болса, әлем құрдымға кетіп, халықтарға көптеген зиян тиюі мүмкін. Әлемнің жер-жеріндегі жазушылар, ойшылдар, ғалымдар мен данышпандар әлемдегі халықтың екі ядролық күшке қарсы тұрып, ядролық қаруларды таратуға тосқауыл болу үшін сол халықты ядролық қарудың қатері жайлы хабардар етуі керек",- деген болатын.
ИИР-ның Таяу Шығысты ядролық қарудан азат ету тақырыбындағы Ядролық қаруларды таратуға тыйым салу келісіміне мүше елдердің өз міндеттемелерін орындауына қатысты қарар ұсынуы БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-отырысында қабылданған тақырыптарының бірі. Иранның ұсынған қарары бойынша, ядролық қаруға ие мемлекеттер айқындық, қайтарымсыздық пен халықаралық қадағалау негізінде өздерінің ядролық қару арсеналын толығымен жою үшін қажет шараларды тез арада жүзеге асыруы тиіс.
ИИР бұл шартты орындауда үнемі екі маңызды принципке ерекше көңіл бөліп келген: біріншісі – осындай келісімдерге мүше барлық елдерді кемсітпей орындау. ИИР жаппай қырып-жою қарулары туралы конвенцияны әзірлеп, соны іске асыруда екінші принципті бас айтқан. Ол – ядролық заттар мен технологияны даму үстіндегі мемлекеттердің өркендеуі мен әл-ауқатын арттыру үшін бейбіт түрде пайдалануға кедергі жасамау.
Ядролық қаруларды таратуға тыйым салу жөніндегі келісімді қайта қарау отырыстарына қатысу мен әр бес жыл сайын өткізілетін ядролық қарусыздандыру мақсаттарын алға жетелеуге қарсы қозғалыс мүшелеріне қосылу Иранның осы салада назар аударып, халықаралық деңгейде нәтижелерін беріп жатқан әрекеттерінің қатарын құрайды.
Бұл тақырыптың қорытындысы ретінде ядролық қаруларға түбегейлі қарсылыққа байланысты және ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге ие мемлекеттердің бірі ретінде, осы мәселеге қатысты халықаралық ұйымдар мен жиындардың барлығында, әсіресе келісімді қайта қарау конференциялары мен БҰҰ-дың органдарында, атап айтқанда қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздікті қадағалау жөніндегі комитетте, БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарусыздану жөніндегі комиссиясы мен Қарусыздану жөніндегі Женева конференциясы ядролық қаруға тыйым салуды нығайту және ядролық қаруды таратуға тыйым салу жөніндегі келісімді мүлтіксіз толық жүзеге асыру мақсатында ИИР-ның көптеген талпыныс жасап, күшін аямағанын айтқан жөн. Иран Нью-Йорктегі БҰҰ-дың отырысы кезінде ядролық қаруды жасау, сынақтан өткізу, өндіру, қол жеткізу, иемдену, жинақтау, тасымалдау, пайдалану және пайдаланумен қоқан-лоққы жасауға толық тыйым салу туралы келісімді қолдады.