Иран және халықаралық конвенциялар
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i30519-Иран_және_халықаралық_конвенциялар
Нәсілшілдік – ерте замандардан бері адамзат қоғамында айыпталып келе жатқан жағымсыз құбылыс. Көптеген қоғамдарда нәсілшілдік кең таралғанымен, ислам діні мен ИИР-да нәсілшілдік пен нәсілдік кемсітушілік ешқашан мойындалмаған.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қыр 07, 2017 12:37 Asia/Almaty
  • Иран және халықаралық конвенциялар

Нәсілшілдік – ерте замандардан бері адамзат қоғамында айыпталып келе жатқан жағымсыз құбылыс. Көптеген қоғамдарда нәсілшілдік кең таралғанымен, ислам діні мен ИИР-да нәсілшілдік пен нәсілдік кемсітушілік ешқашан мойындалмаған.

Иран мәдениетінде нәсілшілдікті айыптау бұл жер тарихының алғашқы дәуірлерінен басталады.  Батыста хазірет Исаның (ғ.с.) тағылымдарына қарамастан, тек 1776 жылы АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясында, содан соң 1789 жылы Франциядағы революциядан кейін нәсілшілдік айыпталды. Ақырында, 1948 жылы БҰҰ-ның алғашқы дүниежүзілік декларациясы – «Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы» бекітіліп,  адамзат қоғамының барлық мүшелерінің теңдігі мен еркіндігі қуатталып,  нәсілдік кемсітушілікке жол бермеуге көңіл аударылды. 

Кейінгі жылдары БҰҰ тарапынан адам құқығы декларациясына қатысты әртүрлі тақырыптардағы басқа да құжаттар бекітілді. Олардың көбінде теңдікті сақтап, кемсітушіліктің кез келген қалыбын жою мәселелері қарастырылды. Осындай құжаттардың қатарында 1965 жылғы білім беру саласындағы кемсітушілікпен күрес халықаралық конвенциясын, 1966 жылғы саяси-азаматтық құқықтардың халықаралық конвенциясын, 1965 жылғы нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін  жою конвенциясы мен 1973 жылғы апартеидтік қылмыстарға тыйым салу және жазалау халықаралық конвенциясын атауға болады. Соңғы екі конвенцияда нәсілдік кемсітушілік мәселесіне назар аударылды.

Ислам дінінде нәсілдік кемсітушілікке адам құқығын бұзатын фактор ретінде тыйым салынған. ИИР да өзінің заңдарын ислам діні негізінде дайындап, бекіткен соң кемсітушіліктің кез келген түрімен күресуді биік мақсаттарының бірі санап, жүйесінің іргетасын әділет орнату және кемсітушілікпен күресуге негіздеді. ИИР-ның негізін қалаушының басты мақсаттарының бірі әділетсіздік және кемсітушілікпен күресу болды. Бүгінде Ислам революциясының жетекшісі бұрынғыдай бүкіл халықтың арасында әділет пен теңдіктің сақталуын қуаттап отыр.

Иран жері әралуан ұлттарға ие елдердің қатарына жатады. Алайда әртүрлі мәдениет, этнос пен тілдерге ие ұлттар азшылық саналатын  кейбір елдерге керісінше Иранда әртүрлі ұлттар бір елдің халқы саналады.  Ел Конституциясында да барлық ұлттарға тең құқық қарастырылып, қуатталған. ИИР Конституциясының 19-бабында: «Иран халқы қай қауым мен тайпадан шыққанына қарамастан, тең құқыққа ие. Терінің түсі, этнос, тіл мен басқа да белгілер артықшылыққа себеп болмайды»,-деп жазылған. Сондықтан ұлттық азшылықтар елді басқаруға үлес қосу үшін ешбір шектеусіз әкімшіліктегі жоғары лауазымды орындарда қызмет атқара алады. Бұл тұрғысында олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл ИИР жүйесінің ұлттық азшылықтарға ерекше көңіл аударатынын көрсетеді.

Конституцияның 3-бабында да үкімет жөн-жосықсыз кемсітушіліктерді жоюға, материалдық және рухани салаларда барлық адамдарға бірдей әділ мүмкіндіктер жасауға міндеттелген. Сонымен қатар, Конституцияның 20-бабында бүкіл халықтың саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік құқықтары анық түрде баса айтылып: «Қоғамдағы барлық адамдар жыныс айырмашылықтарына қарамастан, заң бойынша бірдей қорғалады. Олар ислам қағидалары сақталынған гуманистік, саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік құқықтарға ие»,-деп қуатталған. 

Конституция бойынша ИИР-ның ресми діні – ислам, ресми мазхабы – он екі имамдық джафари мектебі. Бұл дін мен мазхабты таңдаудағы критерий Иран қоғамындағы көпшілік болды. Тура осы Конституция негізінде исламның басқа мазхабтары діни азшылық саналмайды, өйткені олар да мұсылмандар және басқа мұсылмандар сияқты өздерінің барлық әлеуметтік қатынастары бойынша толық құрметтеледі. Ислам билігі тұрғысынан  әртүрлі мазхабтарды ұстанушылар өздерінің фикх-діни заңдары бойынша  рәсімдер өткізуге ерікті. Мұсылмандардың мазхабтық азшылықтарының мектептер, мешіттер мен жиналыстарда балалары мен  ұстанушыларына тәлім-тәрбие беруде, үйлену мен ажырасу сияқты жеке мәселелерде өздерінің әдет-ғұрыптарын сақтауына ресми түрде рұқсат берілген.

Конституцияның 14-бабы бойынша, ИИР жүйесі  мұсылман емес кітап иелеріне әділ қатынас көрсетуі керек. Олар жүйеге қарсы қастандық жасамаса, үкіметтің қарауына алып, қолдауы тиіс. Конституцияның 13-бабына сәйкес, «Зәрдушт, иудей және христиан ирандықтар Ирандағы танымал діни азшылықтар болып табылады. Олар заң аясында өздерінің діни рәсімдерін өткізуге, жеке істері мен діни тағылымдарда өздерінің әдет-ғұрыптарын сақтауға ерікті». Ирандағы діни азшылықтардың құқықтарын құрметтеу негізінде оларға  ирандық ретінде заңға сәйкес елдің ең жоғары заң шығарушы органында  өз өкілдерінің болуына рұқсат етілген.  Сонымен қатар,  Конституцияның 67-бабының соңғы бөлігінде: «Діни азшылықтардың өкілдері антты өздерінің илаһи кітабын атап қабылдайды»,-деп жазылған.  

ИИР өз заңдарында барлық азаматтардың құқықтарын назарға алумен қоса, әлемдегі нәсілдік кемсітушілікті жоюды өзінің негізгі принциптерінің бірі санайды. Сол себепті әрдайым нәсілдік кемсітушілікке қарсылық білдіріп, нәсілдік кемсітушілікке қатысты  халықаралық конвенциялар бекітілген соң да осы мәселе жөнінде өзінің ұстанымын мәлімдеп келеді.

Деспоттық және нәсілшіл режимдермен қарым-қатынасты үзу де ИИР-ның осы саладағы ұстанымдарының бір көрінісі. Мысалы, Иран Оңтүстік Африка республикасында апартеидтік режим басқарып тұрған кезде бұл елде жасалған зұлымдық пен кемсітушілікті мүлдем қабылдамай, сол кездегі нәсілшіл режим құлағанға дейін әрдайым жапа шеккен қара нәсілділердің қоғамын қолдап келді. Исламдық Иран Палестинаның зорлық-зомбылық көрген халқын да қолдап, басқыншы Израиль режимінің нәсілшіл қатынасын айыптайды.

Иран халқының өткен жылдары Ирак пен Ауғанстаннан келген босқындарды жақсы қарсы алуы да бұл елде ұлттық азшылықтарға ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді.  БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою комитеті бірнеше мәрте ИИР-на Ирак пен Ауғанстаннан келген көптеген босқындарды қабылдағаны үшін алғыс айтты.  Халықаралық заңдар бойынша, әрбір адам босқындардың қосынында жатып, кім не берер екен деп күтудің орнына өзінің қадір-қасиетін сақтау үшін мектепке барып, жұмыс істеп, өмір сүре алуы керек. Иранда босқындар халық арасында қалыпты жағдайда өмір сүреді. Тіпті, Ислам революциясының жетекшісі  хазірет аятолла Хаменеидің бұйрығына сәйкес, құжаты жоқ барлық бала, мейлі ол ауғандық, мейлі, ирактық болсын, заңды-заңсыз келгеніне де қарамастан, мектепке баруға құқылы. Мұндай қадам адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтатын көптеген елдерде әлі байқалмайды.