Вrexit: адам құқығы мәселесі
Соңғы екі жылда Ұлыбританияда ішкі, аймақтық және халықаралық деңгейлерде қатты әсер еткен және болашақта әсер ететін ең маңызды өзгеріс бұл елдің Еуропа одағынан шығуы (Вrexit) болды. 2016 жылы 23 маусымда өткен Ұлыбританияның (Вrexit) Еуроодақтан шығуына қатысты референдумда британдықтардың 48 пайызы өз елдерінің Еуроодақта қалуына, 52 пайызы одан шығуға дауыс берді.
Бұл мәселе Еуропа елдері басшылары мен Еуропа Одағының теріс реакциясына ұшырады. Олар Еуроодақтан шығудың (Вrexit) Ұлыбританияның өзі мен Еуропа деңгейінде теріс салдарлары біртіндеп байқалғаннан кейін Еуроодақ елдері халықтарының осы байырғы одақтан шығудың ауыр салдарлары болады деген нәтижеге жететіндіктеріне үміттеніп отыр. Іс жүзіндегі Еуропа Одағының Ұлыбританияға қатысты қатаң ұстанымы бұл елді жазалау үшін, сондай-ақ Еуроодақтың басқа елдеріне бұл одақтан шығудың ауыр салдары болатынын көрсету мақсатын көздейді. 2017 жылдың наурыз айының соңында Лиссабон келісімінің 50‑бабы орындалғаннан кейін Ұлыбританияның бұл одақтың басқа 27 мүше елімен сауда мен миграция саласында әріптестік аясын анықтау туралы келісімге келетін екі‑ақ жыл уақыты бар. Ұлыбританияның бірнеше онжылдық бойы Еуроодаққа мүше болуы нәтижесінде қалыптасқан қаржы, саяси‑экономикалық, сауда, индустрия және қауіпсіздік салаларындағы қарым-қатынастарының тереңдігі, ауқымдылығы мен күрделілігіне байланысты бұл елдің консервативті үкіметі Еуроодақтан шығуға көп күш жұмсағанымен үдеріс бірнеше жылға созылады.
Еуропа мәселелерін зерттеуші Хоссейн Мофиди Ахмадидің айтуынша, Ұлыбритания Еуроодақтан шығуға қатысты келіссөздерде әлсіз позицияға ие. Премьер-министр Тереза Мэй Еуропа Одағынан шығудың өте күрделі әрі ауқымды шарттарына қатысты өзгерістерді басқаруда қиындыққа ұшырап отыр.
Вrexit‑тің қаржы, экономика, әкімшілік басқару, құрылым, әлеумет, мәдениет, құқық, сот, қауіпсіздік және адам құқығы секілді салаларда әртүрлі салдарлары бар. Соның ішінде Ұлыбританияның Еуроодақтың бюджетін қамтамасыз ететін негізгі елдердің бірі болғанын ескеру қажет. Осы себептен одақтың мүшелері арасында жаңадан үлес бөлу негізінде ұйымның бюджетін қамтамасыз ету тәсілі тез арада айқындалауы тиіс. Сонымен қатар Еуроодақтың басшылары Ұлыбритания басшыларына бұл елдің Еуроодақтың ортақ нарығына бұрынғыдай қолжетімділігі болатынын күтпеуі керектігін ескертті. Сондай-ақ, Вrexit‑тің басқа да салдарлары әлеуметтік, құқықтық және адам құқығы салаларында біртіндеп байқалуда.
"Еуропадағы Карнеги қорының маманы Стефан Лахна Еуроодақтан шығу (Вrexit) келіссөздеріне тоқталып: «Шындығында, бұл күрделі келіссөздерге аз уақыт берілген. 50‑бап бойынша келіссөздер екі жылдың ішінде аяқталып, Ұлыбритания Еуропа Одағынан шығуы керек»‑деді. Бұл уақыт жеткілікті ме, жоқ па белгісіз. Оның айтуынша, егер Ұлыбритания келісімге келмей, Еуроодақтан шығатын болса, екі жақ та зиян шегеді. Жаңа келісімдерге, соның ішінде еркін саудаға қатысты жаңа келісімге қол жеткізуге көп уақыт кетуі мүмкін, тіпті, бұл 5-10 жылға дейін созылуы ықтимал.
Ұлыбритания халқының Еуроодақтан шығуға (Вrexit) оң дауыс беруінің бірден бір себебі олардың Еуроодақтың заңдары, шектеулері, бұйрықтары мен шешімдерінен құтылуға деген талап-тілегі болды. Осы тұрғыда Ұлыбритания мен Еуроодақтың ең маңызды қайшылықтарының бірі мигранттар мәселесі, әсіресе Шығыс Еуропадан келетін жұмысшы мигранттар болды. Осы қайшылық ақырында Ұлыбритания халқының аталмыш ұйымнан шығуға шешім қабылдауына соқтырды. Ұлыбританияның консервативті үкіметі мигранттардың осы тобының елге кіруіне шектеу қойылуын және олардың әлеуметтік құқықтары мен артықшылықтарының айтарлықтай азаюын талап етіп отыр. Еуроодақ басшылары осы санаттағы мигранттарға қатысты барлық ережелердің сақталуын құптайды. Лондон қалаған жеңілдіктердің бірі Ұлыбританияда Еуроодақтың басқа елдерінен келетін, әсіресе Шығыс Еуропадан келетін жұмыс күштеріне қатысты заңды орындамау болды. Бұл талап Еуроодақтың негізгі принциптеріне қайшы деп танылды. Брюссельдің оны қабылдауы Еуроодақтың негізгі принциптерін көпе‑көрінеу аяққа таптау саналады. Мұнымен қоса, Лондонның жұмыс іздеген еуропалық мигранттарға қойған талаптары Еуроодақ пен БҰҰ-ның адам құқығы критерийлеріне қайшы деп танылды. Лондон басшылары бұл мәселенің сылтауын Шығыс Еуропадан келетін мигрант жұмысшылардың қалың легіне алаңдаушылық деп атады. 2015 жылы Британияның бұрынғы Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Еуроодақ басшыларымен елінің одақта одан ары қалуының шарты жөнінде жүргізген келіссөздерінде Еуроодақтағы мигранттардың әлеуметтік жалақыларды 4 жылға тоқтату ұсынылды. Лондонның бұл талабы, яғни әлеуметтік жалақыларды 4 жылға тоқтату Шығыс Еуропаның, әсіресе Польшаның жұмысшы мигранттары мүдделеріне толығымен қайшы болды. Сол себепті Польша басшылары Лондонның осы талаптарына қатты қарсылық көрсетті. Бұл мәселе Ұлыбританияда жұмыс істейтін еуропалық азаматтардың құқығын өрескел бұзу саналды. Бұл талап Ұлыбритания үкіметінің ашық түрде кемсітушілік жасап, бұл елдегі шетелдік жұмыс күштерінің, әсіресе Шығыс Еуропа елдері азаматтарының құқықтарын сақтаудан бас тартатынын білдіреді.
Мұнымен қоса, Ұлыбритания мен Еуроодақ арасындағы маңызды мәселелер мен қайшылықтардың бірі – Ұлыбританияда тұратын еуропалықтардың тағдыры, олардың жағдайы мен болашағы, сондай-ақ жұмыс күшінің Еуроодақ елдері мен Ұлыбритания арасында қатынау болашағы. Еуроодақ пен Ұлыбритания бір‑бірінен Ұлыбританиядағы 3 миллион еуропалық тұрғын мен Еуропадағы 900000 британдық азаматтың құқықтарының сақталуына кепілдіктің берілуін талап етіп отыр. Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэй тарапынан 2017 жылдың маусым айының аяғында ұсынылған жоба негізінде Ұлыбританияда бес жылдан артық тұрған еуропалық азаматтар бұл елде білім алуға, медициналық қызметтің көрсетілуіне және тағы да басқа азаматтық мүмкіндіктерге рұқсат беретін жаңа виза жағдайын қолдана алады. Тереза Мэй Еуроодақ басшыларына бағытталған сөзінде: "Ұлыбританияның ұсынысы әділ әрі шынайы және Ұлыбританияда тұратын еуропа азаматтарына барынша сенімділік береді",-деді. Осы орайда Еуроодақтың жоғарғы басшылары мен осы ұйымдағы ең маңызды ел Германия Ұлыбританияның консервативті үкіметінің осы елде тұратын еуропалық тұрғындардың азаматтық құқығын қорғау жайлы жобасына наразылық білдірді. Еуропа кеңесінің басшысы Дональд Туск: "Ұлыбританияның осы елде жұмыс істейтін және тұратын еуропалық азаматтарға қатысты жобасы күтілгеннен де төмен. Бұл жоба осы елде тұрып, жұмыс істейтін еуропалық азаматтардың жағдайын одан ары нашарлата түседі",-деді. Ол одақтан шыққан соң да еуропалықтар мен британдықтардың құқықтарының толығымен сақталғанын қалайды. Еуропа комиссиясының басшысы Жан‑Клод Юнкер, Еуропа Парламенті тарапынан Вrexit бойынша келіссөз жүргізуші Гай Вэрхустад, Германияның канцлері Ангела Меркель де пікір білдіріп, Ұлыбритания үкіметі ұсынған жобаны бұл елде тұратын Еуропа азаматтарының құқығын қорғау үшін жеткіліксіз деп атады.
Қазіргі кезде Ұлыбританиядағы жұмыс күшінің 17 пайызын осы елде тұратын Еуропа азаматтары құрайды. Лондон еуропалық азаматтардың шығарылуын талап еткен жағдайда мұның Ұлыбритания экономикасына айтарлықтай ауыр салдарлары болады. Осы орайда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығымен энергетика салалары адам ресурсының жетіспеушілігінен, Еуроодаққа экспорттың жоғары деңгейі мен одақтан шыққан соң өнімдерге кедендік тарифтың салыну ықтималдығы салдарынан ең көп зиян шегеді. Сондықтан британдықтар тек Еуроодақтың қысымынан ғана емес, сондай-ақ өз мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі туындамау үшін оларды елде сақтап қалу жобасын ұсынуға мәжбүр болды. Консервативті үкіметтің басшылары Еуропа азаматтарын Ұлыбританиядан шығаруға бағытталған кез келген қысым мен талпыныстың Брюссельдің қарымта реакциясына ұшырап, Еуропада тұратын жүздеген мың британдыққа қарсы тура осындай әрекеттің жасалатындығынан хабардар. Сондықтан, Брюссель мен Лондон арасындағы Ұлыбританияда тұратын еуропалық азаматтар мәселесі бойынша Лондон Еуроодақтың талабын орындайды деп күтуге болады. Еуроодақтың Ұлыбританияның одақтан шығуына (Brexit) қатысты келіссөздердегі тәсілі бұл тұрғыда Брюссельдің аса икемділік танытпай отырғанын көрсетеді. Бұл қатаңдық тек одақтан шығу салдарынан 100 млрд еуро көлемінде шығын төлеуге ғана қатысты емес, сондай-ақ Ұлыбританияда тұратын Еуропа азаматтарының болашақ жағдайын анықтауда да сақталып отыр.
Ұлыбритания үкіметінің бұл елде тұратын Еуропалық азаматтарға қатысты позициясы тек Еуроодақ пен Лондон арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан ғана түйткілді мәселеге айналып қойған жоқ, сондай-ақ Еуроодақтың адам құқығына қатысты нормалары мен критерийлерінің сақталмауы тұрғысынан да Ұлыбританияның консервативті үкіметіне қарсы көптеген сынның айтылуына себеп болды. Ұлыбритания одақтан шыққан (Вrexit) соң осы саладағы алаңдаушылықтардың күшейгені соншалықты, ел Премьер-министрі Тереза Мэй 2016 жылдың шілде айының соңында Словакия мен Польшаға барып, екі елдің басшыларына олардың Ұлыбританияда тұратын көптеген азаматтарының тағдыры туралы түсіндіруіне тура келді. Шындығында, Ұлыбританияның одақтан шығуы (Вrexit) мәселесі нақтыланған соң Еуропа елдері басшыларының осы елде тұратын өз азаматтарының тағдырына алаңдаушылығы артып отыр. Бұл мәселе әсіресе Шығыс Еуропаның екі елінде, яғни соңғы жылдары азаматтарының басым көпшілігі жұмыс істеу мақсатымен Ұлыбританияға аттанған Польша мен Словакияда жоғары маңызға ие. Осындай жағдайда Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй Шығыс Еуропа азаматтарының құқығына кепілдік беру үшін Еуроодақ тарапынан да британдық азаматтарға дәл осындай қарым-қатынастың көрсетілуін талап етіп отыр. Британияда тұратын польшалықтардың саны 790 мың деп есептелген. Польшалықтар Ұлыбританияда тұратын ең үлкен еуропалық қауымды құрайды, тіпті ағылшын тілінен кейінгі көп қолданылатын тіл поляк тілі саналады. Сондай-ақ, Ұлыбританияда қазіргі таңда 90 мыңға жуық словакиялық азамат өмір сүреді. Польша үкіметі Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына ынталы болмаса да, Шығыс Еуропаның Румыния, Болгария, Чехия мен Словакия елдері секілді Еуропаның ең ірі экономикасы және Еуроодақтың ең маңызды елі Германияға қосылып, Лондонның талаптарын қабылдамай отыр. Еуроодақ Ұлыбританияның одақтан шығуының (Вrexit) тездетілуін талап етіп, қысым жасаған соң Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэй өз елінің Шығыс Еуропадан келген жұмыс күштеріне лайық қарым-қатынас көрсетуінің шарты ретінде Еуроодақ тарапынан британдық азаматтардың құқықтарының сақталуы қажеттігін талап етті. Шын мәнінде, ол Ұлыбританияда жұмыс істеп жатқан еуропалық мигранттардың құқықтарының сақталуына қарымта шарт қойып, Еуроодақ басшылары арасында қатты алаңдаушылықтардың туындауына себеп болды.