АҚШ – нәсілдік қақтығыстардың тұрақты мекені
Америкалық оңшылдар одағының Вирджиния штатындағы Шарлотсвиль қаласында жиналуы АҚШ-та бұрыннан келе жатқан нәсілдік қақтығыстардың бетін тағы ашып берді.
Бұл қозғалыс әсіре оңшыл ағымдар, соның ішінде "Ақ нәсілділердің басымдылығы", "Ақ националистер", "Жаңа конфедерация", "Жаңа нацистер", "Милитаристер қозғалысы" тарапынан ұйымдастырылды.
Шарлотсвильде жиын өткізудің сылтауы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы азамат соғысы барысында Америка штаттарының конфедерациясын құрған, штаттар әскерінің бас қолбасшысы болған құл иеленуші және бөлінуді талап етуші генерал Роберт Лидің ескерткішін алып тастау үшін жасалған талпыныстарға наразылық болды. 2015 жылы Чарльстон қаласындағы шіркеуде ғибадат етіп жатқан бірнеше қара нәсілдіні 21 жастағы Дилан Руф өлтірген соң, нәсілшілдікке қарсы және теңдікті қалаушы топтар оңтүстік штаттарда құл иеленушілік кезеңі мен азамат соғыстарынан қалған белгілерді жою жолындағы талпыныстарын бастады. Бұған қарсы оңшыл топтар да Дональд Трамп президенттігі кезінде қалыптасқан кеңістікте осындай қозғалыстарға қарсы шабуылдарын бастап, осы қалада ауқымды жиын өткізді. Орын алған қақтығыстар салдарынан 3 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды.
Шарлотсвильдегі бейберекеттік АҚШ-тағы нәсілшіл қантөгістің алғашқысы да, соңғысы да емес. Ұлыбританияның алғашқы эммигранттарының кемесі жаңа әлемнің жағасына жетіп, ағылшындардың Джорджтаун қаласында алғашқы колониясының негізі қаланған күннен бастап, бертін Америка Құрама Штаттары деп аталған жерде нәсілдік қақтығыстар басталды. Алдымен соғыс пен қантөгіс ақ нәсілді эмигранттар мен жергілікті үндістердің арасында болып, кейінгі екі ғасырда адамзат тарихындағы ең үлкен геноцидтердің біріне айналды. Содан кейін Африкадан қара нәсілді құлдар келген соң, бұл қақтығыс ақ және қара нәсілділер арасындағы соғысқа айналды. Ақ нәсілділер экономикалық мүдделерін жоғары деңгейге жеткізу үшін миллиондаған қара нәсілдіні құлдыққа салып, оларға төрт аяқты жануардан бетер жаман қарым-қатынас жасады. Балаларды алып-сату, отбасыларды бір-бірінен айыру, азаптау, дарға асу, тіпті оқу-жазу үйренгендері үшін өлім жазасына кесу АҚШ-тың оңтүстік штаттарындағы ақ нәсілді құл иеленушілердің қалыпты қарым-қатынасы болды. Бұл топ осы қатыгез әрі антигуманистік тәртіпті сақтау үшін төрт жыл бойы азамат соғысын жүргізіп, АҚШ-тың оңтүстігі мен солтүстүгіндегі екі аймақтың 600 мыңнан астам сарбазы мен тұрғынын ажал құштырды. Қанды соғыс пен құлдарға азаттық жариялау мен жаңа құлдарға азаматтық құқықтарын беру үшін Конституцияға қосымшалар енгізу шешімінің бекітілуі де Америка Құрама Штаттарындағы мықты нәсілшілдік рухты жоя алмады. Ұзақ жылдар бойы Ку-Клукс Клан секілді нәсілшіл топтар АҚШ-тың ауқымды бөлігінде, әсіресе бұрын құл иеленуші болған штаттарда билік жасап, қара нәсілділерді ажал құштырып отырды. Сол заманда әрбір ақ нәсілдінің кез келген сылтаумен бір қара нәсілдіні айыптап, соттап, жазалауға хақысы болды. Олар еш қорқынышсыз қара нәсілділерге физикалық және психикалық тұрғыдан зардап келтіру, тірідей өртеу, тірідей көму, үйлерін жағу, егіс алқаптарын өртеу секілді әрекеттер жасап, көбінде заңның қолдауына ие болған. Осындай қатыгездіктің илеуіндегі азшылық – қара нәсілділер мен үндістер де қарап отырмай, ақ нәсілділерден кек алу үшін шама-шарқылары келгенше оларға шабуыл жасап, мал-мүліктеріне зиян тигізіп отырған. Осындай қарымта әрекеттер АҚШ-та нәсілдік қанды қақтығыстардың отын әлі күнге дейін өшірмей келеді.
Өткен жарты ғасырда Америка Құрама Штаттарында қара нәсілділердің азаматтық құқықтары айтарлықтай жақсарды. Қазіргі таңда қара нәсілділер ақ нәсілділердің мейманханалары мен дәретханаларына бара алады, сондай-ақ олар мектептерде ақ нәсілді оқушылардың жанына отыра алады. Олар дауыс беруге құқылы және жоғары лауазымдарға қол жеткізе алады. Таңдаулы қара нәсілділер осы кезде Президент, Сыртқы істер министрі, Бас Прокурор секілді жоғары лауазымдарда қызмет атқарады. Бұған қарамастан, табысы аз, кедей, қарапайым қара нәсілді азаматтардың басым көпшілігінің жағдайы соншалықты өзгере қойған жоқ. Әлі күнге дейін бірдей жұмыс жасайтын қара нәсілді жұмысшының айлығы ақ нәсілді жұмысшымен салыстырғанда төмен. Сондай-ақ, қара нәсілділердің білім алу деңгейі мен тұрғын-үй алу, жеке көлік пен құнды қағаздар иелену сияқты мүмкіндіктерді пайдалану деңгейі де ақ нәсілділерге қарағанда төменірек. Жалпы қара нәсілділердің байырғы материалдық және мәдени кедейшілігіне байланысты бұл топтың өкілдері көп қылмыс жасап, өздерінің қоғамдағы үлесінен әлдеқайда көп деңгейде түрмелерге қамалып, өмір бойы бас бостандықтарынан айырылып немесе өлім жазасына да кесіліп жатыр. Бұған қарамастан, АҚШ-тағы әсіре оңшыл ағымдар осы елде ақ нәсілділердің үстемдігін сақтауға күш салу қажет деп санайды. Бұл ағымның көзқарасы бойынша, Еуропаның ақ нәсілді ұлттарынан шықпаған кез келген адам бөтен саналып, америкалық атана алмайды. Бұл топ үшін қара нәсілді, үндіс, мұсылман, еврей, латын халықтарының ақ нәсілділердің жыныстық ауытқушылыққа ие адамдарынан еш айырмашылығы жоқ. Олар қара нәсілділер мен латын халықтары санының өсуіне көңіл аударып, бірнеше онжылдықтан кейін Еуропадан шыққан ақ нәсілділер азшылыққа айналып, АҚШ-та испан тілділердің саны ағылшын тілділерден асып кетеді деп санайды. Сонымен қатар, бұл топ үшін азшылықтардың саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайының артуы қауіпті, сондықтан олар мұнымен күресу үшін қатыгездікке барады. 2015 жылы 21 жастағы бір жігіт «Ақ нәсілділердің басымдылығы» тобы үгіт-насихатының ықпалымен Оңтүстік Каролина штатының Чарльстон қаласындағы қара нәсілділердің шіркеуіне шабуыл жасап, 9 ғибадат етушіні мерт қылды.
Шарлотсвиль қаласында да бір жас жігіт жеңіл көлігімен нәсілшілдікке қарсы топтың ортасына баса-көктеп еніп, бір әйелді өлтірді. Бұл әрекет полиция қызметкерлері мен жүздеген бейнекамераның алдында орын алды. Көліктің қалың топқа баса-көктеп енгені және бірнеше азаматтың ұшып түскені түсіріліп, таратылған суреттер мен бейнетаспалар АҚШ пен күллі әлемді адам нанғысыз күйге түсірді. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген мигранттардан құралған АҚШ секілді елде мұндай оқиғалардың орын алуы ауқымды қақтығыстар мен тынышсыздыққа соқтыруы мүмкін. Әсіре оңшыл әрі нәсілшіл ағымдар осындай қылмыстық әрекеттерді жасау арқылы өздерін қауіпсіз сезінетіндей көрінеді. Қазір АҚШ-та президент лауазымында бұдан бұрын барлық мексикалықтарды жыныстық ауруға шалдыққандар деп атап, заңсыз мигранттардың барлығын елден шығарып, бүкіл мұсылмандарға АҚШ-қа кіруге тыйым салуды өзінің сайлауалды ұрандарының негізі етіп алған адам отыр. Бұл ұрандар мен уәделер әсіре оңшыл ағым басшыларының 2016 жылғы сайлауда Дональд Трамптың жеңіске жетуін нәсілдік басымдық талабын орындау үшін жағдай деп таныстыруына себеп болды. Алайда, бұл байланыс екі жақты болды: Дональд Трамп та осы ағым басшыларының ықпалын елдің оңтүстігі мен батысындағы нәсілдік бөлінушілікті жақтаушылардың дауысын алу үшін пайдаланды. Көбінесе дәстүрлі және діни қалыптағы ауылдық жерлерде өмір сүретін бұл адамдар 2016 жылғы дау-дамайлы сайлауда Дональд Трамптың жеңіске жетуінде маңызды рөл атқарды.
Нәсілшіл ағым басшыларының бірі әрі Дональд Трампты жақтаушылардың бірі Дэвид Дьюк АҚШ Президентіне: «Айнадағы түріңе қара да, сені президенттікке жеткізген әсіре солшылдар емес, америкалық ақ нәсілділер екенін есіңде сақта»,-деп кеңес берді.
АҚШ-тың бүгінгі қоғамы терең әлеуметтік және мәдени алшақтыққа байланысты басқа кезден көбірек нәсілдік қақтығыстарға бейім. Соңғы жарты ғасырдағы нәсілдік қақтығыстар тарихына шолу жасағанда уақыт өткен сайын наразылықтардың көбейе түскенін байқауға болады. Мысал ретінде соңғы 25 жылда АҚШ-тың түпкір-түпкірінде 13 қанды әрі қатігез қақтығыстың орын алғанын атау керек. Родни Кинг соққыға жығылғаннан кейін 1992 жылы Лос-Анджелесте орын алған бүлік немесе 2015 жылы Майкл Браунның өлімі, сонымен қатар қара нәсілді азаматтардың ақ нәсілді полиция қызметкерлерінің қолынан қаза табуы елеулі оқиғалардың қатарына жатады. Осы кезеңде де оңшыл ағымдар этникалық азшылықтарды арандату үшін олар қоныстанған аудандарда бірнеше рет шерулер мен жиналыстар өткізді. Соның ішінде 2005 жылы Толидо қаласында, 2017 жылы Шарлотсвиль қаласында осындай шеру өткізілді. Мұндай қарым-қатынастар мен жиналыстар алдағы уақытта АҚШ-тың басқа өңірлерінде көбейе түседі деген болжам бар. Бір жағынан азаматтық құқықтарды қорғаушы және теңдікті талап етуші топтар бұрын болған ауыр да қанды күрестердің жетістіктерін сақтауға талпыныс жасауда. Екінші жағынан нәсілшіл топтар өздері «америкалық рух» деп атаған нәрсені сақтау үшін қолдарына қару алуда. Егер АҚШ халқының әрқайсысы мәдениет пен ақыл-ой тұрғысынан өзгеріске ұшырап, этностар арасындағы толеранттық нәсілшілдіктің орнын басып, бейбітшілікке талпыныс бұл елдегі бұрынғы қатыгездіктің орнын баспаса, тараптардың бір-біріне қарсы сап түзеуі Шарлотсвильдегі оқиғаны үлкен көлемде қайталай алады.