Ақ үйдегі дағдарыс
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i30911-Ақ_үйдегі_дағдарыс
Дональд Трамптың президенттік кезеңінің басталғанына жеті ай өтпей жатып, Ақ үй әуре-сарсаңға түсті. Осы уақыт аралығында Ақ үйдегі жоғары лауазымды басшылар мен қатардағы мемлекеттік қызметкерлер қызметтен бас тартты немесе жоғары басшылық тарапынан жұмыстан босатылды. Майкл Флинн Дональд Трамптың президенттігінің алғашқы аптасында үкіметтегі маңызды лауазым – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілік қызметінен кетті, ал шын мәнінде отставкаға шығарылды.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қыр 19, 2017 17:39 Asia/Almaty
  • Ақ үйдегі дағдарыс

Дональд Трамптың президенттік кезеңінің басталғанына жеті ай өтпей жатып, Ақ үй әуре-сарсаңға түсті. Осы уақыт аралығында Ақ үйдегі жоғары лауазымды басшылар мен қатардағы мемлекеттік қызметкерлер қызметтен бас тартты немесе жоғары басшылық тарапынан жұмыстан босатылды. Майкл Флинн Дональд Трамптың президенттігінің алғашқы аптасында үкіметтегі маңызды лауазым – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілік қызметінен кетті, ал шын мәнінде отставкаға шығарылды.

Джеймс Коми АҚШ Президентінің бұрын- соңды болмаған әрекетінен кейін Федералды тергеу бюросының (FBA) төрағасы қызметінен босатылды. Энтони Скарамуччи Ақ үйдің байланыстар басшысы лауазымына келгеннен кейін Шон Спайсер Ақ үйдің ақпарат хатшысы қызметінен бас тартты, себебі тек "Wall Street"-те қаржылық операция жасау тәжірибесіне ғана ие адамның қол астында жұмыс істегісі келмеді. Осындай жағдайда Скарамуччи Ақ үйдің ең жоғары лауазымындағы Райнс Прибусты Ақ үйдің кадрлар бөлімін басқарудан алып тастады. Осылайша оның аты осы маңызды міндетті ең аз уақыт атқарған адам ретінде тіркелді. Ақ үйдегі дағдарыс осымен біте қоймады. Мемлекеттік басшылар мен Ақ үй қызметкерлерінің біразының жұмыстан босатылуы немесе оставкаға кетуімен қоса, Скарамуччи Ақ үйге дау-дамаймен келгеннен 10 күн өткен соң теледидарға берген сұхбатында өзінің кейбір қызметтестерін сипаттауда дөрекі сөздер қолданғанына байланысты қызметтен босатылып, Ақ үйдегі қызметкерлерді басқару лауазымы зейнеткер генералға тапсырылды. Джон Келли – 1970 жылғы Уотергейт дауынан кейін Ақ үйдің кадрлар бөлімін басқару қызметіне Президенттің оң қолы ретінде келген алғашқы адам. Ал Джефф Сешнс үкімет құрамынан шығарылу алдында АҚШ-тың бас прокуроры мен әділет министрі лауазымына тағайындалған болатын.

Ақ үйдегі бұрын-соңды болмаған дағдарыстың себебі неде?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын жалпы АҚШ үкіметтерінің барлығында әдетте ішкі қайшылықтар, бәсекелестіктер мен дау-дамайлардың болып тұрғанын айтуымыз керек. Бұрынғы кезде де бұл қарама-қайшылықтар мен бәсекелестіктер отставкаға, қызметтен босауға, дау-дамайдың тууына соқтырған. Бұған қарамастан, осы уақытқа дейін АҚШ-тың бұрынғы үкіметтерінде үсті-үстіне қызмет ауыстыру мен қызметтен шығарылу мұндай деңгейде бұрын-соңды болмады деуге болады. Ақ үйдегі бейберекеттіктің себебін анықтау үшін 4 болжам айтуға болады. Бұл төрт болжам мыналар: қол астындағыларының соғысынан ләззат алатын Дональд Трамптың жеке басы; АҚШ Президентінің жақын туысқандарының мемлекеттің ағымдағы істеріне бұрын-соңды болмаған деңгейде араласуы; саяси саладағы ескі бюрократтардың жаңа келушілермен қарсыластығы және АҚШ Президенті командасының барлау органы мен негізгі ағымдағы ақпарат құралдары одағымен астыртын соғысы. Бағдарламаның жалғасында бұл болжамдарға жеке-жеке тоқталамыз.

Дональд Трампты психологиялық тұрғыдан зерттеген адамдардың сенімінше, бұл адам баршаны басқаруға және басқа адамдардан ақпарат жинауға қатты қызығады. Қол астындағыларды бәсекелестікке итермелеу арқылы оларды өзін жақтауға көндіріп, ақырында жеңіп шыққан адамдарды өз ықыласына бөлеуге тырысады. Мұнымен қоса, қабілетсіз әрі лайықсыз адамдарды жұмыстан шығару АҚШ-тың қазіргі Президентінің жеке ерекшеліктерінің бірі саналады. Ол "Trainee" атты атақты бағдарламаның жүргізушісі ретінде осы тәсілді жүлделі орынға ие болу мақсатында адамдарды бір-бірімен таластырып, ақырында жеңілген адамдарды шығару үшін өте жақсы пайдаланды. Қазір де Президент лауазымындағы Трамп "Trainee" бағдарламасының үлгісін АҚШ-тың ұзын сонар мемлекеттік аппаратында, әсіресе Ақ үйде іске қосқанға ұқсайды. Осы себептен Ақ үйдегі маңызды лауазымдар адамдар үшін Дональд Трампқа адалдығы мен қабілетін барынша көрсететін жарысқа айналған сыңайлы. Бұл адамдар бір-бірімен айқасып, бір-біріне қарсы астыртын келісіп жатады. Соңында бірі жеңіп, басқасы Президент тарапынан шығарылады. Скарамуччидің Ақ үйге кіру оқиғасы, Спайсердің отставкаға кетуі мен Райнс Прибустың жұмыстан босатылуы "Trainee" бағдарламасынан үлгі алып жасалды. «Trainee» бағдарламасына қатысушылар ойын-сауық үшін бұл бағдарламаға келіп, соңында бірнеше жүз мың доллар сыйлық алады. Алайда бүгінде Ақ үйде болып жатқан үдеріс АҚШ-тың ескі саяси-әкімшілік жүйесі, тәртібі мен қатынастарын нысанаға алып отыр.

Қол астындағыларды өз орындарын сақтап қалу үшін жауласуға итермелейтін Дональд Трамптың жеке қасиеттерінен басқа АҚШ Президентінің үлкен отбасы да Ақ үйде дағдарыстың туындауына әсер етті. Трамп АҚШ-тың соңғы бірнеше президентімен салыстырғанда көбін ересек адамдар құрайтын көп санды отбасыға ие. Олар Ақ үйдің күнделікті және мемлекеттік істеріне ашық әрі бұрын-соңды болмаған деңгейде араласады. Солардың басында АҚШ Президентінің үлкен қызы Иванка Трамп пен оның күйеуі Джаред Кушнер тұр. АҚШ Президентінің жоғары кеңесшілері ретіндегі бұл екі адамның Ақ үйдің батыс қапталындағы АҚШ Президентінің жұмыс орнында жеке кеңселері бар. Трамп тарапынан оларға міндеттемелер жүктелген. Алайда олардың екеуінің де Дональд Трамп секілді саясат және басқару саласында тәжірибелері жоқ. АҚШ Президентінің өз отбасы мүшелеріне эмоционалды әрі интеллектуалды тұрғыдан қатты тәуелділігі жағдайды күрделендіре түсті. Кушнер мен Нью Джерси штатының мэрі әрі Республикашылдар партиясының танымал тұлғасы Крис Кристи арасындағы жеке дау-дамай оның Трамптың үкіметіне кіруіне кедергі болды. Сондай-ақ, Кушнер мен Трамптың тағы бір кеңесшісі әрі сенімді адамдарының бірі Стивен Бэннон арасындағы жағдайдың салдарынан ол АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жиналыстарына тұрақты қатысу құқығынан айырылды. АҚШ Президентінің отбасы мүшелерінің, әсіресе кіші Дональд Трамп мен Кушнердің АҚШ-тағы өткен жылғы сайлауға Ресейдің ықтималды араласу ісіне қатыстылығы анықталғанда Ақ үйде шиеленістер арта түсті.

АҚШ үкіметіндегі бұрын-соңды болмаған бейберекетке қатысты тағы бір болжам айтуға болады. АҚШ-тың бұрынғы саясаткерлерінен тұратын саяси аппарат пен Дональд Трамптың басшылығымен Ақ үйге аяқ басқан жаңа команданың арасындағы қатты бәсекелестік ашық түрде жүріп жатқан сыңайлы. Президенттік сайлау бәсекелестігі барысында Дональд Трамп АҚШ-тағы жемқор саяси органдармен күресуге уәде етіп, сайлауда жеңіске жеткен жағдайда оны Вашингтонның күресініне тастауға сөз берген еді. Ол әрине Deep State деп аталатын саяси аппаратқа қарсы тұруға біраз қадам жасады. Соның ішінде кейбір маңызды лауазымды орындарды саяси билік шеңберінен тыс адамдарға тапсырды. Мысал ретінде қандай да бір саяси-дипломатиялық тәжірибесі жоқ Рекс Тиллерсонды АҚШ Мемлекеттік департаментінің хатшысы ретінде сайлауын немесе Трамптың Республикашылдар партиясының басшылары мен АҚШ-тың негізгі БАҚ-ның иелеріне үздіксіз шабуылдарын айтуға болады. АҚШ Президенті "Obamacare" заңын сараптау барысында кейбір сенаторларға қатысты «ақымақ» сөзін қолданудан қымсынбады. Ол, сондай-ақ, АҚШ-тың бұрынғы басшыларын, соның ішінде республикашылдар үкіметтерінің басшыларын Қытайдың баюының алдын алудағы қауқарсыздығы үшін "ақымақ" деп атады. Өткен алты айдың ішінде Трамптың АҚШ БАҚ-ын өтірікші, жалған деп атамай өткізген күні сирек кездеседі. 

Ақ үйдегі былықтар – Трамптың сахнаның сыртында АҚШ-тың барлау ұйымымен аяусыз соғысының салдары.АҚШ-тың өткен жылғы сайлауындағы бәсекелестік үдерісінде бұл елдің барлау ұйымының мүшелері Трамптың Президент лауазымына тағайындалуға және бұл елдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы болуға біліктілігі жоқ екенін бірауыздан айтып, оған зиян тигізу үшін ешнәрседен аянып қалмады. Бұған қарамастан, көптеген себептерге байланысты Трамп АҚШ-тың 45-ші Президенті болып сайланды. Сайлаудың ертеңінде-ақ қалаулы президент пен барлау ұйымы арасында дау-дамай басталды. АҚШ-тың барлау және қауіпсіздік ұйымдары бұрын-соңды болмаған әрекет жасап, президенттің сайлау командасының мүшелері мен оның ең жақын туыстарын дұшпан ел, яғни Ресеймен астыртын келісті деп айыптады. Бұл айыптаудың бірінші құрбаны Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флинн болды. Содан соң кезек президенттің күйеу баласы Джерад Кушнерге жетті. Ал қазір кіші Дональд Трампқа қарсы қатаңырақ айыптар тағылған соң АҚШ Президенті импичментке ұшырау алдында тұр. Соңғы алты айда бірнеше рет құпия ақпараттар әшкере болды. Бұл ақпараттарға FBA немесе CIA барлау және қауіпсіздік ұйымдарының көмегінен басқа жолмен қол жеткізу мүмкін емес. Осы уақыт аралығында Ақ үйде көп адам қызметтен босатылды, отставкаға кетті немесе «Трамп-Ресей» жанжалды ісіне тікелей қатысты болуына байланысты жұмыс орындарынан айырылды немесе осы істің салдарынан зиян шекті.

Қандай жағдайда да жоғарыда баяндалған төрт болжамның қайсысы Ақ үйдегі былықты сипаттайтынын былай қойғанда, қазір АҚШ Президентіне жақын шеңбер ішіне тәртіп орнату үшін Ақ үйдің қызметкерлерін басқару лауазымы зейнеттегі қауіпсіздік генералына тапсырылды.

Алайда Дональд Трамптың құбылмалы мінезі мен Твиттерде сахна сыртындағы тақырыптарды талқылауға қызығушылығы бұл мақсатқа жетуді қиындатып отыр. Басқаша айтқанда, генерал Келли Ақ үй қызметкерлері арасында тәртіп орнатып, Трамптың отбасы мүшелерінің үкіметтің істеріне үздіксіз араласуын тоқтатып, Ақ үйден құпия ақпараттардың таралуының алдын алып, Трамптың АҚШ-тың саяси және барлау ұйымдарымен соғысын тоқтатқанымен, Трампты қалыптасқан саяси-құрылымдық механизмді сақтауға көндіре алмаса, АҚШ үкіметіндегі дағдарыс жалғаса береді.