Босқындардың жағдайы және Германиядағы сайлау
Германия Парламентінің сайлауы 2017 жылдың қыркүйек айының 24 күні өтеді деп жоспарланып отыр. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы (Brexit), Еуроодақта Германиядан кейінгі маңызды ел саналатын Франциядағы президенттік және парламенттік сайлаулар, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ арасындағы шиеленіскен кеңістік секілді маңызды өзгерістерге байланысты бұл сайлау ерекше маңыздылыққа ие.
Германияның бүкілхалықтық сайлауындағы негізгі бәсекелестік Германияның қазіргі канцлері Ангела Меркель бастаған Христиан-демократтар партиясы мен Мартин Шульц бастаған Социал-демократтар партиясы арасында болып жатыр. Бұл екі партия бүкілхалықтық сайлаудың алдында штаттық деңгейдегі сайлау барысында бәсекелестікке түсті. Соның нәтижесінде Христиан-демократтар партиясы жеңіп шықты. Сайлауда бәсекелес партиялардың арасында қайшылыққа ие әртүрлі тақырыптар қозғалды. Германияның ірі партиялары басшыларының сөздері мен позициялары бұл елдің ішкі жағдайындағы қазіргі маңызды мәселенің босқындар мәселесі болып тұрғанын көрсетті. Екі партия басшыларының мигранттар мен босқындар мәселесіне көрсеткен позициялары әлбетте Германия халқы мен осы елде тұратын мигранттардың беретін дауысына айтарлықтай әсер ететіні анық. Меркель мен Шульцтің мигранттарға қатысты ұстанымдары мен олардың көзқарастарының өзгеруін сараптау Еуроодақтың ең маңызды еліндегі олардың саяси жағдайының келешегін айқындайды.
Германияның орта оңшыл канцлері Ангела Меркель – босқындар мәселесіндегі ең ықпалды саясаткерлердің бірі. Қазіргі күні де оның осы тұрғыдағы көзқарастары Еуроодақтың босқындар мен мигранттар жөніндегі саясаттарында маңызды рөл атқарады. Германия канцлері Еуропаға ағылған босқындар мен мигранттар легі көбейгенде "Ашық есік" саясатын қорғауға кірісті. Бұл саясаттың мағынасы мигранттар мен босқындардың Еуропаға кіруіне рұқсат беріп, оларды Еуроодақ елдеріне қоныстандыру болды.
Меркель босқындардың Германияға ағылуы шарықтау шегіне жеткен 2015 жылы берген бір баспасөз конференциясында: "Мен Германияның алпауыт ел екенін сеніммен айта аламын. Алға жылжуға итермелеп, осы уақытқа дейін көптеген іс-шаралар атқаруға септігін тигізген стимулымыз – ақырында босқындар дағдарысын да шеше аламыз деген үміт. Шын мәнінде, біз осы дағдарыстан шығудың жолын табамыз",-деді. Оның көзқарасы бойынша, Еуропаның ең ірі экономикасы саналатын Германия қоғамының қартаюына байланысты бұл ел үшін босқындар қымбат капитал саналады. Оларды оқытып, Германияның өнеркәсіп салаларында кәсіби мамандар ретінде пайдалануға болады. Шындығында, Меркель 2016 жылдың басына дейін босқындардың Еуропаға, әсіресе Германияға кіруін жақтаушылардың бірі болды. Дегенмен, Меркельдің бұл көзқарасы шындыққа онша жанаса қоймады. Босқындар легі көбейіп, «Германия үшін альтернатива» партиясы мен «ПЕГИДА» исламға қарсы қозғалысы сияқты әсірешіл оңшыл партиялар мен топтар тарапынан босқындарды қабылдауға қарсылықтар үдегеннен кейін Ангела Меркель іс жүзінде босқындар дағдарысы мен оның салдарларына қатысты сылбыр позицияға ауысты. 2015 жылы 1 миллионнан астам босқын Еуропаға кірді. Олардың басым көпшілігі, яғни 800000 адам Германияға ат басын тіреді. Алайда Германия үкіметінде оларды орналастыруға жеткілікті дайындық болмады. Басқа жағынан босқындардың қалың легі Германияға қауіпсіздік пен әлеуметтік қиындықтар тудырды. Мұның айқын мысалы жаңа жылдағы Кельн мен Гамбург қаласындағы оқиғалар болды. Германия полициясының айтуы бойынша, бұл оқиғаларға босқындар себеп болған. Оқиға барысында олар бірнеше германиялық әйелге шабуыл жасаған. Германияның антимиграциялық қозғалыстары, әсіресе ел үкіметінің босқындарды қабылдау саясатына қатты қарсы «ПЕГИДА» қозғалысы осы мүмкіндікті пайдаланып, босқындарды Германиядан шығару туралы талабын одан ары күшейтті. Германияның әсірешіл оңшылдары осы елде босқындармен күресетін топтар құрды. Босқындардың баспаналарына шабуыл жасау жайттары жиіледі.
Босқындар дағдарысы жалғасып, жуық арада аяқтала қоймайтынын ескеріп, Германия канцлері Еуроодақ құрылғаннан бергі ең үлкен түйткіл деп аталған босқындар дағдарысына қатысты Еуропаның дәрменсіздігі мен әлсіздігін мойындап, Түркия мен Ливия сияқты босқындар шығатын елдермен келісім жасау арқылы босқындардың кіруіне шектеу қойылу қажеттігін қуаттады
Меркель 2017 жылдың қыркүйек айының басында мигранттар мен босқындарға қатысты айтқан позициясында бұрынғыдай 2015 жылғы босқындарға қатысты "Ашық есік" саясатының дұрыс саясат болғанына сенім білдірді. Алайда, Германия канцлері өз ойын қорытындылай келе, бұл саясатты жалғастыру мүмкін емес деген нәтиже шығарды. Меркель өз отбасының Германиядан шығарылуына наразылық танытқан кішкентай палестиналық босқын қызға: "Егер барлық босқындар Германияға кіретін болса, онда ештеңені де басқара алмаймыз",-деді. Меркель 2017 жылы қыркүйекте өтетін парламенттік сайлауда германиялықтардың дауысын өз партиясына, яғни Христиан-демократтар партиясына тартып, Германияның саяси сахнасында өзі мен партиясының танымалдығын арттыру мақсатында босқындар дағдарысын бақылау үшін маңызды да әсерлі қадамдар жасауға мәжбүр. 2017 жылдың мамыр айында Германия Парламентінде босқындарға қарсы жаңа заңдардың бекітілуі осы аяда жүзеге асырылды. Бұл заңдар Германия Ішкі істер министрінің ашық қолдауына ие болды. Германияның Дрезден университетінің босқындар ісі жөніндегі сарапшысы Оливер Энджели Еуропа елдерінің босқындарға қарсы қатал саясатының себебі жайында: "Үкіметтер өз дауыс берушілерінен қорқады",-деді.
Басқа жағынан Социал-демократтар партиясының басшысы әрі Германия канцлері лауазымын иелену жолындағы Меркельдің бәсекелесі Мартин Шульц көзқарастарының неміс қоғамындағы танымалдық деңгейін бағалау үшін оның мигранттар мен босқындар мәселесі турасындағы ұстанымдарын сараптау қажеттігі байқалады. Шульц Социал-демократтар партиясының жалпы солшыл ұстанымдарына сәйкес босқындарды қабылдау мен босқындар үдерісін басқарудың жақтаушысы болды. Оның көзқарасы бойынша, босқындар дағдарысы тек Германияның ғана қиындығы емес, Еуропа одағының барлық елдеріне қатысты мәселе. Мұнымен қоса, ол 2015 жылы Еуроодақ комиссиясының одаққа мүше елдерге бөлген босқындар үлесін қабылдау қажеттігін айтып, босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуроодаққа мүше Шығыс Еуропа елдері тобына, әсіресе Венгрия, Словакия мен Польшаға қысым жасау қажет деп санайды.
Шульц сайлау науқанының бір бағдарламасы аясында Еуропа сотынан босқындарды Еуроодақ елдері арасында әділ бөлу жөнінде үкім шығару жайлы: "Еуропаның Әділет соты ақырында осы үкімді шығару арқылы босқындарды Еуроодақ елдеріне үйлесімді түрде бөлудің заңды шара екенін айқындады. Босқындардың дағдарысы Еуроодақтың барлық елдерінің ортақ түйткілі мен орындайтын міндеті саналады",-деді.
Босқындар мен мигранттар жөніндегі мәселе төңірегінде Меркель мен Шульцтің бетпе-бет келген ең маңызды сахналардың бірі Германиядағы бүкілхалықтық сайлау қарсаңында 12 қыркүйекте теледидардан берілген сайлауалды пікірталас болды. Босқындар мен мигранттардың Германияға кіруі тақырыбы Меркель мен Шульц пікірталасының басты өзегі болды. Пікірталастың үштен екі бөлігі мұсылман мигранттар мен босқындар тақырыбын талқылаумен өтті. Шульц өз сайлауалды науқаны аясында Меркельдің миграция саясатын тағы сынға алып, оның мигранттар дағдарысының алдын алу саясаты жеңіліске ұшырағанын мәлімдеді. Ол тіпті Меркельдің өз саясаттарымен Германияның болашағын қатерге тігіп отырғанын айтты. Шульцтің көзқарасы бойынша, Германия миграция мәселесінде Еуроодақ деңгейінде бір шешім жолын табуды қажет етеді. Берлин бұл мәселенің шығынын жалғыз өзі төлемеуі тиіс. Ол Меркельдің "Ашық есік" саясатына нұсқап, Меркельдің бұл саясатты қабылдамас бұрын еуропалық серіктестерімен кеңесуі тиіс болғанын баса айтты. Меркель Шульцтің сындарына берген жауабында босқындардың өз елдерінен кету себептерімен күресу қажеттігін қуаттап, осы орайда қайшылықтарды шешіп, дамуға көмектесу үшін қаражат бөлу қажеттігін айтты. Меркель Германияға келген мигранттар мен босқындар санының көптігін қауіп-қатер санамаса да, оны үлкен мәселе деп атайды. Ол сонымен бірге: "Германияда тұруға құқығы жоқ адамдар бұл елден кетуі керек. Сол себепті осы уақытқа дейін көп адам шығарылды",-деді. Сондай-ақ, ол Еуропа шекараларын бақылау үшін Еуроодақтың басқа да елдері тиісінше атсалысуы қажет деп санайды. Ол Шульцтің алдында Жерорта теңізі жолына алаңдаушылық білдіріп, оны жабудың мүмкін еместігін айтты. Шульцтің көзқарасы бойынша, Еуроодақ тиімді миграциялық саясатты қажет етеді, ал қазіргі жүйе үмітсіздендіріп отыр.
Германияның 81 миллион халқының 16 миллионын босқындар құрап отыр. Осылайша мигранттардың дауысы Германияның парламенттік сайлауында шешуші сипаттағы маңыздылыққа ие. Басқа бағалаулар бойынша, Германиядағы босқындар саны жоғарыда аталған саннан әлдеқайда көп, тіпті халықтың 35 пайызын құрайды деп есептелген. Германия үкіметінің тапсырысы бойынша миграция және өзара байланыстылық жөніндегі SVR зерттеу институтының 2016 жылдың соңында жүргізген сауалнамасы босқындардың көпшілігінің Германияның солшыл партиясын қолдайтынын және осы партия үміткерлерін таңдайтынын көрсетті. Бұл сауалнаманың негізінде мигранттар қоржынынан Социал-демократтар партиясы 40,1 пайыз, Жасылдар партиясы 13,2 пайыз, Германияның солшылдар партиясы 11,3, Христиан-демократтар партиясы мен Социал-христиан партиясы бірге 27,6 пайыз көлемінде дауысқа ие болады. Бұл арада түрік мигранттардың айқын таңдауы бар. Олардың 70 пайызы Германияның Социал-демократтар партиясына дауыс береді. Соңғы сауалнамалардың нәтижесі Социал-демократтар партиясының 2017 жылдың қыркүйек айындағы сайлауда ең жақсы деген жағдайда шамамен 23-27 пайыз дауыс жинайтынын көрсетеді. Осылайша Социал-демократтар партиясының басшысы Шульц Меркель сайлауда мигранттардың дауысына ие болатын сыңайлы. Бірақ ол үшін маңызды мәселе шын мәнінде Германия дауыс берушілерінің назарын өз партиясына аудару болып отыр. Мигранттар мен босқындар мәселесіне қатысты маневр жасау оның осы саладағы ұпайларының қатарына жатады. Меркельдің мигранттар саясаты мен оның тиімсіздігін сынаған Шульцтің ұстанымы кейбір германиялықтардың назарын аударатыны анық. Бұған қарамастан, қазір Меркельдің де мигранттар мен босқындар тақырыбына Шульцқа ұқсас ұстаныммен қарайтынын, соның нәтижесінде Шульцтың бұл тақырыпты сайлау науқанында өз мүддесіне көп пайдалана алмайтынын ұмытпау керек.