АҚШ-тағы нәсілшілдік және қатерге ұшыраған арман
1963 жылы тамыздың жиырма сегізі күні Вашингтон Колумбия аймағында орналасқан Авраам Линкольнның мемориалында Вашингтондағы Жұмыс пен бостандық шеруіне қатысушы 200 000 адам Мартин Лютер Кингтің мынадай әсерлі сөздерін естіді:
"Үмітсіздік аңғарына батып кетуге жол бермейік. Достар! Бүгін менің үндеуім сіздерге арналады. Бүгін-ертең қиындықтармен бетпе-бет келіп жатсақ та, менің әлі де арманым бар. Бұл арманның терең тамыры "америкалық арманнан" бастау алады".
АҚШ-тағы қара нәсілділердің азаматтық құқығын қорғау қозғалысының жетекшісі содан кейін өзінің армандарын айтты:
"Мен бұрынғы құлдар мен бұрынғы құл иеленушілердің ұрпақтары Джорджияның қызыл төбелерінің басында бас қосып, бауырластық үстелінің айналасында отырса деп армандаймын.
Мен өзімнің төрт перзентім күндердің бірінде терінің түсіне қарай емес, жеке тұлғалық қасиеттеріне қарай бағалайтын елде өмір сүреді деп армандаймын.
Мен бүгін армандаймын!
Мен бір күні алқаптар жоғары көтеріліп, төбелер мен таулар төменге түседі деп армандаймын. Ауыртпалықтар мен тауқімет шешіліп, жалған нәрселер ақиқатқа айналады. Құдайдың ұлылығы мен салтанаты көрініп, адамдардың барлығы бірге оны тамашалуға келеді.
Бұл – біздің үмітіміз. Бұл – менің өзіммен оңтүстікке алып баратын сенімім. Бұл сеніммен біз үмітсіздік тауынан үміт тасын қашап шығара аламыз. Бұл сенімнің арқасында біз еліміздегі келіспеушіліктің айқай-шуын бауырластықтан туған көркем үндестікке айналдыра аламыз. Ақыр аяғында міндетті түрде азаттық күніне қол жеткізетіндігімізге деген кәміл сенімнің арқасында бірге жұмыс жасап, бірге талап етіп, бірге күресе аламыз, бірге түрмеге барып, бірлесіп азаттықты қорғай аламыз".
Алайда, Мартин Лютер Кинг АҚШ-та қара нәсілді мен иттің кейбір ресторандарға кіруіне тыйым салған, қара нәсілді оқушының ақ нәсілді оқушымен бір партаға отырып сабақ оқуына және олардың қоғамдық бассейнде бірге жүзуіне рұқсат етпейтін АҚШ-тағы нәсілшілдіктің айқын нышандарының біртіндеп жойылғанына куә болатындай ұзақ өмір сүрмеді. Бірақ, оның қара нәсілділердің азаматтық құқықтары қозғалысының нәсілшілдікке қарсы күресінің шарықтау шегіне жеткенде айтқан сөздері Америка тарихында мәнгілікке қалды. "Менің арманым бар" деген сөздер Джордж Вашингтонның қоштасу сөзі мен Авраам Линкольнның Геттисбургте айтқан сөздерінен кейін АҚШ тарихындағы үшінші маңызды және әсерлі сөздерге жатады. Сол себепті, АҚШ-та жыл сайын тамыздың жиырма сегізі әсіресе теңдікті талап етуші және нәсілдік кемсітушілікке қарсы топтар арасында ерекше аталып өтіледі. Бұл күн сондай-ақ АҚШ-тағы нәсілшілдіктің түп-тамырлары мен онымен күресу армандарын зерттеп қарастыру және түрлі қоғамдық топтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктерден ада қоғамның көкжиектерін ұсыну үшін жақсы мүмкіндік саналады.
"Менің арманым бар" деген сөздер айтылған кезден бері 54 жыл өткеннен кейін АҚШ қара нәсілді президенттің билік басына келуі мен қара нәсілділерді жәбірлеуші теңсіздік және кемсітушілік әрекеттердің басым бөлігінің жойылғанына куә болды. Бірақ, бұл елде әлі күнге дейін нәсілшіл кемсітушіліктің дәстүрі сақталып келеді. Соңғы жылдары полиция қызметкерлерінің қара нәсілді жастарға оқ атуы мен түрлі қызметкерлер мен кісі өлтірушілерді ақтау туралы үкімнің шығуы АҚШ-тағы нәсілшілдік пен нәсілдік кемсітушіліктің өзгеше кейпін көрсетті. Егер бұрын ақ нәсілді қарапайым адамдар қара нәсілді адамдарды кемсітіп, оларға физикалық тұрғыдан зорлық-зомбылық көрсететін болса, бұл жолы тәртіп пен әділет сақшылары өздерінің нәсілшіл пікірлермен ластанғандарын көрсетті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазіргі Америкада жиырма бірінші ғасырдың үшінші онжылдығы қарсаңында қара нәсілді жастар ақ нәсілді жастармен салыстырғанда 9 есе артық полиция қызметкерлерінің дәлелсіз оқ атуына ұшыраған. Басқаша айтқанда, АҚШ-та қара нәсілді болу бұл елдің көшелерінде өлтірілу үшін жеткілікті себеп саналады. Бұл қара нәсілді бетке ұстар азаматтардың өмірлерінің жақсарғанына қарамастан, қоғамның кедей және табысы төмен қара нәсілді миллиондаған адамның өмірі мүлдем өзгермеген жағдайда орын алып отыр. Қара нәсілділер әлі де ақ нәсілділермен бірдей атқарған жұмыс үшін азырақ төлемақы алады. Олардың үй, жеке көлік немесе бағалы қағаздар алу секілді әлеуметтік қамсыздандыру мүмкіндіктерінен көретін пайдасы да ақ нәсілділерге қарағанда азырақ.
АҚШ-тың түрмелері де көбінесе қара нәсілді тұтқындарға толы болып келеді.
Соңғы аптада АҚШ-тағы бұрыннан келе жатқан нәсілшіл теңсіздікке қарағанда қаттырақ алаңдатқан мәселе бұл елдегі ақ нәсілдің үстемдігі қозғалысының қайта жандануы мен нәсілшілдердің әшкере әрекеттері болды. Шарлотсвиллдегі оқиға АҚШ қоғамының Мартин Лютер Кингтің армандарынан әлі де алыс екенін көрсетіп қана қоймай, бұл елдің тағы да азаматтық құқық қозғалысының күресу кезеңдерінің көтеріліс пен бүліктеріне ұшырауы әбден мүмкін екенін көрсетті. 1950-1060 жылдары АҚШ қалаларының басым бөлігі нәсілшілдер мен қара нәсілділердің азаматтық құқықтарын қорғау топтары арасындағы қақтығыстарына куә болған еді. Сол жылдары тіпті нәсілшіл теңдікті қолдаушыларды тасымалдайтын автобустар да Американың оңтүстік штаттарындағы нәсілшілдердің шабуылынан аман қалмады. Қақтығыстар салдарынан көптеген адам қаза болып, жарақаттанды. Ақырында бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иемденген Мартин Лютер Кинг осы топтардың қолынан қаза болды. Бүгінгі таңда азаматтық құқық қозғалысы кезеңдеріндегі нәсілшіл бүліктер кезінен шамамен жарты ғасыр өтсе де, нәсілшілдіктің алып диюы тағы да ұйқыдан оянды. Ақ нәсілдің үстемдігі қозғалысы, ақ нәсілді ұлтшылдар, неонацистер, Ку-клукс-клан ұйымының мүшелері мен кейбір жасақтар мен содырлар тобымен бірге азаматтық соғыстың символдарын қорғауды сылтауратып, осы елдегі нәсілшіл бөлінушілік жағдайын ушықтыруға талпыныс жасап жатыр. Бұл әрекет Оңтүстік Каролина штатындағы бір нәсілшіл жастың 2015 жылы Чарлстон қаласындағы қара нәсілділердің арнайы шіркеуіндегі тоғыз ғибадат етушіні өлтірген кездегі жасаған әрекетімен басталған еді.
Чарлстон қаласында орын алған лаңкестік шабуыл қара нәсілділердің азаматтық құқығын қорғаушылар тобы үшін тым кеш болғанға дейін нәсілшіл әсірешілдіктің тағы да пайда болуының алдын алуы үшін қатер дабылы саналды. Сол себепті теңдікті талап етушілер қара нәсілділердің құлдық кезеңі мен азамат соғысының символдарын, атап айтқанда Конфедерацияның туын жою үшін ауқымды амалдарды бастады. Бұл әрекет әсірешіл оңшылдардың өткір әрі қатты реакциясын тудырып, Шарлотсвилл қаласындағы қанды қақтығысқа ұласты. Америкадағы азамат соғысы кезінде құл еңбегін пайдаланатын оңтүстік штаттар Әскерінің қолбасшысы генерал Роберт Эдвард Лидің Шарлотсвиллдегі аттас парктегі ескерткішін қорғау мәселесі америкалық оңшылдар одағының теңдік талап етуші топтардың соңғы онжылдықтардағы талпынысын нысанаға алуына түрткі болды. АҚШ-тағы әсірешіл оңшылдар тобының көзқарасына сәйкес, терісінің түсі ақ емес және еуропалық нәсілге жатпайтын адам америкалық есептелмейді және оған бұл елде орын жоқ. Ал АҚШ-тың қазіргі қоғамы азаматтық құқық қозғалысы кезеңдерінен бастап, біртіндеп көпнәсілді және көпмәдениетті қоғамға айналған.
Мартин Лютер Кингтің арманына бәрінен көбірек қауіп төндіріп тұрған нәрсе – Ақ үйде жүрегі ақ нәсілдің үстемдігін қолдайтын нәсілшілдермен бағыттас болуды қалайтын басшының болуы. Дональд Трамп Ақ үйге ақ нәсілдің үстемдігін қолдайтын дәл осы топтардың көмегімен келген. Қазір қоғамдық пікірдің әсірешіл оңшыл ағымдарға қатысты қысымды азайтуға ешбір талпыныс жасап отырған жоқ. Мысалы, АҚШ президенті Шарлотсвилл қаласындағы қанды оқиғаға қатысты алғашқы реакциясында нәсілшіл және нәсілшілдерге қарсы екі топты да айыптады. Сосын бірнеше күннен кейін оңшылдардың Шарлотсвиллдегі бүлік тудыру әрекетін ақтап: "Джордж Вашингтон мен Томас Джефферсон және генерал Роберт Эвард Ли құлдықты жақтаушылар болған",- деп мәлімдеді. Бұл сөздер тарихи шындықтарға сәйкес келгенімен, бұл ұстаным нәсілшілдерге қолдау көрсету ретінде қарастырылып, осы топ басшыларының алғыс білдіруіне себеп болды. Бұл әдістің жалғасуы АҚШ-тағы нәсілшіл текетірестердің жалғасуының ықтималдығына байланысты Мартин Лютер Кингтің "Күндердің күнінде бұрынғы құлдар мен бұрынғы құл иеленушілердің ұрпақтары Джорджияның қызыл төбелерінде бас қосып, бауырластық үстелінің айналасында отырады" деген арманының күлін көкке ұшырмақ.