Қазанның он бесі – халықаралық «Ақ таяқ» күні
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i31719-Қазанның_он_бесі_халықаралық_Ақ_таяқ_күні
Бүгін – жексенбі, қазанның он бесі халықаралық «Ақ таяқ» күні.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қаз 15, 2017 14:20 Asia/Almaty
  • Қазанның он бесі – халықаралық «Ақ таяқ» күні

Бүгін – жексенбі, қазанның он бесі халықаралық «Ақ таяқ» күні.

БҰҰ-гың Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық зағиптар кеңесі 1950 жылы өткен ортақ отырысында "Ақ таяқ" заңын бекітіп, қазанның он бесінші жұлдызын Халықаралық Ақ таяқ күні немесе Халықаралық зағиптарды қорғау күні деп жариялаған болатын. Бұл күн зағип адамдарға көңіл бөліп, олардың қиындықтарына көбірек назар аудару мен ақ таяқты пайдаланушылар үшін  қолайлы орта құру күні саналады. "Ақ таяқ" заңы қоғамда көзі көрмейтін және нашар көретіндерді жаңаша таныстырып, зағип адамдардан өз мүдделеріне қолдау көрсету мақсатында бұл заңның мазмұнымен түгел танысуды сұрайды. Көзі көрмейтін және нашар көретіндердің қоғамда әдеттегі жеңілдік мүмкіндіктерінің барлығын пайдалану құқығы, зағип адамдарды мемлекеттік істерге араласуға ынталандыру және үкімет тарапынан жұмыспен қамту, көлік жүргізушілерінің зағип жандар көшеден өткенде барлық ережелерді толық сақтауы осы заңның мазмұнын қамтиды. «Ақ таяқ» күніне арналған арнайы бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз.

Бүгінгі таңда ақ таяқты көзі көрмейтін және нашар көретін адамдардың белгісі ретінде пайдалану Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен бастау алады. Бір оқыс оқиға салдарынан көру қабілетінен айрылған Ұлыбританияның Бристоль қаласында тұратын Джеймс Бигз атты фотограф 1921 жылы өзі тұратын ауданының айналасындағы көшелермен жүріп-тұратын көлік құралдарының қатерінен аман қалу үшін барлығының назарына бірден түсетін ақ түсті таяқ пайдалануды ойлап тапты. Бұдан кейін математик доктор Новель Пери және заңгер доктор Джакобс Тэн Брук атты атақты америкалық ғалымдар қазан айының он бесінде "Ақ таяқ" занын қабылдатты. Бұл күн көзі көрмейтіндер мен нашар көретіндердің халықаралық күні деп аталды.

Көзі көрмейтіндер мен нашар көретін адамдарға әрекет ету үшін қосымша құралдардың ішінен ақ таяқты олардың тәуелсіздігінің туы ретінде есептеуге болады. Алайда бұл пайдалы қозғалыс құралы зағип адамдардың өмір сүру ортасында физикалық тұрғыдағы кемшіліктер азайып немесе толығымен жойылған жағдайда тиімді болады. Сондықтан, эмоционалды-сезімдік мәселелермен қоса бұл адамдардың жүріп-тұруы үшін қолайлы жағдай тудырып, оларға лайықты көмек көрсетуіміз керек.

Көзі көрмейтін адамдарға арналған арнайы жаяужол

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының ресми баяндамасына сәйкес, медицина ғылымының айтарлықтай деңгейде дамуына қарамастан, көру қабілетінің ауытқулары денсаулыққа қатысты ең маңызды мәселелердің бірі саналады әрі бүкіл әлемде таралған. Қазіргі таңда 285 миллион адам осындай қиындықтан азап шегуде. Бұл көрсеткіштің ішінде 39  миллион адам көру қабілетінен мүлдем айрылған болса, қалғаны нашар көретін адамдардың қатарына жатады. Өкінішке орай, 285 миллионның 19 миллионын көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін балалар құрайды.

Қуанышқа орай, жоғарыда айтылған кемістіктердің 80 пайызы бақылауға немесе емдеуге жарамды саналады. Бірақ, қалған жағдайларда, әсіресе көздің  ішкі тор қабығындағы нұрды ұстап қалатын жасушалардың жойылуынан көздің мүлдем көрмеуіне немесе көру қабілетінің нашарлауына соқтырса, дәрігерлердің ісі өте қиын болмақ.

«Зағип жан» деп белгіленген линзалар арқылы ең жақсы түзетулердің өзінде екі көзінің көру қабілеті  0,1 пайыздан кем деңгейінде, яғни бір метр қашықтықта қолдың қимылы мен саусақ санын анықтай алмайтын адамды атайды. Ал көзі нашар көретіндер деп екі көзінің көру қабілеті белгіленген линзалардың көмегімен түзетілгенде 0,1 – 0,3 аралығындағы адамдарға айтылады.

Мамандардың зерттеулеріне сәйкес, 2050 жылға дейін әлемдегі көзі көрмейтін адамдардың саны шамамен 115 миллионға артады.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған кезге дейін көру қабілетінің нашарлауы орташадан жоғары деңгейге жеткен және көру қабілетінің нашарлауы көзілдірік, линза немесе ота жасау арқылы түзетілмеген адамдар саны 588 миллионға жетпек. Сонымен қатар, 2050 жылы пресбиопия ауруына шалдыққандардың саны әлемде 55 жастан асқан шамамен 1 миллиард адамды қамтиды.

Көзі көрмейтін немесе көру қабілеті нашарлаған адамдардың басым бөлігі қазіргі таңда және болашақта Оңтүстік Азия тұрғындары болады. Статистикалық мәліметтер әйелдердің ерлерге қарағанда бұл ауруға көбірек шалдығатынын көрсетеді, нақтырақ айтқанда бұл көрсеткіш 54 пайызды құрайды. Оңтүстік Азиядан кейін Шығыс Азия, Оңтүстік-шығыс Азия аймағы, содан кейін осы құрлықтың басқа аймақтары мен Африка құрлығы әлемнің басқа жерлеріне қарағанда осы дерттен туындаған қиындықтарға көбірек тап болады.

Халық санының артуы мен бүкіл халық арасындағы мосқал адамдардың артуы осы өзгерістердің негізгі факторларына жатады.

Көру қабілетінің нашарлауы немесе көру қабілетінен мүлдем айрылу оған шалдыққан адамға тудыратын қиындықтарымен қоса, бүкіл халық үшін экономикалық және әлеуметтік салада салдарларын тигізеді. Бұл дертке шалдыққан адамдар кейбір іс-әрекеттерді жүзеге асыру қабілетінен айрылып, қоғам олардың қабілеттерінен мақұрым қалады. Көру қабілетінің нашарлауының салдарлары өмір сүру сапасына әсері, күнделікті әрекеттердегі шектеулік, оқшаулану мен түрлі оқиғалардың пайда болуы, жүйке жүйесінің бұзылуы, жеке тұлға мен оның денсаулығына көптеген зарар келтіруді қамтиды.

Ауру-дерттер, түрлі күтпеген оқиғалар, жастың келуі мен тұқым қуалаушылық әлемдегі миллиондаған адамның өміріне әсерін тигізетін көру қабілетінің нашарлауы мен көзі көрмеудің негізгі факторларына жатады. Көру қабілетінен айрылу себептерінің кейбіреулерінің емдеу жолдары аз болғанымен, оның алдын алу сенімді жол саналады. Көзі көрмейтін адамдардың қоғамның үлкен бөлігі ретіндегі маңыздылығы Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымының көз аурураларын танып-білу, алдын алу және оларды емдеу аясында арнайы бағдарламаны күн тәртібіне енгізуіне себеп болды. Мәселен, Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы Халықаралық алдын алу агенттігі мен бірқатар халықаралық мемлекеттік емес ұйымдармен әріптестік жасай отыра көру қабілеті ауытқуларының алдын алуды басқаруға қатысты 2020 жылға дейін көру қабілетінің нашарлау жағдайларын жою мақсатымен Vision-2020 атты бағдарламаны жобалап, адамзат баласының барлығына көру құқығын пайдалану мүмкіндігі жасалу үшін оны іске асыру кезеңіне жеткізді. Vision-2020 бағдарламасын сәтті жүзеге асыру әлемдік деңгейде шамамен 100 миллион адамның көру қабілетінен айрылудың алдын алуға себепкер болатын сыңайлы.:

Даму үстіндегі және дамыған елдердегі көру қабілетінің нашарлау себептерінің бір-бірінен айырмашылығы бар екенін білгендеріңіз жөн. Көру қабілетінің нашарлауы мен оның ауытқуларының 90 пайызы кедей немесе өте кедей қоғамдарда орын алып жатады. Бұл аймақтарда көру қабілеті нашарлауы көрсеткішінің жоғары болуының себептеріне катаракта ауруы, амблиопия ауруы, рефракция мен нашар көру, трахома және балалар арасындағы көру қабілетінің нашарлауы жатады.

Катаракта ауруы қолжетімді бағамен ота жасау арқылы оңай емдеуге болатын көру қабілетінен айрылудың әлемде кең тараған себептерінің бірі саналады. Әлемдегі көзі көрмейтін адамдардың шамамен 50 пайызы катаракта ауруынан азап шегуде. Катаракта көз линзасының бұлыңғырлануы болып табылады. Көздің күннің ультракүлгін нұрынан сақтау үшін күн көзілдірігі және күнқағары бар қалпақты пайдалану бұл аурудың пайда болуын кідірте алуы мүмкін. Катаракта ауруына ота жасау өте оңай, оның қатері аз және мүлдем ауыртпайды. Катаракта ауруына ота жасау әлемдегі бес қолжетімді әрі тиімді емдеу түріне жатқанымен, бірақ даму үстіндегі және кедей елдердің алыс-шалғай аймақтарының басым бөлігінде көптеген ауруға шалдыққан адамдар тиімді бағада офтальмалогиялық емдеу мүмкіндіктеріне қолжетімділіктің болмауы салдарынан зағип болып қала береді. Катаракта ауруы әлі де қалған көру қабілетінен айрылудың маңызды факторларының бірі болып отыр.

Катаракта ауруы

Глаукома немесе суқараңғы дерті әлемдегі көру қабілетінен айрылудың негізгі факторларына жатады. Жылына миллиондаған адам осы дертке шалдығу салдарынан толығымен қараңғылыққа тап болады. Бұл аурудың алғашында ешбір нышаны байқалмайды. Алайда бірнеше жыл аралығында көру қабілетінің төмендеуі мен ақырында мүлдем одан айрылуға алып келуі мүмкін. Дер кезінде емдеу аурудың асқынуының алдын алуы мүмкін. Кезеңдік емдеу арқылы белгілі бір дәрежеге дейін бұл аурудың алдын алуға болады. Қант диабетінің көру қабілетінен айрылудың кең тараған факторларының бірі екендігін бігендеріңіз абзал. Қант диабеті ауруына шалдыққандардың көру қабілетінен айрылу ықтималдығы жай адамдарға қарағанда 25 есе артық. Қант диабеті салдарынан көздің зақымдануы дәрігерлердің тілімен айтқанда диабеттік ретинопатия көру қабілетінен айрылудың кең тараған 4 негізгі факторларының қатарына жатады. Бұл жағдай әдетте 20-60 жас аралығындағы адамдарды қамтиды. Қант диабетінің көзге және көру қабілетіне тигізетін салдарының басым бөлігі ешқандай белгі бермесе де, өзімен-өзі асқынып, көзге тигізетін салдары асқынған дәрежеге жеткенге дейін көру қабілетінде ешқандай өзгеріс байқалмайды. Сондықтан, қант диабетінің И тобына жататын науқастар жүйелі түрде көз дәрігеріне қаралып тұруы қажет.

Қоғамның зағип жандарға қатысты көзқарасы мен оларды басқарып отырған қоғам мен мәдениеттің қарым-қатынасының ықпалындағы өздеріне қатысты тұжырымы көзі көрмейтін адамдарды ынталандыру мен олардың қабілеттерін жетілдіруде өте маңызды рөл атқарады. Сол себепті, қоғам мен мектеп және отбасы зағип жандарды ынталандыру мен оны күшейтуде мойындарына үлкен жауапкершілікті алып отыр.

Көзі көрмейтін және нашар көретін адамдардың алдында сындарлы әрекет ету үлгілерінің болуы олардың хабардарлығы, белгілі бір бағытты таңдауы мен олардың армандарының жүзеге асуында елеулі рөл атқарады. Қоғам мен отбасы зағип жанның өзіне сеніп, көру қабілетінің нашарлауына қарамастан, көптеген жетістіктерге жете алатындығын білуі үшін талпыныс жасауы тиіс. Әлемдегі барлық зағип жандарды Халықаралық «Ақ таяқ» күнімен құттықтай отырып, көру қабілетінің нашарлауы ешқашан ешбір адамның дамуы мен жетілуіне кедергі болмауы үшін үкіметтердің олардың құқықтарын жүзеге асыратындығына үміт білдіреміз.