Дүниежүзілік кедейшілікпен күрес күні
Бүгінгі бағдарламаны Дүниежүзілік кедейшілікпен күрес күніне арнаймыз.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1993 жылы 17 қазанды "Дүниежүзілік кедейшілікпен күрес күні" деп жариялады. Содан соң БҰҰ 1996 жылды "Халықаралық кедейшіліктің тамырын жою жылы" деп атады. Бұл шара қоғамдағы мақұрым топтардың құқығын ресми түрде тануға және олардың әділетті әлем құруға белсене қатысуына жағдай жасады. Мұнымен қоса, 1997-2006 жылдары БҰҰ тарапынан "Кедейшіліктің тамырын жою онжылдығы" деп жарияланды. Бұл онжылдықтың бекітілуі кедейлердің жағдайының ауырлығы мен оларға қарайласу қажеттігін айқындай түсті.
БҰҰ 2000 жылы әлемдегі кедейшілікті азайтуға бағытталған бағдарламасын ұсынды. БҰҰ "Мыңжылдық декларациясы" (UN Millennium Declaration) негізінде "Мыңжылдықтың даму мақсаттары" (Millennium Development Goals) құжатын дайындады. Бұл құжат 2015 жылға дейін әлемдегі кедейшілік деңгейін айтарлықтай азайтуға бағытталған бір-бірімен байланысты 8 мақсаттан тұрады. Мақсаттардың тек біреуі ғана табыс мәселесіне тоқталады. Қалған 7 мақсат кедейлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты. Мыңжылдық саммитіне қатысқан әлем елдерінің басшылары 2015 жылға дейін аса қатты кедейшілікте, яғни 1 доллардан аз ақшаға өмір сүретін адамдардың санын жартыға азаяды деп болжады. Алайда статистикалық мәліметтер көрсеткендей, соңғы онжылдықта әлемде кедейшілік артып, әлем тұрғындарының 80 пайыздан астамы күніне 10 доллардан төмен табыс табады. Кедейшілік Африка мен Азияның кедей елдерінде артуымен қатар, әлемнің дамыған елдерінің көбі де кедейшілік мәселесіне ұрынып отыр. АҚШ-та 7 адамның бірі кедейшілік деңгейінен төмен өмір сүреді. Бұған керісінше, әлемдегі ең бай 85 адамның 3,5 млрд кедей көлемінде байлығы бар. Әлем тұрғындарының 20 пайызы қазіргі таңда күніне 1,25 доллар табыспен өмір сүреді. Дүниежүзілік банктің жаңа мақсаттарына сәйкес олардың саны 2030 жылға дейін 3 пайызға төмендеуі тиіс.
Кедейшілік материалдық дүние мен қаражаттың белгілі бір деңгейіне ие болмау жағдайын білдіреді. Адамның таза су, тамақ, санитарлық қызмет, білім, киім-кешек, баспана сияқты бастапқы қажеттіліктерге қолжетімсіздігі абсолюттік кедейшілік деп аталады. Әлемде 1,7 млрд-қа жуық адам абсолюттік кедейшілікте өмір сүреді. 800 млн-нан астам адам аштық пен тамақ тапшылығы қысымына ұшырап отыр. Кедейшілік – қоғамдағы жағымсыз құбылыс. Бұл құбылысқа адамзат қоғамында орын болмауы керек.
Әрине кедейшілік тек табыстың жеткіліксіздігімен ғана бағаланбайды. Кедейшілікті медициналық қызмет, білім алу және тағы да басқа негізгі салаларға қолжетімділіктің шектеулігі деп сипаттауға болады. Кедейшілік қоғамнан оқшаулану мен қуылудан туындайды. Тұрақты даму бағдарламасының мақсаттарын орындау үшін барлық кедей адамдарды қорлау мен қудалауды тоқтату керек. Бәрінен бұрын алаңдатарлық тақырып соңғы жиырма жылда адамдардың қаржы деңгейі айырмашылығының арта түсуі болып отыр.
Кедейшілік – маңызды әлеуметтік қиыншылықтардың бірі. Кедейлерге көмектесу – Исламның баса айтқан бұйрықтарының бірі. Ислам діні адамдарды бақытқа жеткізу үшін олардың әлеуметтік және әл-ауқат жағдайына ерекше көңіл аударып, кедейшілікпен күресу үшін жеке және ұжымдық шешім жолдарын ұсынады.
Ислам діні кедейшілікті үлкен қиыншылықтардың және адамзат қоғамындағы апаттардың бірі санап, қоғамдағы кедейшіліктің тамырын жоюды өз талпыныстарының негізгі мақсаты деп біледі. Сол себепті имам Әлидің (ғ.) көзқарасы бойынша мұсылман және мұсылман емес қоғамның барлық адамдары өздерінің күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тиімді экономикалық жағдай мен абыройға ие болуы керек. Сонда қоғамда құт-береке орнайды.
Исламда кедейшілік қатты айыпталған. Исламдық мәтіндерде кедейшілік күпірлікке себепкер деп түсіндірілген. Имам Әли (ғ.) өз ұлы Мұхаммад Ханифаға: "Уа, перзентім! Мен сенің жағдайыңа алаңдаймын. Құдайдан кедейшіліктен құтқаруды сұра. Кедейшілік ислам дінін бұзып, ақылдан адастырып, дұшпандыққа себеп болады",-деп тапсырған. Хазірет келесі бір сөзінде: "Кедейшілікке ұшыраған адам төрт түйткілге ұшырайды: анықтаудағы әлсіздік, ақылдың кемістігі, діннің әлсіреуі және ұятсыздық. Сондықтан Құдайдан кедейшіліктен құтқаруды сұрау керек",-дейді.
Кедейшіліктен құтылудың басты жолы – талпыныс. Адамның ризығы Құдай тарапынан айқындалып қойғаны рас, бірақ ислам халал еңбекпен ризық табу қажеттігін баса айтады. Ислам тұрғысынан жұмыс – адамның ұлылығы мен абыройының бастауы. Әрбір адамның қандай жолмен ризық табатыны бәрібір, тек заңды әрі халал болуы керек. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз достарын жұмысымен мақтануға ынталандырған.
Аввам ұлы Зибардың Алла елшісінен (с.ғ.с.) келтірген хадисінде: "Әрқайсыңыз қолдарыңызға жіп алып, ағаш жинап, оны иықтарыңызға салып, базарға апарып, сатып, ақша тауып, қарындарыңызды тойдырсаңыздар, бұл халық оған бірдеңе берсе де, бермесе де, қолдарыңызды жұртқа жайып, қайыр сұрағаннан әлдеқайда жақсы",-деп айтылған.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірбаянында келтірілгендей, ол пайғамбарлық міндетке таңдалмас бұрын қой бағып, саудамен айналысқан. Хазіреттің достары да сауда және егін шаруашылығы сияқты кәсіптермен айналысқан. Сондықтан, тіпті Алланың елшілері де халал ризық пен табыс үшін жұмыс істеген. Мұнымен қоса, ислам табысты арттыру мен ризық табуды ғибадат санайды. Өйткені, адам өзі мен өз қарауына алған адамдарға табыс әкеледі.
Кейбір адамдар кәрілік немесе басқа да физикалық және рухани себептерге байланысты жұмыс істеп, табыс табуға қауқарсыз. Мұндай адамдар кейде туған-туыс, кейде қоғамдағы басқа адамдардың арасынан кездеседі. Исламның кедейшілікпен күресу жолы – туған-туыс арасындағы кедейлер мен мақұрым қалғандарға қарайласу. Өйткені, егер бір қоғамда туысқандар бір-біріне қаржылай қолдау көрсететін болса, қоғам деңгейінде кедейлердің саны азырақ болады. Ислам тұрғысынан туысқандар мен жақындар дәрменсіздік, науқастық, кәрілік немесе үй қамқоршысының қайтыс болуы сияқты кез келген себептен кедейшілікке ұшыраса, олар бір-біріне көмек қолын созып, осы қиындықты шешуге көмектесуі керек. Алла Тағала Құран Кәрімде: "Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Және мүлде ысырап қылмаңдар (Исра сүресі, 26-аят)",-дейді.
Мұның мақсаты – баршаны қамтитын туыстық байланыс. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисте бұл істі ризықтың молаюына себеп деп атаған. Әнес ибн Малик Алла елшісінен (с.ғ.с.) келтірген бір хадисте: "Өзінің ризығын арттырып, Алладан күнәларының кешірілуін сұрайтын кез-келген адам туыстың ақысын өтеген саналады",-дейді.
Құран Кәрім кедейшілікпен күресудің жолдарының бірін садақа беру деп атап: " Сондай Алла жолында қамалып шықпай отырған, жер жүзінде жүре алмайтын, білмегендер, оларды абырой сақтағандықтарынан бай деп ойлайтын пақырларға беріңдер. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдарға жабысып сұрамайды. Сендер не хайыр берсеңдер расында Алла (Т.) оны біледі (Бақара сүресі, 273-аят)",-дейді
Келесі бір аятта "Шайтан сендерді кедейшілікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла (Т.) сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші (Бақара сүресі, 268-аят)" дейді. Құран ең жақсы нәрселерді сыйлағанды мадақтайды.
Осы аяттың алдындағы аятта "Әй, мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы (Бақара сүресі, 267-аят)" деп жазылған
Исламда әлемдегі кедейшілікті жою үшін хомс, садақа мен зекет беру сияқты көптеген бағдарламалар бар. Мұнымен қоса, Ислам барлық адамдардың жұмыс істеп, қоғамның белсенді мүшесі болуы керектігін баса айтады. Басқа жағынан барлық адамдарды бір-біріне көмектесіп, мейірімділік танытып, тілеулестік білдіруге шақырып, ортақтастық рухын арттыру арқылы кедейшілік пен жоқшылықты жойып, қоғамды теңдікке қарай ынталандыруға күш салуда.