АҚШ-тағы "Obamacare" заңының жағдайы
Республикашылдар бұрынғы демократ президенттің ең маңызды әлеуметтік мұрасы, яғни "Obamacare" деп аталатын үнемді медициналық сақтандыру заңын жоюда тағы сәтсіздікке ұшырады.
Конгрестің қазіргі шақырылымында республикашылдар 52 орынға ие болғанымен, "Obamacare" заңын алып тастап, орнына басқа жоба қабылдауға қажет 50 дауыстың өзін де жинай алмады. Егер республикашылдар 50 сенаторды өздеріне жақтастыра алса, Президенттің орынбасары Майк Пенс пен Сенат палатасы төрағасының дауысын пайдалану арқылы сайлауалды науқанында берген ең негізгі уәделерінің бірі "Obamacare" жобасын алып тастауға оң дауыс бере алатын еді. АҚШ билігінің үш тармағы, яғни Президент аппараты, Конгресс пен Жоғары федералдық сот және қолбасшылардың басым көпшілігінің қолдауына ие республикашылдар Дональд Трамптың президенттік кезеңі басталғаннан бері 7 айдан астам уақыт өткенімен, әлі де денсаулық сақтау саласындағы сақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізуде келісімге келе алмады.
"Үнемді медициналық сақтандырулар" заңы бекітіліп, орындала бастағанға дейін АҚШ жалпыға бірдей сақтандыру жүйесінен кенде әлемдегі жалғыз дамыған ел болды. АҚШ азаматтары медициналық сақтандырулардың артықшылықтарын пайдалану үшін сақтандыру компанияларынан сақтандыру полистерін сатып алуы тиіс болған.Сақтандыру полистерінің кейбіреуі қымбат, кейбіреуі аурулардың барлығын немесе белгілі бір хирургиялық оталарды толық қамтымайтын еді. АҚШ-тағы еңбек заңы бойынша жұмыс берушілер өз қызметкерлерін сақтандыруға міндетті. Бұған қарамастан, көп жағдайда жұмыс берушілер шығындарды азайту үшін заңды айналып өтіп, сақтандыру компанияларына сақтандыру ақысын төлемей, өз қызметкерлерін медициналық сақтандырулардың артықшылықтарын пайдаланудан мақұрым қалдырып отырған. Сол себепті "Obamacare" заңы жүзеге асқанға дейін АҚШ-тың 315 млн халқының ішіндегі 45 млн адамда медициналық сақтандыру болмаған. Бұл адамдар өте ауыр медициналық шығындарды өтеу және дәрі-дәрмек сатып алу үшін әдетте мемлекеттің немесе қайырымдылық қорларының көмектеріне тәуелді болған. Басқаша айтқанда, АҚШ үкіметі жылына медициналық сақтандырулардан кенде қалған табысы аз әлеуметтік топтардың емдік-санитарлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жүздеген миллиард доллар жұмсап келді. Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметтерді қолданушылардың көбі бұл қызметтердің көрсетілу тәсіліне наразы болған, ал консерваторлық топтар да медицина мен денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік төлемдерді үкімет құрылымының ұлғаюы мен азаматтардың өміріне қажетсіз араласуының белгілері деп сипаттаған.
Қалай болғанда да, бұл себептер мен наразылықтардың жиынтығы ерекше тарихи кезеңде демократтардың 2009 жылы Ақ үй мен Конгресті қатар бақылауға алып, АҚШ-тың медициналық жүйесін реформалау жобасын бекітуіне себеп болды. "Үнемді медициналық сақтандырулар" заңында медициналық сақтандырулары жоқ барлық азаматтар сақтандыру полистерін сатып алуға міндетті, ал сақтандыру компаниялары азаматтарға жақсырақ әрі тиімдірек шарттар және төмен бағамен сақтандыру полисін сатуға міндетті. Бұл заң, сонымен қатар, сақтандыру полисін сатып алудан бас тартқан азаматтарға айыппұл салып, әртүрлі сақтандыру компанияларына да ауыр айыппұлдар қарастырған. Заң сол уақытқа дейін медициналық сақтандырудан мақұрым қалып келген 20 млн америкалық азаматтың сақтандыру полисінің артықшылықтарын пайдаланып, мемлекеттен көмек алмай-ақ, дәрігерлердің кабинеттері мен ауруханаларға барып, арзанырақ бағаға дәрі-дәрмектер сатып алуына себеп болды. Осы заңның жақтаушылары "Obamacare" заңы орындалғаннан кейін үкімет кедей әрі табысы аз әлеуметтік топ өкілдеріне ондаған миллиард доллар төлеуден босатылды деп жариялады. Соның арқасында үкіметтің бюджет тапшылығы мен қарыздары азайды.
Бұған қарамастан, америкалық консерваторлар басынан-ақ "Obamacare" жобасына қарсы болды. Бұл топтың көзқарасынша, үкіметтің медициналық сақтандыру мәселесіне араласуы және сақтандырушылар мен сақтанушыларды үкіметтің араласуымен келісімшарт жасауға міндеттеуі еркін нарыққа араласып, социализм бағытында әрекет етудің нышаны болып табылады. Мұнымен қоса, ауруханалар мен дәрігерлер сияқты ықпалды емдік қызметтер мен сақтандыру саласындағы лоббидің сайлауалды науқанына көмек қалыбында орасан зор қаражат жұмсауы республикашылдардың көбін Барак Обаманың денсаулық сақтау жүйесін өзгертуге бағытталған жобасына қарсы жұмылдырды. Бұған қарамастан, демократтар Обама президенттігінің бірінші кезеңінде медициналық сақтандыру нарығындағы қарым-қатынастарды өзгертуде табысқа жетті. Сонда да демократтардың 2010 жылғы кезеңаралық сайлауда ойсырай жеңілуі және 2011 жылы Конгрестің республикашылдардың басқаруымен жұмысты бастауы жағдайды өзгертті. Бұл жолы республикашылдар "Үнемді медициналық сақтандырулар" туралы заңды алып тастап, "Obamacare" жобасының орындалуына кедергі келтіруге бар күштерін салғанымен, сәттілікке қол жеткізбеді. Тіпті, демократтардың бақылауындағы Ақ үй мен республикашылдардың басқаруындағы Конгресс арасында бюджетті реттеу тәсіліне, әсіресе денсаулық сақтау жүйесіне қатысты тармақтарда туындаған пікір қайшылықтары 2013 жылы АҚШ тарихында екінші рет федералды үкімет жұмысының 16 күнге тоқтатылуына себеп болды. Алайда, бұл талпыныс та нәтиже бермеді. Бұл жолы Конгрестің республикашылдары "Obamacare" жобасын орындауға жеткілікті бюджет бөлуден бас тартты. Бұл кезеңде үкімет органдарының заңды орындауда сергелдеңге түсуі, жалпы америкалық азаматтардың "Obamacare" жобасының шарттарын қабылдауға қызығушылық танытпауы Обама үкіметінің АҚШ-тың соңғы онжылдықтардағы ең негізгі әлеуметтік реформасын жүзеге асырудағы қиыншылықтарын арттыра түсті. Тіпті, 2014 жылғы кезеңаралық сайлау мен 2016 жылғы президенттік сайлауда демократтардың дауысының аз болуы көп жағдайда америкалықтардың "Obamacare" заңына наразылығы мен одан көңілдерінің сууының салдары деседі.
Алайда қызық жайт мынада: консеваторлардың Ақ үй, Конгресс пен Жоғары федералдық сотты басқарып отырғанына 7 айдан астам уақыт өтсе де, "Obamacare" заңы әлі күнге дейін барлық қиындықтары және бейберекеттіктерімен өз жұмысын жалғастырып келеді. Дональд Трамп АҚШ Президенті ретінде Ақ үйде орналасқан алғашқы күннен бастап республикашылдар бірінші кезекте "Obamacare" заңын жоюға бел байлады. Алдымен "Obamacare" заңының күшін жою деп аталатын қарапайым жоба ұсынып, Өкілдер және Сенат палаталарында дауысқа салу арқылы бұл мақсат тез арада орындала салатындай көрінгенімен, Конгресс мүшелері "Obamacare" жобасының орнына ештеңе ұсына алмағанда қиындық басталды. Әсіресе, АҚШ-тың Сенат палатасында өткен бірнеше ай барысында талқыланған жобалар "Obamacare" сақтандыру полисі бар 20 млн-нан астам азаматтың жағдайына қатысты шешім жолын таба алмады. «Кэссиди-Грэм» жобасы деп аталатын соңғы ұсынылған жобада республикашыл Билл Кэссиди мен Линдси Грэм алдағы 20 жылда АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесінен 4 триллион долларды алып тастауды ұсынды. Басқаша айтқанда, бұл жылына 200 мрлд долларды үнемдеу деген сөз. Кейбір есептеулер көрсеткендей, бұл жоба орындалған жағдайда алдағы екі жылда 25 млн америкалық өздерінің медициналық полистерінен айырылады. Жеке сектордағы сақтандырушы компаниялардың да бұл адамдарға тиімді сақтандыру полисін беруден бас тартатыны анық. Нәтижесінде "Obamacare" жобасы мен мемлекеттік қызметтер жойылғаннан кейін миллиондаған америкалықтың емделу үшін көп қаражат жұмсаудан басқа амалы қалмайды. Тура осы мәселе республикашылдар арасындағы "Obamacare" жобасына қарсылардың өздерінің арасында қайшылықтардың туындауына себеп болды.
Саяси сарапшы Атул Гаванде «The New Yorker» басылымының интернет сайтында: «Республикашылдар ұсынған жобада денсаулық пен медициналық күтім көрсеткіші жайлы тиісті ақпарат жоқ. Бұл АҚШ-тағы емдеу шарттарын нашарлатып жібереді»,-деп жазды. Бұл сарапшы АҚШ-тың Сенат палатасында «Кэссиди-Грэм» жобасы туралы шешім қабылданбас бұрын: «Ұсынылған жоба – тіпті дауысқа салынбауы тиіс ұлттық апат»,-деп жазды.
Қазіргі таңда АҚШ-тағы кедей әрі мұқтаж адамдар осы ел Конгресінің шешімін күтіп отыр. Сенаторлардың "Obamacare" жобасын алмастыратын жобаны талқылауға арналған соңғы жиналысымен бір мезгілде науқас әрі мүгедек жүздеген адам Конгреске келіп, өздерінің сақтандыру полистерінен айырылу ықтималына наразылық білдірді. Қолдарына плакат алып шыққан олар Конгресс мүшелерін асығыстықпен мұқтаж адамдардың жағдайына зиян келтіретін шешім қабылдамауға шақырды. Осы алаңдаушылықтар, ескертулер мен талпыныстар ақырында республикашыл үш сенатор – Джон Маккейн, Ронд Пол мен Сьюзен Колинздің республикашылдардың басшысы Митч Макконнеллмен бірге "Obamacare" жобасын жоюдан бас тартуына себеп болды. Бұл адамдар «Ұжданымыз жүздеген мың америкалықтың арзан медициналық сақтандыруларды алып тастауға байланысты өлім қатеріне ұшырауына жол бермейді» деп мәлімдеді. Мұндай жағдайда 46 демократ сенатор мен 2 тәуелсіз сенатор Дональд Трамп үкіметі мен Конгрестегі республикашылдардың басым бөлігінің ортақ талпыныстарына жақтасудан бас тартты.
«The Washington Post» газетінің ұлттық саясаттар жөніндегі сарапшысы Шон Салливан осы туралы: «Соңғы өзгерістер Дональд Трамп пен Сенат палатасы көпшілігінің жетекшісі Митч Макконнеллдің ойсырай жеңілуіне соқтырды. Олар өткен аптада республикашылдардың "Obamacare" жобасын жоюға берген жеті жылдық уәдесін орындауға бар күштерін салған еді»,-дейді.
Қорыта айтқанда, 2017 жылдың аяғына дейін АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесінде өзгеріс енгізу ісі аяқталуы ықтимал. Бұл Трамп үкіметі үшін ауыр жеңіліс болады. Ол Конгресте қолдауға ие болса да, өзінің сайлау алдындағы ең негізгі уәделерінің бірін орындай алмады. Бұған қарамастан, ақырында Конгрестің консерваторлары мен ірі медициналықсақтандыру және емдеу лоббилерінің қысымымен "Obamacare" жобасына дейінгі кезеңге қайта оралуға дауыс беріп, АҚШ-ты дамыған елдердің арасында жалпыға бірдей сақтандыру жүйесі жоқ жалғыз елге айналдырмайтындығына ешқандай кепілдік жоқ.