Қытайдың әлемдік алпауытқа айналу жолындағы түйткілдері 2
(last modified Sun, 03 Dec 2017 16:18:23 GMT )
Жел 03, 2017 22:18 Asia/Almaty
  • Қытайдың әлемдік алпауытқа айналу жолындағы түйткілдері 2

Қытайдың әлемдік алпауытқа айналу жолындағы күш қуат элементтерін талдауға арналған өткен бағдарламада осы қуаттың дәстүрлі және заманауи элементтерін қарастырдық. Алайда Қытай әлемдік алпауытқа айналу жолында қиындықтар мен кедергілерге ұшырап отыр. Бүгінгі бағдарламада солардың бірқатарына тоқталамыз.

Қытай үкіметі бетпе‑бет келіп отырған ең маңызды түйткілдер мен қиындықтардың бірі – экономикалық дамудың бәсеңдеуі. Оның бірнеше себептері бар. Әкімшілік басқаруда ауқымды сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы Қытайдың ұлттық капиталының бір бөлігінің елден жылыстап кетуіне немесе айналымнан шығып қалуына себеп болды. Сондықтан Си Цзиньпин қаржы‑әкімшілік жемқорлықпен күресті Коммунистік партияның ішінен бастап, саяси күшті нығайтуды, осылайша халықтың сеніміне ие болып, биліктегі партияның құлауына тосқауыл қоюды мақсат тұтып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен қоса, сапасыз тауарлар өндіру де Қытайдың кейбір нарықтардан айырылып қалуына себеп болды. Оңтүстік Корея мен Үндістан сияқты экономикалық тұрғыдан жаңадан пайда болған елдердің нарыққа енуімен әлемдік нарықта бәсекелестік күшейе түсті. Сондықтан Қытай Коммунистік партиясының 19-шы Конгресінде осы елдің Президенті Си Цзиньпин өз үкіметі бағдарламасының басым бағытын сыбайлас жемқорлықпен күрес, өндірістің жағдайын жақсарту, экономикалық дамуды жандандыру деп тағы жариялады. Қытай үкіметі экономикалық даму үдерісінде АҚШ‑тың кедергі тудыруымен бетпе‑бет келіп отыр. АҚШ‑тағы саяси және экономикалық ағымдардың кейбіреуі Қытайды бұл елдің гегемониясына қауіп төндіретін жалғыз фактор санап, Қытайдың экономикалық дамуының алдын алу үшін кез келген тәсіл мен құралды пайдалану, соның ішінде Қытайды аймақтағы қарулану бәсекелестігіне итермелеу қажеттігін қуаттап отыр.

АҚШ‑тағы саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Стив Беннен: «АҚШ Қытайдың экономикалық дамуымен күресуге белді бекем буып отыр. Өйткені, жақын болашақта тек бір ел ғана әлемдік экономикаға жетешілікті өз қолына алады. Сондықтан, ең маңыздысы – Қытаймен экономикалық соғыс. АҚШ бар күш‑қуатымен осы соғысқа көңіл бөлуі керек. Егер осы салада біздің жеңілістеріміз жалғаса беретін болса, алдағы 10 жылдың ішінде АҚШ мүлдем өтелмейтін нүктеге жетеді»,‑деді.

Қытайдың өз ішкі мәселелеріне көбірек көңіл аударуына себеп болып отырған екінші фактор – әлеуметтік теңсіздіктер. Бейжіңуниверситетіндегі Қытайдың әлеуметтік ғылымдарды зерттеу орталығы 2014 жылы жүргізген зерттеуінде қытайлық жанұялардың 10 пайызының ұлттық байлықтың үштен бірін иеленетінін хабарлады. Мұндай жағдайда жанұялардың 25 пайызына ұлттық байлықтың тек 1 пайызы тиесілі. Қытай экспортының даму үдерісі туралы жарияланған ауқымды статистикалық мәліметтерге керісінше, Қытай халқының жартысынан көбі бұрынғыдай кедейшілікте өмір сүреді. Алайда Қытайдың Коммунистік партиясы ел қоғамының басым бөлігі кедейшіліктен шықты деген уәж айтады. Бұған қарамастан Қытай үкіметі әрдайым өз жұмысының басты бағдарларының бірін елдегі кедейшілікпен күрес деп жариялап келеді.

Қытайдың көрнекті экономисті Хи Шинглиан: «Қытайдың экономикалық дамуына үш нәрсе айтарлықтай әсер етеді: отандық және шетелдік инвестиция, сыртқы сауда және ішкі сұраныс. Қытай үкіметі бұл үшеуінің азаймауына бар күшін салып жатыр. Өйткені, бұлар азайса, үкіметтің әртүрлі салалардағы, соның ішінде  кедейшілікті жою саласындағы бағдарламаларына теріс әсер тиеді»,‑деді.

Қытайдың экономикалық даму үдерісіне кедергі келтіріп отырған үшінші фактор – бұл елдің қуат көздеріне тәуелділігі. Қытай қуат көздерінің 60 пайыздан астамын импорттайды. Парсы шығанағы Қытайды қуат көздерімен қамтамасыз ететін маңызды аймақ саналады. АҚШ пен оның одақтастарының осы аймаққа дағдарыс тудыратын саясат ұстануы Қытайға мұнай жөнелтуді тоқтатуы мүмкін. Мұнымен қоса, Қытай темір, мыс, мырыш пен металл кентасын импорттауға тәуелді. Азық‑түлікке қатысты да Қытай өзін 87 пайызға қамтамасыз ете алғанымен, 200  млн‑нан астам адам бұрынғыдай импорттық азық‑түлікке тәуелді болып отыр. Қытайда дәнді дақылдар бағасының кез келген өзгерісі олардың халықаралық нарықтардағы бағаларына әсер етеді. Дәнді дақылдар өндіретін елдердегі кез келген апат пен соғыс ұсыныстың азайып, нәтижесінде Қытайда оның бағасының көтерілуіне себеп болады.

Территория бойынша да Қытайда әлсіз тұстар көп. Солардың қатарында Тайвань, Тибет, Синьцзян автономды облысы мәселелері және Үндістанмен Синсим штатындағы шекара қайшылықтарын атауға болады. Сондықтан Қытай Президенті Си Цзиньпин Коммунистік партияның он тоғызыншы Конгресінде елдің аумақтық тұтастығын сақтау қажеттігін қуаттады. Бұл Қытай үкіметінің ең маңызды алаңдаушылығының шетелдік араласушылық, лаңкестіктің таралуы және Қытайдың шекаралық аймақтарының бөлінуді талап етуі екендігін көрсетеді. Қытайда діни және ұлттық қайшылықтардың туындауы ел басшылары арасында орталық билік әлсірегенде Қытай бөліну бағытында қозғалуы мүмкін деген алаңдаушылық тудырып отыр: Сондықтан Қытайдың халықаралық сахнада күш‑қуатқа ие болуын қаламайтын АҚШ пен оның кейбір одақтастары Қытайға қауіп төндіріп тұрған ұлттық‑этностық алауыздықты осы ел үкіметін ішкі өзгерістермен айналыстырып қоюдың құралы ретінде пайдалануы мүмкін.

Қытайдың әлемде алпауыт елдің рөлін атқару жолындағы  қиындықтарының бірі – идеология мен әлемдік мәдениет. Қытайдың тәртіп пен талпынысқа негізделген құдіретті мәдениетке ие екендігінде күмән жоқ. Сол себепті ол әлемнің екінші экономикасы деген орынға ие болып отыр.  Қытай Конфуцийді Батыс жүйесіне қарсы жұмсақ құрал ретінде пайдаланады. Конфуций ілімінің басқа елдердегі халықтардың қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатындығы мен сол арқылы Қытай өзінің әлемдегі орнын тұрақтандыра алатындығына күмәніміз бар. Өйткені, бұдан бұрын Қытайдың Коммунистік партиясы да Конфуций ілімін қабылдамады, алайда қазір гегемон болу үшін бір идеология ұсыну қажет деген нәтижеге жетті. Өйткені, құдіретті боламын деген ел пікір таластыратын философияға ие болуы керек. Конфуций ілімі дін болмағанымен, ақлақ пен тәртіп мектебі. Қазір АҚШ‑тағы 60‑тан астам факультетте Конфуций ілімі оқытылады.

Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Қытайдың геосаяси жағдайы гегемонға айналатындай күйде емес. Өйткені, гегемон болуы үшін белгілі бір шарттар мен ерекшеліктерге ие болу керек. Солардың ең маңыздылары – айналасындағы аймақтарға ықпал етуі, кез келген ықтималды бетпе‑бет келуде жеңілмеуі және өзі қалайтын тәртіпті орнатуы. Қытай әртүрлі түйткілдер және Жапония, Оңтүстік Корея мен тіпті Аустралия сияқты мықты бәсекелестермен бетпе‑бет келіп отыр. Олардың әрқайсысы АҚШ саясаттарының аясында аймақтық жүйені Вашингтонның мүддесіне қарай өзгертуге талпыныс жасап жатыр. Жапонияның Премьер‑министрі Синдзо Абэ уәде берген миллитаризмге бет бұру 2020 жылға дейін Конституцияға енгізіледі. Осылайша Жапония Қытайдың әскери күшіне әсер ете алады. Осыдан бұрын әлемнің екінші экономикасы болған Жапония қазір әлемдегі саяси өзгерістерге әсер ету үшін мықты армияға ие болу қажет деген нәтижеге жетті.

Тайваньдағы ұлттық университеттің Қытай армиясы жөніндегі сарапшысы Артур Динг: «Қытайдың жоғары дәрежелі қолбасшылары кез келген әскери амалды атқаруда өте абай болуы керек. Жапония қазіргі таңда тіпті АҚШ‑пен қауіпсіздік коалиция құрмаса да, жақсырақ әскери құрал‑жабдық, әскери білім мен әскери нысандарға ие. Бүгінде Қытайға қарағанда жақсырақ жағдайға ие»,‑деді.

Сол себепті Қытай Президенті Си Цзиньпин осы ел армиясындағы кез келген сыбайлас жемқорлықпен қатаң күресу қажеттігін баса айтып, аға офицерлерден Қытайдың әскери қабілетін арттыру жайында ойлануды сұрады. Си Цзиньпин 2035 жылға дейін уәде еткен Қытайдың тәсілі 400  млрд доллардан астам қаражатты қажет етеді. Бұл Қытайдың жалпы бюджетіне ауыр салмақ салады. Бұған қарамастан АҚШ‑тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы әрі саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Генри Киссенджер Қытайдың әлемдегі орнын маңызды бағалап: «Біз АҚШ пен Қытайдың мүдделері бір бағытта болуы тиіс өте сирек кездесетін кезеңде тұрмыз. «Қырғи қабақ» соғысынан кейінгі кезең екіжақты текетіресті күрделі халықаралық жүйеге өзгерткен кезең болды. Бұл жүйе қазір де екі әлемдік алпауыттан тұрады»,‑деді.