Имам Садық (ғ.с.)-ның өміріндегі бірлік мәселесі
(last modified Tue, 05 Dec 2017 21:19:12 GMT )
Жел 06, 2017 03:19 Asia/Almaty
  • Имам Садық (ғ.с.)-ның өміріндегі бірлік мәселесі

Имам Садық (ғ.с.): Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол еш уақытта оған қиянат жасамайды, алдамайды. Оған зорлық-зомбылық көрсетпейді, өтірік айтпайды және оның артынан өсек айтпайды.

Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад-Мұстафа (с.ғ.с.)-ның туған күнімен  тұспа-тұс раби ул-аууал айының 17-ші жұлдызында ресалат пен набоват әулетінде өз жақтастарына жарық пен нұр, ғылым мен білімге толы әлемді ұсынып, ғылымға, рухани дүние мен адамгершілік негіздеріне өзгеріс енгізген пайғамбардың пәк ұрпақтарының бірі дүниеге келді. Ол – имамат пен велаяттың алтыншы жұлдызы имам Джафар бен Садық (ғ.с.).

Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с.) және имам Садық (ғ.с.) туған күнінің жылдығы құтты болсын!

Ислам үмбетінің бірлігі мен біртұтастығы пәк имамдардың өте маңызды мәселелерінің бірі болып, олар мұсылмандардың бірлігін қорғау қажеттілігін қуаттауымен бірге, бұл мәселеге назар аударуды шиіттердің негізгі міндеттерінің бірі деп санады. Теңдессіз тұлғалар мен олардың жақтастары іс жүзінде басқа мұсылмандармен ымыраға келгендей, бірлік мәселесі олар үшін өте маңызды тақырып болды. Исламның ұлық пайғамбарының әулеті – Алла елшісі оларды Құранмен бірге бақыт пен иманның критериі ретінде таныстырған илаһи басшылар. Олардың сөздері Құранның сөздеріне сәйкес, мақсаттары илаһи аяттардағы бұйрықтарды іске асыру болды. Имам Садық (ғ.с.) – бәрінен бұрын халықтың бірлігі туралы ойлайтын илаһи тұлғалардың бірі. Хазірет әрқашан халықтың арасында мейірім мен адамгершілік негіздеріне сүйенген қарым-қатынас орнатуды қуаттап: «Бір-біріңе жақын болып, жақсылық жасап, мейірімділік білдіріңдер»,- деген. Имам Садық (ғ.с.) Алла елшісі сынды өзінің хикметі, білімі және ахлағымен мұсылмандардың арасындағы мықты көпір болып, олардың бірлігінің артуына себеп болды. Имам Садық (ғ.с.) қайшылықтарды исламның негіздерін шайқайтын, оны дұшпан өз мүдделеріне пайдаланатын факторлардың бірі санады. Сондықтан барлық мұсылмандармен   достық орнатуды насихаттап, жақын серіктерінің біріне: «Исламның жақтастарына Алла халықпен достық қарым-қатынас орнатқан пендесін жақсы көретінін жеткіз»,- деген.

Имам Садық (ғ.с.) әртүрлі діни топтарды ислам қоғамының мүшесі, сондықтан оларды құрметтеп, қолдау көрсетіп, залым басшылардың зорлық-зомбылығынан құтқару керектігін баса айтып: «Мұсылмандар қарым-қатынас пен достықты сақтауымен бірге барлық адамдарға қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көмектесуі қажет»,- деп қуаттаған. Имам өзі солай жасаған.

Тарих имам Садықтың (ғ.с.) имаматы кезеңінің ислам ғылымдары дамыған, тіпті жаратылыстану мен философия ғылымдары дамыған  кезде орын алғанын көрсетеді. Имам Садық (ғ.с.) үкіметтің оның өзі мен шәкірттеріне көрсеткен қысымдарына қарамастан өз талпыныстарымен ислам қоғамын үлкен жетістіктерге жеткізді. Имам Бақер (ғ.с.) мен имам Садық (ғ.с.)-ның имамат кезеңдері Грекиядан көптеген идеологиялық-философиялық түсініксіздіктердің кіруімен бірге ислам жерлерінің өздері ішінен күпіршілік және материалистік қиындықтарға тірелген кезеңмен тұспа-тұс болды. Имам Садық (ғ.с.) білімі және ақылымен сол кездегі қоғамдағы исламдық ағымдардың кейбіреулерінің адасушылықтарына жауап берді. Имам Садық (ғ.с.) ислам қоғамының діни және ғылыми мәселелерін шешуімен бірге мұсылмандарды бір-біріне жақындататын мәселелерге немқұрайдылық танытпады. Хазірет: "Сүннит бауырларыңның халін білуге барыңдар. Олардың тапсырған аманаттарына берік болыңдар. Олардың мүдделеріне сай куәлік етіңдер. Олардың біреуі қайтыс болса, жерлеу рәсіміне қатысыңдар. Олардың мешіттерінде намаз оқып, «пәленше джафари мазхабынан, шиіт екен» деп айтуға рұқсат етіңдер. Осылай амал етсеңдер, мені қуантасыңдар",- деп айтқан болатын. Имам Садық (ғ.с.)-ды шын мәнінде ислам бірлігі мәселесінің қаһармандарының бірі санауға болады. Имам мұсылмандардың арасындағы бірлік үшін: "Сүннит бауырларымен бірге жамағат намазының бірінші сапында тұрған адам  Алла елшісінің артына тұрып, намаз оқыған адам сынды болады",- деген. Исхақ бен Аммор "имам Садық (ғ.с.) менен: "Уа, Исхақ! Қарсыластарыңмен мешітте намаз оқисың ба?"- деп сұрады. Мен: "Иә",- деп жауап бердім. Сонда имам: "Олармен бірге намаз оқы, өйткені олармен бірінші сапқа тұрып намаз оқу Алла жолында күреске шыққанмен тең",- деген" деп есіне алатын. Имам Садық (ғ.с.)-ның мұндай ұстанымдарына байланысты шиіт шәкірттері ғана емес, сүнниттердің әйгілі ғұламалары мен қарапайым адамдары да хазіреттен сабақ алған. Имамның әйгілі шәкірттері ретінде Малек бен Анасты, Абу Ханифе мен Мұхаммад бен Хасан Шеибаниді, Софиан Сури мен Ибн Айинені, Яхья бен Саидті, Аюб Саджестани мен Абдолмалек Джарих пен басқаларды атау керек.

Сүннит тарихшылары мен ғұламалары имам Садық (ғ.с.)-ды жоғары дәреже мен үлкен білім иесі санайды. Сүнниттердің шамамен 160 ғұламасы өз кітаптарында  оның ұлылығын еске алып, сөздері мен хадистерін жеткізген. Сүннит басшылары біреу арқылы немесе тікелей имам Садық (ғ.с.)-ның шәкірттері болған. Малек бен Анас имамның қасына келіп, шәкірті болғанын мақтан тұтатын. Абу Ханифа да екі жыл имамның шәкірті болды. Ол екі жылды өз білімінің негіздері қаланған жылдар деп атап: "Егер осы екі жыл болмағанда, мұндай білімім болмас еді",- деген. Имам Садық (ғ.с.): "Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол еш уақытта оған қиянат  жасамайды, алдамайды. Оған зорлық-зомбылық көрсетпейді, өтірік айтпайды және оның артынан өсек айтпайды",- деген. Бұл рауаятта имам Садық (ғ.с.) мұсылмандардың арасындағы достық әрі жақын қарым-қатынастарға тоқталады. Имам ислам ағымдары арасында достық орнатуды қуаттады.

Имам Джафар Садық (ғ.с.) білім тұрғысынан өз заманының теңдессіз тұлғасы болды. Хазіреттің шәкірті әрі Малеки мазхабының басшысы Малек бен Анас: "Білім, ғибадат, иман тұрғыларынан Джафар бен Мұхаммад сынды адамды көрмедім. Ол әділ, жұмсақ мінезді әрі өте дана болды",- деген. Сондай-ақ, Абу Ханифаға ең білімді адам туралы сұрақ қойылған кезде: "Мен көрген ең білімді адам –Джафар бен Мұхаммад»,- деп жауап қайтарған болатын.