Жетекші көзқарасы
(last modified Fri, 06 Apr 2018 19:09:33 GMT )
Сәу 07, 2018 01:09 Asia/Almaty
  • Жетекші көзқарасы

(Ислам революциясы жетекшісінің Наурыз мерекесіне орай Мешхед халқымен кездесуі) Бұл бағдарламада хазірет аятолла Хаменеидің х.ш.ж.с.б. 1397 жылдың 1 фарвардинінде Мешхедте жасаған баяндамасының ең маңызды бөліктері ұсынылады.

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи х.ш.ж.с.б. 1397 жылдың 1 фарвардинінде имам Резаның (ғ.) кесенесіне жиналған зияратшылар мен халықтың алдында маңызды баяндама жасап, 40 жыл уақыт ішінде революцияның нығая түскеніне және америкалықтардың аймақтағы сұрқия жоспарының залалсыздандырылғанына тоқталып, биылғы жылдың ұранын, яғни "Ирандық тауарларды қолдауды" орындаудың жолдарын түсіндірді. Аятолла Хаменеи биыл өткен жылдардағыдай жаңа жылды әлем шиіттерінің сегізінші имамының кесенесін зиярат етумен бастады. Хазірет сөзінің басында Иран халқын Жаңа жыл және Наурыз мерекесімен құттықтап, хазірет имам Хадидің (ғ.) шәһид болған күніне орай көңіл айтып, Жаңа жылдың осы имамның шәһид болған күнімен бір мезгілде келуінің Иран халқының илаһи жетекшілікке одан ары бөленуіне жағдай жасайтындығына үміт білдірді. 

Хазірет аятолла Хаменеи сөзінің алғашқы бөлігін  ИИР-ның 40 жылдың ішінде ұрандар, құндылықтар мен түпкілікті принциптерін талдауға және жауапты тұлғалардың атқарған жұмыстарын бағалауға арнады. Аятолла Хаменеи құндылықтар мен негіздерді сақтау және революцияның мақсаттарын ілгерілету жөнінде: "Иран халқы бұл салада сынақтан жақсы өтіп, революцияның негізгі ұрандарын бастапқы мығымдықпен бүгінге дейін сақтап қалды",-деді. Ислам революциясының жетекшісі тәуелсіздік пен азаттықты, демократия мен халықтың өз-өзіне сенімін, әділет, дін мен шариғат үкімдерінің орындалуын революцияның түпкілікті принциптері деп атап: "Шын мәнінде, Иран халқының бөгделердің 200 жылдық үстемдігіне реакциясы болған тәуелсіздікке қатысты былай деуге болады: елде шынайы тәуелсіздік бар. Бүгінде ешбір ел Иран сияқты тәуелсіз емес. Ешбір алпауыт елдің ықпалына түспейтін дауысқа ие жалғыз халық – Иранның ұлы халқы",-деді.

Хазірет аятолла Хаменеи революцияның негізгі ұрандардың бірі азаттық туралы: "Кейбір ынсапсыз адамдар азаттықты теріс пайдаланып, елде азаттық жоқ деп айтады. Бөгделер де өздерінің жарнамаларында осыны қайталайды. Шын мәнінде, елде ойлау еркіндігі, сөз бостандығы, таңдау еркіндігі бар. Бүгінде ИИР-да ешкім үкіметпен ойы мен өзінің көзқарасы қайшы болғаны үшін қудалауға немесе қысымға ұшырамайды. Бұлай істеу көзделмейді де. Алайда ИИР-дағы азаттықта әлемнің басқа жерлеріндегі сияқты шеңбер бар. Бұл шеңбер – шариғаттан алынған Конституция",-деп баса айтты.

Хазірет аятолла Хаменеи демократияны ИИР жүйесінің түбегейлі принциптерінің бірі деп атап: «Өткен 40 жылда бір немесе екі жыл сайын сайлау өткізіліп тұрды. Халық сайлауларға ерікті түрде әрі ынта-ықыласпен қатысты. Соның нәтижесінде соңғы қырық жылда әртүрлі саяси сенімдегі үкіметтер билік басына келді»,-деді. Аятолла Хаменеи ұлттың өз-өзіне сенуін революцияның орындалған ұрандарының бірі деп атап, жауапты басшылардың жұмысы туралы: «Өткен 40 жылда жауапты басшылардың қауіпсіздік, тұрақтылық, ғылым мен технология және инфрақұрылымды қамтамасыз ету (байланыс жолдары,  бөгеттер, электр стансалары мен айлақтар салу), мұнайдан тыс экспорт, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім және әлеуметтік даму саласындағы жұмыстары өте жақсы болды. Қуантатын статистика бар. Алайда дұшпандар өздерінің жарнамаларында бұл шындықты жасырып, халықтың революция мен жүйеге қатысты ойын бұзуға талпыныс жасап жатыр»,-деді.

Ислам революциясы жетекшісінің баяндамасының келесі бір бөлігі Иранды дамыту үшін табиғи және адами мол әлеуеттер мен қабілеттерді жақсырақ пайдалану қажеттігіне арналды. Аятолла Хаменеи талабы мықты оқыған жастарды елдің ғылым, өнеркәсіп, мәдениет пен тәрбие салаларындағы ең маңызды әлеуеті деп атап: «Өкінішке орай, біз жастарды дұрыс пайдаланбадық, пайдалана алмай келеміз. Сол себепті, жастардан қай жерде болса да, өздерінің жұмыс пен бастама жасауға талпынуларын сұраймын»,-деді. Ислам революциясының жетекшісі халық санының артуын Иран үшін келесі маңызды мүмкіндік деп атап, елде халық санының көбеюіне қарсыларды сынап: «Ұрпақ көбейту саясаты көзделіп, орындалуы тиіс»,-деді. Аятолла Хаменеи географиялық артықшылықтар мен құнды табиғи қорларды елдің дамуы үшін берілген мол әлеуеттердің бірі деп атап: «Егер осы мол мүмкіндіктер елдің талапты жастары мен белсенді басшыларының бастамашылығымен қатар жүретін болса, Иранның экономикасы әлемнің дамыған 12 экономикасының қатарына қосылады»,-деп қуаттады.

Хазірет аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында әлеуеттердің толық қолданылмау себептері мен кедергілерін түсіндіріп, әртүрлі үкіметтердегі кейбір басшылардың елдің әлеуеттеріне сенбеуін немесе маңызды санамауын бірінші кедергі деп таныстырды. Ол жастардың өнеркәсіп пен жаңа технологиялар саласындағы таңқаларлық дамуына тоқталып: «Жауапты басшылар жастардың қарым-қабілетіне сенуі керек. Жастар да жұмысты бастамашылдықпен талмай атқаруы қажет. Кейде істері қадірленбей жатса, көңілдері қалмауы тиіс»,-деді. Ислам революциясының жетекшісі елдің даму жолындағы келесі кедергіні кейбір басшылардың салғырт жұмыс істеуі,  жалқаулығы, бөгделердің жоспарына сенуі, Дүниежүзілік банктің саясаттары, экономикалық тепе-теңдік саясаты, оған қарсы ішкі әлеует пен қарсыласу экономикасына көңіл бөлмеуі деп атап: «Іштен тудыру дегеніміз бөгделерге көз тікпей, елдің ішіндегі белсенділіктер арқылы байлық тудыру»,-деді. Аятолла Хаменеи саяси және фракциялық бөлшектенуді, сыбайлас жемқорлықпен шынайы түрде күрестің болмауын, елдің мұнайға арқа сүйеуін де Иранның даму жолындағы ауыр кедергілердің бірі деп сипаттады. Халықтың өмір сүру салтындағы кейбір негізгі кемшіліктердің болуы, соның ішінде ысырапшылдық, көп тұтынушылық, шектен тыс ауқаттылық пен байлардай шалқыма өмірді талап ету, сондай-ақ, шетелдік тауарларды пайдалану Ислам революциясының жетекшісі атап өткен Иран халқының даму жолындағы кедергілердің қатарын құрады. Хазірет Иран халқын ұлттық экономика мен отандық тауарларды тұтынуға зор ынтамен қарауға шақырды.

Ислам революциясының жетекшісі баяндамасының келесі бөлігінде жаңа жылдың «Ирандық тауарларды қолдау» деген ұранының маңыздылығына тоқталып, оны орындау жолдарын түсіндірді. Ислам революциясының жетекшісі тарапынан жыл сайын жаңа ұранның жариялануының екі мақсаты бар: атқарушы органдағы жауапты басшылардың әрекеттеріне бағыт беріп, қоғамдық пікірдің назарын елдің маңызды мәселелері мен қажеттіліктеріне аудару. Биыл да хазірет аятолла Хаменеи Иран халқына арнаған жолдауында 1397 жылды «Ирандық тауарларды қолдау» жылы деп атап, елдің биылғы негізгі мәселесін халықтың тұрмыс-тіршілігі мен экономикасы деп атап: «Егер ұлттық өндіріс қарқындаса, көптеген мәселелер шешіледі»,-деп қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі ирандық тауарды халықтың әртүрлі әлеуметтік тобы мен жауапты басшылардың жоспарлауы, инвестиция салуы мен жүзеге асыруының соңғы нәтижесі болып табылатындықтан өте маңызды деп атап: «Экономикалық белсенділер мен өнім шығарушылар инвестиция салу арқылы, жауапты басшылар жоспарлау арқылы, жастар білім іздеп, жобалау арқылы, жұмысшылар еңбек етіп, талпыныс жасау арқылы қоғамға бір өнім ұсынады. Халық өндірісте рөл атқарумен қатар, ирандық тауарды сатып алып, тұтыну арқылы осы тізбектің қорытынды өніміне қолдау көрсетеді»,-деді.

Ислам революциясының жетекшісі ирандық тауарларды қолдау саласында да практикалық маңызы бар жайттарды айтты. Хазірет өндірісті арттыруға жоспар құруды, тауарлардың сапасын жоғарылатуды, халықтың талғамы мен заманауи қажеттіліктерге сәйкестендіруді, ирандық тауарлардың шетелдік тауарлармен бәсекеге қабілеттігі мен бағасының арзандығын,  экспорттық маркетингті  ирандық тауарларды қолдаудың жолдары деп атады. Хазірет аятолла Хаменеи импорттық тауарлардың өндіріске бүлдіргі әсерінің өте ауыр болатынын айтып, үкіметтің импортты қатаң бақылауы керектігін, ел ішінде өндірілетін немесе өндіріле алатын тауарларды сырттан әкелуден толығымен бас тартып, контрабандамен күресті үкіметтің ирандық тауарларды қолдау жолындағы маңызды міндеті деп айтты.

Ислам революциясының жетекшісі баяндамасының соңғы бөлігінде аймақтық  мәселелер мен америкалықтардың жауластығына тоқталып: «Өткен жылы ИИР өз халқының абырой-айбын туын аймақта желбіретті. Тәкфиршілдерді жеңіп, аймаққа қауіпсіздік орнатуда маңызды үлеске ие болды»,-деді. Хазірет аятолла Хаменеи ИИР-ның өзінің осы үлкен шарасымен аймақтағы америкалықтардың жоспарын залалсыздандырғанын айтып: «Әрдайым әлемнің әртүрлі аймақтарының ішкі мәселелеріне араласатын алпауыт елдер қазір ИИР-ға наразылық білдіріп: «Иран неліктен аймақтың мәселелеріне араласады?» дейді. Бұған «Бұл мәселе сіздерге қатысты емес» деп жауап беремін»,-деді. Аятолла Хаменеи ИИР-ның аймақтың кейбір елдерінде болуының сол елдердің үкіметі мен халқының қалауымен жүзеге асырылғанын айтып: «Біз күш көрсеткен жоқпыз, басқа елдердің ішкі істеріне араласқан жоқпыз. Көмек сұрады. Біз көмектестік. Бұл көмекті эмоцияға беріліп емес, қисынды мақсаттар мен ақылмен ойластырылған есептеулер арқылы жасадық»,-деді.

Ислам революциясының жетекшісі америкалықтардың аймақтағы жобаларына тоқталып: «Америкалықтар ДАИШ сияқты қатігез, залым әрі қылмыстық топтар құру арқылы аймақ халықтарын азамат соғысына шырмап, олардың ойын сионистік режимнен алшақтатуды көздеді, бірақ біз Алланың қолдауымен бұл жоспарды залалсыздандыра алдық»,-деді. Хазірет аятолла Хаменеи америкалықтардың ДАИШ-ты басып-жаншудағы рөлі туралы уәждеріне тоқталып: «Америкалықтарда ДАИШ-ты жоюға ешқандай құлшыныс болмады. Мұнымен қоса, АҚШ аймақты қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге қабілетсіз»,-деп қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі ИИР-ның аймақта қауіпсіздік орната алғанын айтып: «Бұдан кейін де солай болатыны сөзсіз. АҚШ аймақ  мәселелерінде мақсатына жетпейді. ИИР Алланың қолдауымен аймақтағы өзінің барлық мақсаттарын орындайды»,-деді. Ислам революциясының жетекшісі баяндамасын: «Иранның ғазиз жастары елді өткен ұрпақтың ойынан әлдеқайда жақсырақ дамытып, елдің тәуелсіздік, ғиззат, салтанат пен шарапат туын бұрынғыдан да жоғарырақ желбірететін болады»,-деп аяқтады.