Аспандық жолдаулар 8
(last modified Tue, 22 May 2018 11:48:33 GMT )
Maм 22, 2018 17:48 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада мүміннің келесі бір қасиеті жайлы сөз қозғаймыз. Бізбен бірге болыңыздар!

Армысыздар, ораза ұстаған ардақты ағайын! Алла Тағала өзінің рақымымен біздің ғибадатымызды қабылдайды деген үмітпен назарларыңызға "Аспандық жолдаулар" бағдарламасының келесі  бөлімін ұсынамыз. Өткен бағдарламада Алла мен пайғамбарға бағынуды талдап, ислам әлемінің бірлігін сақтаудың жалғыз жолының осы түпкілікті принципті орындау екенін және оған көңіл аудармаудың іріткі мен соғыстың туындауына себеп болатынын айттық. Мынадай сұрақ туындайды: Құранның Алла мен пайғамбардың шақыруына  бойсұнып, жауап беру дегендегі мақсаты не? Құран осы жөнінде былай дейді:

"Әй, мүміндер! Сендерді өздеріңе тіршілік беретін нәрсеге (дінге) шақырған кезде Алланың әрі Елшісінің тілін алыңдар. Және Алланың кісімен жүрегінің арасына дейін килігетіндігін біліңдер. Шексіз Алла тарапына жиналасыңдар"(Әнфал сүресі, 24-аят).

Бұл аятта Алла мен пайғамбардың шақыруының өмірге шақыру екендігі тура айтылған. Бұл – рухани, наным-сенімдік, мәдени, ақлақтық, әлеуметтік және саяси  өмір, былайша айтқанда, барлық саладағы өмір. Сондықтан, егер біреу бізден "Неліктен Алла мен пайғамбар бізден оларға бағынуды талап етіп, шақыруларын қабылдауды қалайды?" деп сұраса, олардың мақсаты адам өмірінің барлық салаларына илаһи және адами рух сыйлау деп бір сөйлеммен айтуға болады. Қазіргі қоғам осындай рухты қатты қажет етеді. Осы негізде дін мен мазхабты адам өмірінің әлеуметтік аясынан тыс рухсыз бағдарламалардың тізбегінде деп санайтын және өмірдің мәтінінен тыс деп елестететін адамдардың қаншалықты қателесетінін түсінуге болады.

Ислам діні интеллектуалды, ғылыми, жеке, әлеуметтік салаларға  өмір мен гүлдену енгізіп, адам мен қоғамның тағдырына жауапкершілікті сезіндіріп, шынайы өмір тудырады. Тура осы себепке байланысты күпір әлем Мұхаммадтың шынайы исламының одан ары таралуынан қорқады. Олардың жағдайы мен мүдделеріне қатер төндіреді деп санайтындықтан мұсылман халықтары өмірінің қайта жандануына қарсы болып, өмір тудыратын исламды жоюды көздейді.

Осы аяттан алынатын тағы бір көзқарас мынадай: адамның шынайы өмірі – сол руханият пен адамгершілікке толы өмір. Егер адам мен қоғамда осындай өмір болмаса, өлгені. Ондай өлі адам төртаяқты жануар сияқты тамақ ішіп, әрекет етіп, ұйықтап, тұрады, бірақ оның бойында ақлақ пен адамгершіліктен ешқандай белгі болмайды. Сол себепті Құдай пайғамбардың негізгі миссиясының адамды рухани өлімнен құтқарып, оның адамдық өмірін қайта жандандыру деп атап, тіршіліктің белгісі байқалмайтын тірі өліктердей өмір сүретін адамдар туралы: "Сен өзіңнің жолдауыңды өліктерге, соның ішінде еститін құлағы жоқ адамдарға жеткізе алмайтының рас" (Нахл сүресі, 80-аят),-дейді.  

Басқа сөзбен айтқанда, күнә мен нәпсіқұмарлыққа батып, басқалардың құқықтарына қол сұғатын адам мен қоғам өлік сияқты. Олар жапа шеккендердің зары мен наласын естимейді. Құран олардың ерекшеліктерін сипаттауда былай дейді: "Рас, тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне, солар мүлде кәперсіздер" (Араф сүресі, 179-аят).

 

Алла Тағала рухани және адами өмірі болмаған адамдарды алдымен ақылы мен санасы жоқ және тануға ешбір құралы жоқ жануарға ұқсатады. Содан соң ақыл, көз бен құлағы болса да, сезім мен түсінікке ие емес өліктердей өмір сүреді деп айтады. Олар жануарлардай адасады. Құран мұндай адамдарды өмірдің қабіріне жерленген өліктерге теңейді. Сол себепті Алла Тағала өз елшісіне: "Тірілер мен өліктер тең емес. Рас, Алла (Т.) әлде кімді қаласа, естіртеді. (Мұхаммед Ғ.С.) сен қабірлердегі біреулерге естірте алмайсың (Фатир сүресі, 22-аят)",-деді.

Мынадай қорытындыға келеміз: илаһи, адами және ақлақи өмірге жетудің жалғыз жолы – Алла мен пайғамбардың өмір сыйлайтын шақыруына құлақ асу. Бұған қажет нәрсе – қырағы иманға ие болу. Илаһи жолдауларға көңіл аудармай, одан теріс айналатын адамдардың уақыт өте келе рухани ауруға шалдығып, құлдырайтыны соншалықты, салыстырып қарағанда хайуаннан да төмендеп кетеді.

Алла Тағаладан қасиетті Рамазан айында илаһи аяттардың лебін рухымыз бен жанымызға есіп, мұсылманша өмір сүруге жазуды сұраймыз. Аман-сау болыңыздар!