Ашура оқиғасына қатысты сұрақтар (4)
(last modified Mon, 17 Sep 2018 09:06:24 GMT )
Қыр 17, 2018 15:06 Asia/Almaty

Хазірет имам Хосейн (ғ.) шәһид болғаннан кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) әулетінің әйелдері мен балаларының бастарынан кешкен қиындықтар мен азаптар жайлы есту кез келген адамның жүрегін ауыртады. Сонда «Имам Хосейн (ғ.) неліктен өз жанұясын Кербалаға ала барды?» деген сауал туындауы мүмкін. Бүгінгі бағдарламада осы сауалға берілген жауаптарға шолу жасаймыз.

Зейнеп Аба Абдулланың (ғ.) бөлшектенген денесіне көзі түскенде зарлай жылаған әйелдер мен балалардың арасында қолын аспанға жайып: "Құдай, осы құрбандықты бізден қабылда!"-деген. Бұл сөйлем дұшпанға жай түскендей әсер етіп, олардың сорақылығын әшкере етті. Ол жаралы жүрегі және қайғылы дауыспен: "Уа, Мұхаммад! Өзің мен әулетіңе Алланың сәлемі болсын! Саған аспандағы періштелердің сәлемі болсын! Мына қанға бөгіп, денесінің парша-паршасы шыққан жан – сенің Хосейнің. Уа, Мұхаммад (с.ғ.с.)! Қыздарың тұтқынға түсіп, ұлдарың өлтірілді. Олардың мәйіттерінің үстінен самал жел есіп тұр. Жерде жатқан – сенің Хосейнің. Басын кесіп, оның сәлдесі мен шапанын олжалап кетті",-деді.

Зейнеп (с.) осылай сөйлегенде дос пен дұшпан бірге жылаған. Жүректер кеудеге сыймай, көзден аққан жас жанарларды тұмшалаған. Зейнеп бұл жолы атасының сахабаларына қарап: "Уа, Мұхаммадтың сахабалары! Бүгін атам – Алла елшісі өмірден озғандай. Тұтқындап әкетіп бара жатқандарың – таңдалған пайғамбардың ұлдары",-деді.

 

Хазірет имам Хосейн (ғ.) шәһид болғаннан кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) әулетінің әйелдері мен балаларының бастарынан кешкен қиындықтар мен азаптар жайлы есту кез келген адамның жүрегін ауыртады. Сонда «Имам Хосейн (ғ.) неліктен өз жанұясын Кербалаға ала барды?» деген сауал туындауы мүмкін.

Таңдаулы әулеттің әйелдері мен балалары  неліктен Медине мен Меккеде қалмады? Тарихты зерттеушілер бұл сұраққа әрқилы жауап беріп, Кербалада болған осындай жағдайлардың қырларын талқылаған. Бүгінгі бағдарламада осы сауалға берілген жауаптарға шолу жасаймыз.

Хазірет Аба Абдулла әл-Хосейн (ғ.) Язидке адалдық жарияламаса, өлім қаупі төнетіндігі туралы қоқан-лоққы жасалғанда Мединеден көшуді жөн көрген. Ол х.қ.ж.с.б. 60 жылдың ережеп айының 28 күні «аһл-е бейт»-«пайғамбар әулеті» мүшелері мен серіктерінен тұратын шамамен 100 адаммен Мәдинеден шығып кетті. Имам Хосейннің (ғ.) туыстарының көбі, соның ішінде ұлдары, інілері, қарындастары мен ағаларының балалары осы сапарда онымен бірге болды. Зерттеушілердің бір тобының пікіріне сәйкес, Язид ешбір діни және ақлақтық принципке берік болмағандықтан, имам Хосейннің (ғ.) жанұясы Мединеде қалғанда Әмави халифатының қатал үкіметі имам Хосейнге (ғ.) қысым жасап, тізе бүктіру үшін жанұясына шабуылдап, тұтқынға алып, түрмеге қамауы мүмкін еді. Сондықтан имам Хосейн (ғ.) жанұясының онымен бірге Меккеге аттануы толығымен қисынды болған. Алла елшісінің әулеті Меккеде 4 айдан астам уақыт бойы хазірет Аба Абдулланың (ғ.) жанында қауіпсіздікте өмір сүрген. Язид Хосейн бен Әлидің (ғ.) ешбір жағдайда оған адалдық жарияламайтынын түсінгенде Меккеде пайғамбардың ұрпағын өлтіруге бұйрық берген. Имам Хосейн (ғ.) қаны төгілу арқылы қасиетті мекеннің құрметін кетірмеу үшін Меккеден кетуге шешім қабылдаған.

Тарихты зерттеушілердің ойынша, имам Хосейн (ғ.) жанұясының онымен бірге Кербалаға аттануының келесі себебі мынада: имам Хосейн (ғ.) Мединеден Меккеге соғысу үшін аттанбаған. Егер хазіреттің мақсаты соғыс болғанда бала-шағасыз, тек серіктерінен құралған әскермен ғана Кербалаға аттанар еді. Алайда, әйелдері, қыздары мен балалары, тіпті сәбилері бар керуеннің соғысу үшін қаладан шықпағаны мәлім. Куфалықтар хазірет Аба Абдулланың (ғ.) Язидке адалдық жариялаудан бас тартқанын білгенде мыңдаған хат жолдап, қолдауге уәде беріп, имамның Куфада өзіне база құруын қалаған. Меккені өзі мен әулеті үшін қауіпсіз санаған имам Хосейн (ғ.)  керуенімен Куфаға қарай жол тартқан. Бірақ сол кезеңде имам Хосейн (ғ.) жанұясын Меккеде қалдыратындай соғысқа дайындалмаған еді. Бұл тек қоныс аудару саналған. Сондықтан жанұясының қасында болуы толығымен қисынды еді.

Жоғарыда келтірілген дәлелдермен қоса, Алла елшісі әулетінің Аба Абдулла әл-Хосейнмен (ғ.) бірге аттануына қатысты басқа бір өте маңызды жайт бар. Ол келесі имамды өлім қатерінен сақтап, Ашураның жолдауын  жеткізуге негізделді. Хазірет Зейнеп бастаған тірі қалғандар бұл міндетті жақсы атқарды. Имам Хосейн (ғ.) шәһид болғаннан кейін хазірет Әли бен әл-Хосейн имам Саджад (ғ.) имамат міндетін өз мойнына алды. Ол Ашура оқиғасында Құдайдың қалауымен науқастанып жатқандықтан соғысқа қатыспаған. Имам Хосейн (ғ.) мен серіктері шәһид болған соң дұшпан шатырларға шабуыл жасап, имам Саджадты (ғ.) да өлтіргісі келген. Хазірет Зейнеп (с.) ерлікпен қарсы тұрып, оның жанын аман алып қалған.

Хазірет Зейнептің (с.) Ашура оқиғасынан кейінгі хабар тарату рөлінің зор болғаны соншалықты, тарихшылардың ойынша, бұл хазірет болмаса, Ашура оқиғасы сол Кербала даласында көміліп қалып, имам Хосейннің (ғ.) көтерілісі нәтижеге жетпес еді. Әмәви әулеті Аба Абдулланы (ғ.) өлтіру арқылы Алланың бірлігі мен Құдайға құлшылық ету үні – тоухидті мәңгілікке өшіріп, шынайы исламды Кербала даласында жерлегісі келді. Ол Алла таңдаған пайғамбар әулетін қалалар мен үйлердің арасынан тұтқындардай жүргізіп, өзінің құдіретін нығайтуды көздеді. Бірақ, керуен Куфадан Шамға дейін үй-үйге имам Хосейннің жолдауын жеткізіп, Язидтің масқарасын шығарды. Бұдан бұрын Муавие Әмәви әулеті билігінің негізін Шам халқының хабарсыздығын пайдаланып нығайтқан еді. Тұтқындар керуені осы қаланың қақпасына жетіп, Зейнептің құтпалары  Шамның көгін тітіреткенде Әмәви әулетінің Шам халқы үшін жасаған пұттарының сынған дауыстары естілді. Сондықтан хазірет Зейнептің құтпасы аяқталғанда, Язид дірілдеп, қылмыстарын басқалардың мойнына артуға тырысқанымен сәттілікке қол жеткізбеді. Оның өзі мен ата-бабасына айтылған лағынет пен жиреніш мәңгілікке сақталып қалды.