"Ислам бірлігі" атты 32-ші конференцияның қонақтары аятолла Хаменеимен кездесті
"Ислам бірлігі" конференциясының шетелдік қонақтары Алла елшісінің туған күні Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеимен кездесіп, хазіреттің мағынаға толы баяндамасын тыңдады.
Жыл сайын Исламның ұлық пайғамбарының туған күні өтетін халықаралық "Ислам бірлігі" конференциясы мазхабтары әртүрлі болғанына қарамастан мақсаттарының бір екендігін көрсеткен адамдардың бірлігі мен біртұтастығының көрінісі. Ислам мазхабтарын жақындастыру әлемдік ұйымының мұрындық болуымен Иранда өтетін басқосуға әлемнің түкпір-түкпірінен ойшылдар жиналып, ислам әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы үшін қажет жағдайды талқыға салып, дағдарыстарды шешетін ортақ жолдарды ұсынады.
Биылғы "Ислам бірлігі" атты 32-ші халықаралық конференция қараша айының 24-26 күндері Теһранда өтті. Конференцияның шетелдік қонақтары Алла елшісінің туған күні Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеимен кездесіп, хазіреттің мағынаға толы баяндамасын тыңдады. Аятолла Хаменеи кездесуде адамзатты бақытқа жеткізетін жалғыз жол ретінде Ислам діні мен Құранның нұрына сай өмір сүруді атап, мұсылман халықтарының арасындағы исламдық ояну мен қарсыласу рухының күннен күнге артуы мен АҚШ пен оның одақтастарының бұл қасиетті үдеріске алаңдап отырғандарына тоқталып: "Ислам революциясы Иран халқының 40 жылғы қарсыласуы мен табандылығының берекесімен бүгін мықты әрі тамырын тереңге жайған ағашқа айналды. Сондықтан, АҚШ пен сионистік режимнің қоқан-лоққылары осы уақытқа дейін әсер ете алмағандай келешекте де әсерін тигізе алмай, сәтсіздікке ұшырайды",- деді.
Барлық мұсылман Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммадты (с.ғ.с.) үлгі тұтып, мақтаныш етеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жолы мен сөздері – бақытты өмірдің үлгісі. Сондықтан бақытты өмір сүргісі келген әрбір адам хазіретті үлгі тұтуы керек. Құран Кәрімнің "Ахзаб" сүресінің 21-ші аятында: "Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар",- деп айтылған. Аятолла Хаменеи сөзінің басында жиналғандарды хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) пен имам Садықтың (ғ.с.) туған күндерімен құттықтап, Исламның ұлық пайғамбарын Алла надандық кезеңде адамзатқа сыйлаған жарық күн деп атап, хазіреттің қасиетті Ислам діні мен нұрлы Құран кітабымен адамзаттың бақытты болуына жағдай тудырғанын қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі адамзаттың Исламның ұлық пайғамбарының рақымы мен дұрыс жолға нұсқауы мен нұрын қажет ететіндігін айтып: "Адамзат бүгін алпауыт мемлекеттердің араласуы және олардың қылмыстарынан туындап отырған зұлымдықтар, сондай-ақ, әділетсіздік пен надандық және алдап-арбаудың таралуына байланысты әртүрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қиындықтардан тек Исламның ұлық пайғамбарының шақыруын қабылдап, Ислам мен Құран көрсеткен жолға түсу ғана құтқарады»,- деді.
Бірлік ислам үмбетінің күре тамырындағы қан сияқты маңызды болғандықтан исламдық ояну мен хабардарлықты қажет етеді. Мұсылмандар дұшпандардың іріткі салу туралы қастандықтарынан хабардар болып, Ислам дінінің ислам үмбетінің бірлігі мен бауырластығын қаншалықты қуаттағанын білсе, бірлікке бет бұрып, соған жетуге талпынатын еді. Мұсылмандардың бірлігі мен ғиззатына себеп болатын исламдық ояну қозғалысы Ислам дұшпандарының қарсыласуымен бетпе-бет келді. Дәл осы себепке байланысты Батыстың, әсіресе АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары исламдық ояну мен бірлікті бұрыс көрсетуге әрекет жасауда. Осындай жағдайда аятолла Хаменеи аймақтағы қарсыласу ағымы мен исламдық ояну көңіл-күйін Ислам мен Құранның дұрыс жолға нұсқау жолындағы нәтижесі деп бағалап: "Алланың көмегімен бүгінгі дүниеде зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы Алланың аты мен Исламға сүйенген қарсыласу ағымы бар. Біздің аймағымыз – соның бір үлгісі. Бүгін біздің аймағымыздағы елдер мен халықтардың көбінің исламдық ояну рухы жоғары. Сіздер «үлкен шайтан» мен қылмыскер АҚШ басқарған әлем алпауыттарының бұл аймаққа ерекше көңіл бөлетінін көріп отырсыздар. Сол себепті бұл аймақта ислам мен исламдық оянуға бет бұру анық байқалады. Олар мұсылман халықтарының оянуына қарсы, олар мұсылман халықтарының оянуынан қорқады. Өйткені, халықтың жүрегін Ислам билеген жерде үстемшілдер таяқ жеді. Сондықтан біз үстемшілердің бұл аймақтағы исламдық ояну қозғалысының таяғын жейтіндігіне сенімдіміз»,- деді.
Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында: «Біз мұсылман бауырларымызға, мұсылман халықтарға, ислам әлемінің ағартушыларына, ислам елдеріндегі дін саласының қадірлі ғұламаларына ислам қозғалысын мүмкіндігінше нығайтуға шақырамыз. Бұл аймақтың құтқарылатын жолы исламдық ояну қозғалысының күшеюі болып табылады. Ислам елдерінің басшыларын ислам билігіне, Алланың билігіне оралуға шақырамыз. Өкінішке орай, бүгінде аймақтың кейбір мұсылман мемлекеттері Алланың билігіне бағынудың орнына тағұттың билігіне бет бұруда. Ислам мен Құран нұрының орнына АҚШ-қа бағынады. АҚШ оларды өзінің үстемшіл негізіне сай кемсітіп отыр»,- деді.
Сионистер Палестинаны басып алып, оның тұрғындарын қуып шықты, қырып-жойды, еврейлерді жинап, біртұтас халық құруға талпыныс жасады. Бірақ бұл әрекеті – халықаралық заңдарды бұзу ғана емес, бұл адами және илаһи негіздермен санаспау. Өйткені, әлемнің Жаратушысы еш уақытта басқаларға қарсы зорлық-зомбылықты қабылдамай, залымдарға бұл дүниеде қорлықты, ақыретте азапты уәде етті. Заңсыз сионистік режим үшін құлдыраудан басқа еш нәрсе болжанбайды. Қазір сол болжамдардың белгілері әшкере байқалып жатыр. Ислам революциясының жетекшісі АҚШ пен сионистік режимнің аймақтағы күшінің бұрынғыдан әлсірегенін қуаттап: «АҚШ-тың бұл кездегі жағдайының он жыл, жиырма жылдан бұрынғы уақытпен салыстырғанда әлсіз екендігі анйық. Осыдан бірнеше жыл бұрын сионистік режим Ливанның Хизболласымен 33 күн қарсыласып, жеңілді. Одан екі жылдан кейін палестиналықтарға қарсы тек 22 күн ғана қарсыласып, тағы жеңілді. Бірнеше жылдан кейін Газаның мазлұм халқымен тек 8 күн ғана қарсыласуға шамасы жетті. Өткен аптада бар болғаны 2 күн ғана қарсыласып, сәтсіздікке ұшырады. Бұл сионистік режимнің әлсіздігінің әрі күн өткен сайын әлсіреп бара жатқанының белгісі»,- деді.
Аятолла Хаменеи Аллаға сүйеніп, алпауыт елдерге қарсы табандылық білдіретін халықтарға көмектесуге негізделген илаһи сүннетке тоқталып: «Жігерге ие, Аллаға сүйенген халықтар табандылық танытады. Алла да оларға көмектеседі. Егер адам кәпір болып, сіздерге қарсы шықса, илаһи көмекке ие болмайды»,- деді. Бұл туралы «Фатх» сүресінің 22-23-ші аяттарында айтылған. Илаһи сүннет бойынша, егер мұсылмандар табанды болса, барлық үстемшіл мемлекетті жеңеді. Бүгін Йемен халқы Сауд үкіметі, АҚШ пен олардың жақтастарынан азап-қорлық көруде. Бірақ, Йемен халқы мен Ансаролла жеңіске жетеді. Йемен мен Палестина халықтары сәтсіздікке ұшырамайды. Жалғыз жол – қарсыласу. Сол кезде АҚШ пен одақтастарының бос сөз бен қате әрекеттерден басқа амалы қалмайды. Мұсылман халықтарының табандылығы нәтижеге жетеді»,- деп баса айтты.
Саяси эксперттердің пікірлеріне сәйкес, Иранның Ислам революциясы – ішкі және халықаралық деңгейлерде маңызды өзгерістерге себеп болған революция. Бұл революция шетелге тәуелді диктатуралық үкіметтің құлауына жеткізді. Сонымен қатар әлемде исламдық оянуға үлкен әсерін тигізді. Иранның Ислам республикасы жүйесінің тәуелсіздік талап ету саясаты алпауыт елдердің соғысқұмар және билеп-төстеу саясаттарына сай келмегендіктен олар басынан бастап бұл жүйеге қарсылық білдірді. Бірақ Иран халқы табандылық білдірді. Аятолла Хаменеи Иран халқының қиындықтар мен қысымдарға қарамастан 40 жылдық қарсыласуына тоқталып: «Иран халқы 40 жыл бойы қарсыласып келеді. Пайғамбардың қасиетті есімінің берекесі және имам Хомейнидің жетекшілігінің арқасында табандылық көрсетуде табысты болдық. Әрине, көп азаматтарымыздан айырылдық, қиындық көрдік, бірақ бәрібір табандылық білдіруден танбадық. Бүгін Иран халқы мен Иран мемлекеті мықты. Бүгін АҚШ пен сионистік режим Иран халқына қоқан-лоққы көрсете алмайды. Олардың осы кезге дейінгі қоқан-лоққылары мен қылмыстары сәтсіздікке ұшырады. Бұдан кейін де сәтсіздікке ұшырайды. Қарсыласудың берекесінің арқасында олардың санкциялары мен саясаттары нәтижеге жетпейді»,- деп қуаттады.
|