Наурыз-1
(last modified Mon, 18 Mar 2019 14:46:49 GMT )
Нау 18, 2019 20:46 Asia/Almaty
  • Наурыз-1

Хижри шамси күнтізбесі бойынша жаңа жыл келе жатыр. Осыған орай Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының мәдениет және исламдық тағылымдар тобы Наурызға арналған бағдарламалар жиынтығын дайындады. Оның бірінші бөлімінде ирандықтардың Наурыз мерекесіне арналған кейбір әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін таныстырамыз.

Наурыз мейрамы мен жаңа жылдың басталу қуанышы – Иран жеріндегі қоғамдық өмірдің ең көне кезеңінен жалғасып келе жатқан, ирандық болмыс пен мәдениетті еске түсіретін ең үлкен дәстүрлердің бірі. Ежелгі Наурыз мейрамы уақыт өте келе ұмытылмағанымен қатар, әртүрлі ирандық қауымдар арасында бірліктің факторына айналып, Иранның қазіргі географиялық аясынан тысқары жерде дүниежүзілік мейрамға айналды. Наурыз Иранның іші мен шетелдегі ирандықтардың біртұтастығының, ынтымақтастығы мен тілеулестігінің көрінісіне айналды. Ирандықтар әлемнің қай жерінде болса да, географиялық айырмашылыққа қарамастан бір уақытта бірдей әдет-ғұрыптарын орындап, ән салып, "Һәфт син" – «жеті син» дастарханы басына жиналып, жаңа жылды шаттықпен қарсы алады.

Мамандардың пікіріне сәйкес, адамзат баласының ең үлкен рухани мұраларының бірі ирандықтардың осы ескі дәстүрінің сақталу құпиясы ақлақтық және адамгершілік қасиеттерде жатыр. Наурыз рәсімі Құдайдың бірлігін ұлықтау үшін адамның табиғатпен байланыста болуы керектігін көрсетеді. Наурыздың сақталып, ғасырлар тезіне шыдап келе жатқанынан көмектескен нәрсе – оның ирандықтардың басқа рәсімдері, сенімдері мен мәдениетімен үйлесімдігі мен сабақтастығы.

Наурыздың үлкен әсері – қоғамда шаттық пен қозғалыс тудыру. Жыл сайын Наурыз қарсаңында Иранның қалалары мен ауылдарында халықтың қуанышы мен шаттығы қатты байқалады. Наурыз кезінде Иранға сапармен келген саяхатшылар бұл кездегі халықтың жаппай қуанышқа бөленуі мен қарбалас күйіне таңданып, ирандықтардың Наурыз кезіндегі рәсімдерін оң сипаттаған. Сондықтан ирандықтардың Наурыз кезіндегі әдет‑ғұрыптары мен рәсімдеріне шолу жасауды жөн көрдік.

 

Иранда жаңа жыл әрдайым тазалықтан басталады. «Хуне текуни» деп аталатын үйлер мен қоғамдық орындар тазаланатын ізгі рәсім есфанд айының ортасынан басталады. Осылайша, жаңа жылдың келуімен жұмыс пен өмір сүретін орта тазарып тұрады. Ирандықтар қадым заманнан бері өздерінің өмір сүретін кеңістіктің тазалығына зор мән бергендіктен мұны өз өмірлерінде тұрақты дәстүрге айналдырған. Жаңа жылға дейінгі белгілі бір мерзім ішінде үйлер мен қоғамдық орындарды тазартып, көріктендіру ісінде үйлесіп, бірлесе әрекет ету – шынымен көзтартарлық көрініс.  Үйлердің терезелері жуылады. Кейбір жанұялар таза болу үшін үйлерінің қабырғаларын жуып, әктеп, бояйды. Әдетте үйдегі кілемдер мен перделер жуылады. Үйдің ауласы мен саябақтардағы бақшаларға гүл егіліп, безендіріледі. Жыл сайын «хуне текуни» кезінде ескі әрі қолданыстан шыққан заттар лақтырылып, жанұяның бюджетіне қарай олардың орындарын жаңа заттар басады. Жылдың соңғы күндері кілем жуу, үй тазалау, әктеу, бояу, гүл егу, бағбандық, киім‑кешек жуу қызметтерін атқаратын компаниялар мен сөмке, аяқ киім, киім‑кешек, тәтті‑дәмді, құрғақ жемістер мен жеміс‑жидек сататын дүкендердің жұмыстарының бастан асатыны анық.

Киім‑кешек, жаңғақтың түр‑түрін, жеміс‑жидек, тәтті‑дәмді, тіпті, кейде үйге қажет заттарды сатып алудан тұратын Жаңа жылға дайындық Наурыздан бұрын атқарылатын рәсімдердің қатарына жатады. Сондықтан әр жылдың соңғы күндері Иранның әртүрлі қалаларындағы базарлар қажетті зат сатып алу үшін жүрген адамдарға толы болады. Әдетте жанұялар балаларымен бірге жаңа жылға киім сатып алу үшін дүкендерге барады. 

Жұрт жаңа жылды үстеріне жаңа киім киіп қарсы алып, қонақтарын ең жақсы тағамдармен күткісі келеді; туыстары мен достарына сыйлықтар сатып алады. Жылдың соңғы күндеріндегі сауда дүкендердің жұмыстарын қыздыра түседі. Жылдың соңы жақындаған сайын базарлар жандана түседі.  Айнала саудаласып жатқан, кондитерлік өнімдердің дүкендері мерекеге арналған тәтті‑дәмді таңдап жүрген адамдарға толып кетеді. Жеміс‑жидек сатушылары сатып алушылардың назарын аудару үшін апельсин, алма, мандарин, банан мен қияр сияқты жемістер мен көкөністерді дүкендерінің сыртына шығарып қояды. Сүмбіл, шегіргүл, қызғалдақ, наурызгүл сияқты алуан түсті, хош иісті гүлдер көзге бірден түсу үшін дүкендердің сыртына тізіледі. Кейбір өңірлерде бақалшы саудагерлер уақытша базарлар ашып, ерекше кеңістік тудырады. Олардың дүңгіршектерінде қажет заттың бәрі бар. Олардан Наурыз дастарханы – «һәфт син» үшін қажет заттардан дәмдеуіштерді, тұрмыс заттары мен киім‑кешекке дейін табуға болады.

Әдетте базарлар жыл ауысқанға дейін ғана ашық, содан кейін жабылады.

Есфанд айы басталысымен Иранның әртүрлі қалаларының тұрғындары бидай өскінін өсіріп, жылдың соңғы күндері «сәмәну» пісіруге кіріседі. Сәмәну пісіру үдерісі әдетте әр өңірдің діни және жергілікті ғұрыптарына сай атқарылады.

Сәмәну

Сәмәну пісіру үдерісі үшін әйелдер топтасып дайындалып, дұға оқып, салауат айтып, үлкен қазандық орнатады. Сәмәнуді пісіру барысында арнайы үлкен кәкпірмен араластырып тұрады. Сәмәну көбінесе түнде пісіріледі. Таң ата қазандықта ыстық сәмәну дайын болады. Егер сәмәну назр бойынша немесе сый-сыяпат ретінде дайындалса, таңертең оны кішкентай кеселерге құйып, жеткенінше баршаға таратады. Кейбір жанұяларда сәмәну сату үшін дайындалады. Халық сәмәнуді жақсы көретіндіктен оны сатып алып, үйлеріне апарады. Шағын ыдысқа салынған сәмәну «һәфт син» дастарханын көркемдеу үшін сақталынады. Сәмәнудің құнды қасиеттеріне байланысты бүгінде оны кондитерлік фабрикалардан шығаратын болған. Жылдың барлық мезгілінде дүкендерден қаптамаға салынған таза сәмәну сатып алуға болады.

 

 

 

Есфанд – ирандық күнтізбенің соңғы айы. Бұл айда тұқым себіледі. Символдық түрде Наурыз шөбін егу көне замандардан бері ирандық жанұялар арасында сақталып, кең таралған. Әдетте Наурыз мерекесіне екі апта қалғанда жанұялардың көбі көк шөп өсіре бастайды. Көк шөп – «һәфт син» дастарханының бір бөлігі. Наурыз шөбі көбінесе бидай, қарақұмық пен маш дәндерінен өсіріледі. Көк шөп өсіру үшін дәндерді сулап, өскін шыққаннан кейін оны қалаған ыдысқа жайып, ылғал мен жылылықты реттеп, күтеді. Сонда «һәфт син» дастарханы үшін қажет көк шөп өсіп шығады. Кейбір жанұялар көп көк шөпті көп өсіріп, туыстары мен достарына беруге әдеттенген. Гүл сататын дүкендер де әртүрлі қалыптар мен көлемде көк шөп өсіреді.  Мұрсаты болмаған адамдар «һәфт син» дастарханына көк өскіннің дайынын сатып алады.

Наурыздық тәтті дәмдердің көп түрін дайындау – жаңа жылға дейін Иранның көптеген өңірінде кең таралған рәсімдердің бірі. Иранның кейбір өңірлерінде әйелдер бірігіп, жаңа жылға әртүрлі кондитерлік өнімдер пісіреді.

Әдетте ерекше шеберлікпен жасалатын үй тәттілерінің сапасы жоғары және ерекше талғаммен безендіріледі. Жылдың соңғы күндері Иранның түкпір‑түкпірінен әрбір өңірдің көктем мезгіліндегі климатына сәйкес алуан түрлі тағамды көруге болады. Түрлі нан пісіру, халуа мен көктемде шыққан көк шөптерден көже жасау Иранның түрлі өңірлерінде кең тараған рәсімдердің қатарына жатады.

 

Наурыздың көк шөбі

Жаңа жыл қарсаңындағы түнде арнайы ғұрыптар орындалады. Әдетте әрбір өңірде осы түн үшін арнайы тағам әзірленеді.  Балықпен көк шөп қосылған күріш, көк шөп пен жұмыртқа – «куку сабзи, кеспе қосылған палау, қазанның түбіне жабыстырылып, қызартып пісірілетін күріш – «тәһ чиннің» түрлері, етпен қуырылған көк шөптің түр-түрі мен күріш – «ғорме сабзи», «куфтенің» түрлері – осының барлығы жаңа жыл қарсаңында пісірілетін тамақтардың түрлері.

Биыл сейсенбі күні кешке есфанд айының соңғы күні қарсаңында Иранда «чаршамбейе сури» атты рәсімге куә боламыз. От жағып, үстінен секіру – оның басты белгісі. Тарихы тереңде жатқан бұл рәсім негізінде қоршаған ортаны тазарту және бірігу мейрамы болған. Ол нәпсінің сұрықсыздықтары мен өткен жылдың жаманшылықтарын өртеу мақсатында өткізілген. Және тағы да басқа қызықты ғұрыптар болған. Бірақ, өкінішке орай, соңғы жылдары кейбір қате түсініктер салдарынан жарылғыш заттар қолдану аянышты оқиғалардың орын алуына себеп болып отыр.

Наурызға дейінгі ғұрыптардың келесісі – қайтыс болғандарды еске алу. Соған байланысты адамдар зираттарға барып, тамақ апарып, жұртқа таратады. Бұл күні жанұялар нан, халуа мен құрма сияқты тамақтарды жақындарының қабірлерінің үстіне қойып, жуырда қайтқандардың басына шырақ қояды.  Иранның кейбір қалаларында жаңа жылға бір күн қалғанда азалы жанұялар туыстары мен жақындарына халуа таратып, қайтыс болған адамның қабіріне барады. Осылайша ирандықтар қайтқан адамдарды ұмытпайтынын көрсетеді.  

 

Жылдың соңғы бейсенбісінде зиратқа бару

Ирандықтар арасында жаңа жылға дейінгі жағымды рәсімдердің бірі – тұрмысы төмен жандарға көмектесу.  Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында Иранның түкпір‑түкпірінде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға бағытталған қоғамдық талпыныс байқалады. Иран халқы әсіресе жылдың соңғы күндері басқалардың қиыншылықтарын шешуге көмектесуді өте құнды әрі Құдайдың көңіліне қош келетін амал санайды. Әрбір мұсылман шама‑шарқынша осы рәсімді орындауға тырысады.  Сондықтан Иран халқы жыл сайын кейбір мемлекеттік және халықтық ұйымдардың әріптестігімен мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қам көңілдерін аулап, олардың жанұяларына жақсы мереке ұйымдастырып, қуанышпен бөлісуге күш салады.

Сіздерге жаңа жылда мықты денсаулық пен таусылмас қуаныш тілейміз. Бәріміз бірге көктемді қарсы алайық!