Наурыз-2
(last modified Wed, 27 Mar 2019 07:33:17 GMT )
Нау 27, 2019 13:33 Asia/Almaty
  • Наурыз-2

Өткен бағдарламада жаңа жылға дейін атқарылатын Наурыз рəсімдеріне тоқталдық. Бүгінгі бағдарламада ирандықтардың Наурыз мерекесінде орындайтын келесі əдет-ғұрыптары жайлы сөз қозғаймыз.

Жыл сайын көктемнің бірінші күні əлемнің түкпір-түкпіріндегі ирандықтар "Һəфт син" дастарханының жанына жиналып, жаңа жылды махаббат пен шаттыққа толы кеңістікте бастайды. "Һəфт син" дастарханын жаю Наурыздың ізгі рəсімдерінің бірі, тазалық пен шаттықтың символы жəне жыл ауысу кезіндегі рухани сəттерде жанұямен бас қосу үшін жақсы себеп.

"Һəфт син" дастарханына "син" әрпінен басталатын 7 өсімдік пен тамақ қойылады. Бұл егін шаруашылығы өнімдері мен өсімдіктердің молдығын білдіреді. "Һəфт син" дастарханы төмендегі заттардан тұрады: "сабзе" (бидай, жасамық немесе маш пен т.б. өскіні) – қайта тірілудің және өмірдің қайта басталуының символы; сәмәну – бидайдың өскінінен жасалған дәм, өсімдіктердің жемісті болуының символы; сиб-алма – денсаулық және сұлулық пен өнімділіктің символы; сәнджед-жидек – құштарлық пен жаралу символы; сомақ-дәмдеуіш пен сир-сарымсақ – денсаулыққа пайдалы дәрі мен өмірге шаттық сыйлайтын қозғаушы күш символы; серке-сірке суы ұзақ дайындалатындықтан сабырлықтың символы. Бұлармен қоса, ирандықтар дастарханға басқа да заттар қояды. Мысалы, боялған жұмыртқалар – туу мен жаратудың символы; айна – мөлдірлік пен айқындылықтың символы. Ол дастарханның төріне қойылады. Су – береке мен жарықтың символы, қызыл балық – есфанд айының белгісі әрі өмір мен қозғалыстың символы. Секке‑тиын – капитал мен қызу жұмыстың символы. Шам – нұр мен жарықтың символы. Сауырағаш бұтақтары, сүмбіл, көк тал да «жеті син» дастарханының элементтері. Олардың иісі көктем хабаршылары. Халық набат пен тәтті‑дәмділерді де дастарханға қояды. Мұсылмандардың илаһи кітабы Құран Кәрім «Жеті син» дастарханында ерекше орынға ие әрі оның басты негіздерінің бірі.

Иранның кейбір өңірлерінде «Жеті син» дастарханының жанына тағы бір дастархан жайылады. Оған ақ пен тазалықтың символы ретінде сүт немесе айран, жыл берекелі болу үшін нан, сыр мен көк шөп қойылады.

 

Жыл ауысатын кезде жанұя мүшелері жақсылық пен береке болып, жаңа өмірге қадам басу үшін іштей тазару қажеттігін білдіріп, жандары мен денелерін тазартқаннан кейін жаңа жылға дайындаған киімдерін киіп, «Жеті син» дастарханы айналасына отырып, рухани кеңістікте жыл ауысу дұғасын « یا مقلب القلوب و الابصار ، یا مدبّر اللیل و النهار ، یا مُحوّل الحَول و الاحوال ، حَوِّل حالَنا الی احسن الحال »

кейін Құран аяттарын оқиды. Әдетте жыл ауысқаннан кейін үйдің үлкені жанұя мүшелеріне ақша немесе сыйлық таратады. Барлығы тәттіден ауыз тиіп, бір‑бірін жаңа жылмен құттықтайды. Кейбір ирандық жанұялар өздерінің діни сенімдері негізінде жаңа жыл келетін сәтті қасиетті орындар мен зиярат мекендерінде өткізіп, жерленген қасиетті адамдардың рухына дұға бағыштайды.

Жыл ауысатын кезде осындай рухани мекендерде дұға оқу жүректерді нұрландырады. Сондықтан жыл сайын зиярат ететін жерлер, соның ішінде Мешхед қаласындағы Имам Резаның (ғ.) кесенесі, Құм қаласындағы хазірет Масуме кесенесі, Шираздағы Ахмад бен Мұса (Шаһшырақ) мешіті мен басқа да зиярат орындары мүмін адамдарға толады.

 

Жыл ауысқаннан кейін Наурыздың амандық-саулық сұрасу дәстүрі басталып, 13 фарвардинге дейін созылады. Достар мен жақын таныстар арасында наурыздық амандық-саулық сұрау рәсімі фарвардин айының соңына дейін жалғасады. Иран мәдениетінде үлкендер ерекше беделге ие болғандықтан жанұяның жастары алдымен үлкендерге барып, құттықтауды өздерінің міндеті санайды. Сондықтан әдетте балалар Наурыздың амандық сұрау рәсімін ата‑әже, ата‑аналарымен амандасудан бастайды. Жаңа жылдың алғашқы күндері туыстар мен достар арасында кездесу көп болады. Олар бір-біріне сыйлық беріп, дастархан басында әртүрлі жеміс‑жидек пен жаңғақтың түр-түрін жейді. Адамдар кездесулер мен амандық-саулық сұрасу арқылы жүректерін кектен арылтып, оның орнын мейірімділік және махаббатпен толтыруға тырысады. Егер бір жанұя жақынынан айрылса, Наурыз күні туыстар мен достар сол марқұмның үйіне барып, дұға оқып, Құдайдан қайтқан адамның кешірілуін сұрайды. Кейбір адамдар науқас адамдар мен жалғызілікті қарттардың көңілін аулау үшін олармен кездесіп, олардың үйлеріне көктем лебін әкеледі. Наурызда ауруханалар, мүгедек адамдардың үйлері мен қорғансыз балаларды бағу орталықтары халықтың шынайылығы мен махаббаттың ең әдемі көріністеріне куә болады. Сондықтан Наурызды достық, шыншылдық пен мейірімділікке бастар көпір деп атауға болады. Осы көне мейрамның ең әдемі көріністерінің бірі – араздықтан арылып, жүректердің жақындауы.

 

Наурыздың демалыс күндері – достар мен таныстар арасында кездесулерді жаңғыртумен қоса, демалыс пен сапар үшін өте қолайлы мұрсат. Әдетте жанұялардың көбі Наурыз демалыстарының бір бөлігін Иранның әртүрлі өңіріне сапар шегуге арнайды. Әсіресе көктем мезгілінде Иранның сұлу табиғаты көруге тұрарлық. Иранның солтүстік өңірлерінің жасыл ормандары мен Каспий теңізінің жағалаулары наурыз туристері үшін ең тартымды аймақтар саналады. Иранның оңтүстігіндегі Парсы шығанағының әдемі көгілдір жағалаулары көктемдегі ыстық әрі ылғалды ауасымен туристерді тартады. Исфаһан, Шираз, Табриз, Керман, Йезд пен Машһад сияқты ірі қалалар өздерінің тарихи және діни тартымдылықтарымен наурыз туристерінің бір бөлігін қабылдайды. Наурыз мерекесі – ирандықтардың көбі сапарға шығатын мезгіл. Сондықтан Иранның әртүрлі қалаларының әкімшіліктері есфанд айынан бастап наурыз туристерін қабылдауға дайындалып, қалалардың әртүрлі туристік мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалануды жоспарлап, қонақтардың ризашылығына бөленуге талпыныс жасайды.

Наурыз демалыстарының соңы 13 фарвардин Табиғат күні. Ирандықтардың көне рәсімі бойынша жаңа жылды зор қуатпен бастап, көбірек еңбек етіп, талпынуға стимул алу үшін бұл күнді қам‑қайғысыз,  жанұя, достар және таныстармен бірге табиғат аясында ойын‑сауықта өткізу керек.  

Наурыз мейрамымен құттықтап, баршаңызға бейбітшілік, тыныштық, денсаулық пен шаттыққа толы жыл тілейміз.