Имам Хусейн (ғ.с.) көтерілісінің себептерін зерттеу (2)
Бүгінгі бағдарламада Ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) бұйрықтарынан бас тартқан алғашқы қарсылықтарды қарастырамыз.
Біздің мақсатымыз – Ашура оқиғасының орын алу себептерін анықтау. Өткен бағдарламада Ислам пайғамбарынан (с.ғ.с.) бір рауайят келтірдік. Пайғамбар "Кітап иелері, әсіресе Бани Израиль арасында орын алған бұрмалаушылықтар Ислам үмбеті арасында да қайталанатын болады" деген болатын. Осы хадистің бір бөлігінде айтылғандай, пайғамбар өзінің үмбеті туралы былай деген: "Сіздер исламның тұтқаларын бірінен соң бірін сындырасыздар. Солардың ең маңыздысы – аманатқа қиянат". Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с.): "Менің тұтқалар деп тұрғанымның бірі – Құран, екіншісі – менің жанұям",-деген. Содан соң екі негізгі мәселені көтеріп: "Бұл екі аманатым менің кәусар хауызыма келгенге дейін ешқашан бір-бірінен ажырамайды. Бұл екеуін басып озу немесе олардан ажырап қалу адасуға, құртылуға және жойылуға алып келеді",-деген.

Біздің бұл бағдарламадағы басты мақсатымыз Ашура оқиғасының орын алу себептерін анықтау болғандықтан, мынадай сауал туындайды: Неге пайғамбар көз жұмғаннан біраз уақыт өтпей жатып-ақ бірден ислам үмбетінің жарқын бағыты өзгерді? Бір жағынан Құран біртіндеп амалдар сахнасында өзінің орнынан айрылды, екінші жағынан пайғамбардың жанұясын, яғни Ахл-е бейтті халифат, имамат және велаят айналымынан шығару үшін Алла кітабының айтқаны бізге жеткілікті деген көзқарас шықты (Сахих Бахари, 1-том, 2-22 беттер).
Кейбір үстірт қарайтын сарапшылар "Алла елшісінің(с.ғ.с.) илаһи бұйрықпен өз үмбетіне қалдырған екі аманатына неге мұндай қатынас көрсетілді?" деген тарихи әрі тағдыр айқындайтын сауалға жауап беруде тек пайғамбардың денесін жерге қойып, жерлеуден бас тартқан екі топ – қоныс аударғандар мен ансарлар басшыларының арасында болған дау-дамай мен соған қатысты оқиғаларды баяндаумен шектелді. Басқа бір топ ешбір қисынды нәтиже шығармастан, тек сол бұрмаланған қозғалысты жобалаушылар мен негізін қалаушыларды таныстыруға кіріскен. Басқа бір топ сол заманда орын алған оқиғаларды түсіндірумен шектелді. Ал бұл жағдайда оқиғаларды дұрыс та айқын түсіндіру және қанағаттандырарлық жауап алу үшін сол оқиғалардың орын алуына себеп болған факторларды анықтау керек. Сол кезде барлық оқиғалар мен басты рөл атқарған адамдардың болмысы айқындалып, оқиғалардың кенеттен бір сәтте орын алмағаны, керісінше алдын ала есептелген, мақсаттандырылған әрекет болғаны анықталады.
Діни сипаты бар саяси құрылым құрумен басталған қозғалыс өте ықпалды әрі айбынды Алла елшісінің (с.ғ.с.) болуына байланысты ашық әрекет етуге мұрсат таппады. Бірақ пайғамбардың қайтыс болғаны мәлім болғанда ешқандай қорқынышсыз өздерінің жоспарларын бірінен соң бірін орындап, ақырында тайпалық фанатизмге оранған кеңістікте пайғамбардың тағылымдарына керісінше ислам қоғамының кемелдікке ұмтылған дұрыс қозғалысын бағытынан тайдырып, исламдық-демократиялық басқару жүйесін Умайе әулетінің мұрагерлікке берілетін патшалық үкіметіне айналдырып, ақырында уәһилік жетістіктерді жойып, тарих бойында исламмен жауласу мәдениетінің негізін қалады. Ислам қоғамының кемелдікке ұмтылған қозғалысы Алла елшісі (с.ғ.с.) мен оның мүмін әрі сенімді серіктерінің 23 жыл бойы шарықтаулар мен құлдыраулардан өтіп, талмай талпыныс жасап, ауыртпашылықтарға, сын-қатерлер мен қудалаушылықтарға төзіп, майдандасып жүріп атқарған еңбектерінің нәтижесі еді.
Енді жалпылама сөздерді қойып, дәлелді тарихи дерек келтіру арқылы барлық оқиғаларды сараптауға кірісеміз. Алла тағаладан бізге ақиқатты ашу жолында оң қадам жасауға жәрдем беруін сұраймыз.

Алла елшісі(с.ғ.с.) Меккеде ислам дінін тарату үшін пайғамбарлық миссиясын бастаған кезден бері Құрайш билеушілері мен ақсүйектері екі топқа бөлінді. Абу Сафиан, Абу Джәһл мен Аби Лахаб сияқты топ бар күш-қуатымен саяси сахнаға шығып, пайғамбарға қарсы жауластық шаралар жасады. Олар исламға иман келтірген әлсіз әлеуметтік топ өкілдерін айуандықпен азаптаудан бастап, экономикалық блокада жасау және Хабашеге қоныс аударған мұсылмандар тобын қудалау, Алла елшісіне (с.ғ.с.) террор жасауды жоспарлауға дейін барып, өз дұшпандықтары мен қарсылықтарын жалғастырды. Тіпті пайғамбар Мәдинеге қоныс аударған кезде соғысуларын тоқтатпай, Мекке жаулап алынғанға дейін тізе бүкпеді. Құрайш тайпасының басқа бір тобы жан-жақты талдау жасағаннан кейін діни-саяси ұйым құрып, бір жағынан өздеріне діни сипат беріп, екінші жағынан уақыт өте келе өздерінің саяси мақсаттарын жүзеге асыру керек деп шешті.
Бұл орайда екі жайт көңіл аударуға тұрарлық: біріншіден, бұл ұйым Меккеде Алла елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлық миссиясы басталған шақта құрылды, екіншіден, тура осы адамдар пайғамбар қайтыс болғаннан кейін бірден Бани Саеденің Сақифасына барған. Бұл осы діни-саяси ұйымның мақсатты түрде құрылғанын көрсетеді. Айта кету қажет: Сақифаның серіктері бұл ұйымның ешқандай саяси мақсаты жоқтығын көрсету үшін әрдайым пайғамбардың жанында болған және ислам тарихының барлық шарықтаулары мен құлдырауларында атсалысып, рөл ойнаған. Бірақ Алла елшісі(с.ғ.с.) жас Усаманың қолбасшылығымен әскер жарақтап, Римге соғысуға аттануға бұйрық бергенде осы сахабалардың бір тобы әртүрлі сылтаулар айтып, соның ішінде Усаманың жас болуын сылтауратып, пайғамбарды жалғыз қалдыра алмайтындарын айтып, пайғамбардың бірнеше қайтара бұйырғанына қарамастан, соғысқа барудан бас тартқан. Алла елшісінің (с.ғ.с.) ренжігені соншалықты, оларға лағынет айтып, қарғаған.
Осылайша пайғамбардың әмірлеріне қарсылар пайда болды. Құранның "Ниса" сүресінің 65-аятында: "(Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, сонсоң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды",-делінген.
Бұл аятта көңіл аударуға тұратын өте маңызды жайт мынау: Алла тағала қайшылық кезінде пайғамбардың төрелігі мен бұйрығына бағынбаған, оған тізе бүкпеген адамдардың иманды сезбегеніне серт береді. Басқа бір жайт: Алла елшісінің (с.ғ.с.) төрелігі мен бұйрығынан кейін шынайы мүміндер іс жүзінде ғана емес, тіпті жүрек түбінде де кірбің пен реніш сезімін ұстамауы керек, бар болмысымен пайғамбар төрелігі мен бұйрығына бас июі керек. Алланың бұлайша баса айтуы пайғамбарға бағыну мәдениетінің ислам қоғамындағы адамдардың мінез-құлқы мен іс-қимылдарында қалыптасуын, Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдында абсолютті бағыну рухының жүректерге тереңдей енуін көздегенінен басқа не болуы мүмкін?
Сондықтан пайғамбар сахабаларының қарсылық білдіріп, немқұрайлылық танытуын және Усама әскеріне қосылмауын ештеңемен түсіндіруге болмайды. Оларда пайғамбардың әмірлеріне бағынудан ешбір белгі көрінбеді, бәрінен бұрын хазіреттің талап-тілектерінен бас тарту байқалды. Бұл біртіндеп Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасиеттілігін құрметтемеуге және оның бұйрықтарын ашық түрде бұзуға жағдай жасады. Өкінішке орай, Алла тағала Құранда "Сендерге Пайғамбар не берсе алыңдар да неменеден тыйса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар. Сөзсіз Алла, қатты азап иесі" ("Хашр" сүресі, 7-аят) деген жағдайда ислам үмбетінде осындай қарсылықтар мен бастартушылықтар орын алды.