Шамс пен Моулави (1)
Шамседдин Табризи мен Моулана Джалаледдин Балхиді ұлықтау күніне орай дайындалған бағдарлама
Шамседдин Мұхаммад Малекдад Табризидің білімқұмар жаны ешбір ұстаздың дәрісіне қанағаттана алмаған. Білімге құштарлығы артып, биік дәрежеге жетуді аңсаған. Алланың жердегі орынбасары ретіндегі адамның абыройына сай дәрежеге жеткісі келді. Ол толық адам дәрежесіне жетуді мақсат тұтты. Осы талап-тілегіне жету үшін өмірінің көп жылын сапарда өткізді. Ұдайы сапарда болғандықтан халық оған "Құс Шамс" деп лақап қойған. Ол түні Шамстың мазасы кетіп, жаны байыз таба алмай отырған еді. Мінәжат етіп: "Құдай, өзіңе қалаулы бір адамды көрсетуіңді тілеймін",-деді. Қиял әлемінде Шамс Джалаледдин Мұхаммад Балхиді көрді. Шамс Моулананы іздеп, Рұм жеріне аттанды.
Х.қ.ж.с.б. 642 жылы джамади ул-ахир айының 26 күні Шамс Конияға жеткенде "Ходавандгар" және "Рұм моуланасы" деген атпен танымал Джалаледдин Мұхаммад Балхи 38 жаста еді. Қаланы біраз аралағаннан кейін Шамс базарға барып, "Қант сатушылар" қатарынан бір құжыра алды. Халық оны саудагер деп ойласын деп құжыраның есігіне бірнеше ескі әрі сирек кездесетін құлып салып қойды. Құжыраның ішінде ескі ши төсеніш пен сынық құмырадан басқа ештеңе жоқ еді. Жастығы шикі кірпіш болатын. Бірнеше күн осылай өтті. Ол күнде шәкірттерінің қалың тобымен бірге базардан өтетін Моулана Джалаледдин Мұхаммадты көріп жүрді.
Өмір өзінің барлық жасампаздығына қарамастан, Конияда дағдылы істер мен күнделікті әдеттер аясында тыныш өтіп жатты. Бұл өмір қалыптасқан арнада еш кедергісіз, артық шусыз ағып жатқан өзенге ұқсайтын. Моулана Джалаледдиннің ішкі тартысы да осы күйбең тіршіліктің іш пыстырар ауыр арнасында жоғалып, өтіп жатты. Моулананың жан дүниесінің тұңғиығынан өзімсінген мүфти мен мұғалімнің айқайына қарсы тебіренген ақын дауысы бас көтергісі келетін. Бірақ ол күнделікті күйбең тірліктің ылаңынан шыға алмай, поэтикалық дауысқа құлағын тарс жауып алған еді. Дағдылы өмірге бас иіп, рухани әлем сырларының енуіне жүрек есігін жауып тастап, мектептің айқай-шуына оның ішкі әлемін билеп-төстеуге рұқсат еткен болатын. Ол ұжданындағы тартыстарға қарамай, ғылым, дәріс пен кітаптың суық құрсауында қала берді.
Рухани жетекші болу да оның жанына қозғау сала алмады, жүректен шыққан ән де көкірегінен шықпады. Дәріс пен медресе оны сиқырлап алған сияқты. Бірақ бір күні сиқыр жойылды. Мүфтилер мен факиһтер әлеміне тиесілі тақуалық пен қасиеттілік қиялы оның көз алдынан кетті. Шамс Табриз атты бейтаныс адамның отты көзінен қиялдан көңілі қалған Моулана Джалаледдиннің алдында шынайы әлем жарқ ете қалды. Егде тартқан бұл бейтаныс адам сол күндері Конияға жеткен бір кісі еді. Рұмдық селжұқтардың шуға толы қаласында ешкім оны танымады.
Сол күні Шамс құжырасының алдында отырған. Моулана "Мақта сатушылар" медресесінен шығып, көптеген ғалымдар және шәкірттермен бірге үйіне қайтып келе жатқан. Өз дәрістерінің тыңдармандарға әсер еткені туралы айтылған мақтаулардан басы айналып, жас болса да, айрықша танымалдыққа ие болғанына шын жүректен қуанып келе жатқан еді. Бұдан былай алшақ қалып, сабыр сақтауға шыдамы жетпеген Шамс Моулананың алдынан шықты. Шәкірттердің ешқайсысы тік қарауға батпаған Моулананың өткір көзіне қадала қарады. Шамс мынадай дөрекі әрі сырттай қате көрінетін сұрақ қойды: "Мағына әлемінің көсемі Мұхаммад (с.ғ.с.) артық па, әлде Баязид Бәстами үстем бе". Мұндай сұраққа ренжіген Моулана ашуға толы дауыспен: "Мұхаммад (с.ғ.с.) – пайғамбарлардың көшбасшысы. Баязид Бәстамидің оған қандай қатысы болуы мүмкін?"-деп жауап берді. Бұл сұраққа көңілі толмаған Шамс Алла елшісі мен Баязидтің сөздерін келтіріп, Моуланадан оның сұрағына нақтырақ жауап беруін сұрайды. Моулана біраз ойланып: "Баязид – шыдамдылық құмырасы. Ғайып әлемінен оған бір жұтым беріліп еді, есінен ауып қалды. Мұхаммад (с.ғ.с.) – теңіз. Ғайып әлемінен оған қаншама пиала берілсе де, ақылынан адасқан жоқ",-деді.
Қызық сұрақ-жауап болды. Моулана үшін қиын болған жоқ. Мистиктердің ойлары және сөздерімен аздап таныс әрбір ғалым ол сияқты жауап бере алар еді. Бірақ басты мәселе мынада: бұл сұрақ халық пен базаршылардың алдында қойылды. Бұл топ мұндай сөздермен таныс емес еді. Мұнымен бір мезгілде Шамстың сұрағының мәні оның білімінің тереңдігінен хабар берді.
Моулана бір сәт үнсіз қалып, бейтаныс адамға қарады. Сол бір жылт еткен көзқараста бейтаныстық бірден тұтастыққа айналды. Бір сәт көз жүгірте қарағаннан-ақ олар бір-бірінің жүректерінің түкпіріне жетіп, жүрек тілімен айтылу керектің бәрін айтты. Моулана бұл сұраққа мас болып, дегбірі қашты. Шамс кейін өзі айтқандай Моуланаға ғашықтықтан масаттанып, масайып қалған. Олардың арасында болған қарапайым сұрақ-жауап екеуіне қатты әсер еткен.
Моулана үйіне дейін қалған жолды Шамспен бірге жүріп өтті. Оны өзімен бірге үйге кіргізді. Оған ғайыптан қонақ келген еді. Бұл қонақ оны материалдық дүниенің аяқ-қолды байлайтын тұсауларынан босатты. Шамс келген соң Моулананың өмірі өзгерді. Шамс Моуланаға дәріс, пікірталас пен дүниенің қамынан босап, басқа адамдар сияқты өзін Құдайдың құлы санап, оның үкіміне бас июге үйретті. Шамспен кездесу Моуланаға өзінен босап шығуға батылдық берді. Сырттай қарапайым кездейсоқ оқиға көрінген бұл кездесуден кейін Моулана жаңа өмір бастады. Бұл өмірде тақуа ақын мистик әрі құштар ғашыққа айналды.
Тақуа едім, жыршы қылдың.
Той-томалақ басшысы әрі шарап ішкіш қылдың.
Тәкаппар намазхан едім,
Көшедегі балалардың ойыншығына айналдырдың.
Қалаға жаңа келген бейтаныс Шамспен оқшаулану Моулананың жаңа өмірінің бастамасы болды. Бұл оқшау кездесу тақуалардың да, ғылым мен ой адамдарының да кездесуі болмады. Бұл Моулананы Алла жолында шарықтауына кедергі келтіретін кез келген нәрседен босататын рухани кездесу болды. Моулана Шамспен оңаша кездесуін ешкім бұзбас үшін онымен достығы басталған алғашқы күндерден бастап үйі мен медресені тастап кетті. Өз шәкірті Салахеддин Заркубтың үйіне барды. Ол да Шамспен танысқан сәттен бастап, оған ынтығып қалған еді. Салахеддиннің үйінде кітап пен дәптерге орын болмапты. Ал Моулана оқуға дағдыланған еді. Бірақ Шамспен сұхбатта ол кітап пен дәптерді мүлде ұмытып кеткен екен. Оқшау әңгіме үш айдан астам уақытқа созылды. Бұл арада Моулананың жанұясы рұқсат етілмегендіктен Салахеддиннің үйіне өте сирек қатынайтын.
Моулана әулетінен оның үлкен ұлы Сұлтан Валад әкесіне жақтасып, бұл қарт қонаққа жақсы қарады. Бірақ Моулананың басқа ұлы Алауддин оған күдіктенді. Шамске бір бейтаныс адам ретінде қараған Моулананың шәкірттері оның келгенін жақтырмады. Өйткені Моулана секілді танымал факиһ пен уағызшы бейтаныс қарттың алдында мектеп оқушысы сияқты болып қалды. Бірақ Моулана осы аралықта өз болмысын Шамстың болмысынан тапқандай болды. Күннен күнге оған деген ынтықтығы арта түсті. Оны өзі танитын адамдардың барлығынан артық жақсы көрді. Кітап пен дәптерден тыс оған жаңа таным үйрететін Шамстың ойларын жақсы көрді. Сол үшін өзінің дәрісі, уағызы, орны мен танымалдығын құрбан етті. Шамс Моулана үшін "ғайып" әлеміне апаратын есік болды.
Моулана осы аралықта өз болмысын Шамстың болмысынан тапқандай болды. Оны өзі танитын адамдардың барлығынан артық жақсы көрді. Оның болмысынан жаңа бірдеңе жасауға тырысқан Шамстың жасампаз әрі қуатты тартымдылығын жақсы көрді. Сол үшін бәрін ұмытты. Медреседе, үйде, таныстар пен бейтаныстар алдында оған құрмет пен бедел сыйлаған айбынды ұмытты. Моулана Шамстың шәкіртіне айналып, ешбір күмәнсіз бәрін тастап, адамдармен қатынасын үзіп, Шамстың артынан қаладан қалаға, таудан тауға жүруге дайын болды. Осы аралықта Шамспен сұхбат ол үшін барлық басқа сұхбатты нәрсіз әрі тартымсыз етті. Бөгделердің көзінен таса осы ұзақ оқшау сұхбатта Шамс Моулананың әлемін өзгертті. Шамс оны өзінің әлеміне тартты. Оның әлемі қуаныш пен толғанысқа толы еді. Бұл бейтаныс жолаушының өткен өмірінен ешкім ештеңе білмеді. Оның өткені бір тынымсыз рухтың жолы еді. Бүкіл өмірінде ештеңе оны қуантпаған, бүкіл ғұмырында бір адамға көңіл байламаған. Ойлап қараса, 60 жылдық өмірін сергелдеңде, белгісіздік пен тынышсыздықта өткізген екен.
Бұл тақырыпты келесі бағдарламада жалғастырамыз.