Манучеһр Сотуде – танымал ирантанушы ғалым
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i4369-Манучеһр_Сотуде_танымал_ирантанушы_ғалым
Тарихи географиятанушы, ирантанушы, Теһран универститінің ұстазы, ирандық танымал ғалым Манучеһр Сотуде фарвардин айының 20 күні, милади жыл санағы бойынша сәуір айының сегізі күні Иранның солтүстігіндегі Чалус қаласындағы ауруханада қайтыс болды.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Сәу 13, 2016 13:58 Asia/Almaty
  • Манучеһр Сотуде – танымал ирантанушы ғалым

Тарихи географиятанушы, ирантанушы, Теһран универститінің ұстазы, ирандық танымал ғалым Манучеһр Сотуде фарвардин айының 20 күні, милади жыл санағы бойынша сәуір айының сегізі күні Иранның солтүстігіндегі Чалус қаласындағы ауруханада қайтыс болды.

Ол хижри шамси жыл санағы бойынша 1292 жылы дүниеге келген. Өзінің жүз жылдық жемісті өмірінде шамамен 60 кітап, 300-ге жуық мақала жазды.

Доктор Сотуде - тұңғыш диалект сөздігін жарыққа шығарған алғашқы ирандық. Ата-бабасының жері Мазандеран болғанымен, ол Теһранда дүниеге келіп, сонда өсті. Он жасқа тоған соң әкесінің туған жеріне қайтып оралып, сол жердің тыныштығында зерттеу ісімен айналысуды бастады. Зерттеу жұмыстарына, кітапқа деген құштарлығы оның бойынан оқушылық кезеңнен бастап көрініп, Теһранның Альборз мектебінде оқып жүрген кезінде мектептің кітапханашысы болуына себеп болды. Алғашқы мақаласын 23 жасында «Тарихи-географиялық зерттеулер: Аламут қамалына саяхат» деген тақырыпта жазды. Университетте алдымен парсы әдебиеті мамандығы бойынша оқып, кейін оқуын докторлық кезеңге дейін география мен тарих мамандығы бойынша жалғастырды. Х.ш.ж.с.б. 1330 жылы (1950) Фулбрайт ассоциациясының шақыруымен зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Америкаға барып, бір жылдан соң Американың Географиялық қоғамына мүше болды. Ол содан кейінгі жылдары паһлави тілін үйренуді бастады. Өзінің алғашқы кітабын «Гилаки мәдениеті» деген атаумен, «Ирантану ассоциациясы» сериясымен жарыққа шығарды. Кейінгі жылдары зерттеу мақсатында шетелге бірнеше рет сапарға шығып, Теһран университетінің ассистенті, содан кейін доценті, тарих тобының мүшесі, кейін соңында магистр дәрежесіне жетті. Бұлардың барлығы оның сол жылдары өмірінде орын алған оқиғалар болды.

Марқұм Сотуде сол жылдары Оксфорд университетінде өткен «Тарих және өнер: Иран археологиясы» және Пәкістанда өткен «Әбу Рейхан» атты халықаралық конгрестерде баяндама жасады. Ғылыми зерттеу істері бойынша Қытай мен Орта Азияға сапармен барды. Сотуденің ғылыми зерттеу еңбектері, соның ішінде кітаптары мен мақалалары ғалымның Иран тарихы мен мәдениетіне деген үлкен ықыласын көрсетеді. Ол кісінің «Керман мәдениеті», «Исфаһанның географиясы», «Альборз тау сілемдеріндегі исмаилит қамалдары», «Гилан тарихы мен Дилмастан» және «Астарадан Астарабадқа дейін» деген кітаптары Гилан, Мазендеран мен Голестанның тарихи ескерткіштері мен ғимараттарын қамтыды. Бұлардың әрқайсы 80 беттен тұрады. Ұстаз Сотуденің келесі шығармаларының қатарына «Найинилердің тарихы», «Бадахшан тарихы», «Парсы шығанағындағы порттар мен аралдар», «Шамиранның тарихи географиясы» жатады. 

Манучеһр Сотуде зерттеулері мен еңбектерін тек бұрынғы буынның кітаптары мен мақалаларын оқу арқылы ғана емес, сонымен қатар өзінің көріп, байқағандары мен түйгендері негізінде жазған ирантанушылардың соңғы буынының өкілі болды. Сотуденің 1953 жылы «Гилаки мәдениеті» деген тақырыптағы ұстаз Пурдавуд оған алғысөз жазған алғашқы еңбегі Гилан облысының орталығы Рашт қаласындағы ол кісінің мұғалімдік қызметінің, көшелер мен базарларда жүріп, гилаки мәдениетін сол жердің адамдарынан, көріп, көңіліне тоқыған кезеңінің жемісі болды. Ол содан кейін осы тәсілді барлық еңбектерінде басты бағдар етіп ұстанып, соңғы еңбектеріне дейін осы тәсілге табанды болды.

Ұлы тұлғаның бойынан алғашқы жылдардан, ол жалаңаяқ күйде Теһраннан Аламутке шыққан кезден бастап көрінген осы құштарлық пен исмаилиттердің қамалына деген қызығушылық оны Аламут қамалының биіктіктеріне жеткізіп, байқағандары мен түйгендері негізінде зерттеу еңбектерін жазуға жетеледі. Дәл сол кезде Теһран университетіндегі ұстазы Бади аз-Заман Форузанфар Сотуденің зертеулерін тарихи және тарихи-географиялық аспектілерге ие болғанына қарамастан, диплом жұмысы ретінде қабылдады. Осындай бақытты оқиға Сотудені ынталандырып, құлшынысын арттырып, тарихи-географияны зерттеуді өзінің күн тәртібіне қоюына себеп болды.

Осы атақты ирантанушы және географ жас кезінде Теһраннан Ардабилге дейінгі жолды 17 күн ішінде жаяу жүріп өтіп, көптеген қамалдар мен тауларды, далаларды басып өтіп, тәжірибелерінің нәтижесінде «Астарадан Астарабадқа дейін» деген 10 томдық еңбегін жазды. Доктор Сотуде сонымен қатар елдің солтүстік аймағында көптеген алаңдық зерттеулер жасады. Қырық жылға жуық уақыт ішінде бұл аймақтың барлығын көріп, сол жерлердің тарихи ескерткіштерін қағазға тіркеді. Ирадж Афшар ұстазбен танысқаннан кейін Сотуденің осы іске деген құштарлығы арта түсті. Бұл екі үлкен ирантанушы Иранда жаяу бармаған жер қалған жоқ деген уәж айтуға болады. Ғалым сол сапарлар мен ұзақ жолдарда мыңдаған сурет түсіріп, тарихи және табиғи ескерткіштерді аралап, нәтижелерін кітаптарында жазып, келесі ұрпаққа қалдырды. Кейде сол сапарлардың қиындықтарын айтып, өзінің тау-тастардың бетіндегі тарихи жазбаларды оқып жатқан кезде құлағанын немесе шалғай мекенге естеліктерді қайтадан жазу үшін қайтадан барғанын әңгімелейтін...

Ұстаз Сотуде берген сұхбаттарының бірінде «Арабтар география ғылымына көңіл аударудан көп уақыт бұрын біздің Иранда тарихи география үшінші ғасырдың басынан, оныншы ғасырға дейін (милади жыл санағы бойынша тоғызыншы ғасырдан он алтыншы ғасырға дейін) болды. Өзгертілмеген, нақты да анық география. Қамари жыл санағы бойынша төртінші, бесінші ғасырларға тиесілі «Ахсан ат-тақсим фи маарефе ал-Еқалим» атты кітапты оқыған кезде бүгінгі география идеясы сол кезде кітаптың авторы Ахмад Шамсаддин ал-Моғаддасидің ойында болғанын көреміз. Ол осы кітапта тіпті әртүрлі жерлердегі өлшем бірліктерін, қашықтықтарды, әрбір аймаққа тән әдет-ғұрыптарды сипаттаған. Қызық жайт, ол география саласында қазір дұрыс ой саналатынның барлығы сол кезде осы кітаптың жазушысының ойында болған» деді.

Сотуде марқұм сол сұхбатының келесі бір бөлімінде «Сол кезде Иран география ғылымы бойынша қатты дамыды, бірақ әртүрлі тайпалар Иранға шабуыл жасаған кезден бастап географияға көңіл аударылмады. Еуропалықтар біз туралы айтқанша күтіп жүрдік» деді. Ол өзінің жүзжылдық мерейтойы рәсімінде жылдар бойғы жұмысы мен қызметі жайлы былай деген болатын: «Құдайдың бізге берген өмірі бізді осы сағаттардың иесі етті. Соны пайдалана білуіміз керек. Өз өміріміздің әрбір минуты мен сағаттарын пайдалы істерге жұмсауымыз керек. Бір жерге жету үшін уақытты босқа өлтірмейік. Осы минуттар адамның өзі үшін де, басқалар үшін де пайдалы болуы керек. Өмір – Құдайдың бізге сыйлаған нығметі. Осы нығметті көңіл көтеру және сауық-сайран салумен өткізуге болмайды. Біреу өмірін ойын-сауықпен өткізеді, енді біреу құнды «Ахсан ал-тақсим» кітабын жазуға арнайды. Бұл сөздерді айтудағы мақсатым, менің тәсілімді жалғастырып, өздерінің өмірлерінің минуттары мен сағаттарын пайдалану үшін ханымдар мен мырзаларды ынталандыру болды».

Ол кісіні таныған адамдардың айтуы бойынша, Сотуде тіпті өз өмірінің бір минутын да бос өткізбеген. Жасының келуіне байланысты жүруден қалып, сапарға шығу мүмкіндігінен айрылған соңғы жылдары аспандағы бұлттарды суретке түсіріп, солардың арасынан байланыс табу оның ермегіне айналған...

Бүгін үлкен өкінішпен еңбектерінің әрбір парағы өзінің көзімен көріп, ашқан жаңалықтарының нәтижесі болып табылатын ирантанушыдан айрылғанымызды, өзінің ұзақ ғұмырының соңғы айларына дейін жазу мен оқудан қол үзбеген, ешқашан өмірдің қызықтарына алданбаған адамның жоқ екендігін айтуымыз керек.

Ұстаз Сотуде өмірінде өсімдік майын тағамға пайдаланбағанын, тез дайындалатын тағамдарды аузына алмағанын, ата-бабасы сынды ауылшаруашылығымен айналысып, тұрғылықты жерінің Чалус пен Гачсар арасындағы жайлау мен қыстау болғанын мақтанышпен айтатын.

Үлкен ғалымның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!