Шамс пен Моулави (2)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i43737-Шамс_пен_Моулави_(2)
Өткен бағдарламада Шамс Табризидің Моулана Джалаледдин Балхимен кездесіп, танысқаны және сол кездесуден кейін Моулавидің қайта жанданғаны жайлы сөз қозғадық.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қаз 06, 2019 20:35 Asia/Almaty
  • Шамс пен Моулави (2)

Өткен бағдарламада Шамс Табризидің Моулана Джалаледдин Балхимен кездесіп, танысқаны және сол кездесуден кейін Моулавидің қайта жанданғаны жайлы сөз қозғадық.

Шамс Табризден Кония сапары барысында көптеген қаладан өтіп, әртүрлі елді мекенге тоқтап, өз заманындағы танымал тұлғаларды кездестірген. Бірақ тек Конияда Рұмға қоныс аударған хорасандық уағызшы әрі мүфти Моулана Джалаледдин Мұхаммадпен  сөйлескеннен кейін ғана жаны жай тапқан. Моулави Шамстың жағдайын жақсы сезіп, оның ішкі дертін түсініп, онымен ортақ пайымға келген. Моулана осы аралықта өзін Шамстың мектебіне келген жаңа шәкірттей сезінген. Оның рұқсатынсыз ештеңе істемейтін. Шамс Моулананы танымалдықтан туындаған тәкаппарлық негізінде қалыптасқан тар дүниенің құрсауынан босатуды қалады. Шамс Моуланаға бостандыққа кедергі болатын дәріс пен уағызға тыйым салып қана қойған жоқ, оның жүрегі мен рухани әлеміне көңіл аударудан алшақтататын кітаптарды оқуға да тыйым салды.

Шамс Моуланадан "сама" биін билеуді сұрады. Оның пайымдауынша, адам музыка арқылы өз жүрегі және құштарлық пен тебіреніске толы рухани әлеммен байланыс орнатады. Шамспен сұхбаттасқаннан кейін Моулана үшін дәріс алу мен сабақ берудің еш қызығы қалмады. Тіпті кітап оқудан ләззат ала алмады. Қарт Салахеддин мен жас Хисамеддиннен басқа ешкімге көруге рұқсат етілмеген осы оқшау рухани кездесуде кейде сыбызғының сарынын тыңдап,  музыкалық аспап робабтың дыбысына елтіп отыратын. Шамс Моуланамен ғибадат аясына сыймайтын нәрселер туралы сөз қозғайтын. Онымен ишарат тілімен сөйлесетін. Тіл айтып жеткізе алмайтын нәрселерді Моуланаға көзімен жеткізетін. Сұхбат аясына сыймайтын нәрселерді "сама" биімен байқататын.    

Моулана осы рухани оқшаулықта ұзақ уақыт бойы Шамстың даусына құлақ түріп отырған. Келе келе Моулана үшін барлық нәрсе Шамстың дауысында, көзқарасында, оның көңіл-күйі мен толғаныс-тебіреністерінде мән-мағынаға ие болды. Моулана үшін Шамстың даусы барлық нәрседен басым еді. Оның өзі де Шамстың дауысында жоғалып кетті.  

Осылай үш айдан артық уақыт өтті. Моулана бұл рухани оқшаулықтан шыққанда бірнеше ай бұрын "Мақта сатушылар" медресесінен үйіне бара жатқан Моуланаға мүлде ұқсамады. Ол Шамспен кездесіп, сұхбаттасқаннан кейін қайта тірілді. Осы ұзақ оқшаулану ұйқы мен тамақтан аспаған бір қарапайым адамнан ғайым әлеміне аяқ басқан тұлға тудырды.

Моулана осы ұзақ оқшаулықтан кейін шәкірттеріне қайтып оралды. Шәкірттері оны тағатсыздана күтіп жүрген еді. Оқшаулық кезеңі аяқталса да, Моулана уақытының басым бөлігін Шамспен сұхбаттасумен өткізіп жүрді. Моулана қайта сабақ бермеді, шәкірттері оның сұхбаттарын ести алмады.  Моулананың жиындары тоқтатылып, Шамстың жиындары басталды. Оның мақалалары осы жиындарда жазылды. Моулана жиындарға қатысып, Шамстың сұхбаттарын зор ынтамен үнсіз тыңдап отырған. Моулананың бұйрығымен бұл сұхбаттарды қызығушылар жазып алған. Моулана үнсіздік танытып, ешқашан өзі сияқты сөзге шешен болмаған Шамсты өз орнына сөйлетті. Шамс өткір, дөрекі әрі бүкпесіз сөйлейтін. Оның сөздерінен өктемдік пен асқақтық қатты байқалды. Моулананың шәкірттеріне мұндайға төзу қиын болды. Бірақ Моулананың үнсіз бас июі шәкірттердің Шамсты құрметтеп, үнсіз тыңдауына себеп болды. Моулананың шәкірттерінің көбі Шамсты жақтырмай, оған ашулы еді. Бейтаныс адамның өздері мен Моулана арасына алшақтық түсіргені үшін оны ұнатпай, өлтіреміз деп қоқан-лоққы жасаған.

Қоқан-лоққылар мен жауластықтар ақырында Шамстың 643 жылдың шаууал айының 21 жұлдызында Моуланаға айтпай, кенет Кониядан кетіп, жоғалуына себеп болды.  Шамс Кониядан белгісіз жақты бетке алып кеткен. Бұл хабар Моулананың достары үшін жаман түс пен қиыншылықтан арылу дегенді білдірді. Сол түс оларды 14 ай бойы азапқа салған. Ол шәкірттерді сүйікті ұстаздан айырды. Олар Моулана уағыз айтып, дәріс беруге қайта оралады деп үміттенді. Бірақ олардың ойлағанына керісінше, Шамтың жоғалып кетуі Моулана үшін тосын қайғы болды. Моулана жап-жарық әлемде бір сәтте күнін жоғалтқан адамның күйін кешті. Шамстан жырақта болуға төзу ол үшін қиынның қиыны еді. Моулананың осы оқиғаға білдірген алғашқы реакциясы реніш пен ашуға ұласқан үнсіздігі болды.

Шамс Кониядан жоғалып кеткен күннен бастап Моулана шәкірттерімен сөйлесуден қалды, сыртқы дүниемен қатынасын мүлде үзді. Бұл оқиғадан кейін Моулана тыныштықтан айырылды. Сол күндері шәкірттер Моулананың үйінің алдында сабақ болар деп сағаттап күткен екен. Бірақ үйдің есігі ешкімге ашылмады. Олар Моулананың қайғысын көрген кезде Шамсқа жасаған нәрселеріне өкінді. Ұстаздарына хат жазып, өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Олар Шамстың қайтып оралуын тілеп, оны іздеуге дайындалды. Моулана оларды кешірді, бірақ оқшаулықтан шықпады, өз үйінің есігін ешкімге ашпады. Күндер мен апталар өтті, бірақ оның көңіл-күйінен үнсіздік пен қайғыдан басқа ештеңе байқалмады. Оның көңілін тыныштандыру үшін жоғалғанын тездетіп тауып беру керек екені айқын еді. Бірақ Шамстан еш белгі болмады. Шамс ізім-ғайым жоғалды.  

Ақырында Шамстан "Моулана білсін: бұл пенде  дұға оқумен шұғылданып, ешбір тірі жанмен сөйлеспейді" деген қысқа хат келді. Дамасктік бір жолаушы бұл хатты Моуланаға жеткізген. Шамс бұл хатта астыртын түрде Моулананы шәкірттермен сөйлесуден тыйған. Моулана Дамаскке барып, Шамспен кездескісі келді. Бірақ алшақтықтың салдарынан әлсіреп, сапарға шығуға шамасы болмады. Шамсқа үсті-үстіне өлеңмен бірнеше хат жіберді. Ақыры хаттардың жауабын күтпестен, Сұлтан Вәләдті Дамаскке жіберіп, оған Шамсты кішіпейілдік және әдеппен Конияға келуге шақыруды тапсырды. Содан соң Шамсқа өлеңмен қысқа хат жазып, Сұлтан Вәләдтің қолына ұстатты.

Сұлтан Вәләд әкесінің 20 шәкіртімен бірге Дамаскке аттанды. Ол ұзақ та машақатқа толы сапарды бастан өткеріп, Дамаскке жеткен кезде қолында бар белгілермен әкесінің жоғалтқан адамын тапты. Сұлтан Вәләд болған оқиғаға кешірім сұрап, Моулананың ынтасы мен құштарлығы жазылған хатты Шамсқа жеткізіп, одан Конияға қайтуды сұрады. Шамс шақыруды қабылдап, олармен бірге Конияға аттанды. Бұл сапар бір айға созылды, бұл аралықта Моулана кездесуді сабырсыздана күтіп жүрді.  

Конияда Шамсты ерекше салтанатпен қарсы алды. Моулананың таңдаулы шәкірттерінен басқа сопылар мен қаланың белді адамдары Кония қақпасының сыртында оны қарсы алды. Сұлтан Вәләдтің өкілі Шамстың келгенін Моуланаға хабарлады.

Шамс Моулананың үйіне келді. Моулана оны құшақтаған кезде өз жанының оның жанынан ажырағысыз екенін сезді. Моулана қайта түлеп, қуанып, шәкірттерінің арасына оралды. Моулана біртіндеп Шамспен біртұтас екенін ұқты. Осы күндері Моулананың асыранды қызы Кимия хатунға Шамстың көңілі ауады. Сол қызға үйленуге шешім қабылдайды. Моулана өз үйінің кіреберісі саналатын өз медресесінің бірнеше құжырасын Шамс пен оның жас қалыңдығына берді. Бірақ отбасылық бақыт ұзаққа бармады. Кимия хатун ауырып, үш күннен кейін кенет қаза тапты. Қатты қайғырған Шамс тыныштықтан айырылды. Кимия қаза болғаннан бір аптадан кейін Шамс Моуланаға ескертпестен түнде Кониядан кетіп қалды. Содан кейін одан ешкім хабар ала алмады. "Шамстың" Кониядағы құзыры тек екі жылға созылды. Бірақ оның естелігі Моулананың еңбектерінде мәңгіге сақталып қалды.

Моулана күн сайынғы әдетімен таңертең Шамспен кездесу үшін оның бөлмесіне барғанда одан еш белгі байқамады. Шамс қайта жоғалып кеткен екен. Бұл Моуланаға қатты тиді. Ол бір бұрышқа отырып, қайғырып: "Тағы біздің жанымыз оның мейірімді иісінен мақұрым қалды!"-деген.

Бұл жолы Шамға өзі аттанды. Шамстың иісі Дамасктің есіктері мен қабырғаларынан сезіліп тұрды. Бірақ одан еш белгі болмады. Конияға қайтып оралды. Моулана Шамсты ұзақ іздеп, еш жерден таппаған соң ақырында оны өзі қалай түйсінсе, солай қабылдады. Ол өзін жоғалғаны өз ішінде өмір сүріп жатқанға, оның белгісін басқадан босқа іздеп жүргенге сендірді. Осы сезім оған тыныштық сыйлады.