Имам Садықтың (ғ.с.) көзқарасындағы бірлікке жеткізетін жолдар
(last modified Sat, 16 Nov 2019 05:59:07 GMT )
Қар 16, 2019 11:59 Asia/Almaty
  • Имам Садықтың (ғ.с.) көзқарасындағы бірлікке жеткізетін жолдар

Раби ал-аууал айының 17-ші жұлдызы – Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад Мұстафаның (с.ғ.с.) туған күнімен тұспа-тұс Алла елшісінің пәк ұрпақтарының бірі имам Джафар бен Садықтың (ғ.с.) туған күні.

Бүгін раби ал-аууал айының 17-ші жұлдызы (15 қараша) – Алланың соңғы елшісі хазірет Мұхаммад Мұстафаның (с.ғ.с.) туған күні. Сондай-ақ бүгін «имам Садық» деп танымал болған шиіттердің алтыншы имамы хазірет Джафар бен Мұхаммадтың (ғ.с.) да туған күні.

Имам Садықтың (ғ.с.) имаматы 34 жылға созылды. Имам атасы Исламның ұлық пайғамбарының дінін жандандырып, илаһи жолдауды жеткізіп, халықты дұрыс жолға нұсқау үшін көп талпыныс жасады. Имам Садық (ғ.с.) пәк әкелері мен аталары сияқты Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сүйеніп, мұсылмандардың бірлігін өзінің ең маңызды міндеттерінің бірі санады. Өйткені Исламның басты мақсаты біртұтас, мықты үмбет құрып, оның бейбітшілігін, достығы және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.

Исламдық бірлік діни тағылымдарға негізделгендіктен белгілі бір уақытпен шектелмейді. Барлық мұсылмандар тауһид, қиямет және набоватқа бірдей иман келтіреді. Намаз, ораза, қажылық, зекет, жиһад және басқа діни ғибадаттар да олардың ортақ амалдары болып табылады. Сондықтан олар шетелдік және ішкі дұшпандарға, бұзақыларға, тәкфіршілер мен лаңкестерге қарсы біртұтас үмбет құрып, қарсы тұра алады.

Үмбеттің бірлігі мен тұтастығына тек бірыңғай негіздер мен қағидалар арқылы жетуге болады.   Исламдық барлық мазхабтар арасында ақыл мен қисынға сай бірлікке жетуге көмектесетін бірінші негіз – Құран. Алла Тағала «Әл-Имран» сүресінің 103-ші аятында Құранды жол көрсетуші деп таныстырып, бір-бірінен бөлінудің алдын алу үшін мұсылмандарды осы қасиетті кітапқа жүгінуге шақырады: "Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер". Имам Садық (ғ.с.) Алла елшісі мен басқа илаһи әулилерді үлгі тұтып, мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығын нығайтып, қайшылықтардан алыстау үшін халықты Құран тағылымдарына бағынуға шақырды. Алла Тағала Құран Кәрімде Алла елшісін мадақтап, "Ахзаб" сүресінің 21-ші аятында хазіретті кемел үлгі ретінде таныстырып: " Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар", деді.  Сондықтан Құраннан кейін Исламның ұлық пайғамбарының сүннеті ислам мазхабтары арасындағы бірлік үшін маңызды факторлардың бірі саналады.  Барлық мұсылмандар өздерін хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) сүннетіне табанды санап, ой-пікірлері мен әртүрлі мәселелерде хазіреттің сүннетіне сүйенеді. Имам Садық (ғ.с.)  Джафари мазхабының басшысы ретінде мұсылмандарды Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті бойынша ғамал етуге шақырды. Имам  Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзіне сілтеме жасап: "Үмбеттің арасында қайшылық туған кезде хазіреттің сүннетіне сүйенсе, жүз шәһидтің сауабына ие болады",- деді. 
Діни ортақ негіздер мен тағылымдар – бірлікке жеткізетін келесі фактор. Бұл факторларға Аллаға иман келтіру – тоуһид, пайғамбарлардың ресалатына иман келтіру – набоват, қиямет пен уәһидің жіберілуіне сенім арту жатады. Негізінде, тоуһид, набоват пен қиямет – бүкіл илаһи діндердің ортақ тұсы. Намаз, ораза, қажылық, зекет, жиһад, жақсылыққа жігерлендіру мен жаманддықтан жирендіру – Ислам дінінің қажеттіліктері. Ортақ тұстармен бірге кейбір ұсақ мәселелерде ғана ислам мазхабтары ғұламаларының арасынан қайшылық байқалады. Дәл осы мәселені кейбіреулер үлкейтіп көрсетіп, мұсылмандардың арасына жік салуға әрекет жасауда. Ислам дұшпандары бұл қайшылықтарды зорайтуға күш салуда. Бүгінде уаһабшылар басқа мұсылмандарды Ислам дінінен шыққандар санап, дәл осы сылтаумен ДАИШ лаңкестері күпірлік пен иманның шекарасын дұрыс түсінбей, мұсылмандарды оңай өлтіріп, бұл қылмысты рұқсат етілген деп көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, иман мен мұсылман болудың мизаны – Алла мен қияметке иман келтіру, сондай-ақ намаз, ораза, қажылық, зекет пен жиһад сынды амалдарды орындауда. Ешбір мұсылманның діни бауырын күпірлікпен айыптауға, оны сылтауратып, соғыс пен жанжалға жол ашуға құқығы жоқ. Имам Садық (ғ.с.) "Мұсылманды  күпір атаған адам Алланың рақымынан алыстайды. Бұл істі жасаған адам оны өлтіргенімен бірдей",- деген болатын.  

Бірлікке жеткізетін өте жақсы жолдардың бірі жамағат намазы мен жұма намазы, сондай-ақ қажылық рәсімдері сынды діни және саяси жиындарға қатысу саналады. Исламның ұлық пайғамбары  жамағат намазының маңызы туралы: "Жебірейілдің маған жамағат намазы туралы насихат айтқаны сондай, мен намазды жамағатсыз оқудың дұрыс және қабылданатынына күдіктендім",- деген болатын. Хазірет сондай-ақ мешітте жиналып, жамағат намазын оқу жөнінде: "Шайтан – адам үшін қасқыр. Ол саяқ қалған қойға шабуыл жасайтын қасқыр сынды. Сондықтан абай болыңдар! Мешіттегі халық пен мұсылман жамағатымен бірге болыңдар",- деп ескерту жасаған.

Имам Садық (ғ.с.) өз жақтастарына бірлікті сақтау үшін сүннит мұсылмандарының жамағат намазына қатысуға кеңес беріп: "Олармен бірінші қатарға тұрып намаз оқыған адам Алла елшісінің жамағат намазының бірінші қаатрында тұрып намаз оқыған адамдай",- деді. Имам Садықтың (ғ.с.) жақтастарының бірі: «Жамағат намазымыздың имамы біздің мазхабымыздың қарсыластарының бірі. Ол шиіттерге дұшпандық білдіреді. Біз онымен қалай қатынас орнатумыз керек?»- деп сұраған кезде имам: «Оның сөзін көңілдеріңе алмаңдар.  Алламен ант етемін, егер сен шыншыл болсаң, мешіт одан гөрі саған лайық. Сондықтан мешітке бірінші еніп, одан ең соңғы шығатын адам бол. Оған жақсылық жасап, мейіріммен сөйлес»,- деді. Келесі бір рауаятта имам Садыққа (ғ.с.): «Мазхабқа қарсы адаммен үйлену немесе онының артында тұрып жамағат намазын оқу дұрыс па?»- деген сұрақ қойған кезде: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) сендер қабылдамайтын адамдарға үйленіп, имам Әлидің (ғ.с.) халифалардың артынан намаз оқығанын ұмытпаңдар»,- деп жауап берген. Бұл рауаяттар имам Садықтың (ғ.с.) басқа пәк имамдар сынды сүннит жамағатымен намаз оқығанын көрсетеді. Олар бұл ғамалды қорыққаннан немесе саяси жағдайға байланысты емес, мұсылмандардың бірлігі мен тұтастығы үшін орындады.

Имам Садық (ғ.с.) өмірі бойы әртүрлі діни тағылымдарды түсіндіріп, мұсылмандарды адасу жолына түсуден құтқаруға талпынды. Қазіргі уақытта имам Садықтың (ғ.с.) ғылым мен білімінің қазыналары  Ислам үмбетінің ықтиярында.  Олар ислам үмбетінің көптеген проблемаларын шешіп, үмбеттің бірлігі мен тұтастығы алдындағы кедергілерді жоя алады. Имам Садық (ғ.с.): «Бізді танитын әрбір мұсылман тәулік бойғы өзінің ісі мен ғамалдарының есебін жүргізуі керек. Егер жақсылықтарын көрсе, сауабы артады. Егер жамандық жасағанын көрсе, кешірім сұрайды»,- деді.