Трамптың Құдс жөніндегі шешімінен екі жылдан кейінгі Палестина-Израиль шиеленісі
АҚШ Президенті Дональд Трамп 2017 жылдың 6 желтоқсанындағы заңсыз шешімінде Құдсты сионистік режимнің жаңа астанасы ретінде таныстырып, АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Құдсқа ауыстыратынын жариялады. Бұл шешімі 2018 жылдың мамыр айында іске асырылды. Бүгін АҚШ Президентінің заңсыз шешімінен екі жыл өткеннен кейінгі Палестина-Израиль шиеленісіне тоқталамыз.
Трамп үкіметінің заңсыз шешімдері мен саясаттары жалғасып жатыр.
Трамп үкіметінің Палестинаға қарсы заңсыз шешімдері мен саясаттары, сондай-ақ сионистік режимді қолдауы 2017 жылдың 6 желтоқсан күнгі шешімінен кейін де жалғасты.
Трамп үкіметі бірінші әрекетінде палестиналықтарға қаржы саласында қысым көрсетуге талпынды. АҚШ үкіметі 2018 жылдың тамыз айында Палестинаға бөлетін 200 миллион долларлық көмегін тоқтатты. Бұл қаржы көмегі Йордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторындағы құрылыс жобалары мен аймақтағы кедейшілік мәселесін шешуге жұмсалатын. Алайда АҚШ үкіметі "бұл көмектер ХАМАС-тың Газадағы билігіне жұмсалады" деген уәж айтты. 2018 жылдың тамыз айының соңында АҚШ БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмысты ұйымдастыру жөніндегі таяушығыстық агенттігі UNRWA-ға 360 миллион долларлық қаржы көмегін де төлемейтін болды. Сондай-ақ, 2018 жылдың қыркүйек айында Құдстағы 6 ауруханаға жіберіп тұратын 25 миллион долларлық көмекті де тоқтатты.
Трамп үкіметі 2018 жылдың желтоқсан айындағы келесі қадамында Палестинаны азат ету ұйымының өкілі Хоссам Замалат пен оның отбасының АҚШ-та тұратын визасының күшін жойып, оның банктік есеп-шоттарын жауып тастады. Сонымен бірге АҚШ-тың Палестинаға қарсы "Ғасыр мәмілесі" жобасы түрінде бекітілген заңсыз шешімдерінің басқа бөлімдері 2019 жылы ақпарат құралдарында жарық көрді. Бірақ Израиль режимінің кабинетін құру үдерісінің саяси тығырыққа тірелуі бұл шешімдердің іске асырылуына бөгет болды. "Ғасыр мәмілесі" жобасы негіздері бойынша Йордан өзенінің батыс жағалауындағы қайшылық тудырып отырған қалашықтар Израильге тапсырылып, палестиналықтар толық қарусыздануға міндетті. АҚШ үкіметі палестиналық топтар толық қарусызданып, Палестина полициясы тек жеңіл қаруға ғана ие болуы керек деп санайды. Палестинаны қорғаныс және әскери әлеуеттен айыру – Израильдің жарияланбаған ең маңызды мақсаттарының бірі. Ақпарат құралдары бұл шешімдерді жариялаған соң Палестинаның Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде: "Ғасыр мәмілесі" деп аталған АҚШ Президентінің жобасы басып алынған Палестинада апартеид жүйесін заңдастыру бағытында жасалған талпыныс",- деп мәлімдеді.
АҚШ-тың 2019 жылы Палестинаға қарсы және Израильді қолдаудағы ең маңызды әрекеттерінің бірі қалашық құрылыстарын ресми қабылдауы болды. 2019 жылдың 18 қарашасында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео өз елі үкіметінің заңсыз шешімі жөнінде: "Сионистік режимнің басып алынған Палестина жерлеріндегі қалашықтар құрылысы толығымен заңды",- деді. Бұл сөздер 2016 жылдың желтоқсан айында Қауіпсіздік кеңесі №2334 қарарында қалашықтар құрылысын заңсыз жариялап, тоқтатуды талап еткен жағдайда айтылды.
Израиль АҚШ үкіметінің қолдауын пайдаланып, Палестинаға қарсы қылмыстарын жалғастырып жатыр
Сионистік режим АҚШ үкіметінің заңсыз қолдауын пайдаланып, палестиналықтарға қарсы қылмыстарын күшейтті. Бұл салада сионистік режим 2018 жылдың қараша айында 4 күндік, 2019 жылдың мамыр айында 2 күндік соғысты палестиналықтарға таңды. 2019 жылдың мамыр айындағы 2 күндік соғыс салдарынан 25 палестиналық шәһид болып, 154 адам жарақат алды. Бүгінде сионистік режим палестиналық қолбасшыларға қастандықтарын қайталады. Израиль режимі 12 қарашада таңертең Газа секторына қарсы мақсатты әрекетінде Палестинаның Исламдық джиһад қолбасшыларының бірі Баха Абу әл-Атаны өлтірді. Израиль режимінің премьер-министрі Бениямин Нетаньяху ұйымдастырылған қылмыстан кейін: "Осыдан 10 күн бұрын Израиль кабинетінің барлық мүшесі Абу әл-Атаны өлтіруге келісті",- деді. Негізінде сионистік режим өз сәтсіздіктерінің орнын толтыру үшін палестиналық басшылар мен қолбасшыларға қарсы лаңкестік әрекеттерге барады.
2018 жылдың тамыз айында "Haaretz" газеті: "Израиль Газа секторына қарсы әскери әрекет жасаудың орнына басшыларын өлтіру саясатын ұстанбақ. Израиль армиясы мен қауіпсіздік ұйымы ШАБАК жеке түрде Газа секторына қарсы әскери әрекеттен гөрі қарсыласу ағымы басшыларын өлтіру саясатын ұстануды қолдайтындарын жариялаған соң бұл саясатты іске асыратын жағдай қалыптасты. Сионистік режим соғыс пен лаңкестік әрекеттерімен бірге қалашықтар құрылысы, палестиналықтардың үйлерін қирату, әл-Ақса мешітіне шабуыл жасау, Газа секторын жан-жақты қоршауға алу мен палестиналықтарға, әсіресе тұтқындар мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық жасап жатыр. Палестиналық тұтқындар базасы 20 қараша күнгі Халықаралық балалар күніне байланысты: "Сионистік режим 2019 жылдың басынан қазан айының соңына дейін 745 палестиналық баланы тұтқындады",- деп мәлімдеме жасады.
Палестина топтары мен халқының қарсыласуы жалғасуда
Трамп үкіметінің сионистік режимге көрсетіп отырған әшкере және заңсыз қолдаулары мен бұл режимнің палестиналықтарға қарсы қылмыстарының жалғасуы мен күшеюі Палестина халқы мен топтарының әлсіреуіне емес, қарсыласу стратегиясының күшеюіне себеп болды. Палестинаның қарсыласу топтары 2019 жылдың мамыр айындағы 2 күндік соғыста Газа секторынан басып алынған аймақтарға қарай шамамен 700 зымыран атты. Сол шабуылдарда 4 израильдік өліп, 140-тан астамы жарақат алды.
2019 жылдың қараша айында Баха Абу әл-Атаны өлтіргеннен кейін Израиль режимі бірінші рет бүкіл мектептер мен қоғамдық жерлерінің жұмысын тоқтатты.
АҚШ үкіметінің Палестинаға қарсы шешімдеріне наразылық білдіру мақсатында 2018 жылдың наурыз айынан басталған "Оралу құқығы" шерулері 2019 жылы да жалғасты. Израильдік әскерилер әр жұма сайын "Оралу құқығы" шеруіне қатысушыларға шабуыл жасап келеді. Осы шерулердің ағымында 330-дан астам палестиналық қаза болып, шамамен 18000 жарақат алды. Расында "Оралу құқығы" шерулері Палестина халқының Израильмен қарсыласу факторы және Израиаль қылмыстарымен күресетін жалғыз жолдың қарсыласу екенін қуаттауы болды.
Қорыта айтқанда, АҚШ үкіметінің сионистік режимді қолдауы әшкере әрі арта түскенімен бұл режим бүгінде әлсіреп, өткен алты айда екі парламенттік сайлау өткізгенімен Министрлер кабинетін құра алмай, дәрменсіздігін көрсетті. АҚШ-тың қолдауына ие бола тұра Израильдің премьер-министрі болған Нетаньяху кабинет құра алмай, саяси карьерасының соңына таяп қалды. Ол тіпті сыбайластық жемқорлықпен айыпталуына байланысты абақтыға түсуге шақ қалды.