АҚШ – кемсітушіліктер империясы (7)
Полицияның мұсылман азшылыққа қарсы қатігездіктерінің дәлелдері (2-бөлім) «АҚШ – кемсітушіліктер империясы» атты 11 бөлімдік бағдарламада АҚШ қоғамында полицияның азшылық топтарға қатігездігі туралы зерттеуімізді ұсынамыз.
Бүгінгі бағдарламада АҚШ‑та исламофобия үдерісінің күшеюі және полицияның мұсылман азшылықтарға қатысты қатігездігін түрлі қырлардан талқылап баяндаймыз.
АҚШ полициясының осы елдегі мұсылман азшылықтарға қарсы қатігездігінің күн сайын артуы Адам құқығын бақылау ұйымын 2014 жылы АҚШ‑тағы полицияның мұсылмандарға қарсы кез келген қатіез шараларын адам құқығын бұзу жайты деп жариялауына және АҚШ үкіметін осы салада көбірек тежегіш шаралар қолдануға міндеттеуіне себеп болды. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі күмәнді лаңкестік оқиғадан кейінгі және Джордж Буш үкіметінің терроризмге қарсы соғыс жариялағанынан кейінгі жылдар барысында Вашингтон басшылары исламнан үркіту саясатын ілгерілету арқылы АҚШ қоғамында мұсылмандарға қатысты күдік‑күмән тудырды. 2008, 2012 және 2016 жылдарда АҚШ‑та өткен президенттік сайлауларда исламнан үркіту кейбір үміткерлердің дауыс берушілерді тарту үшін қолданған басты тәсілдерінің бірі болды. АҚШ басшыларының исламнан үркіту саясатын үдетуі полиция, түрлі топтар мен нәсілшіл элементтердің соңғы жылдарда елдегі мұсылман азшылықтарға қарсы қатігездіктерінің арта түсуіне себеп болды. Бұл үдеріс америкалық мұсылмандар арасында мұсылман еместердің қатынасына теріс көзқарастың қалыптасуына әкеліп соқтырды.
Rew зерттеу орталығының 2013 жылы жариялаған сауалнамасы бойынша, америкалық мұсылмандар басқа америкалықтармен әлеуметтік қатынастары туралы салыстырмалы түрде күрделі көзқарас білдірді. Осы сауалнама нәтижесі бойынша, АҚШ мұсылмандарының үштен біріне жуығы жеке тәжірибелері негізінде басқа америкалықтардың мұсылмандарға құрмет көрсетпейтінін айтты. Басқа бір топ америкалықтардың мұсылмандарға құрметпен қарайтынына сенімді. Бірақ америкалық мұсылмандардың басым бөлігінің айтуынша, олардың достары немесе жанұя мүшелерінің кем дегенде біреуі 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін полиция мен мұсылман емес азаматтар тарапынан түрлі қалыпта кемсітушілік пен қатігездікке ұшыраған. 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейінгі жылдарда жүргізілген зерттеулердің басым бөлігі бойынша, америкалық мұсылмандар бұл жылдары кемсітушіліктің түрлі қалыптарын бастан өткерді. Тіпті мұсылман емес америкалық азаматтар да мұны мойындады. Rew зерттеу орталығының 2014 жылы жариялаған сауалнамасы бойынша, америкалықтардың 58 пайызы мұсылмандар елде түрлі кемсітушіліктерге ұшырап отыр деп санайды. Ал 42 пайызы мұндай кемсітушілік жоқ деп есептейді.
Әрине АҚШ‑та мұсылмандарға теріс көзқараспен қарау 11 қыркүйек оқиғасынан кейін бірден қалыптаса қалған жоқ. Бірақ осы оқиғадан кейін исламофобия мен мұсылмандарға қарсы теріс нанымдар айтарлықтай артқаны айқын. Тіпті аталмыш оқиғадан кейінгі жылдарда АҚШ‑тағы мұсылман қызметкерлер мен саудагерлер, исламдық мектептер, ұйымдар, қайырымдылық қорлары мен мешіттер түрлі сылтаулармен айыпталып, күдікке алынды. Осы елдің мұсылмандары сан рет полиция пен басқа қарапайым адамдардың шабуылы мен қоқан-лоққысына ұшырады. АҚШ мұсылмандарының пікірінше, осы елдің ақпарат құралдары мен Голливуд бейне қалыптастырғанда мұсылмандар жайлы дұрыс ақпарат бермейді. Америкалық БАҚ ислам жайлы теріс сипаттама береді және мұсылмандарды лаңкес және экстремистпен тең деп көрсетеді. Осылайша америкалық ақпарат құралдары полиция мен қарапайым адамдарды мұсылман азшылыққа қарсы қатігездік жасауға арандатуда үлкен рөл атқарады. АҚШ полициясы мен азаматтардың мұсылман азшылықтарға қарсы қатігездігінің айқын үлгілерінің бірі ретінде 2013 жылы Мичиган штатының Бирмингем қаласының көшелерінің бірінде Джуди Пал есімді хиджаб киген бір мұсылман әйелге жасалған қатігездікті атауға болады. Ол күйеуімен жай серуендеп келе жатқан кезде бірнеше исламофоб америкалықтың қорлығы мен шабуылына ұшырады. Мұсылман әйелдің айтуынша, Мичиган полиция қызметкерлері өзі мен күйеуінің антиисламистер тарапынан соққыға жығылып, мұсылмандарға қарсы дөрекі сөздер айтылғанына жақыннан куә болса да, оларды құтқару үшін ешқандай реакция білдірмеді. Керісінше, полиция қызметкерлері аталмыш мұсылман ерлі‑зайыпты экстремистерден қашқан кезде оларға көмектесу үшін емес, оларды ұстау үшін іске кіріскен.
«Haffington Post» басылымының репортажы бойынша, мұсылмандарға қарсы қатігездіктің тағы бір үлгісінде бір мұсылман америкалық әйел 2016 жылы қараша айында Сен‑Диего университетінен шығып бара жатқан кезде екі ер адамның шабуылына ұшырап, заттары тоналды. 2017 жылы жазда тағы бір жантүршіктіретін оқиға орын алды. АҚШ‑тың шығысындағы Вирджиния штатындағы Херндон қаласында тұратын 17 жастағы мұсылман қыз Набра Хасанен Рамазан айында бір мешітте таңғы намаз оқып, достарымен бірге сыртқа шыққан кезде бір мотоциклист оларға шабуыл жасаған. Жолдастары бытырап қашып, Набра Хасанен жалғыз қалған. Келесі күні түсте полиция оқиға орнына жақын жердегі тоғаннан қыздың денесін тауып алды. Полиция бұл қылмыстың исламофобиямен байланысын теріске шығарса да, Набраның жанұясы мен басқа мұсылмандар бұл оқиғаны исламофобиялық үгіт‑насихаттың салдары деп атады. Набраның анасы «Хаффингтон пост» басылымына берген сұхбатында: «Қылмыскер қызымды мұсылман болғаны және хиджаб кигені үшін өлтіргеніне сенімдімін. Бұдан былай қауіпсіздік сезінбеймін. Басқа балаларымды сыртқа жіберіп, мәйіттерін қайтарып алудан қорқамын»,‑деді.
Соңғы жылдарда мұсылмандардың азаматтық құқықтарына көңіл аудармау және олардың қасиеттіліктеріне тіл тигізу – мұсылман азшылығына қарсы қатігездіктердің үлгілерінің бірі. Бұл АҚШ‑та исламофобия деп саналады. 2013 жылы Флоридада америкалық дін қызметкері Терри Джонстың Құран кітабын жағып, ашық түрде арандатып, сес көрсетуі сияқты оқиғаларда мұсылмандардың қасиеттіліктеріне құрметсіздік көрсету және полицияның осындай мәселелерге көңіл аудармауын АҚШ‑тағы исламофобия мен мұсылмандарға қарсы қатігездіктердің айқын үлгісі деп санауға болады. Америкалық дін қызметкерінің 11 қыркүйек оқиғасының он екінші жылдығындағы қоқан-лоққысы орындалмаса да, әлемнің түкпір‑түкпіріндегі мұсылмандардың ауқымды жиіркеніші мен ашу‑ызасын тудырды, тіпті басқа дін өкілдері де наразылық білдірді. Осы исламофобиялық қоқан-лоққының жиренішті болғаны соншалықты, АҚШ‑тың кейбір саяси тұлғалары, соның ішінде сол кездегі мемлекеттік хатшы Хилари Клинтон бұл істі айыптайтын ұстаным білдіруге мәжбүр болды. Әрине АҚШ Мемлекеттік департаментінің сол кездегі ақпарат хатшысы Филипп Кроули осы мәселеге қатысты екіжүзді ұстаным білдіріп, мұсылмандар тарапынан қатігездік жасалу мүмкіндігі туралы айтып: «Бұл іс АҚШ‑тың бейбіт халқына, дипломаттар мен сарбаздарына қауіп төндіреді»,‑деді.
АҚШ Әділет министрлігінің 2016 жылы ел полициясының Иллинойс және Огайо штаттарындағы қатігездіктері туралы зерттеулері бойынша, АҚШ полициясы азшылық топтар, әсіресе мұсылмандармен қатынаста көп жағдайда қатігездікке барады. Сонымен қатар «Интерсепт» америкалық газетінің 2017 жылы жүргізген зерттеуі көрсеткендей, АҚШ соттары да мұсылман еместермен салыстырғанда мұсылмандарға айрықша кемсітуші сипаттағы қатынас көрсетеді. Осы зерттеу бойынша, идеологиялық сипаттағы қатігез әрекеттер мен соған ұқсас қылмыстар жасаушыларға, егер мұсылман болса, АҚШ соттарында ауырырақ үкім шығарылады. Тіпті мұсылман қылмыскерлердің үкімі бірдей қылмыс жасаған мұсылман емес қылмыскерлермен салыстырғанда төрт есе ауырырақ. Сонымен қатар АҚШ‑тың айтулы ақпарат құралдары, соның ішінде Fox News пен CNN қасақана әрі кемсітушілік сипаттағы қатынасында мұсылмандардың қатігез шараларын мұсылман еместерге қарағанда 7,5 есе көбірек таратады.
Вашингтонда орналасқан Әлеуметтік саясат және өзара түсіністік институты (Institute for Social Policy and Understanding) 2016 жылы БАҚ‑тың АҚШ‑тағы идеологиялық қатігездіктерге реакциясын бағалауға арналған есебінде: «Америкалық ақпарат құралдары мұсылман еместермен салыстырғанда мұсылмандардың қатігез әрекеттерін шектен тыс әсерілеп көрсетіп, кейбір әсіре мұсылмандардың әдеттен тыс әрекеттерін асыра сілтеп көрсетуге тырысады»,‑деді. АҚШ полициясының қатігездігі туралы есепте айтылғандай, Иллинойс штатындағы полиция қызметкерлерінің 25 пайызы және Огайо штатындағы полиция қызметкерлерінің 15 пайызы ақ нәсілді әріптестерінің мұсылман азшылықтарға көбірек қатігездік жасайтынын мойындады.
АҚШ‑та әртүрлі сылтаулармен исламофобия, мұсылмандарға қарсы қатігездік пен кемсітушілікті қоғамдық деңгейде, полиция мен сотта арандатып жатқан орталар мен ұйымдардың басты мақсаты исламға бет бұрудың артуымен күресу және бұл елде мұсылмандарды оқшаулау екені анық. Алайда бұл ортаның әрекеттері мен арандатушылықтары олардың күткеніне керісінше ислам дінін танып‑білуге көбірек ұмтылу және мұсылман еместер арасында дінге бет бұру, АҚШ мұсылмандарының саяси‑әлеуметтік және мәдени салаларда белсене түсуіне себеп болды. АҚШ мұсылмандары бұл елдің қоғамында өмір сүріп, өздері мен балаларының жақсырақ болашағы үшін табандылық танытып, күресуі қажеттігін ескере отырып, ислам діні туралы ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, бірлікті сақтап, діни құндылықтарды сақтауға табандылық таныту арқылы исламофобиялық орталар мен топтардың көптеген қастандықтары мен арандатушылықтарын бейтараптандырды.