Ашура – өрлік пен ерлікке құштарлық
(last modified Sun, 30 Aug 2020 09:22:49 GMT )
Там 30, 2020 15:22 Asia/Almaty
  • Ашура – өрлік пен ерлікке құштарлық

Бүгін – х.қ.ж.с.б. 1442 жылдың 10 мұхаррамы. Бүгін – Ашура, Құдайдың ең ізгі құлы Хұсейн бен Әлидің (ғ.) шәһид болған күні.

Мұхаррам шатырлары ашық алаңқайларға және көше бойына орнатылып, аза тұту топтары күре жолдарда имам Хұсейннің (ғ.) зұлматты сейілтетін нұрын шашты. Әлем бір жойқын вирусқа ұшырап отырса да, Хұсейнге деген ғашықтық пен құштарлық коронавирустың ауыр көлеңкесінен басым түсті. Халық санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтай отырып, өзгеше Ашураны бастан өткеріп жатыр.

Биыл да ерлер мен әйелдер, қарттар мен жастар шәһидтердің сардарын аза тұту үшін қара жамылып, тағы да Хұсейн бен Әлиге (ғ.) адалдықтарын білдіріп, оның арман-мақсаттарын қолдайтындарын көрсетті.

Бұл күндері халықтың денсаулығына көңіл бөлу, әлеуметтік қашықтықты сақтау азаттықты сүюшілердің жетекшісін еске алу рәсімдерін текие мен хұсейниелер – діни рәсімдер өтетін орындардан қалалардың ірілі-ұсақты көшелеріне жол тартқызды. Халық үйлерінің іргесіне имам Хұсейннің (ғ.) байрағын ілу арқылы адамдық, жанпидалық, ізет пен иманның хош иісін бүкіл жерге таратты. Кеуде соққан аза тұтушылардың қолындағы шынжыр дыбысының арасынан ғасырлар өтсе де, имам Хұсейннің (ғ.) қанын жоқтаған үн естіледі: «Ей, халайық, Алланың кітабы біздің арамызға хақ болып түсті. Жетекші біздің арамызда. Уәһи біз туралы жақсы айтады. Біз басқа халықтарға Құдайдың сөзін жеткізушіміз. Мұны халық арасында ашық та жасырын айтып жүрміз».

Аза тұту – жоғары адами құндылықтарды қайта жаңғыртудың символы.  Имам Хұсейн(ғ.) мен оның сенімді серіктері осы құндылықтар үшін жан тапсырды. Сондықтан осы ұлы оқиғаның жолдаулары мұсылмандардың жеке және әлеуметтік өміріне қатты әсер етті. Тіпті рухани рәсімдердің, әсіресе әлемнің түрлі жерлерінде шиіттер өткізетін аза тұту рәсімдері арасында Ашура мәдениеті ең ауқымды, терең әрі жан-жақты рәсімдердің бірі деп айтуға болады. Бұл мәдениеттегі имам Хұсейннің биік ойлары кез келген заманда шабыт сыйлайды. Хұсейндік құлшыныс ақыл және таныммен үйлескенде әлеуметтік шаттық пен қоғамда әсерлі қозғалыстардың туындауына себеп болады. Сондықтан ғасырлар өтсе де, Ашура халық арасында сақталып, жүректер имам Хұсейнге деген ғашықтыққа толы.

Ақыл мен ерік күшіне ие адамдар кез келген заманда мейірім немесе қатігездікке қарай қадам баса алады. Имам Хұсейннің(ғ.) айтуынша, «Ақыл ақиқатты ұстанбаса, толық болмайды». Сондықтан қорқыныш, қоқан-лоққы, парақорлық, қауесет тарату және дүниеқоңыздық  адамды тазалық пен ізгіліктің шыңынан лас әрі жиіркенішті дүниенің ең терең нүктесіне итермелеген кезде ақиқатты қорғау үшін бас көтеріп, қоғамды жойылудан құтқару керек. Имам Хұсейн(ғ.) заманында Умавилер Куфа тұрғындарын қорқытып, басып-жаншығаны соншалықты, мыңдаған адамды өз әміріне бағындырған Хани қамауға алынғанда ешкім наразылық білдіруге батпады. Тіпті оны көшеде сүйреп апара жатқанда да ешкім оған көмектесуге ұмтылмады. Сөйтіп, оның басы шабылды. Сол кездегі қоғамда парақорлық пен айлакерлік кең таралған еді. Жалған мәлімет тарату және ізгі тұлғаларға террор жасау озбыр билеушілер, соның ішінде Умави билеушісі Язидтің қолданған тәсілдерінің бірі болды. Олар имам Хұсейнді(ғ.) іріткі салушы әрі діннен безген адам ретінде таныстырды. Сол себепті имам Хұсейн көмек сұрағанда ешкім оған қол ұшын созбады.  Осындай жағдайда имам Хұсейн(ғ.) дұшпанды жеңбесін білсе де, үнсіз қалмай: «Осындай сорақы жағдайда иманды адам жанпидалық жасап, Жаратушының жүзін көруге асыққаны дұрыс»,-деді. Ол Ашура көтерілісі кезінде тудырған әдемі де таңқаларлық сахналарда қоғамды жайлаған  зұлымдық, қылмыс пен сұмдық адам өмірін басып алған кезде ізгілік, тазалық пен дұрыстықтың жойылатынын түсінді.  Қорлықтан басқа ештеңесі жоқ өмірде саналы түрде өлімді таңдау, яғни Алла жолында шәһид болуға алып келетін күресті таңдау – бақыт пен қайта тірілу. Шындығында Ашура – жантүршігерлік қиыншылықтар жиналған оқиға. Имам Хұсейн(ғ.), Пайғамбар әулеті мен оның сахабалары қиыншылықтарға қарсы тұрып, дін, Құран, Мұхаммед әулетінің абыройы мен азаттықты сүюші барлық адамдарды қорғауы тиіс болды.  Имам Хұсейн мен сенімді серіктері белді бекем буып, бүкіл дүние мен әлемнің барлық халықтары үшін қайта тірілу жолын салып берді. Бүгін – жылдар бойғы өмір айналымында жоғалмаған, керісінше жыл сайын біздің санамызда қайта жаңғырып отыратын күн. Бұл күні Имам Хұсейн мен оның сенімді серіктері ақиқатты қорғау үшін зұлымдыққа қарсы тұрды.

Ашура күнінің түс кезі. Имам Хұсейннің серіктері саналы түрде өз таңдауларымен соғыс алаңына шығып, теңдессіз ерлік жасап, шәһид болды. Ақырында имам жалғыз қалып «Һайһат мен аз-зелла» (Қорлыққа бас ұрмаймын) деп айқайлап, шайқасқа шығып, Аллаға мадақ айтқаннан кейін: «Мен ешқандай қылмыс жасамадым. Менен кек алуға ұмтылу менің екі жарық жұлдызды құрметтейтініме байланысты: бірі – Әли бен Абиталеб, екіншісі – Алла елшісі. Әкем –Құдай тарапынан халық арасынан таңдалған адам. Одан кейін анам мен мен, екінші ұл таңдаулы адамдармыз»,-деді.

Алла жолында шәһид болуға құштарлық имамның жүзін нұрландырып, күш-қуатын еселендірді. Ол «Егер дене өлу үшін жаратылса, Алла жолында шәһид болу – өлудің ең ізгі жолы» дегенді талай рет айтқан болатын. Абдулла бен Омар: «Барлық адамдарынан айырылып, қоршауда жатса да,  Хұсейн бен Әлиден жүрегі мығымырақ, қадамы сенімдірек ешкімді көрмедім. Дұшпанның әскеріне шабуыл жасаған кезде қолбасшылар мен сарбаздардың бәрі тырқырай қашып, бірде-бірі қалмады»,-деген.

Язидтің бірнеше мың сарбаздық армиясы имам Хұсейнді қоршап алып, қыспаққа алды.  Абулхутуф Джафи алғашқы оқты имам Хұсейннің маңдайына атты. Имам оқты жұлып алып тастады. Бірақ жан-жақтан оқ пен тас атылды. Хелал бен Нафе: «Хұсейн жан тапсырып жатқанда мен оның жанында тұр едім. Құдай ақы, мен бүкіл өмірімде денесі қанға бөгіп жатса да, Хұсейндей жүзі нұрланып, мейірім төгіп тұрған өлікті көрмедім»,-деген. Имам Хұсейн (ғ.) жерге құлағандағы соңғы сәтінде: «Ей, Алла, сенің үкіміңе ризамын. Басыма салған бәлеңе сабырмен қараймын, әміріңді растаймын. Сенен басқа ешкімге табынбаймын»,-деген. Язидтің сарбаздары өз заманының ең ізгі адамдарын өлтіріп болғаннан кейін болашақ ұрпаққа ақиқаттан еш белгі қалмауын қалады. Сондықтан мәйіттердің үстінен жылқы айдап өтті. Сөйтіп, олар туралы естеліктің мәңгіге тарих қойнауында көмілуін қалады. Алайда имам Хұсейн(ғ.) жарқыраған Күндей адамзат баласына жарық пен жылу сыйлап келеді.

Біртіндеп Күн аспанға көтерілді. Айналаны түтін мен қанның иісі жайлаған.  Алла елшісінің немересінің денесі ат тұяғында тапталып, оның жанұясы Язид сарбаздарының қолына түсті. Дұшпандар қатігездігінің шарықтау шегіне жеткені соншалықты, Хұсейннің басы найзаға түйрелді...

Сейіт Құтб «Имам Хұсейн(ғ.) көтерілісі жеңді ме, жеңілді ме?» деген сұраққа: «Шағын көлемде салыстырғанда бұл қозғалыстың нәтижесі жеңіліс болды. Бірақ шынайы әлемде және кеңірек салыстырғанда қозғалыс жеңіспен аяқталды. Бүкіл әлемде Хұсейн сияқты адамдардың жүрегі мен сезіміне әсер етіп, қайратын қажап, жанпидалыққа ынталандырған бірде-бір шәһид жоқ. Хұсейн шәһид болу арқылы өз ойы мен идеясын жеткізген. Ешбір құтпа Хұсейннің қанымен қол қойылған соңғы құтпасындай жүректерге әсер етіп, миллиондаған адамды үлкен істерге ынталандыра алмады. Ал Хұсейн құтпасы тарихтың ұзақ жолында адамдардың әрекет етіп, өзгеріс жасауына себеп болып келеді»,-деп жауап берді.

Жыл артынан жыл өтіп жатыр. Имам Хұсейн(ғ.)  жаққан оттың тарихқа сәуле шашып, азаттық пен ақиқатты талап ететіндерге бағыт пен күш беріп жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Өйткені Имам Хұсейннің қозғалысы байлық пен мансапқа талас болмады, Ол исламға жетекшілік етіп, адами құндылықтарды сақтауға ұмтылды. Сол себепті өз қозғалысында ақлақтық құндылықтардың бірқатарын өте әдемі қалыпта көрсетіп, жүректерде мәрттік рухты қайта тірілтті.  Имам Хұсейн(ғ.) кісілік пен абыройдың қорлыққа толы өмірден әлдеқайда жоғары екенін және кез-келген заманда жан берсек де, осындай ізгі өмірді насихаттауға міндетті екенімізді үйретті.