Дүниежүзілік ғылым күні бейбітшілік пен тұрақты даму үшін
(last modified Mon, 09 Nov 2020 21:29:45 GMT )
Қар 10, 2020 03:29 Asia/Almaty
  •  Дүниежүзілік ғылым күні бейбітшілік пен тұрақты даму үшін

БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет ұйымы (UNESCO) 2001 жылы бір күнді «Бейбітшілік пен дамуға қызмет ететін Дүниежүзілік ғылым күні» (World Science Day for Peace and Development) деп атады.

Бұл шара ғылымның қауымдастықтар арасында бейбітшілік пен тұрақты дамудағы рөлі туралы халықтың хабардарлығын арттыруды, ғылыми жаңалықтармен бөлісу үшін ұлттық және халықаралық пікірлестікті жоғарылатуды, ғылымды қоғамдардың мүддесіне сай пайдалану үшін ұлттық және халықаралық міндеттемелерді бекемдеуді, ғылым жолындағы түйткілдерді шешуге қолдау көрсетуді  көздейді.   

Бүгінде елдердің көбі UNESCO тарапынан 10 қарашаның «Бейбітшілік пен дамуға қызмет ететін Дүниежүзілік ғылым күні» деп аталуын қолдап,  осы күнді өздерінің ресми күнтізбелеріне тіркеп, жыл сайын өз деңгейінде атап өтуде. Бүгін, 10 қараша ғылым күніне арналған бағдарламаны назарларыңызға ұсынамыз.

Ғылым бір тақырып туралы анық та айқын білімнің жиынтығы саналады. Басқа сөзбен айтқанда,  ғылым ғалымдардың белгілі бір мақсатқа жету үшін бір тақырып туралы ғылыми зерттеу барысында жинаған мағлұматтарының жиынтығы болып табылады. Алайда бүгінде баса айтылып жүрген нәрсе мынау: ғылым бейбітшілік пен тұрақты дамуға қызмет етуі тиіс. Тұрақты даму Жер планетасының биофизикалық шектеулерін бақылайды және адамзат үшін қайта қалпына келмейтін қуат көздерін сақтау арқылы жақсырақ болашақ қалыптастыруға көмектеседі. Басқа сөзбен айтқанда, тұрақты дамуға қол жеткізілсе, қазба байлықтарды пайдалану және қажетіліктерді өтеуде біртұтастық, әдемілік және тіршілік жүйелерінің тепе-теңдігі  сақталып, Жер планетасында адамдардың келесі ұрпағының өмір сүруіне жағдай жасалады. Бүгінде халықтардың ғылым мен ғылыми капиталды экономикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмсауы тегіннен-тегін емес. 

Сондықтан ғылымның дамуы біреудің монополиясында бола алмайды. Ғылымның жинақтаушы сипаты оның баршаға тиесілі болуын, бейбітшілік пен тұрақты дамудың қажеттіліктерін тудыруды және келешек ұрпаққа жақсырақ әлем жасауды талап етеді. Біздің планетамыз түрлі түйткілдерге, соның ішінде климаттық өзгеріс, биологиялық әралуандықтың жойылуы, табиғи апаттарға ұшырап отырғандықтан, ғылымның дамуы бұрыннан да маңыздырақ. Бұл мәселелер жаһандық сипатта, сондықтан жаһандық жауапты қажет етеді. Бұл жауап әлемнің түкпір-түкпіріндегі барлық адамдарды қамтуы тиіс.  Осы жан-жақты қатынас тұрақты даму бағдарламасы мен мақсаттарында ерекше орынға ие. Сондықтан ғылымның дамуы біреудің монополиясында бола алмайды.

Алайда шындық мынада: ғылым жаңа ғасыр адамы үшін тиімді құрал екенінде шәк болмаса да, әлі күнге дейін әлемнің көптеген елдерінде ғылыми ой бекімеді. Көптеген адамдар және тіпті әлем елдерінің басшылары ғылымды «люкс» тауары деп санайды, оған кұрмет көрсетсе де, оның болмысын танымайды және ғылыми тәсілдерді қолданбайды. Олар ғылымға ие болуды қалайды, бірақ оған қол жеткізу шарттарына берік емес, бұл мәселені түсінбейтіндіктен, қоғамда осындай ойдың таралуына жағдай жасамайды және өздерінің қоғам және әлеммен қатынасын ғылым мен ғылыми тәсілге негіздемейді.

 

Осындай ойдың айқын үлгісін АҚШ Президенті Дональд Трамптың қатынасынан көруге болады. Оның президенттік кезеңінде атқарған істері оның ғылымға сенбейтінін көрсетеді. Ол экологиялық және қоғамдық саулық заңдарын толық өзгертіп, ғылыми институттарды әлсіретті. Оның кейбір шараларының зияны мәңгі сақталады. АҚШ Президенті мен оның жақтастары өз шараларында парниктік газ шығаруды азайтуға бағытталған бағдарламаны тоқтатты. Ауаны ластауды шектейтін заңдарды әлсіретті. АҚШ-тың қоршаған ортаны сақтау ұйымындағы ғылымның рөлін жойды. Саяси сарапшының айтуынша, көптеген мемлекеттік агенттіктерде Трамп үкіметі өзінің саяси шешімдеріне қолдау алу үшін куәлерді өзгертіп немесе бұзу арқылы ғылымның дұрыстығына күмән тудырды. АҚШ-тың қоршаған ортаны сақтау ұйымының басшысы Кристин Тод Витман (Christine Todd Whitman) Джордж Буштың президенттік кезеңінде осы туралы: «Мен ғылым мен қоршаған ортаға қарсы ұйымдасқан соғысты бұрын соңды көрмедім»,-деді.

Трамптың ғылымға тарпа бас салуы тіпті ол президент болып сайланғанға дейін басталды. Ол 2016 жылғы сайлауалды науқанында Жер планетасының жылынуын жалған деп атап, АҚШ-ты 2015 жылы әлемнің 190 елі қол қойған  Париж климаттық келісімінен шығаруға уәде берді. Ақ үйге келгеннен 5 ай өтпей жатып, ол осы уәдесін орындайтынын мәлімдеді.

Бұл шындықты осыдан біраз бұрын Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерс те Твиттердегі жеке парақшасында қуаттап: «Біздің Президент ғылымға сенбейді. Климаттық өзгеріс болса да, жаппай таралған коронавирус болса да, ғылымға сенбейді. Бұл – өте қауіпті жағдай»,-деп жазды.

АҚШ Президенті Дональд Трамптың коронавирус басталғалы бері атқарған ғылымға қайшы істері салдарынан елде ауру күшейіп кетті. Елде 200 мыңнан астам адамның жаны қиылды. Трамптың COVID-19 қатысты ғылыми емес кеңестері медициналық мамандардың осы ұсыныстарға тез арада реакция білдіруіне себеп болды. АҚШ-тағы өкпе аурулары дәрігері әрі жалпы медициналық саясаттың маманы доктор Вин Гопта Президенттің сөздерін «лайықсыз медициналық нұсқаулар» деп атады. АҚШ Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелоси де Трамптың коронавирусқа қатысты саясатын сынап, оны ғылымға қарсы деп айыптады. Ал бұл жағдайда  мамандардың айтуынша, егер Трамп коронавирусқа дұрыс реакция білдірсе, көптеген адамның жанын құтқарып қалар еді. Ақ үйдегі коронавируспен күреске қатысты арнайы  топтың мүшесі Оливия Трой да осы айыпты растады. Трой ағымдағы жылдың қыркүйек айында: «Президент талай рет коронавирусты ауыздықтау және адамдардың жанын құтқару үшін жасалған талпыныстарға мойын бұрмады, керісінше өзінің саяси науқанына көңіл аударып кетті»,-деді.

 

Әлем COVID-19-пен күресіп жатқан шақта Трамп осындай әрекеттер жасап жатыр. UNESCO БҰҰ-ның ғылыми агенттігі ретінде ғылымды қоғамға жақындатуға және қажетті халықаралық ғылыми әріптестіктерді нығайтуға тырысты. Осы орайда UNESCO 2020 жылғы Дүниежүзілік ғылым күнінің ұранын «Қоғам үшін ғылым» деп атады.  Ғылыми тұрғыдан, UNESCO-ның COVID-19-ке жауабы үш тұғырға негізделген: халықаралық ғылыми әріптестікті жоғарылату, тұщы суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қайта қалпына келтіруді қолдау және экология саласында зерттеу жүргізу.

Биыл әлемде коронавирус таралғаннан кейін Дүниежүзілік ғылым күнінде көзделіп отырған маңызды мақсаттардың бірі –  түрлі елдерде ғылыми көзқарастарды таратуға, ғылымды пайдалану арқылы қоғамды қайта жаңғыртуға және ғылыми тәсілдермен адамдардың алдында түрған түйткілдерді шешуге талпыну. Атсалысу – ғылымның негізгі белгілерінің бірі. Бір мәселені шешу үшін бірнеше сала мамандарының атсалысуы жаңа білімнің туындауына көмектеседі. Басқа сөзбен айтқанда, кез келген ғылым саласындағы жетістік монополиялық сипатқа ие болмауы керек. Оны барша халық пайдалануы тиіс. Елдер  арасында бейбітшілік пен бітімнің орнауы ғылымның бірдей таралуына қатысты әділеттіктің орнауына тікелей байланысты.

Кейбір ғалымдар мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтіндіктен технологияны алпауыт елдердің тұтқынына айналдырса да, ақырында ғылым өздігінен әлемде бейбітшілік мен тыныштық орнауына талпынып, саяси әділетсіздік пен бейберекеттіктерге қарсы тұра алады. Ғылым жаңбыр сияқты. Өйткені ешкімді бөліп-жармай, қоғамдағы барша адамға әсер етеді. Осы ықпал әлемнің өмір сүруге қолайлы жерге айналуына көмектесе алады.