"Фаджр" онкүндігі: Иран Ислам революциясы дискурсындағы саясат пен дін (3)
Иран халқының революциясы қазіргі заман тарихындағы ең маңызды әрі әсерлі ірі оқиғалардың бірі екені күмәнсіз. Бұл революция діни құндылықтар мен исламдық идеология негізінде қалыптасып, жеңіске жетіп, Ислам республикасының жүйесін құрды.
Иран Ислам революциясының жеңіске жеткен күндерінде тұрмыз. Бұл революция 42 жыл өтсе де, алғашқы күндердегідей баянды әрі белсенді. Бүгінгі революциялық жастар 1978 жылы зұлымдық және үстемшілдікпен күрес майданына шыққан әкелерінен белсендірек әрекет етуде. Олар революцияға дейінгі жемқорлық пен кедейлікті көрмесе де, революция мен таңылған соғысқа қатыспаса да, қазір ғылым, мәдениет, технология мен саясатқа Ислам революциясының алғашқы жылдарындағы революционерлер мен джиһадшылардан белсендірек атсалысып жатыр.
Иран халқының революциясы қазіргі заман тарихындағы ең маңызды әрі әсерлі ірі оқиғалардың бірі екені күмәнсіз. Бұл революция діни құндылықтар мен исламдық идеология негізінде қалыптасып, жеңіске жетіп, ислам республикасының жүйесін құрды. Әлем халықтары Шығыстағы коммунизмнің идеологиясын немесе Батыстағы капиталистік либерализмнің үстемдігі мен көзқарастарын қабылдау керек деп отырған кезде осындай революция орын алды. Сол себепті көрнекті ғалымдардың бірқатары Иран Ислам революциясын түрлі қырлардан зерттеді. Әралуан революциялар мен үкіметтерді түсіндіріп, тәпсірлейтін түрлі теориялардың арасында Иран Ислам революциясы теңдессіз құбылыс болды. Өйткені ол сол замандағы саясаткерлер мен ойшылдардың бірде-бір есебіне сәйкес келмеді. Әрине бұл сәйкессіздік орынды еді, өйткені ғасырлар бойы дін саясатқа аса араласпайтын және әлем мұны қалыпты жағдай қабылдаған болатын.
Дінді саясаттан бөлу идеясының тарихы Ислам әлемінде Омейяд әулеті мен Аббас әулеті билік құрған кезеңде басталды. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) орынбасары және халифі болса да, халыққа сансыз зұлымдық пен зорлық-зомбылық жасап, озбырлықпен билік еткен. Кейбір діни үлемдер ислам елдері билеушілерінің діннің атын жамылып істеген істерінен ислам дінін қорғау үшін саясатты діннен бөліп алу мәселесін көтерді. Шын мәнінде олар мәселені талқылаудан алып тастады, лайықсыз адамдардың ел басқаруымен күресіп, лайықты адамның билік басына келіп, қоғамды ислам тағылымдары бойынша басқаруына талпыныс жасамады.
Әрине кейбір адамдар бұл мәселені келекеге айналдырып, ислам, дін мен дінбасылар қасиетті де қадірлі, сондықтан олар қасиетті емес саясатқа араласпауы тиіс, өйткені саясатқа енсе, олардың қадір-қасиеті жоғалады. Олардың айтуынша, дін мен саясаттың болмысы бөлек. Діннің қасиетті болмысын саясаттың лас ойынынан алшақ ұстау керек. Мұндай сөздердің тарихта қайталанғаны соншалықты, қазіргі заманның ұлы ойшылы әрі реформаторы сейіт Джамаледдин Асадабадидің шәкірті шейх Мұхаммед Абде сияқты адамдар: «Саясаттан, «саясат» сөзінен, саясат мағынасынан, саясатта айтылатын әрбір сөзден, саясат туралы санама келген әрбір ойдан, саясат туралы айталатын әрбір жерден және саясат туралы не сөйлейтін, не тәлім беретін, не ойлайтын әрбір адамнан қашып, Құдайды паналаймын»,-деген.
Иран Ислам революциясының ұлы сәулетшісі имам Хомейни (р.) осы бұрмаланған ойды түзеу үшін «Кәшф ул-Асрар» атты кітабын революция жеңіске жеткеннен шамамен 30 жыл бұрын, х.ш.ж.с.б. 1320-1321 жылдарда жазған. Ислам революциясының ұлы көсемі өзінің алғашқы саяси еңбегінде «Ниса» сүресінің 59-аятына сілтеме жасап: «Алла тағала ислам үкіметін құрды. Сөйтіп, қиямет күніне дейін Алла, пайғамбар мен бұйрық иелерінен басқаларға бағынуды міндетті етпеді. Бүкіл үмбетті бұйрық иелеріне бағынуға міндеттеді. Енді осы бұйрық иелерінің кім екені зерделенуі тиіс»,-деп жазған. Имам Хомейни (р.) бұл кітабында дінбасылар мен факиһтер (діни теологтар) үкіметке бақылау жүргізуі тиіс деп айтып: «Ақыл хақ деп танитын, ашық құшақпен және жарқын жүзбен қабылдайтын үкімет – Алланың үкіметі... Біз үкімет факиһтің қолында болуы керек деп айтпаймыз. Үкімет Алланың заңымен ел мен халықтың мүддесіне сай басқарылуы тиіс дейміз. Бұл іс дінбасылардың бақылауынсыз атқарылмайды»,-деп жазған. Ол кітаптың басқа бір бөлігінде: «Қазіргі заманда үкімет пен велаят (жетекшілік) факиһтердің қолында болуы тиіс дейміз... Яғни бұл елдің Мәжілісі діндар факиһтерден құралуы тиіс немесе солардың бақылауында болуы тиіс»,-деп жазды. Бұл кітапта имам факиһтің жетекшілігін дәлелдеу үшін көптеген рауаяттарға сілтеме жасады. Кітапта айтылған жайттар имамның сол кезден бастап ислам мемлекетін құруды ойлап жүргенін көрсетеді.
Имам Хомейни (р.) бейкүнә имамдардан кейін ислам дінін жандандырған ұлы тұлға екені күмәнсіз. Ол ислам дінін танымдық тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да қайта жаңғыртты. Әрине ол Мұхаммед ұстанған таза Исламды қайта жаңғыртуды көздеді. Өйткені имамның көзқарасынша, Пехлеви режимі Омейяд мен Аббаси үкіметтері сияқты сырттай исламды қабылдағанымен, шынайы исламның орнауына кедергі келтірген. Сол себепті шынайы исламды таныстыруда имам Хомейни (р.) «Мұхаммед ұстанған таза ислам» деген тіркесті, ал бұрмаланған исламды таныстыру үшін «америкалық ислам» деген тіркесті пайдаланған. Имам Хомейниден (р.) кейін Ислам революциясының жетекшісі атанған хазірет аятолла Хаменеи осы екі тіркес туралы: «Америкалық ислам – үстемшіл күштердің мүдделеріне қызмет ететін дін. Бұл – өздерінің әл-ауқатын ойлағаннан басқаны білмейтін адамдардың діні. Олар Құдай мен дінді сауда капиталы сияқты байлық жинау немесе билікке жетудің құралы санайды. Өздерінің қалауы мен мүдделеріне қайшы барлық аяттар мен рауаяттарды шімірікпестен шетке ысырып, ұмытады немесе ұялмай өз ыңғайына қарай өзгертеді. Иә, америкалық ислам халықты саясат пен саяси әрекеттерді түсінуден алшақ болуға шақырады. Бірақ Мұхаммед ұстанған таза ислам саясатты діннің ажырағысыз бір бөлігі санайды. Барша мұсылмандарды саяси белсенділік пен түсінікке шақырады. Мұсылман халықтар әрдайым өзінің марқұм имамы мен исламның жетік тілін есте сақтауы тиіс»,-деді.
Бір қызығы, имам Хомейнидің(р.) қозғалысының бас кезінде қоғамда қалыптасқан жағдай діни үлемдердің саясатқа енуін қаламаған. Алайда Имам Хомейни (р.) Құран мен пайғамбардың өмір жолындағы жарқын тағылымдарға сүйеніп, мықты ерік-жігермен және Құдайға тәуекел ету арқылы өз саяси белсенділігін діни істермен бірге жалғастырды. Ол алдымен қоғамдағы жағдай мен төзімділікті (сыйымдылықты) назарға ала отырып, шах режимінің қатынасын өзгертуге тырысты. Алайда біраз өткеннен кейін қоғамның діни-илаһи ынтасы арттырылып, Пехлеви үкіметінің дінге жауластығы айқындала түсті. Имам Хомейни (р.) үкіметті өзгерту мақсатындағы күресінің жаңа кезеңін бастады.
Революцияға дейін Иранда үстемдік еткен жүйе халықтың діни сенімі, иманы мен пікірін бұзып, әлсіретуге тырысты. Шах режимі діни жетекшілерге қатысты теріс пікір тудыру, бұрыс ағымдарды күшейту және ислам мәдениетін Батыс мәдениетімен алмастыруға көп күш салды. Алайда бұл талпыныстарға қарамастан, ислам – Иран халқы мәдениетінің негізгі өзегі. Шын мәнінде бұл дін – әділет, азаттық, бейбітшілік пен қауіпсіздік және адамның рухани дамуының кепілі, Иранның миллиондаған халқының революциялық қозғалысының стимулы.
Имам Хомейни (р.) х.ш.ж.с.б. 1341 жылы облыстық және уәлаяттық ұйымдар туралы заң бекітілгеннен кейін сын-пікір айтуды бастады. Өйткені бұл заң бәрінен бұрын АҚШ пен Израильдің Иранға көбірек ықпал етіп, үстемдік орнатуына жағдай жасап берді. Имамның діни-саяси сөздері мен наразылықтары 15 хордад көтерілісіне ұласты. Бұл көтеріліс әскери үкіметтің жаппай басып-жаншуының арқасында уақытша бақылауға алынды. Алайда 15 жылдан кейін халықтың ашуы қайта тұтанып, шах режимін өртке орады.
Қазіргі таңда ИИР 42 жыл бойы түрлі қастандықтарға төтеп беріп, табандылық таныту арқылы елді еркін, айбынды, абыройлы, өркениетті, ғылымы дамыған, ғылыми даму қарқыны тұрғысынан рекорд жасаған, әлемдік қарым-қатынаста ықпалды аймақтық күшке айналды. Бүкіл әлемді таң қалдырған ғылыми-мәдени және саяси-әскери салалардағы жетістіктерге бір діни жүйенің басқаруында қол жеткізілді. Бұл – Алланың Иран халқына сыйы. Имам Хомейни (р.) өзінің саяси-илаһи өсиетінде Ислам революциясын «Ғайыптан келген илаһи сыйлық» деп таныстырып: «Иран Ислам революциясы қалыптасу тұрғысынан да, күрес сапасы мен революциялық қозғалыстың стимулы тұрғысынан да басқа революциялардан ерекше. Бұл талан-таражға түсіп, жапа шеккен халыққа Алла тарапынан ғайыптан берілген сыйлық екені сөзсіз»,-деді.