«Фаджр» онкүндігі: Ислам революциясы дискурсындағы исламдық бірлік идеологиясының орны (4)
(last modified Wed, 03 Feb 2021 06:57:06 GMT )
Ақп 03, 2021 12:57 Asia/Almaty

Ислам революциясы жеңіске жеткен күндердің қарсаңында «Ислам революциясы дискурсындағы исламдық бірлік идеясының орны» атты арнайы бағдарлама ұсынамыз.

Х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 22 бахманда жеңіске жеткен Ислам революциясы Иранда түрлі кезеңде болған ұзақ тарихи бұрмалаушылықты аяқтады. Иран Қаджар мен Пехлеви әулеттерінің заманында АҚШ-тың Батыс Азиядағы сенімді базасы болды. Шахтың АҚШ-қа тәуелді болғаны сондай, ол ерік-жігерсіз адамға айналды. Иран Мұхаммедреза Пехлевидің билігі кезінде қатты қорлыққа ұшырап, артта қалды, бірақ Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін қарқынды даму мен кемелдену жолына қадам басты. Ислам революциясының жеңісі саясында жан-жақты әрі шынайы дамуға негіз болатын ұлттық бірлік пен біртұтастық пайда болды. Сөйтіп, Иран бағынышты елден тәуелсіз мемлекетке айналды. 

Бірлік – халық болмысының асыл діңгегі. Сол себепті илаһи пайғамбарлардың барлығы адамзат қоғамында бірлік орнатуға жіберілген. Осы тұрғыдан Алла елшісі (с.ғ.с.) әрдайым Құран Кәрім аяттары мен илаһи әмірлерге сілтеме жасап, ислам қоғамдарын Аллаға құлшылық ету аясында илаһи жіпке мықтап байлануға шақырады.

Құран Кәрімде бірлік мәселесіне тоқталған аяттар көп. Құран тұрғысынан бірліктің өзегі – «Алланың бірлігін мойындап, Оған серік қоспау». Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 64-аятында Алла елшісінің кітап иелеріне жіберіліп, оларды Алланың бірлігі мен одан басқадан бас тартуға шақырағаны айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.) : «Әй Кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаға құлшылық қылайық, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық» деп айт(64)». Мүміндердің әмірі имам Әли (ғ.) «Нәхдж ул-Балағе» атты еңбегінің 146-құтпасында исламдық басқаруды былайша сипаттады: «Билік басындағы тұлғаның орны – моншақтарды жинап, бір-біріне жалғайтын жіптің орны. Егер жіп үзілсе, моншақтар шашылып, жан-жаққа бытырайды».

Ислам әлемінің бірлігі – Ислам революциясының арман-мақсаты мен жолдауларының бірі. ИИР революция орын алған кезден бастап ислам елдерінің бірігуі, өзара ынтымақтастықты кеңейтуі және аймақтық әрі көршілес елдермен жасампаз әріптестік жасауы қажеттігін айтып, революциядан кейінгі жылдарда әрекеттестіктен де жоғары қадам жасап, ислам әлеміне төнген қауіптерді жойып, түйткілдерді шешуге мақсат қойды.   

Ислам бірлігінің ең ірі жаршысы Ислам революциясы дискурсы қалыбында көрініс тапқан ұлы сәулетші, яғни имам Хомейни (р.) саналады. Ол Ислам әлемінің бірлігін асқақ арман деп атап, әлемнің түкпір‑түкпіріндегі мұсылмандардың тілеулестігін күш-қуат факторы деп санап, олардың арасындағы қайшылық пен алауыздықты Ислам үмбетінің әлсіреуінің себебі деп атап көрсеткен. Имамның «бірлікке» шынайы адалдығы исламның түрлі ағымдары мен мазхабтары арасында жоғары орынға ие болуына себеп болды. Сөйтіп, ол ислам әлеміндегі ең көрнекті революциялық тұлғаға айналды.

Имам Хомейнидің (р.) сенімінше,  «Мұхаммедтің таза исламын» қайта жандандыру мазхаб, нәсіл, тіл мен этносына қарамастан барша мұсылмандарды біріктіретін фактор болмақ. Оның ойынша, шынайы ислам халық арасында терең сенімге жағдай жасау арқылы ислам бірлігін қайта қалыптастыруға жеткілікті қарым-қабілет пен күш-қуатты тудырады. Ақырында әлем мұсылмандарына ислам үмбетіне лайықты абырой-айбын мен ізет-құрмет сыйлайды.

Имам Хомейниден (р.) кейін Ислам революциясының жетекшісі қызметін мойнына алған аятолла Хаменеи әрдайым ислам үмбетінің бірлігін сақтау қажеттігін қуаттап, Ирандағы ислам жүйесінің жалпы саясатын осыған негіздеді. Аятолла Хаменеидің көзқарасынша, Ислам үмбетінің біртұтастығы ортақ түсінік қалыптастыру, ортақ дұшпандарды тану және ортақ әлеуеттерді пайдалану деген мағына береді. Ислам революциясының жетекшісі ислам үмбетінің бірлігі мәселесіне ерекше маңыз беріп, әрдайым үлемдер, ағартушылар, саяси тұлғалар мен ислам үмбетінің әрбір адамын Құран Кәрімнің тағылымдары мен Алла елшісіне махаббат аясында бірлікті сақтауға шақырған.

Мұсылмандардың бірлігі қандай мазхаб, рәсім мен әдет-ғұрып ұстанатынына қарамастан, олардың дұшпандар алдындағы қуатын жүздеген, мыңдаған есе арттырады. Бұл әлемнің түрлі жерінде салынған ірі бөгеттер іспеттес болмақ. Мұндай бөгеттер ірі индустриялды күштің бастауына айналып, ауқымды жерлерді суландырып, жарықтандырады.

Аятолла Хаменеи бір сөзінде дұшпандардың ислам үмбетіндегі араздықты теріс мақсатта пайдаланып жатқанына тоқталып: «Әлемде Алла, пайғамбар, намаз, қажылық, Қағба, Құран мен діни үкімдер жөнінде бірдей сенім мен пікірге ие 1 миллиард адам бар. Оларда тек бірнеше тақырып бойынша қайшылық байқалады. Егер осы қайшылықтарға бола соғысса, Алла, пайғамбар, дін мен барлық нәрсеге қарсы адам өз мақсатына жетеді»,-деді. Сонымен қатар ол басқа бір сөзінде ислам үмбетінің бірлігі туралы: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмал болуы керек. Сүннит-шиіт деп бөлінбеуі керек. Бірлік дегеніміз бауырластық»,-деді.

Ислам әлемі бүгінде басқа кезден көбірек бірлікке зәру. Қайшылық пен араздық бір қыбылаға қарап намаз оқып, бір илаһи кітапты ұстанған, бір Құдайға табынып, бір пайғамбарға жүрек жалғаған мұсылмандардың бәлесіне айналды. Дұшпандар басқа кезден көбірек мұсылмандар арасына іріткі салуға талпынып жатыр. Олар ислам мемлекеттеріне үстемдік етуді қалайды. Осы тұрғыдан ислам үмбеті «Әли Имран» сүресінің 103-аятында «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» дегенге сүйеніп, мүшріктерді бір Аллаға құлшылық етуге шақырып, исламның бақыты мен абыройы жолында қызмет етуге жұмылуы тиіс.

Америкалықтар мен оның одақтастары  х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 22 бахманда жеңіліс тапса да, тыйылмады, түрлі жолдармен революцияны құлатуға тырысты. Санкциялар қалыбында қысымдарды арттырып, жұмсақ соғыс жүргізіп, ирандық жастардың діни-революциялық болмысын бұзуға кірісті. Олар адагершілікке жат шаралар, санкциялар, сардар Солеймани мен доктор Фахризаде сияқты ирандық ғалымдар мен әскери тұлғаларға террор жасау арқылы Ислам революциясының дамуының алдын алуға күш салып келе жатқанына жылдар болды. Алайда олардың талпыныстары нәтижесіз аяқталып, революцияға нұқсат келтірілмеді. Қазір Иран Ислам революциясының ғұмырынан 42 жыл өткенде ислам үмбеті қара ниеттілердің тілегіне керісінше әлі күнге дейін нағыз революциялық ұрандар айтып, имам Хомейнидің (р.) жолын жалынды жігермен жалғастырып, исламның барлық мазхабтары арасында бірлік пен бауырластықты сақтауға талпынып жатыр.