Ақп 04, 2021 18:24 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада Ислам революциясының дискурсындағы «Шығыс та емес, Батыс та емес» саясаты мен ұранының шығу тарихы жайлы баяндаймыз.

"Фаджр" онкүндігі аясында Иран Ислам революциясы жеңісінің 42 жылдығына арналған тағы бір бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз. Бұл бағдарламада Ислам революциясының ең маңызды ұрандарының бірімен таныстырамыз. Бұл ұран Батыс пен Шығыстың блоктары арасында бәсекеге толы екі полюсті кеңістікте, «қырғи қабақ» соғысы кезеңінде Иранның ұлттық тәуелсіздігін сақтап қалды. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі жылдарда Иранның сыртқы саясатының негізі болып, әлемдік сахнада елдің тәуелсіздігін сақтай алған ұран «Шығыс та емес, Батыс та емес, Ислам республикасы» деген ұстаным болатын. Бүгінгі бағдарламада осы ұранның қандай ойдан туындағанына және Иран мен әлемнің азаттық сүюшілеріне қалай әсер еткеніне, Ислам революциясы кезінде Иран халқының негізі талаптарының біріне қалай айналғанына тоқталамыз.

500 жыл бұрын Иранда жаңа мағынада ұлттық мемлекет, яғни Сефевилер әулеті билік басына келгеннен бастап Иран еліне біртіндеп әлемдік алпауыттардың назары ауды. Иранның стратегиялық маңызы зор географиялық жағдайы және осы заманда халықаралық қарым-қатынастың кеңеюі Иранның сыртқы саясаттағы мәселелерінің көршілермен татуласу мен соғысу аясынан шығып, халықаралық жүйемен байланыстың бір түрінің қалыптасуына себеп болды. Бұл ықпалдастық 200 жылға жуық уақыт бұрын, яғни Қаджар заманында өте жоғары сатыда дамыды. Осы тарихи кезеңде екі алпауыт ел Ресей мен Ұлыбритания Иранда қолайлы орын алу үшін бір-бірімен қатты бәсекелескен. Сол кездегі Иранның әлсіз үкіметі осы екі алпауыт арасында оңтайлы теңгерім орнатып, тараптарға кейбір ұпай беру арқылы оларды риза етіп, елдің саяси қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауға тырысты. Қаджар заманында Ресей мен Ұлыбританияның Иранға ықпалы мен ішкі ісіне араласуының айқын болғаны сондай, шетелдіктерге қарсы тұру және тәуелсіздік алу біртіндеп машруте (конституциялық) революциясында халықтың маңызды талаптарының біріне айналды. Бұл талаптар кейінгі жылдарда, әсіресе Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда айшықтала түсті. Сол заманда Иран үкіметі бейтараптығын жарияласа да, соғысушы елдердің ішкі іске араласуы салдарынан соғыстың құрбанына айналып, елде қуаңшылық болып, экономикалық қиыншылықтар күшейіп, саяси тұрақсыздық артты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда әлемде екі полюсті жүйе қалыптасып, халықаралық сахнада «қырғи қабақ» соғысы деген жаңа теңгерім жүйесі орнағанына байланысты әлемнің барлық дерлік елдері екі блок – АҚШ бастаған Батыс пен Кеңес одағы бастаған Шығыс блоктың біріне қосылуға мәжбүр болды. Алайда әлемде отаршылдыққа қарсы күрестер шарықтау шегіне жеткенімен бір мезгілде  Азия мен Африканың бірқатар елдері Батыс пен Шығыс блоктарына бағыныштылықтан арылып, АҚШ пен Кеңес одағынан тәуелсіздік алып, халықаралық қатынаста тәуелсіз саясат жүргізуге шешім қабылдады. Сол себепті 1955 жылы сәуір айында Индонезияның Бандунг қаласында Азия мен Африка елдерінің алғашқы конференциясы «Қосылмау қозғалысы» атты жаңа блок құру мақсатында өтті.  Бұл конференцияда қатысушы елдердің өкілдері Иран үкіметінің заңды Премьер-министрі доктор Мұхаммед Моссадықты үшінші әлемде Қосылмау қозғалысы саясатын ілгерілетіп, отаршылдықпен күресуші ретінде мадақтады. Моссадық Иранның мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру саясатын ұстанғандықтан Ұлыбританияның қаһарына ұшырап, АҚШ пен Ұлыбританияның 1953 жылы бірлесе ұйымдастырған төңкерісінен кейін биліктен шеттетілді. 1961 жылы қыркүйекте Белградта өткен басқа бір конференцияда Қосылмау қозғалысына мүше елдер Моссадықтың теріс теңгерім саясатын өз саясаттарының негізі етіп алды. Моссадық Ұлыбританиямен күресу үшін Иранның мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысын жүргізген жылдарда осы теріс теңгерім саясатын ұстанған болатын. Иранның Премьер-министрі осы саясатты қабылдау арқылы алпауыт елдердің Иранның ішкі ісіне араласуын тоқтата алған еді және екі полюсті әлемде азаттықты талап етушілерге қосылмау қозғалысының практикалық үлгісін көрсеткен болатын.

Иран Ислам революциясында «Шығыс та емес, Батыс та емес» деген ұранмен танымал ұғым діни-құрандық тағылымдардан бөлек, тарихи және саяси тұрғыдан тәуелділікті жою және үстемдікті қабылдамауды баса айтып, Иран мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру кезеңінде көтеріліп, кейін Қосылмау қозғалысына мүше елдердің үлгісіне айналған теріс теңгерім саясатыннан тамыр алады. Теріс теңгерім саясаты бір елдің шетелдік алпауыттардың араласуынан тәуелсіз болуын білдіреді. Шетелдік алпауыттарға үстемшілдік негізде теңсіз қатынас орнатып, бір қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік тұрғысынан дамуы мен өзгеруіне тосқауыл болатын кез келген ел жатады. Иран халқының сенімінше, ұлттық тәуелсіздік пен бөгделердің ішкі іске араласпауы – барлық халықтардың айқын табиғи құқығы. Ресей мен Ұлыбританияның Иранның ішкі ісіне араласуына қатысты ащы тарихи тәжірибелерді назарға ала отырып,  Иран халқы ешбір жағдайда өзінің осы табиғи құқығынан кері шегінуді қаламайды. Теріс теңгерім саясаты шетелдік алпауыттардың бәріне бірдей қарады. Батыстан құтқарылу үшін Шығысқа бағынуды мүлде қабылдамады. Бұл осыдан бұрын қысқа кезеңде, яғни Мырза Тақи хан Әмір Кабирдің уәзірлігі кезінде  Иран үкіметі тарапынан үшінші күш ретінде қабылданған саясатқа ұқсайды. Тек бір айырмашылық бар: теріс теңгерім саясатында үшінші күшке де ие артылмады, бұл саясаттың негізі халықтың қолдауы мен хабардарлығы болды.  

 

Иранның заңды үкіметінің теріс теңгерім саясаты мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру жолындағы күресте әлемде жапа шеккен көптеген елдердің тәуелсіздік алу және Батыс пен Шығыс блоктарына қосылмау саясатын қабылдауға үлгі болғанымен, 1953 жылы британ-америкалық төңкерістен кейін Иранның озбыр шахы елдің сыртқы саясатын теріс теңгерім мен қосылмау қозғалысынан оңтайлы национализмге (ұлтшылдық) және Батысқа, әсіресе АҚШ-қа қосылуға өзгертті. Тәжі мен тағын америкалықтардан алғанына сенген шах ресми түрде Батыс блогының мүшесіне айналды. Ол АҚШ-қа саяси-экономикалық және құқықтық артықшылықтар беру және осы елмен әскери-қауіпсіздік келісімдерге қол қою арқылы Батыс пен АҚШ тарапынан басқарылатын үкіметке айналды. Шах АҚШ-тың қолдауына сүйеніп, мұнайдан түсетін мол табысқа кенеліп, АҚШ-тан дамыған әскери құрал-жабдықтар сатып алғаннан кейін елде тұншығатын кеңістік тудырды. Мұхаммедреза шахтың деспоттық үкіметі елді тәуелсіздіктен айырып, Батыс елдеріне, әсіресе АҚШ-қа бағынышты етіп қана қоймай, халықты саяси және азаматтық бостандықтардан айырды. Заңды үкіметті деспоттық монархиялық билікке айналдырды. Ол барлық оппозиционерлерді басып-жаншып, ешкімге сын айтып, қарсылық білдіруге рұқсат бермеді.

Осындай жағдайда имам Хомейни бастаған Ислам революциясы Иран халқының тәуелсіздігі мен азаттығын қайта қайтару мақсатында орын алды. Имам Хомейни «Шығыс та емес, Батыс та емес» ұранын көрету арқылы тәуелсіздікті Ислам революциясы дискурсының өзекті тақырыптарының біріне және ИИР сыртқы саясатының басты ұстанымына айналдырды. Аятолла сейіт Махмұт Талеғани Ислам революциясының жеңісінен бір айға жуық уақыт өткеннен кейін доктор Мұхаммед Моссадықты еске алу рәсімінде: «Доктор Моссадық бір білікті дәрігердей саусағын жүйенің ауырып тұрған жеріне басып, «Біз Шығыс пен Батыс әлемінде бейтарап болайық» деп, қосылмау қозғалысы идеясын ұсынды. Оны Джамал Абдул Насер, Неру мен Сукарно қолдады»,-деп еске салды.

Имам Хомейнидің Иранның сыртқы саясаттағы принциптерін сипаттауға негізделген ұстанымдары ИИР-ның конституциясына енгізілді. Мысалы, конституцияның 152-бабында үстемдікке ұмтылу мен үстемдікті қабылдауды теріске шығару, жан-жақты тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты сақтау, барша мұсылмандардың құқықтарын қорғау, үстемшіл алпауыттарға қосылмау, Иранның сыртқы саясатына қарсы емес елдмермен бейбіт қарым-қатынас орнату туралы айтылған. ИИР СІМ-нің ғимаратының маңдайшасына жазылған «Шығыс та емес, Батыс та емес» ұраны елдің халықаралық сахнада тәуелсіз екенін және бөгде елдердің үстемдігін қабылдамайтынын және басқа елдер, әсіресе Батыс пен Шығыс алпауыттарына бағынышты емес екенін көрсетеді. Ол басқа елдермен өзара құрмет негізінде оңтайлы қатынас жасау қажеттігін жоққа шығармайды. Басқаша айтқанда, «Шығыс та емес, Батыс та емес» саясатын орындаудың мақсаты – басқа елдермен байланысты үзу емес, бөгделердің үстемдігін жою.

Осы тұрғыдан ИИР әрдайым Батыс пен Шығыс алдында тәуелсіздігін сақтай отырып, басқа елдермен жақсы қарым-қатынас жүргізуге талпынып келеді. Бұл саясат аятолла Хаменеидің кезінде жалғасын тапты. Ол билік еткен 30 жылдың ішінде Иранның сыртқы саясатының негізі осы болды. Аятолла  Хаменеи: «Шығыс та емес, Батыс та емес» принципіне негізделген Иранның сыртқы саясатының басты бағыты өзгерген жоқ, өзгермейді де. Бұл принцип үстемшілдердің шектен тыс талап етуіне қарсы тұру және ислам үмбетінің мүдделеріне қол сұғумен күресу дегенді білдіреді»,-деді. (Ислам үкіметінің жарғысы, х.ш.ж.с.б.1382 жыл, 188-бет)

Тегтер