Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) басқалардың көзқарасынан (2)
(last modified Thu, 06 Jan 2022 14:01:34 GMT )
Қаң 06, 2022 20:01 Asia/Almaty
  • Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) басқалардың көзқарасынан (2)

Хазірет Фатима (ғ.с.) әкесі Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жүрегінде жоғары орынға ие болды.

Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) өмірінің соңғы күндерінде бақытты болып көрінді, өйткені ол өзінің Әһле бейтінің әкесі Пайғамбарға (с.ғ.с.) қосылатын алғашқы адам екенін білген. Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан кейін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұйырығы мен жұбайы Әлидің (ғ.с.) құқықтарына немқұрайлық білдірудің куәсі болып, ислам қоғамында бұрмаланудың арта түскенін көрді. Пайғамбардан (с.ғ.с.) айырылу Фатиманың (ғ.с.) нәзік жанын қатты жараласа, екінші жағынан ақиқатты қорғау кезінде алған жарақаты оның өмірмен тез қоштасуына себеп болды. Хазірет Фатима (ғ.с.) өмірден озар алдында қатты ауырған жағдайында вузу алып: «Уа, Алла! Менің өлімімді, маған келгенде, сүйіктім сапардан қайтып, мен оны күткендей ете гөр»,- деп сұрады.

 

Хазірет Фатима (ғ.с.) әкесі Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жүрегінде жоғары орынға ие болып, Пайғамбарға өте қымбат еді. Хазірет Фатиманың (ғ.с.) артықшылығы Ислам пайғамбарына (с.ғ.с.) қатысты болуымен ғана байланысты емес. Оны құрметтеуге лайық ететін – рухани-адамгершілік қасиеттерінің биік болуы. Хазірет Фатиманың (ғ.с.) керемет қасиеттері Пайғамбардың (с.ғ.с.) әрқашан оны мадақтауға себеп болды. Алла елшісі Фатиманың (ғ.с.) дәрежесін мұсылмандарға көрсету үшін: «Фатима – менің тәнімнің бір бөлігі. Ол адам кейпіндегі періште. Жәннаттың иісін аңсаған сайын қызым Фатиманы иіскеп қоямын»,- деді. Пайғамбардың қызына деген сүйіспеншілігі, әкелік мейірімнен де жоғары, Фатиманың (ғ.с.) дәрежесі мен кемелдігінің ұлылығынан туындаған тағзым мен құрметпен бірге болды. Безал Херави ұлы ғұлама Хусейн ибн Рухтан Пайғамбардың неше қызы бар екенін сұрады. «Төрт қызы бар»,- деген жауап алды. Ол: «Олардың қайсысы басқаларынан артық болды?»- деп сұрады. Хусейн ибн Рух: «Фатима»,- деді. Херави таңғалып: «Ол Пайғамбардың барлық қыздарынан кіші және әкесімен азырақ өмір сүрмеді  ме?»- деді. Хусейн ибн Рух: «Раббысы оған берген екі қасиет үшін.  Біріншіден, Фатима (ғ.с.) Алланың Пайғамбарынан мұрагер болатын. Сондай-ақ Алланың пайғамбарының ұрпақтары Фатимадан (ғ.с.) тараған.  Пайғамбар бұл ерекшелікті хазірет Фатимаға (ғ.с.) үлкен ықылас пен кемелдік тұрғысынан берген».  

Бір күні Фатима (ғ.с.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында болған кезде, хазіретке уахи түсті. Алла елшісі қызы Фатимаға (ғ.с.): «Қазір Жәбірейіл қасымда, ол: «Қалағаныңды сұра, алдыңнан дүниенің қазыналары ашылады», - дейді»,- деді. Хазірет Фатима (ғ.с.) шамалы үнсіз қалып: «Әкежан, ешнәрсе керек емес. Мен Алланың сұлулығына қараудан басқа ештеңе қажет етпеймін. Аллаға қызмет етуден алған ләззат мені кез келген сұраудан сақтайды»,- деді. Осы кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) Фатиманың қолын сүйіп, оны ұлы адам ретінде құрметтеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) басқалар да сол жолда жүруі үшін хазірет Фатиманы (ғ.с.) таныстыру арқылы мұсылман әйелінің ұлылығын, оның түсінігі мен білімінің құдіретін тануға талпынды. Бір күні Пайғамбар (с.ғ.с.) Фатиманың (ғ.с.) қолынан ұстап: «Оны танитындардың бәрі біледі, ал танымайтындар Фатиманың (ғ.с.) Мұхаммадтың (с.ғ.с.) қызы екенін, ол менің тәнімнің бір бөлігі, менің жүрегім мен жаным екенін біліңдер. Кім оны ренжітсе, мені ренжіткені, ал кім мені ренжітсе, Алланы ренжіткені», - деді.