Наурыз кезіндегі ойын-сауық түрлері-5
(last modified Fri, 25 Mar 2022 08:41:33 GMT )
Нау 25, 2022 14:41 Asia/Almaty
  • Наурыз кезіндегі ойын-сауық түрлері-5

Мейрамдар – барлық мәдениеттердің ортақ ерекшелігі. Шын мәнінде мейрам – дұға оқу, бір жеңіс, əлеуметтік оқиға немесе бір илаһи мұғжизаға алғыс айту рəсімі. Оның қоғам үшін пайдасы зор. Наурыз – көне ұлттық мейрам. Мыңдаған жылдар барысында Иран тарихының түрлі кезеңдерінде бұл мейрам ең үздік адами жəне мəдени символдарды бойына жинады.

Өткен бағдарламада Иранның кейбір облыстарындағы Наурыз мейрамының тойлану тəсілдерін баяндадық. Енді басқа облыстардағы мерекелік шараларды таныстырамыз. 

Иранның мəдениеті мен əдет-ғұрпын сақтауда басқа ұлт өкілдерімен бірге теңдессіз рөл ойнап келе жатқан ұлт – лурлар. Лурлар көне замандардан бері Иранның оңтүстік-батыс өңірінде (Хузистан облысынан басқа) өмір сүреді. Жаршы немесе Наурызхан атты оқыған адамдар атқа мініп, ауыл-ауылды аралап, Наурызға арналған əндер айтып, көктем мен Наурыздың келгенін халыққа  сүйіншілейді. Халық жаршыларға сыйлық, айттық ретінде жұмыртқа, бидай, ақша береді.

Лурларда Наурыз кезінде орындалатын көне рəсімдердің бірі – Чалегəрми. Бұл рəсім Кохгилуйе мен Буйерахмад халқының қонақжайлылығы мен достығын көрсетеді. Бұл облыстың халқы Наурызға бір күн қалғанда "Чалегəрм кенун" немесе дастарханды толтыру рəсімін орындайды. Үйдің ошағын жағып, ыстық тамақ дайындап, "Шахнама" оқып, сыбызғы тартып, қыстың суығын ұмытып, көктемді барынша сезінеді. Əдетте Чалегəрми рəсімінде əрбір жанұя ыстық тамақ пісірумен қоса, дастарханды нанға толтырады. Сөйтіп береке мен молшылыққа толы жыл болады деп үміттенеді.

Кохгилуйе мен Буйерахмад облысындағы "Чалегəрм кенун" немесе дастарханды толтыру рəсімі

Иранда орындалатын шаттыққа толы Наурыз рəсімдерінің бірі – "Баһаргаһи" мейрамы. Бұл рəсім Систан мен Белучистан өңірінде ерекше танымал. "Баһарчерани" немесе "Нукин руч" (Наурыз деген мағынада) деген атпен танымал рəсім бəлуч көшпенділері арасында өтеді. Бұл рəсімде бəлуч көшпенділері қой қырқып, оның жүні мен мүйізін бояйды. Сөйтіп, қойларды жуып, олардың қарны мен құйрығындағы жүнін қырқады. Жүннің бір бөлігін аймақтағы емдік өсімдіктердің гүліне ұқсатып жасап, қына немесе анар қабығын пайдаланып бояйды. Қошқардың мүйізін де қынамен бояйды. Көктемнің бірінші күнінде осылай боялған барлық қойлардың мойындары мен сирақтарына қоңырау тағып, жайылымға шығарып, Баһарчерани рəсімін өткізеді.

Бəлуч халқы Иранның басқа ұлттары сияқты көктем мезгілі мен Наурыз күндерін тойлауға қолайлы мүмкіндік санайды. Сондықтан мейрам күні таңертеңнен бастап осы аймақтың барлық зиярат орындарында барабан мен сырнай тартылады. Бəлуч халқы да Наурызды қарсы алып, тойлайды. Олар, сондай-ақ, өздерінің үйлену тойларын Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өткізуге тырысады. Үйлену тойымен қоса, Наурыз күндері Иранның осы өңірінде арнайы рəсімдер өткізіледі. Салтанатты рəсімдердің бірі – үлкендердің эпостық жырлар оқуы. Бəлуч халқы Наурыз кештерінде бас қосып, туыс жəне қонақ ақысын беру арқылы осы уақытты есте қалар кештерге айналдырады. Олар от жағып, оның айналасын қоршай тұрып, Құдайдан өзі мен туыстары үшін жарық пен денсаулық сұрайды. Үлкендерден ата-баба тарихы, ирандық батырлар мен бəлуч халқының бөгделерге қарсы күресі туралы эпостық жырлар тыңдайды. Одан кейін көктем жайлы халық əндерін айтып, ауыл ақсақалдарымен той тойлап, бəлуч биін билейді.

Систан мен Белучистандағы Наурыз

Иранның Белучистан облысында Наурыздың он үшінші күнінде арнайы рəсімдер өтеді. Бəлуч халқы бұл күнді "Сафар бе дəр" деп атайды. Бұл күні үй кір-қоқыстан тазартылып, оттықтарда Сучки атты хош иісті затты жағып, түтін шығарылады. "Сафар бе дəр" рəсімінде балалар топ-топ болып үй-үйді аралап, халық əндерін айтып, үй мен ауданды жамандықтан аластатады. Сондай-ақ Наурыздың он үшінші күні кейбір ауылдардың тұрғындары зиярат орындарына барып, құрбандыққа қой шалып, тамақ пісіріп, қайтқан жандардың рухына бағыштап, мұқтаж адамдарға таратады.

Иранның солтүстік өңірінде де Наурызға арналған көптеген рəсімдер бар. Иранның осы жап-жасыл аймағында көктем құстары, соның ішінде  көкек пен бәбісек дауысы естіліп, әдемі гүлдер гүлдеп, "Арус голи" рəсімі өткізіледі. Арус голи немесе «Гүл қалыңдық» қойылымында дəу, Пірбаба мен Назханым басты рөлдерді ойнайды. Пірбаба – өзін ақсақал қалпына келтірген тұлға. Дəу – құрғақ өсімдік сабақтарынан жасалған қалпақ киіп алған ер адам. Назханымның рөлін əйел киімін киіп алған жас жігіттердің бірі ойнайды. Шаттық сыйлайтын осы қойылымның тақырыбы – дəу мен Пірбабаның Назханымға таласы. Əлгі екеуі күреседі. Дəу – қараңғылық пен қыстың белгісі. Пірбаба – сұлулықты сүйетін бағбанның символы. Осы күресте Пірбаба жеңіп, Назханыммен билеп қойылымды аяқтайды. Түрлі ауылдардағы қойылым есфанд айының ортасынан басталады. Қойылым тобы күн батқаннан кейін үй-үйді аралап, аулада жəне ашық жерде өз бағдарламаларын орындап, күріш, жұмыртқа, тəтті-дəмді жəне кейде ақша алады. 

Гиландағы "Арус голи" рəсімі

Сондай-ақ гиляк халқының Наурызға арналған көне рəсімдерінің бірі – "Аһу чере" қойылымы. Осы үш адамдық қойылымда адамдар түрлі заттармен бұғының басын жасайды. Бұғының басына мүйіз жасап, оған гүл мен көк шөп іледі. Шыны түймеден оған көз жасап, мойнына қоңырау тағып, ағаш таяққа қадайды. Бұғыны ойнайтын адам басына матадан қапшық киеді. Қапшық бүкіл денені жауып тұрады. Əртіс бұғының басы ілінген таяқты қолына ұстайды. Содан соң қойылымның басқа мүшелерімен түрлі аудандарға барып, "Аһу чере" қойылымын қойып, көктем мен Наурыз туралы өлең оқып, тұрғындардан айттық алады.

Иранның солтүстік өңірлерінің бірі Түркімен Сахра халқы арасында да біз Наурызға арналған əдемі əдет-ғұрыпты көре аламыз. Бұл өңірдегі халықтың Наурыз кезіндегі ойын-сауық түрі – "Моншақ ату" ойыны. Бұл ойында түркімен қыздар жиналып, өздерінің моншақтарына белгі салып, су толы ыдысқа салады. Содан қыздардың бірі ыдысты жоғары ұстап тұрып, бір өлең оқып, моншақтарды араластырып, біреуін алып шығады. Моншақ кімге тиесілі болса, өлеңнің мағынасын соған қарай түсіндіреді.

Моншақ ату ойыны

Иранда түркімендер тұратын өңірлерде қыс аяқталғанда, яғни күн күнтізбесі бойынша есфанд айының соңғы апталарында Наурызхандар тобы түрлі аудандарға барып, көктем мен Наурызға қатысты халық əндері мен өлеңдерін оқып, тұрғындарға Жаңа жылдың келгенін жаршылайды. Халық Наурызхандарды көктем жаршысы деп санайды. Олардың келуін құт санап, айттық ретінде күріш, қант, жергілікті тəтті-дəмділер мен ақша сияқты сыйлықтар береді.

Наурыз берекелі болсын!