Парсы шығанағының ұлттық күні – тарихи ақиқатты сақтау
Парсы шығанағы ерте замандардан осы уақытқа дейін карталар мен тарихи құжаттар негізінде Парсы шығанағы деп аталып келеді. Бірақ кейбір араб елдерінің шығанақтың атауын өзгерту мақсатында тарихты өзгертуге күш салып жатқандарына бірнеше жыл болды.
Кең-байтақ Иран жерінің оңтүстігінде ерте замандардан стратегиялық маңызға ие су жолы бар. Парсы шығанағы шамамен 240 000 км² аумағымен дүниедегі үшінші үлкен шығанақ саналады. Парсы шығанағы Ормұз бұғазы арқылы Оман теңізі мен Үнді мұхитына шығады. Аталмыш су жолында көптеген аралдар бар. Шығанақтан алуан түрлі су жануарлары, кейде тіпті олардың бірегей түрлері де кездеседі. Парсы шығанағының солтүстік жағасына ие Ираннан басқа осы маңызды су жолында Ирак, Арабстан Кувейт пен Бахрейн, Қатар мен Оман және БАӘ де ірілі-ұсақты жағалауларға ие.
Парсы шығанағының маңыздылығы мен соған қатысты әртүрлі мәселелерге байланысты ИИР осы су жолында португалдықтардың отаршыл күштерін жеңудің жылдығына орай ордибеһешт айының онын Парсы шығанағының ұлттық күні деп атады.
Парсы шығанағының маңыздылығы ертеден көбінесе оның сауда-саттық және теңіз қарым-қатынастарындағы өзектілігіне байланысты болды. Бірақ милади жыл санағы бойынша жиырмасыншы ғасырда осы сужолы мен оның жағалауындағы елдерден мұнай мен газдың үлкен қорының табылуы Парсы шығанағының мәртебесін айтарлықтай көтерді. Сол себепті шикізатты сенімді түрде тасымалдау үшін стратегиялық мәнге ие су жолының қауіпсіздігінің маңыздылығы да арта түсті. Әдеттегідей бұрын Парсы шығанағында белсенді құзырға ие болған үстемшіл мемлекеттер мұнайдың табылуымен өмірлік мәнге ие осы шикізаттың арзан баға және жеткілікті қауіпсіздікпен елдеріне тасымалдануы үшін аймақтағы әрекеттері мен араласушылықтарын арттырды. Осылайша, Парсы шығанағы жағалауындағы елдер бір-бірінің серіктестігі және осы аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, бөгде шетелдік алпауыт елдер шығанақты өздерінің ашкөз мақсаттарын қанағаттандыру үшін бақылауға алды.
Парсы шығанағы аймағындағы елдердің серіктестігіне кедергі келтіріп отырған нәрсе су жолының оңтүстікте орналасқан мемлекеттерінің Америка және Англия сынды үстемшіл елдерге тәуелділігі мен соларға сенім артып, арқа сүйеуі болып отыр. Ертеде Ирандағы тәуелді шаһ режимі де осындай жағдайда болғанымен, 1979 жылы Иранның ислам революциясының жеңіске жетуімен ИИР Парсы шығанағынан бөгде күштерді қуып шығуды, шығанақтың қауіпсіздігін оның жағалауындағы елдер тарапынан қамтамасыз етілуін сұрады. Иранның ниетінің түзулігіне қарамастан, Парсы шығанағындағы елдерді патшалық үкіметтер басқарып, халықтың демеушілігінен кенде болғандықтан, сондай-ақ шетелдік күштерге тәуелді болғандықтан Иранның қисынды ұсынысын қабылдамады. Олар ИИР-мен Парсы шығанағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде серіктестік жасамауларымен қатар, Иранмен қарсыласып, 1981 жылы Парсы шығанағы серіктестік ұйымын құрды.
Негізінде кейбір араб елдерінің Иранмен арадағы кикілжіңі жарты ғасырдан бері жалғасып келеді. Ол кезде кейбір ұлтшыл мемлекеттер өздерінің араб екендіктерін қуаттау үшін Парсы шығанағын «Араб шығанағы» деп атады. Алайда олардың бұл әрекеттері осы су жолының атауының тарихи шындығына еш әсер еткен жоқ. Араб үкіметтері өз елдерінің халқына азаттық беру немесе сионистік режиммен күресу және өздерінің палестиналық бауырларына қолдау көрсету сынды басқа да жолдар арқылы араб тұқымына деген құрметтерін дәлелдей алған болар еді. Алайда Иранның ислам революциясынан кейін Парсы шығанағындағы деспоттық және патшалық үкіметтер Парсы шығанағының атауын өзгерту ісінің көшбасшылары болды. Олар әртүрлі салаларда, соның ішінде саяси, экономикалық, мәдени, тіпті спорт салаларында осы көне су жолының атауын басқаша атауға тырысып, көп қаржы жұмсады. Бірақ «Парсы» атауының стратегиялық маңызға ие шығанақ үшін айқын әрі деректілігі соншама, бұл үкіметтердің талпыныстары бұрынғысынша нәтижесіз қалып отыр. Араб мемлекеттерінің Парсы шығанағының шынайы атына көзжұмбайлық танытуда келтіретін дәлелдерінің осал әрі негізсіздігі сондай, ешбір беделді орган оны қабылдамайды. Бұл үкіметтердің келтіретін дәлелдері төмендегідей: «Парсы шығанағының айналасындағы елдердегі арабтардың саны парсылардан көбірек-мыс. Сол себепті бұл су жолын арабша атау керек». Олардың бұл дәлелдері қисынсыз әрі негізсіз. Себебі теңіздер мен су жолдарын атау үшін ешбір халықаралық құжат пен заңда мұндай ереже айтылмаған. Мұның өзі екі мың жылдан астам уақыт бұрын оның атауы беделді карталар мен құжаттарда анықталып жазылған Парсы шығанағы сынды су жолына қатысты айтылып отыр.
Мұнымен қатар, егер осындай заңды қабылдайтын болсақ, онда көптеген теңіздердің атауларын да өзгерту керек болады. Оның қатарына Үнді мұхитының солтүстік-шығысындағы араб теңізі де кіретін болады. Себебі оның айналасындағы елдерде шамамен бір миллиард араб емес ұлттар өмір сүріп жатыр. Келесі жайт, ол Парсы шығанағының оңтүстігіндегі көптеген елдерде араб емес халықтардың санының көптігі сондай, тіпті кейде арабтардың өздерінен де асып кетеді. Ал Иран болса бүгінде Парсы шығанағында ең көп халық пен жағалауға ие ел.
Араб үкіметтері Парсы шығанағының атауын өзгерту үшін сенімді бір де бір құжатқа ие емес деп айтуға болады. Исламның пайда болуынан шамамен мың жыл бұрын Иранның оңтүстік су жолы құжаттар мен карталарда және кітаптарда Парсы шығанағы деп немесе соған ұқсас атаулармен аталып, тіркелген. Иунандық философ, астроном Птолемей оны «Парсы шығанағы» деген мағынаны беретін Sinus persicuss деп атаған. Сонымен қатар исламдық кезеңде де бұл су жолы әрдайым «Парсы шығанағы» деп танымал болған.
«Парсы шығанағы атауының құжаты – ежелгі және мәңгілік мұра» атты кітапта Исламның басынан жиырмасыншы ғасырдың басына дейін араб тілінде жазылған тарихи, географиялық тақырыптардағы үш жүз кітапта шығанаққа сілтеме жасалғанда оның «парсы теңізі», «парсы шығанағы» деп аталғаны көрсетілген.
Бұл кітапта сонымен қатар Парсы шығанағы атауымен шамамен мыңға жуық еуропалық және араб карталары мен шейхтердің жасаған отыздан астам келісімдері, арабтардың танымал зиялыларының мойындаулары келтіріліп: «Тіпті 1958 жылдан бұрын шығанақ араб тілінде аталған бірде бір жазба кездеспейді» деген қорытынды шығарылған.
Мынадай сауал туындайды: Парсы шығанағы туралы сенімді осыншама құжаттардың болуына қарамастан неліктен кейбір араб елдері бұл тақырыпты түйткілге тіреп отыр?
Осындай негізсіз әрекеттің себептерінің бірі арабтардың қоғамдық пікірін сионистік режимнен бұру болып табылады. Араб үкіметтері Палестинаның жаулап алынғанына жетпіс жылға жуық уақыт ішінде осы араб елін сионистердің үстемдігінен азат ете алмады. Сол себепті кейбір араб елдері ИИР-н өз халықтарына арабтардың дұшпаны етіп көрсетуге күш салуда. Бірақ араб және батыс елдері үкіметтерінің қолдауына ие болған Саддамның мықты әскері Ираннан жеңілген соң араб мемлекеттері Иранмен әскери қақтығысудан қатты қорқатындықтан саяси және насихаттық әрекеттерге көшкен. Сол себепті БАӘ-нің ирандық «үштік аралдарына» (Томбе бозорг, Томбе кучек және Абумұса) иелігі туралы дау-дамайлары мен Арабстанның Иранмен қатынасындағы өткен айлардағы шиеленіс тудыруын да осы негізде бағалау керек.
Бірақ, келесі шындық – ол Парсы шығанағының оңтүстігіндегі мемлекеттердің көбісінің шын мәнінде Иранның ислам революциясының идеясынан қорқатындықтарында. Революциялық идея бөгделерге тәуелді болуды қабылдамай, халықты сионистік режимге қарсы күреске шақырады. Бәрінен маңыздысы, революция Иранда діни демократия орнатты. Иран халқы елдің жоғары деңгейдегі басшыларының сайлауына қатысып, елдің тағдырына араласа алады. Осындай жағдайда араб елдерінің көбінде халық өз елдерін басқаруда рөл атқармайды, әсіресе Сауд Арбиясы сынды абсолюттік монархия орнаған елдерде деспотизм мен басып-жаныштау үстемдік етеді. Халық ел қайраткерлерін өздері сайлай алмайды, тіпті олардың қаржы саласындағы бұзақылықтары мен ахлақтық бейбастақтықтары туралы жақ аша алмайды. Ашығырақ айтқанда, Парсы шығанағының оңтүстігіндегі елдер өз халықтарының исламдық ояну самалының әсерінен хабардар болуынан қорқады. Өздерін азаттық пен адам құқығының қорғаушылары санайтын батыс елдерінің де осы деспоттық елдерге толығымен қолдау көрсетіп отырғанын айтпасқа болмайды.
Парсы шығанағының оңтүстігіндегі араб елдерінің арасында Арабстан барлығынан көбірек ИИР-ның аймақтағы ықпалының артуына алаңдайтындай көрінеді. Теһранның ешбір араб елімен қарсыласуды мақсат етпейтінін тура мәлімдегеніне қарамастан, саудиялықтар Иранның революциялық идеясының арабтар арасында неғұрлым жақтасы көп болса, сионистік режиммен күрестің соғұрлым артып, әл-Сауд сынды деспоттық үкіметтермен қарсыласудың да күшейе түсетінін біледі. Арабстан мен Қатар сынды үкіметтердің тәкфіршіл-лаңкестік ДАИШ сынды ұйымдарға есепсіз қолдау көрсетуінің себебі де аймақтағы Иранның Сирия, Ирак пен Ливан Хезболласы сынды одақтастарын әлсіретіп, мүмкін жағдайда жоюды мақсат ететіндіктерінде. Осы жобаны жүзеге асыруда батыс елдерінің, әсіресе Американың кертартпа араб елдеріне қолдау көрсетіп отырғаны да мәлім. Қорыта айтқанда, Парсы шығанағының оңтүстігіндегі араб елдерінің ежелгі су жолының атауын өзгерту үшін шығарып жатқан айғай-шуы көбінесе олардың басқа салалардағы әлсіздіктерінен туындап отыр. Бұл жағдайдың өзгеруімен түбінде аяқталатын іс. Саддам Хусейн де бір кезде Парсы шығанағының, тіпті Иранның оңтүстіктегі қалаларының атауын өзгертуде көшбасшы болғанымен, бірақ оның өзі қазір басқа сарайда өзінің масқара істерінің сазайын тартып жатыр. Парсы шығанағының атауы мәңгілікке Парсы шығанағы болып қалады.