Наурыз дастарханы (2)
(last modified Wed, 22 Mar 2023 04:22:08 GMT )
Нау 22, 2023 10:22 Asia/Almaty
  • Наурыз дастарханы (2)

Наурыз құтты болсын, ардақты ағайын! Бүгін – х.ш.ж.с.б. 1402 жылдың фарвардин айының бірінші жұлдызы. "Наурыз дастарханы" бағдарламасының екінші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз.

 

گوینده:

«یا مقلب القلوب و الابصار؛ یا مدبر اللیل و النهار؛ یا محول الحول و الاحوال؛ حول حالنا الی احسن الحال »

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Иранда күн күнтізбесі бойынша жаңа жылдың бірінші күні. "Наурыз дастарханы" бағдарламасының екінші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Дүниенің қай бұрышында болсаңыз да, денсаулықтарыңыз мықты, көңілдеріңіз көтеріңкі болсын деп тілейміз.

Бүгінгі бағдарламада Наурыз мейрамының бірінші күніндегі көңіл-күймен таныстырамыз.

Наурыз келіп, Наурыз дастарханы – Һәфт син жайылды. Береке мен молшылыққа толы бұл дастархан – киелі кітаптың бір бөлігі. Ирандық мұсылмандардың көбі Наурыз дастарханына Құран Кәрім кітабын қояды. Ал ирандық зәртушттер өздерінің киелі кітабы – "Авестаны" дастарханға қояды.

Бұрынғы заманда дәстүрлі қалыптағы үйлерде әрдайым бір бөлме Наурыз дастарханын жайып, қонақтарды күтуге арналған. Жеті "син" дәмімен қоса, үлкен дастарханға түрлі тәтті-дәмділер, жеміс-жидектер мен тіскебасарлар қойылады. Қонақтар дастархан басына жиналып, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрады.

Бүгінде Иранның көптеген өңірлерінде Наурыз дастарханы жерге жайылады. Бірақ заманауи тұрмыс салтында "Һәфт син" дастарханы үстел үстіне жасалады. Наурыз дастарханы жерде болса да, үстел үстінде болса да, бұрынғыдай жеті дәмнен тұрады. Олар мыналар: сиб – алма, сумақ – дәмдеуіш, сәмәну – қайнатылған бидай тәттісі, сир – сарымсақ, секке – тиын, сәнджед – жидек және сәбзе – көк шөп. Әрине кейбіреулер аталған жеті дәмнің бірін     серке – сірке суы мен сүмбіл – гиацинт гүлімен алмастырады.

Бағдарламаның жалғасында Мохсен Чавушидің орындауында "Жандардың көктемі келді" әнін тыңдаңыздар.

 

Наурыз рәсімдерін құрайтын түрлі элементтер бір-бірімен қабыса келіп, халықтың болмысы мен тұрмысының мәдени негізін қалыптастырады. Осындай элементтердің бірі – "Һәфт син" дастарханын жаю. Жеті дәммен қоса, шам мен айна, қызыл балық, шамшат пен апельсин ағашының үлкен жапырақтары, наркес пен сүмбіл гүлдері және көк шөп дастарханға қойылады.

Иранда түрлі жағдайларға орай дастархан жайып, түрлі тағамдар қою көне замандардан бастау алады. Ежелгі заманнан Ислам дәуіріне дейін дастархан жаю діни-мәдени шындық ретінде Иран халқының өмірінде маңызды рөл атқарған. Неке қию дастарханы, Наурыз дастарханы, имамдар (ғ.) атынан нәзір дастархандары, Ялда дастарханы – ирандықтардың үйлерінде жайылатын дастархандардың түрлері.

Бір қызығы, Наурыз дастарханына қойылатын жеті дәм түрлі замандарда Иранның түрлі өңірлерінде мәдени-әлеуметтік және климаттық ерекшеліктерге сәйкес әрқилы болған. Иранның көптеген өңірлерінде Наурыз дастарханына "син" әрпінен басталатын жеті дәм қойылады. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, "син" әрпі – "сини" (поднос, жайпақ табақ) сөзінің қысқарған түрі. Бұрындары егіс алқабы мен бау-бақшада өсетін таза әрі құрғақ дәмдерді 7 табаққа немесе 7 мыс ыдысқа салып, Наурыз мейрамында патшаның сарайына жіберіп отырған. Шын мәнінде осы табақтардың әрқайсысы Иранда өсетін өнімдердің үлгісі болатын.

Иранның көне мәдениетін зерттейтін ғалымдардың пайымдауынша, егер Иран халқының ескі наным-сенімдеріне нақтырақ көңіл аударсақ,  "Һәфт син" дастарханының жеті элементі жеті көне киелі періштеге сәйкес келетінін түсінуге болады. Шын мәнінде кейбіреулердің ойынша, зәртушттер бұл дастарханды жеті періште (Амшаспандан) үшін жайып отырған.

"Һәфт син" дастарханы

Ал енді жеті "мим" және жеті "шин" дастарханы туралы тыңдаңыздар.

Иранның кейбір өңірлерінде, Хорасан, Фарс, Хузистан облыстарындағы кейбір ауылдар мен қалаларда жеті "мим" дастарханын жаяды. Оны "мим" әрпінен басталатын дәмдер – "морғ" – тауық еті, "махи" – балық, "мейгу" – асшаян, "масқати" – рахат лукум тәттісі, "мовиз" – мейіз, "мадани" – тәтті лимон, "маст" – айран, "маш" – маш, жасымықтың бір түрі, өсімдік, жеміс-жидек  пен сусынның жеті түрімен әрлейді.

Осы дәмдердің әрқайсысының символдық мәні бар. Ол бұрынғы және қазіргі замандағы ирандықтардың әлем мен ғаламға қатысты көзқарасын және жүректерінде әлдилеген арман-тілектерге қатысты түсінігін білдіреді.

Барлық үйдің басты орталығы саналатын "Һәфт син" дастарханы да ирандықтардың ежелгі наным-сенімдерінен бастау алады. Жанұя мүшелері достық пен махаббатқа толы дастархан басына жиналып, өкпе-реніштерін жойып, ынтымақтасады.

Шын мәнінде Наурыз дастарханы бағзы заманнан бері жанұяның негізін сақтап, қоғамның біртұтастығын жалғастыруда әсерлі рөл ойнаған және әлі де ойнап келеді. Егер ирандықтармен бірге отырсаңыз, адам өмірінде жанұяның қаншалықты маңызды екенін көресіз. Ирандықтар жанұяның үлкендеріне ізет-құрметпен қарайды. Соның дәлелдерінің бірі – Наурыз сияқты рәсімдерді өткізу.  

Ирандықтар қай жерде болса да, қандай тәсілмен болса да,  жаңа жыл келгенге дейін жақын мен алыстан өз үйлеріне жетіп, өз ата-анасы, жұбайы, балалары, аға-апалары және басқа да жанұя мүшелерімен Наурыз дастарханы басына жиналып, Жаңа жылды тойлайды.  

Халықтың сенімі бойынша, егер адам жылдың басында үйде Наурыз дастарханы басында болмаса, жылдың соңына дейін үйі мен жанұясынан алыста болып, Құдайдың қолдауы мен қайтқан жандардың дұғасынан мақрұм қалады.

 

Наурыз дастарханы терең философиясымен қоса, адамзат баласына берер басқа да жолдауы бар. Адамдар Жер планетасын, оның бетіндегі барлық заттар, соның ішінде  су, өсімдіктер, жануарлар мен металдарға жақсылап қарап, оларды дұрыс қолдануы керек.

Қалай болғанда да, көктем мен Наурыздың келуі және соған қатысты мерекелік шаралар – қуанышты оқиғалар. Күн мен түн теңесетін табиғат сияқты бізге де тепе-теңдікте өмір сүру керегін еске салады. Қыс бітіп, суық күндер аяқталғаннан кейін біз де Құдай берген табиғаттың бір бөлігі ретінде қыстай суық ойларымызды ұмытып, барлық адамдар мен заттарға деген көзқарасымызды жаңартуымыз керек. Жан дүниемізде достық, тыныштық пен үміт гүлін өсірейік. Жанымыз бен рухымыздағы осы бастаманы тойлайық. Наурыз дастарханы басында Жаңа жылдың келу дұғасымен қоса, бүкіл әлем халықтары үшін тұрақты бейбітшілік, тыныштық, достық, тілеулестік пен тату тіршілік тілеп дұға оқиық.

Хомаюн Шаджарианның орындауында "Наурыз" атты әнді тыңдауға шақырамыз.

Ардақты ағайын, осылайша бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Келесі бағдарламада да бізден бірге болыңыздар!