Шәмс – рухани әлемнің мұғжизасы
(last modified Fri, 29 Sep 2023 18:41:24 GMT )
Қыр 30, 2023 00:41 Asia/Almaty
  • Шәмс – рухани әлемнің мұғжизасы

7 меһр (29 қыркүйек) исламдық Иранда атақты сопы әрі рухани әлемдегі мұғжиза Шәмс Тәбризиді ұлықтау күні деп аталған. Осы күнге орай жыл сайын Иранның ғылыми және мәдени орталықтарында форумдар мен конференциялар өтеді.

Шәмс Тәбризиді ұлықтау күніне орай

Дүниеде Шәмстей бөтен адам жоқ

Шәмс Тәбризидің өмірі туралы аса көп ақпарат жоқ. Парсының көрнекті ақыны әрі сопысы Моулана Джалаледдин Мұхаммед Моулави өз ғазалдарының көбін Шәмс Тәбризиге арнаған. Шәмс х.қ.ж.с.б. 642 жылы Конияға келгенде шамамен 60 жаста болған. Ол кезде 39 жаста болған Моулана Шәмспен танысқан соң қатты өзгерген.

60 жастағы қарияның абыройлы да танымал факиһ, әдебиетші әрі философ, 4 беделді мектепте сабақ берген Моулана Джалаледдинді қысқа уақыттың ішінде ынтық ғашыққа айналдыратындай оған не айтып, не қойғаны белгісіз. Бірақ бір анығы: Моулави Шәмспен жүздескенде соған дейін жинаған барлық абыройынан бір сәтте айырылса да, осы жеңіліске қуанып, риза болған.

Барынан айырылған әлгі құмаршының салқындығы

Құмар ойынға деген құштарлықтан басқа ештеңе қалмады

(Диван-е Кабир, Ғазал, 1085)

 

Моулавитанушылардың мойындауынша, егер Шәмс болмаса, Моулавидің жолына шықпаса, Моулана ешқашан парсы әдебиеті мен сопылықта бірегей де әйгілі тұлға болып танылмас еді. Өйткені Моулави Шәмс Тәбризимен танысқаннан кейін "Диван-е Кабир" мен "Мәснәуи-е мәснәви" кітаптарын жырлаған. Мұнымен қоса, егер Моулана болмаса, "Шәмс" аты мәңгіге сақталып қалмас еді. Шынымен бұл Шәмс кім?

Ақиқатты көретін сопы Шәмседдин Мұхаммед бен Әли бен Мәлекдад Тәбризи х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдың соңында (шамамен 582 жылы) дүниеге келіп, 7 ғасырдың ортасында (645 жылы) дүниеден озды. 

Шәмстің өмірі және жеке жағдайларынан "Мақалат-е Шәмс" (Шәмс мақалалары) кітабы жарық көргенге дейін маңызды ақпарат болмады. Аздап мағлұмат алуға болатын ең көне еңбектердің бірі – Моулавидің ұлы Сұлтан Вәләдтің "Эбтеданама" кітабы, Афлакидің "Монақеб ул-Арефин" кітабы және "Сепаһсалар" трактаты.

"Сепаһсалар" трактатында Шәмс туралы: "Ешбір жанның Шәмстен хабары болмады. Өйткені ол өзінің танымалдығын жасырып, құпия перденің артында  қалуды қалаған",-делінген. "Мақалат" кітабында Шәмс Тәбризи өзінің өмірі мен танымы жайында ештеңе айтпаған, бірақ түрлі жағдайларда айтқан сипатталары мен естеліктері арасынан оны тануға болады.

"Мақалат" кітабын зерттеулершілердің көбінің сенімінше, бұл кітап – бізді осы ғажайып тұлғамен, оның ойлары және әдістерімен тікелей таныстыратын терезе. Бұл кітаптан біз оның Конияға келгенін білеміз. "Сепаһсалар" трактатында оның керуен сарайда тоқтағаны айтылады. Одан "Неге ханеқаһ – дәруіштер үйіне келмейсің?" деп сұраған. Ол: "Мен өзімді ханеқаһқа лайықты санамаймын. Ханеқаһ ішіп-жемнен, дүниелік істерден алшақ адамдар үшін салынған. Олардың өмірі әзиз болатыны сондай, дүниелік істерге жетіспейді. Мен олардан емеспін",-деп күле жауап берген. Оған "Егер ханеқаһ адамы болмасаң, медресенің адамы болуың мүмкін. Жақсы жүріп-тұрып, медреседе тұруың керек" деген. Шәмс "Медресенің адамдары – сөз тұтқындары. Мұндай пікірталас менің жұмысым емес. Егер сөз категориясынан шығып, өз тілімде сөйлесем, олар күліп масқаралайды" деп жауап берген. Сосын оларға "Мен бөтенмін. Бөтенге керуен сарай да жетер. Жайыма қалдырыңдар" деген.

Шәмс өзін әлемде бөтен санаған. "Құдай мені жалғыз жаратты". Адамдар оның сөздерімен таныс емес. Оның тілін ешкім түсінбейді. Сол себепті "Олар Алланың құлдары, олардың қайғысын ешкім көтере алмайды. Олардың бақытын ешкім көтере алмайды. Олар толтырып, тартып алатын шарап ыдысынан басқа біреу ішсе, өзін жоғалтады" дейді.   

Шәмс барлық адамды жақсы көргенімен бәрін түсінуден қашады, өйткені: "Менің бұл дүниеде бұл адамдарға ешқандай қатысым жоқ. Мен олар үшін келген жоқпын",-деп сенеді. Онда бұл сезімнің күшті болғаны сондай, ол бала кезінен өзін бөтен санаған. Кейде бұл бөтендіктің күшті болатыны сондай, тіпті оның өзін таң қалдырады. Ол іштей "Ата-анам мені кішкентай кезімде тауға тастап кеткен, мен жануарлармен бірге өстім" дейді.

"Мақалат" кітабында Шәмстің ата-анасымен танысамыз. Шәмс Тәбризи осы кітапта әке-шешесін мейірімді жандар деп есептеген. Шамстың айтуы бойынша ата-анасы оны еркелеткен: "Айып мені осылай еркелетіп өсірген ата-анамда".  Шәмс Тәбризи "Мақалат" кітабының басқа бір жерінде әкесін зор мейіріммен еске алып: "Ізгі адам еді... Ғашық емес, бірақ  басқаша бір ізгі, бөлекше ғашық... Әкем мен туралы білмеді. Мен өз қаламда бөтенмін, әкем маған жат. Мен оны сағындым",-деген. "Ол мені ұрып-соғып, үйден қуып шыға ма деп қорықтым" деді.

"Мақалат" кітабының басқа бір бөлімдерінде Шәмс бізді өзінің бала кезіне апарады. Шәмс өз өмірінен айтқан бірнеше қысқаша сөйлемдерден бала кезден оның өз жасындағы балалардан бөлек болғанын, оларға ұқсас өсірілмегенін көруге болады. Одан тақуа ғұмыр кешіп, бойында илаһи ғашықтық оты жанып, ішіп-жемнен қалып, жан дүниесі өзгерген тұлғаны көреміз. Әке оның рухани дүниесін түсінбейді, оны ақылды не жынды санарын білмейді. Шәмс әкесін өз жолына кедергі болмауға көндіруге тырысып, мекиендер (тауық) қиссасын айтып берген: Тауықтың астына балапан шықсын деп үйрек жұмыртқаларын салыпты. Тауық жұмыртқыларды басып шығарады. Біраз өскеннен кейін тауық балапандарын алып көл жағасына барады. Балапандар көлді көргенде суға қойып кетеді. Тауық суға түсе алмай, көл жағасында жүреді.

Шәмс әкесіне қарап: "Әке, қазір мен өз үйім – теңізге жеттім. Менің отаным осы. Егер сен мендей болсаң немесе мен сендей болсам, теңізге түс. Болмаса, үйдегі тауықтардың жанына бар",-дейді.

Моулананың ұлы Сұлтан Вәләд жинаған Шәмстің сөздер жинағы "Мақалат" деп аталады. Бұл жинақтың нұсқаларының бірін жазған хатшы оны "Асрар Шәмседдин Тәбризи" деп атаған. Бұл нұсқа Шәмстің өмір сүрген заманында Моулавидің қолында болған кітап нұсқасынан жазылған деседі. Зерттеушілердің сенімінше, Моулави Шәмстің сөздерін "Асрар" (Құпиялар) деп атаған. Шәмстің өзі "сөздер" емес, "асрар" (құпиялар) деп бірнеше рет айтқан. "Мақалат" кітабында осы туралы: "Бір тәкаппар адам келіп: "Менімен құпия жайлы сөйлес" деді. "Сенімен сыр айта алмаймын. Мен одан оның өзін және өзімді көре алмаған адаммен сырласа алмаймын. Өз сырымды өзіме айтамын. Мен сенен өзімді көрмеймін, басқаны қалай көрейін",-делінген.

Басқа жағынан біліп жүргендеріңіз жақсы: Шәмс сөздерінің нұсқасы Моулавидің шәкірттері арасында "Мақалат"  деген атаумен емес, "Херқе-е Шәмс Тәбризи" (Шәмстің шапаны) танылған. Бұл түсіндірме де Шәмстің сөздерінің бірінен алынған. Сопы шейхтер шәкірттерін челлеге (40 күндік ораза) отырғызып, өсиет айтып, соңында шапан жабатын рәсім болған. Бұл шәкірттің шейхке мойынсұнғанын білдіретін. Сопылар тұрғысынан шапан – шейх пен шәкірт арасын байланыстыратын нәрсе, шәкірттің шейхке бағынуының белгісі.  Шәмс мұндай рәсімдер жасаудан алшақ болған, тіпті өзін осы сатылардан жоғары санап: "Мен шәкіртке емес, шейхке сөгіс айтамын. Оның ішінде әр шейхке емес, кәміл шейхке ұрысамын",-деген.

Шәмс жастық шағында себетші шейх Әубәкір Тәбризидің шәкірті болған. Ол өз заманындағы танымал шейхтердің бірі саналған. Ол сопылардың әдеттегі рәсіміне немқұрайлы қараған. Тіпті Шәмс бұл жайлы былай деген: "Шейх Әубәкірде шапан кигізу рәсімі жоқ". 

Бір күні Шәмстен "Саған шапан берген адам жайлы айт" деп сұраған. Ол күле отырып: "Алла елшісі түсімде маған шапан берді. Екі күннен кейін тозып, арықта қалатын шапан емес, сұхбат шапанын берді. Бұл сұхбат санаға сыймайды. Бұл сұхбаттың кешесі, бүгіні мен ертеңі жоқ. Ғашықтықтың кеше, бүгін және ертеңмен не ісі бар?"-деп жауап берген.  

Шәмстің "Сұхбат шапаны" – қабілетті адамдарға ұсынылатын оның сөзі, жолы мен тәсілінің метафорасы. "Ол менен шапан сұрады. Менің шапаным  ереже емес. Менің шапаным – сұхбат. Менен алатын нәрселер – менің шапаным. Өйткені уақыты келгенде мен сенің шапаным, сен менің шапаным боласың" деген.

Сопылардың термині бойынша Шәмс "хал" (көңіл-күй) мен қал (сөз) екеуіне де шебер болған. Бірақ, өкінішке қарай, қанша сөз шебері болса да, кітап жазбапты. Егер жазса, парсы тіліндегі ең үлкен бірегей туынды шығар еді. Моулави өзінің ғазалдарында сан рет Шәмстің тәтті де ұтымды сөздері жайлы айтқан. Тіпті кейде оның сөзінің тартымдылығының жанында өз ғазалдарының  жүрекке жетпейтініне налыған. Шәмс те өз сөзінің өтімді екенін білген. "Мақалат" кітабында: "Менің сөзіме кірген адамның белгісі мынау: басқалардың сөзі оған суық және ащы көрінеді. Салқын болатыны сондай, олармен сөйлесе алмайды",-делінген. Шәмс Моулананың аузымен былай дейді: "Сенімен танысқалы бері мына кітаптар мен үшін қызықсыз болып қалды". Шәмс өз заманындағы адамдардың ол айтқан сөздерді түсінбейтініне кешіріммен қарап, эпикалық сарынға толы үнмен: "Бұл халықтың менің сөзімді қабылдай алмауға қақы бар. Сөздерімнің бәрі толқу тудырады. Бәрі дауласады. Олар сұранысқа да, мұқтаждыққа да қатысы жоқ сөздер естиді. Қарағанда тақиясы құлайтындай биіктен, аспаннан келген сөздер сияқты",-деген. Тіпті дұшпандар мен қараниеттілердің өзі Шәмстің тілі мен қаламының құдіретін мақтаған.

Жатқан жері жайлы болсын!