Наурыз ирандықтармен бірге (1)
(last modified Wed, 20 Mar 2024 11:24:46 GMT )
Нау 20, 2024 17:24 Asia/Almaty
  • Наурыз ирандықтармен бірге (1)

"Наурыз ирандықтармен бірге" атты бағдарламамызда Иранда тұратын түрлі этностардың Наурыз кезінде атқаратын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Иранда ежелгі Наурыз мейрамының бірінші күні. Мейрам құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй тілейміз. Наурыз мейрамының бірінші күнінде бізбен бірге болып, осы мейрамның шығу тарихы, ирандықтардың әдет-ғұрпы туралы оқуға шақырамыз.

Ұлылардың бірі былай дейді: Егер кез келген нәрсені шынайы перспективада көргіміз келсе, адамның өткенін оның қазіргі кезіндей түсінуіміз керек. Сондықтан көне символдар мен аңыздарды түсіну керек. Әлем халықтарының қазіргі әдет-ғұрыптарының көбі ежелден басталған. Ұзақ уақыт бойы әдет-ғұрыптар адамдардың ой-санасымен бірге өсіп, дамыды. 2500 жыл бойы Иран халқының мәдениетімен астасып жатқан ирандық рәсімдердің бірі – Наурыз ұлттық мейрамы. Бағзы замандардан бері бұл мереке көктем келгенде таныс қонақтай қуаныш пен шаттық әкеліп, ирандықтардың үйлеріне кіреді. Наурыз – Иран тарихында болған құлдыраулар мен шарықтауларға қарамастан, түрлі дін мен нәсілге ие ирандықтардың жаны мен жүрегінде мәңгі сақталған мейрам. Наурыз ирандықтардың мыңдаған жылдар бұрын қалыптасқан наным-сенімдерінен бастау алады. Кейбіреулер оны Пишдадтардың патшасы Джамшидке теліп, Наурызда Джамшид таққа отырып, өз дінін жаңартты деп сенеді.

Басқа біреулер оны Ахурамазданың әлемді жарату аңызымен бір деп санап, Наурыз мейрамы Ұлы Жаратушы үшін ең сүйікті тіршілік иесі – адамның жаратылған күнін тойлау деп сенеді. Адам Ахурамазда жаратқан әлемді қорғап сақтайды, Ахриман мен оның диюлік жаратылыстарына қарсы болады. Наурыз мейрамының шығу тарихы қандай болса да, ол әлі күнге дейін сақталып, Иран мен әлемнің көптеген елдерінде тойланып, адамзаттың рухани мұрасының бір бөлігіне айналып отыр.

Наурызға қатысты көптеген терминдер бар. Соларды біліп жүргендеріңіз жақсы.

Ең маңыздыларының бірі – "Һәфт син". Ирандықтар өткеннің белгілері мен болашаққа үмітті Наурыздың "Һәфт син" дастарханында көрсетеді. Бұл дастархан барлық тіршілік иелерін рақымына бөлеген Құдайдың белгілеріне толы. Бір жанұяның барлық мүшелерін айналасына жинайтын әдемі дастарханның өзінде илаһи нығметтердің көптеген белгілері бар. Иранда Наурыз дастарханы "Һәфт син" деп аталады. Оған табиғаттың қайта жандануының символы ретінде көк шөп қойылады. Сондай-ақ, жұмақ жемісі ретінде алма, денсаулық символы ретінде сарымсақ, құнарлылық символы ретінде сәмәну, ойланып әрекет ету және ақылға бейімділік символы ретінде жидек (шырғанақ, сенджет), бас ию және риза болу символы ретінде сірке суы, сабырлық пен шымдамдылық және таң ату мен қайта бастау символы ретінде сумақ (дәмдеуіш), тазалық пен пәктіктің символы ретінде мөлдір су құйылған кесе қойылады.

Наурыз дастарханының ең маңызды негіздерінің бірі – Құран кітабы. Ол дастарханға береке мен бедел сыйлайды. Ирандық мұсылмандар жаңа жылды Құдайға сыйынумен бастайды. Сонда денсаулық пен абыройға толы жыл болады деп сенеді. Ал мұсылман емес ирандықтар өздері қабылдайтын қасиетті кітапты дастарханға қояды. Осылайша мұсылмандар Құран кітабын, зороастрлар Авеста кітабын, калимилер Таурат кітабын Наурыз дастарханына қояды.

Наурызға қатысты терминдердің бірі – Ханетекани.

Ирандықтар Жаңа жылға бірнеше апта қалғанда көктем мен Наурыз мейрамын қарсы алуға дайындалады. Көшеде халықтың қозғалысы көбейеді. Біреу жаңа жылға қажет заттар сатып алады, басқа біреу үй мен дүкеннің терезелерін жуады. Шын мәнінде Наурызды қарсы алу іс-шараларының бірі – үйлер мен көшелерді тазалау. Мұны "Ханетекани" деп атайды. Үйдегі кілемдер жуылады. Терезелер шаңнан тазартылады. Ескі киімдер шкафтан шығарылып, жаңа да таза киімдермен алмастырылады. Сондай-ақ, адамдар үйді тазартумен қоса, өз жүректерін де тәуелділіктерден арылтып, жаңа жылды бастауға дайындалады.  

Ирандықтардың қазіргі "Ханетекани" рәсімінің астарында көне аңыз жасырынған.

Ежелгі ирандықтардың сенімінше, Наурыз жақындаған кезде қайтыс болған жақсы адамдардың аруақтары (фәрварлар) жылдың соңғы бес күнінде жерде қалған туған-туысқандарына ұшып келіп, жаңа жылдың басында Ахурамазда тарапынан өз туыстарына шаттық пен берекет алып келеді. Фәрварлар – шын мәнінде аспандық күштердің бірі. Зороастрлардың сенімінше, олар тіршілік иелері жаралғанға дейін болған және олар өліп, жойылғаннан кейін жоғары әлемге барып, мәңгі сақталады. Тіршіліктің мәні деп айтуға болатын бұл аспандық (рухани) күштер мәңгілік сипатқа ие.

Олар жұмақта Құдаймен бірге нұр мен пәктікте өмір сүретіндіктен қараңғылық пен ластықтан таза жұмақтай үйге кіреді. Шын мәнінде ежелгі ирандықтар аруақтар келуі үшін үйді әдемі етіп тазалаған. Егер үй тазаланбаса, аруақтар келмейді, жанұя мүшелері шаттық пен берекеден мақрұм қалады.

Бағдарламаның жалғасында Наурызға қатысты шаттыққа толы музыка тыңдаңыздар.

 

Айттық беру – бағзы заманнан бері ирандықтардың мәдениетінде бар әдемі рәсімдердің бірі. Бұрынғы заманда үлкендер кішілерге айттық беретін болған. Кішілер амандасу үшін үлкендерге барады. Қазір де бұл рәсім сақталған. Тек айырмашылығы мынада: көп адамдар құрметтейтін үлкендер мен достарына сыйлық сатып алып, оларға айттық береді. Айттық алу ләззатын тек кішілер көрмейді.

Бұрын сыйлық ретінде боялған жұмыртқа мен тәтті-дәмді берілген. Бірақ қазір жанұялардың көбі айттық ретінде жаңа банкнот берді. Әрине көбі кітап, киім мен басқа заттарды айттық ретінде достарына береді.

Ирандықтар арасында айттық беру тек жанұя мүшелері және туған-туыспен шектелмейді. Жыл бойы қызмет көрсеткен үй күзетшісі, көше сыпырушы, пошташы мен басқа да адамдарға да айттық беріледі. Бұл – оларға алғыс айтудың бір түрі.

Айттық – барлық ересектердің балалық шақтан қалған естеліктерінің бірі. Айттық алған балалардың қуанған жүзі мен күлкісі – естен ешқашан кетпейтін естелік. Бұл Иран мәдениетінде әдемі рәсім болып қалды.

Бағдарламаның жалғасында Фархадтың орындауында "Буй-е ейди, буй-е тут" (Айттың иісі, тұттың иісі. Түрлі түсті қағаз. Жаңа жыл дастарханының ортасында қақталған балық! Бөртегүл иісі, әжемнің терме жайнамазы. Осылармен қысты өткіземін. Осылармен шаршағанымды басамын) деген әнін тыңдаңыздар.  

Наурыз мейрамы кезінде орындалатын рәсімдердің бірі – "Сиздәһ бе дәр" немесе Табиғат күні. Көктемнің бірінші күнімен басталатын Наурыз мейрамы "Сиздәһ бе дәр" рәсімімен аяқталады. Халық осы күнде табиғат аясына шығып, мейрамның соңғы күнін бір-бірімен өткізеді. 13 фарвардин күні орындалатын рәсімдердің бірі мынау: жанұялар табиғат аясынан кетпес бұрын  "Һәфт син" дастарханына дайындаған көк шөпті суға ағызып жіберіп, өз үйлеріне қайтып оралады. Бұл күні тамақ екі тәсілмен пісіріледі. Не алдын ала үйде пісіріліп, әзірленеді. Не тамақ пісіруге қажет барлық заттарды табиғат аясына апарып, сонда ас әзірлейді. "Сиздәһ бе дәр" күні пісірлетін ең сүйікті тағамдардың бірі – "аш" немесе түрлі көже. Сондықтан кеспе көже, дуғ көже, шол-е қаламкар көжесі, арпа көже, жаңа өскен шөптерден түрлі көжелер Табиғат күні ирандықтардың дастарханына қойылады. Көжемен қоса, маринад немесе секанджабин мен салат капустасын жеу ирандық жанұялардың көбінде кең таралған.

Ежелгі Наурыз мәдениеті Иранның әр жеріндегі әралуан этностарда түрлі түс пен иіске ие. Біз Наурыз бағдарламаларының келесі бөлімінде Мазандеран мен Гүлістан облыстарына барып, осы аймақ тұрғындарының Наурыз рәсімдерімен танысамыз.