Наурыз ирандықтармен бірге (4)
(last modified Sat, 23 Mar 2024 13:37:40 GMT )
Нау 23, 2024 19:37 Asia/Almaty
  •  Наурыз ирандықтармен бірге (4)

"Наурыз ирандықтармен бірге" атты бағдарламамызда Иранның күрд ұлтының Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Наурыз мейрамының төртінші күні. Бүгін біз Иранның күрдтері тұратын аймаққа қонаққа барып, осы ұлттың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Күрдтер – Иранның батыс және солтүстік-шығыс жағында орналасқан тұмса табиғаттың бір бөлігінде тұратын шыншыл да мейірімді адамдар. Иранның күрдтері тұратын өңірлер – Керманшах, Күрдістан, Илам, Батыс Әзірбайжан мен Солтүстік Хорасан облыстары.  

Күрдтер – иран текті халық. Олар иран тілдерінің солтүстік-батыс тармағына жататын күрд тілінде сөйлейді. Күрдтер бірнеше тілдік диалектілерге бөлінеді. Оған кермандж, сурани, калхор, орамани, горан және лек (лер және күрд қосындысы) кіреді.

Наурыз – Күрдістанның ең үлкен мерекесі. Олар Наурызды күрдтердің ежелгі мерекесі деп санайды. Олар жыл сайын көне Наурызды жаңа киім киіп, түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, табиғат аясында от жағып, билеп қарсы алады. Бағдарламаның жалғасында күрдтердің Наурыз кезінде орындайтын кейбір әдет-ғұрыптарына тоқталамыз.

"Ханетекани" (үй тазалау) бүкіл Иран халқының, әсіресе күрдтердің Наурыз әдет-ғұрыптары мен рәсімдерінің тұрақты негіздерінің бірі болып табылады. Ауылдарда мейрамға бірер күн қалғанда, қалаларда мейрамға бір ай қалғанда адамдар үй тазалап, сауда жасай бастайды. Ауылдарда үйдің қабырғаларын ағарту – ең басты жұмыс. Өйткені қыс бойы үй қабырғасына пештің күйесі түседі. Содан кейін кілемдерді сыртқа шығарып қағады. Күн ашық және қолайлы болса, оларды жуады. Кейбіреулердің сенімінше, кілем тазалаумен қатар, өткен жылдың азабы мен дерті де сілкіп тасталады. Ал үй тұрғындары жағымсыз оқиғаларды артқа тастап, жаңа жылға қадам басады.

Күрдістандағы Наурыз рәсімі өзінің дәстүрлі реңін жоғары дәрежеде сақтап қалған.

Мір Ноурузи немесе Көктем әмірі рәсімі – Жаңа жыл келгеннен кейін орындалатын рәсімдердің бірі. Ол жылдың бірінші сәрсенбісінде көптеген рәсімдермен өткізіледі. Бұл күні халық өз арасынан қарапайым адамды уақытша билеуші ​​етіп сайлап, оған «Мір Ноурузи» атағын береді.

Бұл күлкілі шоуда қала немесе ауыл билеушісі болып сайланған адамға Наурыз бойында істерді басқару сеніп тапсырылады. Наурыз мейрамы аяқталған соң оның патшалығы да бітеді.  Билік кезінде Мір Ноурузиден күлу құқығы алынады, ол өзі айтатын тәтті әңгімелерге күлмеуі керек, ал сол аймақтың адамдары оның азғантай күлгенін көрсе, Мір Ноурузиді орнынан алып тастайды.

Адамдарға шаттық беріп, көңіл көтеруге бағытталған Мір Ноурузидің бұйрықтарының көпшілігі ең жақсы тәсілмен орындалады.  Қала ақсақалдары да оны және оның серіктеріне түрлі жағдай жасап, қылыш және қанжармен қамтамасыз етеді. Көпшілікті қуанышқа бөлеп, жұртты күлдірту мақсатында шығарылған Мір Ноурузи бұйрықтарын қала халқы орындайды. Бүгінде бұл рәсім символдық түрде өткізілетіндіктен бұрынғыдай кең таралмаған.

 

Күрд мәдениетінде марқұм мен оның тірі қалған отбасы да құрметті орынға ие. Жыл ауысуына бір күн қалғанда немесе жылдың соңғы жұмасының түнінде марқұмдардың қабірлеріне барып, Фатиха бағыштайды. Қайғыға ұшыраған отбасыларды жұбату үшін оларға жаңа киім сатып алу дәстүрі бар. Сондай-ақ жақынынан айырылған отбасыларды құрметтеп, көршілері үйлерінде Наурыз отын жақпайды.

Күрдтердің өлгендерге құрмет көрсетуімен қатар, бақытты болу үшін де ерекше әдет-ғұрыптары бар. Олар жаңа отау құрғандардың алғашқы жаңа жылдық мерекесіне орай жас отбасыға сыйлықтар апарады. Күйеу жігіттің отбасы әкелетін сыйлықтар «ханше» (khanche) деп аталады. Оған қант, кәмпит, киім-кешек, иіс су, айна, жаңғақтар, жемістер, тәттілер, тіпті тағам да кіреді.

Күрд биі (Kurdish dance) әрқашан Күрдістанның негізгі салттық және мәдени элементтерінің бірі болып келеді. Наурыз кезінде кейбір ауылдарда адамдар отты айналып, "халперки" жасайды/топ болып билейді. Бұл рәсім кейбір күрд аймақтарында кеңінен өткізіледі. Иранның түкпір-түкпірінен көптеген туристер мен қызығушылар Наурыз мерекесінің қуанышын бөлісу үшін осы аймаққа барады.

Күрдтер музыканы өмірдің бір бөлігі санайды. Олардың өмірінде музыканың күшті де үзілмейтін тамыры бар.  Олар көптеген рәсімдер мен әдет-ғұрыптарда тиісті музыка орындайды.  Күрд биінің музыкасы (халперки) өте әдемі, ерлік пен жекпе-жек жаттығулары сияқты жауынгерлік өнермен астасып жатыр. Күрд биінің барлық ырғақтарында біртұтастық сақталған. Күрд биінің көптеген түрлерінде бишілердің қолдары біріктіріліп, қадамдары әрқашан бір бағытта қозғалады. Бұл би өте салмақты шеру сияқты.

 

Күрдтер арасында басқа жерлердегідей "Һәфт син" дастарханын жасау маңызды емес. Наурыз күні отбасылар жиналып, бір-бірін мерекемен құттықтайды. Ерлер де қала ақсақалдарына қызмет көрсетуге келіп, жаңа жылдың келуімен құттықтайды.

Күрдтер арасында Наурыздың тағы бір маңызды рәсімі – мейрамның соңғы күніндегі рәсім. Оны «Сиздәһ бе дәр» деп атайды. Ирандықтар табиғат аясына шығып, отбасымен шаттыққа толы күн өткізеді.

Күрдтер тұратын аймақтарда Иранның басқа аймақтары сияқты адамдар 13-ші күннің таңынан бастап далаға, тауларға және демалыс орындарына барады. Олар бір күн бұрын заттар мен тамақ дайындайды. 13-ші күні таңертең туыс жанұялар ұжымдық немесе әр отбасы жеке-жеке бау-бақшаға, тау етегіне,  Күрдістан табиғатының жап-жасыл құшағына шығады. Кей жерлерде «халперки» жиналысы өтеді.

Ауылдарда бұл күннің тағамы алуан түрлі болады. Әр отбасы ерекше тағам пісіреді. Бірақ қалаларда, әсіресе Санандажда он үшінші күні ең танымал тағам – кәуапталған ет. Кейбір отбасылар жергілікті «кехлане» тағамын дайындайды, ал басқалары "долме бәрг-е му" тағамын пісіреді.

Тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген қыздардың символдық түрде өсімдіктер мен ағаш бұтақтарын байлау рәсімі бұрын күрдтер арасында әдет-ғұрып болмаса да, қазір орындалады.

Халықтың қызығы мен қуанышы кешке дейін жалғасады. Заттарды жинап, үйге қарай бет алған отбасының әйелдері мен қыздары Наурыз мейрамына дейін әртүрлі ыдыстарға дайындаған көк шөптерін суға ағызады. Сондай-ақ, әр адам он үш тасты жинап алып, қалаға немесе ауылға қарап тұрып, иығынан артқа қарай лақтырады. Олар осылайша он үшінші күннің жамандығы жойылады деп сенеді. Кейбір күрд аудандарында, соның ішінде «Дивандәрре» қаласында бұл күні олар ескінің бәрін лақтырып тастауға тырысады, ал кейбір ауылдарда тіпті мал сойылады.

Құрметті әріптестер, біз бағдарламаның осы бөлімін аяқтадық. Алдағы бағдарламада, яғни Наурыздың бесінші күні Иранның солтүстік-батысына барып, Әзірбайжан халқының Наурыз мейрамымен танысамыз.