Американың Мемлекеттік департаментінің Ирандағы адам құқығының бұзылуы туралы уәждерін сараптау 6
Барлық салалар бойынша адам құқығын сақтап, қорғауда көшбасшымыз деп уәж айтатын АҚШ үкіметі көптеген жайттар бойынша, соның ішінде түрмелерде қылмыскерлерге жөнсіз қатынас көрсетіп, ақыл-естері кем жандарды өлім жазасына кесу сынды әділетсіз үкімдерді жүзеге асыру әрекеттері арқылы адам құқығын бұзуда.
Сөйте тұра, Американың Мемлекеттік департаменті өзінің жылдық есебінде Ирандағы қасақана кісі өлтіру және қысас үкімін діни заңдар негізінде орындау сынды немесе есірткі заттар контрабандистері үшін өлім жазасын жүзеге асыруға қатысты жайттарға алаңдаушылық білдіріп, ИИР-да адам құқығы заңдары сақталмайды деген уәж айтады.
Америка – әлемдегі түрмелердің саны бойынша көшбасшы ел. Америкада екі миллионнан астам адам түрмеде жатыр. Статистика АҚШ соттарының жылына көптеген адамдарды өлім жазасына кесетінінін көрсетеді.
Америкада сонымен қатар жасырын және тіркелмеген түрмелердің бар екендігі белгілі болды. Бірақ, түрмедегілер мен өлім жазасына кесілгендердің нақты саны жарияланған жоқ. Бұл статистикалар мен есептер Америка халқы әлем халқының тек бес пайызын ғана құрағанымен әлемдегі түрмеге қамалғандардың 25 пайызы осы елде жатқан жағдайда жарияланып отыр.
Америка түрмедегілеріндегі жоғары көрсеткіш түрмедегілердің құқығын сақтау тақырыбына адам құқығы ұйымдарының назарын аудартып отыр. Қазір америкалық әрбір мың азаматтан 716 адам түрмеде жатыр. Жазаға кесілген жүйке ауруларына шалдыққан науқастардың санының жоғарылығы мен түрме күзетшілерінің қатігездіктері және зұлымдықтары, ақыл-естері кем жандарды жеке камераларда ұстау, жеке түрмелердің санының артуы, түрмедегілердің, әсіресе балалардың апатты жағдайда болуы Америкадағы түрмелерге қатысты алаңдатарлық жайттар болып табылады.
АҚШ-да адам құқығының бұзылуы саласындағы маңызды тақырыптардың біріне полицияның қара нәсілділермен қатігез қатынас жасауы жатады. Полиция күштері әртүрлі себептермен оларды күдікті санайды. Адамдардың өздері арқылы және үкіметтік емес органдардың көмегімен жарияланған статистикаға сәйкес, Америка полициясы қатігездіктерінің құрбандары болғандардың саны жылына бір мың адамнан асқан.
Жарияланған статистикаларға сәйкес, АҚШ-да орташа есеппен әрбір 36 сағатта бір қара нәсілді адам полиция тарапынан өлтіріледі. Статистика Америкадағы түрмеде отырған жалпы саны екі миллион 400 мың адамның шамамен бір миллионын қара нәсілділердің құрайтынын көрсетіп отыр. Бұл – есірткі заттарын тұтынатын америкалық ақ нәсілділердің саны қара нәсілділердің санынан бес есе артық жағдайдағы сан.
Американың сот жүйесі қара нәсілділердің құқығын әртүрлі тәсілдермен бұзып, оларға екінші деңгейдегі азаматтар ретінде қатынас көрсетеді. Өлім жазасы, ешбір айыпсыз және сот өткізбей түрмеде ұстау, себепсіз құрықтау және қара нәсілділердің әлеуметтік құқықтарын бұзу фактілері Обама президенттігі кезінде азаймағанымен қоймай, керісінше арта түсті.
АҚШ-ғы 2014 жылдағы өлім жазасы үкімімен байланысты адам құқығының маңызды келесі мәселесі айыпталушылардың кейбіреулерінің өлім жазасына кесілу тәсілі болып табылады.
2014 жылы 33 адам денелеріне улы заттарды егу арқылы өлтірілді. Бұл тәсіл кейбір жайттарда дау туғызды. Адам құқығын қорғаушы елдің іші мен халықаралық деңгейлердегі кейбір ұйымдар соған қатысты реакция білдірді. Электр орындықтары арқылы жазалаудағы бірнеше жайтта да техникалық ақаулар орын алып, өлім жазасына кесілушінің көптеген шоктан азап шегуіне себеп болды.
2014 жылғы өлім жазасы фактілерін нәсілдік тұрғыдан тексеру АҚШ-да өлім жазасына кесілгендердің жоғары пайызының нәсілдік азшылыққа тиесілі екендігін көрсетеді. 2014 жылы өлім жазасына кесілген 33 адамның 11-і ғана ақ нәсілді адам болса, олардың 17-і қара нәсілді, бесеуі испантілдес азшылық болған. Бұл соңғы статистикаға сәйкес, Америка халқының шамамен 13 пайызын ғана қара нәсілділер құрайтын жағдайда орын алып отыр. БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің есебінде полицияның қолдарында қарулары жоқ қаранәсілділерге қарсы үздіксіз және қайта-қайта оқ атып, қудалауы мен олардың қашуының қара нәсілділердің өліміне соқтырғанына қатысты қатты алаңдаушылық білдірілді. Комитет Америка полициясының, әсіресе Чикаго полициясының нәсілдік, ұлыстық азшылыққа, мигранттарға, әсіресе афро-америкалық адамдарға қатысты қатігез де шектен шыққан әрекеттеріне қатысты алаңдаушылық білдірді.
БҰҰ-ның есебінің әртүрлі тарауларында Американың барлау, қауіпсіздік және полиция күштерінің қатынас-әрекеттері сынға алынып, шынайы алаңдаушылық білдірілген. Соның ішінде ешбір айыпсыз құрықтап, сотсыз түрмеге отырғызу, азаптау, мигранттарды қамау, атап айтқанда балаларды ауыр да қолайсыз жағдайларда қамауда ұстауды, мигранттарды депортациялауды, Америка армиясы қызметкерлері тарапынан жөнсіз қатынас көрсетіліп, азаптауды, жасөспірім балалар мен ақыл-естері төмен кембағалдарды белгісіз, ұзақ уақытқа жеке камераларға қамауды атауға болады.
Нью-Йорктің тәрбиелеу және түзету мекемесі 2015 жылдың ақпан айында «Жыныстық теңсіздік» деген атаумен 233 беттен тұратын есеп жариялап, Нью-йорктегі түрмелердегі қолайсыз жағдайлар мен әйелдердің, әсіресе жүкті әйелдердің құқықтарының кең түрде бұзылуы туралы жазды. Бұл есептің алғашқы бөлімінде Нью-Йорктегі түрмелердің саны, әсіресе әйелдердің түрмелерінің санына сілтеме жасалып, түрмеде отырған әйелдердің статистикасы келтірілген: 2013 жылдың соңына дейін шамамен 2300 әйел осы штаттағы алты түрмеде отырған. Сол алты түрменің үшеуі әйелдерге арналған түрме болған. Келесі үш түрмеде ерлер де отырған. Бес түрмедегі кейбір фактілерді статистикалық тұрғыдан сараптау барысында түрмедегі қара нәсілді және тегі латын әйелдер санының ақ нәсілді әйелдердің санынан екі есе көп болғаны белгілі болды.
Аталмыш түрмелердегі қызметкерлердің көбісі ер адамдар болғандықтан көптеген қиындықтардың орын алуына, соның ішінде әйелдерге зорлық-зомбылықтың жасалуына себеп болады. Соңғы бірнеше жылда Нью-Йорктің түрмелерінде жыл сайын орташа есеппен 4000 әйел түрмеге қамалады. Өткен 36 жылда Америкадағы түрмелердегі әйелдер санының 900 пайызға артуы алаңдатарлық деп жарияланды.
Осы есеп бойынша, 1977 жылдағы түрмедегі әйелдер саны 11200-ден 2013 жылы 111300 адамға артқан. АҚШ әлемдегі әйелдердің жалпы санының шамамен бес пайызына ие болғанымен әлемдегі түрмедегі әйелдердің жалпы санының шамамен 33 пайызы осы елге тиесілі болып отыр. Осы есепке сәйкес, кейбір жайттарда түрме басшылары жүкті әйелдерге көрсететін болмашы қызметтерден өздерін босату үшін оларға жасырын түрде түсік жасау туралы ұсыныс жасайды. Сол себепті жылына Нью-Йорк түрмелеріндегі әрбір тоғыз жүкті әйелдің төртеуі түсік жасатады. Есептің өте қорқынышты және алаңдатарлық болып көрінетін бөлімдерінің біріне геноцидтің бір түрі де болып табылатын түрмедегі қара нәсілді және тегі латын әйелдерді стерилизациялау жатады. Америка кедей және қара нәсілді әйелдерді стерилизациялау бойынша қорқынышты тарихқа ие.
Осы есепке сәйкес, 2006-2010 жылдар аралығында тек Нью-Йорктің түрмелерінде шамамен 150 әйелге стерилизация жасалды. Олардың денін қара нәсілді және тегі латын әйелдер құрады. Ұзақ уақытқа жеке камераларға қамау Нью-Йорк түрмелеріндегі жүкті әйелдердің құқығын бұзуға қатысты алаңдатарлық және қайғылы жайттардың келесі қатарын құрайды.
Жылына шамамен 1600 әйел Нью-Йоркте жеке камераларға жіберіледі. Орташа есеппен күніне 100 әйел осы штат түрмелерінде жеке камераларда отырады.
Адам құқығын бақылау ұйымы 2014 жылдың наурыз және қараша айларындағы екі есепте түрмедегі жасөспірім балаларға түрме қызметкерлері мен үлкен адамдар тарапынан жасалатын қорлыққа, сонымен қатар өмірлерінің соңына дейін абақтыға кесілген жасөспірімдерді шартпен босатудың жоқтығына қатты алаңдаушылық білдірді. Америкадағы адам құқығын бақылаушы ұйым тарапынан 2014 жылдың наурыз айында жарияланған есепте түрмелердегі балалардың қайғылы жағдайына қатысты алаңдаушылықпен бірге Америка үкіметінен балаларды үлкен адамдармен бірге тұтқындауды тоқтату сұралды.
Аталмыш есепте Америкада жастары 18-ге толмаған балаларды жасы үлкен қылмыскер ретінде қамау сынға алынып, Американың осы әрекетімен жастары 18-ге толмаған адамдарды қамап, қатынас жасау тәсілі бойынша халықаралық барлық заңдар мен нормаларды бұзғаны расталды.
Есепте Америка түрмелеріндегі жыныстық тұрғыдан теріс пайдаланудың жалғасуына тағы қауіп білдіріліп, Американың Әділет министрлігі тарапынан 2013 жылы ұсынылған статистика келтіріліп, сондағы түрмедегі балалар мен жасөспірімдердің шамамен 10 пайызының басқа қылмыскерлер немесе түрме қызметкерлері тарапынан 2011-2012 жылдары жыныстық тұрғыдан азапталып, зорлық-зомбылыққа ұшырағандарына сілтеме жасалды. Бұл мөлшер 2008-2009 жылдары 12,6 пайызды құрады. Мұндай қатынас әлемнің көптеген елдерінде жастары он сегізге толмаған балаларды соттау үлкен адамдармен айырмашылыққа ие жағдайда жасалып отыр. Бұл іс жас балалардың көңіл-күй, физикалық және психикалық тұрғыдан ерекше жағдайға ие болуына байланысты.
Осы жайттар мен азаматтық құқықтың әшкере түрде бұзылуы және қара нәсілділерді айуандықпен басып-жаныштау, Америкадағы Фергьюсон қаласындағы оқиға сынды ащы оқиғалар адам құқығын қорғау туралы уәж айтатын елдегі адам құқығының қайғылы жағдайын зерттеуге арнайы баяндамашының тағайындалуы үшін жеткіліксіз бе? Бірақ Американың адам құқығын бұзу саласындағы әрекеттері тек Америкадағы түрмедегілер мен қара нәсілділердің жағдайымен шектелмейді. Адам құқығын бұзу жайттары тақырыптың кең спектрін құрайды. Осы саладағы көбірек жайттарды қарастыруды келесі бағдарламаның еншісіне қалдырамыз.