Имам Хомейнидің ой-пікіріндегі имамат пен велаят мәселесі
(last modified Wed, 01 Jun 2016 11:21:14 GMT )
Маусым 01, 2016 17:21 Asia/Almaty
  • 
Имам Хомейнидің ой-пікіріндегі имамат пен велаят мәселесі

Жыл сайын маусым айының бірінші аптасында Иранның күнтізбесіндегі маңызды екі оқиғаға, яғни Ислам революциясының ұлы көсемі имам Хомейнидің дүниеден озған күні мен 15-ші хурдод көтерілісінің жылдығы аталып өтеді.

Маусым айының бірінші аптасында, ал ирандық күнтізбе бойынша хурдод айының ортасында Иранның Ислам революциясының тарихында екі маңызды оқиғаның жылдығы аталып өтеді. Маусымның үші – Ислам революциясының ұлы көсемі имам Хомейнидің дүниеден озған күнінің жылдығы. Имам Хомейни 1989-шы жылы 3-ші маусымда дүние салды. 4-ші маусым – имам Хомейнидің Мұхаммад Реза Пехлевидің диктатуралық режиміне қарсы қозғалысының басындағы, яғни 1963-ші жылдағы 15-ші хурдод көтерілісінің жылдығы. Аталмыш қозғалыс 1963-ші жылдың маусым айында имам Хомейнидің басқаруымен басталған. 15 жылдан кейін, яғни 1979-ші жылы Иранда 2500 жылдық патшалық режим құлатылды. Имам Хомейнидің қозғалысы Иран мен Ислам тарихындағы маңызды қозғалыс. Имам Хомейни Ислам революциясының басшысы болуымен бірге жоғары деңгейлі діни ғұлама болып, Иран халқы мен ғалымдарының құрметіне ие болды. Дәл осы ерекшелік Мұхаммад Реза Пехлевидің патшалық режиміне қарсы күресіне ерекше сипат сыйлады. Ислам революциясының жеңісіне дейін отаршылар мен үстемшілердің қолына түскен мемлекеттерде үстемдік пен отаршылыққа қарсы революциялар мен көтерілістер орын алды. Олардың көбі социалистік ұрандармен іске асырылды. Бұл революциялардың басшылары марксистік идеологияға сүйеніп, империалистерге қарсы ұрандар айтып, билікке жеткен жағдайда өздері бір үстем күшке айналды. Имам Хомейни әлемде марксизм мен либерализмнің идеологиялары билеген жағдайда діни негіздерге сүйенген революцияны жеңіске жеткізді.

Ислам революциясының ұлы көсемі әлемге отаршылық пен үстемдікке қарсы күрестің жаңа жобасын ұсынды. Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі аятолла Хаменеи Ислам революциясы жеңісінің 20 жылдығында: «Біздің ұлы имамыз хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның пәк Исламының тағылымдарына сүйеніп және халықтың діни иманына сенім артып, батылдығы, ықыласы және Аллаға тәуекел етуімен қиындықтар мен төзуге болмайтын мәселелерге толы күрес жолын өтіп, алға ілгерілеп, сабырлығы мен Исламның ұлық пайғамбарының тәсілдерін пайдаланып, халықтың ойлары мен жүректерін ащы шындықтар және оларды емдейтін жолмен таныстырды. Бұл илаһи адамның даусын тыңдап, оның қисыны мен сабақтарын жүректеріне қоңдырған Иран халқы Исламға деген иманы және махаббатымен еш уақытта ұмытылмас жанкештілік көрсетті. Біздің имам халыққа дұрыс жолды нұсқап, хабардар етіп, миллиондаған адамды күреске шақырып, исламдық үкіметтің идеяларын таратып, әлемдегі кең таралған екі саяси мектепке қарсы тұрып, дін мен адамгершілікке сүйенген және халықтың жігерімен санасатын исламдық жолды ұсынды»,- деді. Ислам революциясының жеңісі әлемнің саяси сахнасындағы жаңа құбылыс болды. Бұл құбылыс өзінің болмысы, мақсаттары және тағдырымен дүниежүзінің ешбір саяси критерийіне сай келмеді. Ислам революциясы халықаралық жүйеде қалыптасқан блоктар мен екіполюстік жүйені бұзды. Қарым-қатынастарындағы қайшылықтар мен терең бәсекелестікке қарамастан сол кезде әлемді билеген екі алпауыт құдырет Ислам революциясынның алдында бітімге келіп, біртұтас ұстаным көрсетті. Кеңес Одағы мен АҚШ және оларға тәуелді мемлекеттер Саддамның БААС режимінің ИИР-на қарсы соғысында Саддам режиміне жан-жақты қолдау көрсетті. Иранда ислам революциясының жеңісімен имам Хомейни ислам әлеміндегі басқа ғалымдар мен ойшылдардың пікірлеріне қайшы исламдық үкімет туралы өз көзқарасын іске асыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Шиіт мұсылмандардың философтары мен ойшылдарының саяси ой-пікірінің маңызды негіздерінің бірі Ислам революциясының дүниеден озуынан кейінгі кезде имаматқа иман келтіруі, яғни Алла елшісі хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның набоватының имамдар арқылы жалғасуына, яғни имаматқа сенім артуы болып табылады. Бұл мәселе Ислам дінінде өте маңызды болғандықтан, оған жасалған тәпсірлер әртүрлі мазхабтардың пайда болуына себеп болды. Мұндай жағдайда шиіттердің имамдарға сенім артуы ерекше орынға ие болды. Өйткені имамат және илаһи халифалар Алла тарапынан және пайғамбар арқылы сайланатындықтан келесі ұрпақ үшін қажет болып табылады. Имам – халықтың діни істері мен діндарлығының тағдырын өз қолында ұстайтын адам. Алла Тағала хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ды көшпенді және пұттарға табынатын халықты бір Аллаға құлшылық ететін жолға нұсқау үшін жібергені сынды пайғамбар дүниеден озған соң исламдық қоғамның басшыны қажет ететінін түсініп, имамдарды сайлады. Ғадир Хом оқиғасы және Исламның ұлық пайғамбарының соңғы қажылық сапарында және дүниеден озуынан бір жыл бұрын хазірет Әли (ғ.с.)-ды өзінің орынбасары және өзінен кейінгі халықтың басшысы ретінде таныстыруы осы салада орын алды. «Ниса» сүресінің «...Аллаға бой ұсынып, пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» деген аяты мен «Сақалайын» хадисі, тіпті сүнниттердің кітаптарында тіркелген басқа да сенімді аяттар мен рауаяттар пайғамбардың набоватынан кейін имаматтың жалғасатынын көрсетеді. Исламның ұлық пайғамбары «Сақалайын» хадисінде: «Мен сендердің араларыңда екі қымбат әрі құнды нәрсені қалдырамын. Оның біреуі екіншісінен үлкенірек: біріншісі – аспаннан жерге дейін жететін жіп (дін) саналатын Алланың кітабі, келесісі – менің әулетім мен жақындарым. Бұл екеуі Кәусардың қасында менің қасыма келгенше, еш уақытта бір-бірінен ажырамайды»,- деп айтқан болатын. Тіпті сүннит ғалымдары да «Сақалайын» хадистіндегі «әулетім мен жақындарым» деген сөз пайғамбардың күйеу баласы әрі ағасының ұлы хазірет Әли (ғ.с.) туралы айтылған деп санайды. Хазірет Әли (ғ.с.)-нан кейін оның 11 перзенті мен ұрпағы халыққа билік жүргізетін құқыққа ие оның орынбасаралары саналады. Олардың он біріншісі – имам Мәһди (ғ.с.). Ол қазір адамдардың көзіне көрінбейді. Ол келген кезде әлемде әділет орнатады. Әлемнің құтқарушысы туралы сенім барлық илаһи діндерде кездеседі. Бұл тамыры жайған және ежелден келе жатқан сенім әр адамның бүкіл әлемде шындық пен әділет үкіметінің және бейбітшілік пен қауіпсіздіктің орнатылуын талап ететін ішкі және сыртқы қалауымен бірге илаһи пайғамбарлардың адамзат тарихындағы мүмін және әлемнің азаттық талап ететін халқына жіберген хабарын көрсетеді. Барлық үлкен илаһи пайғамбарлар өз кездерінде халыққа ақырзаманда әлемдік құтқарушының келетіндігі және оның әлем халықтарын залымдардың зұлымдығынан құтқарып, бүкіл әлемге таралған бұзақылық пен дінсіздіктің тамырын жоятыны туралы уәде берген болатын. Шиіттер мазхабы Құранның көптеген аяттары мен рауаяттарға сүйеніп, хазірет Мәһди (ғ.с.)-ді хазірет Әли (ғ.с.) мен Исламның ұлық пайғамбарының қызы хазірет Фатима (ғ.с.)-ның ұрпағының бірі деп санайды. Шиіт ғұламаларының пікірталастарының маңызды тақырыптарының бірі хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның ғайып кезіндегі қоғамның жағдайына қатысты. Имам Хомейнидің көзқарасы бойынша, Алла Тағала Исламның ұлық пайғамбарының дүниеден озуынан бұрын хазірет Әли (ғ.с.)-ды мұсылмандардың басшысы ретінде таныстырғаны сынды хазірет Әли (ғ.с.) шәһид болған соң қоғамның имаматы оның перзенттеріне жетті. Исламдық қоғам хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның ғайып кезінде де басшысыз қалмай, исламдық қоғамның басшысы анықталды. Хазірет Мәһди (ғ.с.) өзінің аз уақытқа ғайып болған кезінде халықпен төрт өкілі арқылы қарым-қатынас орнатып, халықтың мам жоқ кезде кімге барамыз» деген сұрағына «ислам ғалымдары мен Құраннан хабардар адамдарға» деп жауап берген. Имам Хомейни өзінің «Исламдық үкімет» деген кітабында Құран мен рауаяттарға сүйенген исламдық үкімет құру туралы айтқан. Аталмыш кітап имам Хомейнидің қудаланып, Ислам революциясының жеңісінен 10 жыл бұрын Наджаф қаласында қуғында жүрген кездегі сабақтарының жинағы. Имам Хомейнидің пікірінше имамат әр заман үшін қажет. Өйткені тек имамның болуымен ғана діннің ахкамы орнатылып, іске асырылады. Имам – дін мен шариғаттың қорғаушысы. Имам Хомейни бұл туралы: «Егер Исламның заңдарын шығарушы кемеңгер адам болса, өзінен кейінгі діндарлардың міндеттерін анықтауға міндетті. Осыған орай әлемнің Жаратушысы адамзаттың өміріне қажетті заңдарды шығарып, олар бұл дүние мен ақыретте бақытқа жету үшін ахкамды ұсынды. Ол өзі ақылға сай айқын ахкам, оның пайғамбары тек бір уақытқа ғана қатысты пайғамбар болмады. Одан кейін де заңдар іске асырылуы керек. Біз одан кейін әлем Жаратушысының оның өзінің және Пайғамбарының сөздерін күмәнданбай, илаһи заңдарды жүргізетін адамды сайлайтынын дәлелдеуіміз керек. Бұл адам қиянат жасамайтын, өтірік айтпайтын, зұлымдық жасамайтын және билік пен байлыққа табынбайтын адам болуы керек»,- деді. Имам Хомейнидің көзқарасы бойынша, имамат набоваттың жалғасы. Ол илаһи ахкамды іске асыру үшін қажет. Өйткені имаматтың негізгі мақсаты – дін мен заңды қалыптастыру. Сондықтан имаматсыз дін кемел емес. Имам Хомейнидің велаят факих (діни басшы) туралы пікірі бойынша, хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның ғайып кезінде қоғамның басшылығы ислам ғалымдарының міндеті болып табылады. Ислам революциясының жеңісінен кейін діни басшының Хобрегон мәжілісі құрылып, ең адал, ең ғалым және ең әділ басшы сайлайтын болды. Ислам революциясының ұлы имамы және Ислам республикасының іргетасын қалаушы имам Хомейни діни басшы туралы идеясымен әлемдіктерге діни халықтық демократия жүйесінің үлгісін ұсынды.

Тегтер