Йемен балалары – Сауд әулеті соғысқұмарлығының құрбандары
(last modified Sat, 16 Dec 2017 19:03:32 GMT )
Жел 17, 2017 01:03 Asia/Almaty
  • Йемен балалары – Сауд әулеті соғысқұмарлығының құрбандары

Сауд әулетінің екіжүзділігі өздерін екі қасиетті мекеннің қызметкері атап, мұсылмандар арасында Құран кітаптарын таратса, екінші жағынан, халықаралық ұйымдарға йемендік науқас, аш-жалаңаш адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуге тосқауыл қойған кезде айқындала түсті. Бұл әрекет саудиялықтардың Йеменнің мұсылман халқынан кек алу және осы елге қарсы қатыгездігінің шарықтау шегіне жеткенін көрсетеді.

Сауд әулеті режимі мен тағы бірнеше араб елінің Йеменнің мазлұм халқына қарсы соғыс ашқанына үш жылға жуық уақыт болды. Сауд әулетінің қайраткерлері мен әскерилері екі аптаның ішінде Йеменді басып алып, сол елдің билігінің басына өз адамын қоюды ойлаған болатын. Йемен халқының табандылығы саудиялықтардың бұл мақсатына жетуіне тосқауыл болуымен қатар, зорлықшылдарды  батпаққа батырып, сәтсіздікке ұшыратады. Сол себепті, Сауд әулеті осы тығырықтан шығу жолын Йеменді бомбалау, халықты қыру, елдің экономикалық инфрақұрылымдарын қирату санайды. Сауд әулетінің билеушілері Йеменді құрлықтан және теңізден қоршап, езгі көрген халыққа азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жетуіне тосқауыл болып отыр.

Саудиялық ұшақтардың Йеменге бомба жаудыруы


Саудиялық әскерилер йемендік күрескерлермен бетпе-бет шайқасудан қашатын осындай рақымсыз соғыстың басты құрбандары йемендік әскери емес бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар  болып табылады. Осы уақытқа дейін мыңдаған йемендік бала, әйелдер мен ерлер саудиялық әскердің күнделікті бомбалау амалдарында қаза болуда. Өкінішке орай, халықаралық ұйымдар Йемен халқының өте  нашар жағдайын тым кеш түсінді. Олар осы уақытқа дейін саудиялық ұшақтардың Йеменге шабуылы мен осы елдің қоршауын тоқтата алмады. 2016 жылдың маусым айында БҰҰ Арабстанды балалардың құқығын бұзушы елдердің қара тізіміне енгізді. Бірақ, Арабстанның қысым көрсетуі мен БҰҰ-на қаржылай көмектерін тоқтату туралы қоқан-лоққыларынан кейін осы ұйымның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун күтпеген жерден Сауд әулетін тізімнен алып тастады.

 

БҰҰ-ның Арабстан үкіметі мен оның одақтастарын балалар құқығын бұзушы елдердің қара тізіміне енгізуі үшін 15 ай уақыт қажет болды. Бұл ұйымның Сауд әулетін йемендік балалардың өліміне жауапты деп санауына себеп болған нәрсе тек бомбалау амалдары ғана болған жоқ, сонымен қатар, Йеменді құрлық және теңізден қоршаудың Йемен халқына, әсіресе балаларына шынайы қауіп-қатер тудыруы да себеп болды. Сауд әулетінің екіжүзділігі өздерін екі қасиетті мекеннің қызметкері атап, мұсылмандар арасында Құран кітаптарын таратса, екінші жағынан, халықаралық ұйымдарға йемендік науқас, аш-жалаңаш адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуге тосқауыл қойған кезде айқындала түсті. Бұл әрекет саудиялықтардың Йеменнің мұсылман халқынан кек алу және осы елге қарсы қатыгездігінің шарықтау шегіне жеткенін көрсетеді.

Йемен халқына азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткізілуіне тосқауыл қою езілген халықтың арасында ашаршылық пен түрлі аурулардың таралуына себеп болды.

 

Йемендегі балалардың жағдайының қаншалықты нашар екенін түсіну үшін БҰҰ-ның жуырдағы есебіне шолу жасау жеткілікті. Бұл есепте әр минут сайын бір бала дұрыс тамақтанбау және науқастану салдарынан жан тапсыратыны жазылған. Әр он баланың сегізі дұрыс тамақтанбайды. Осы есепке сәйкес, 1400 бала бомбалау барысында қаза болып, 2140 бала жараланған. Алайда ең маңызды жайт, 2,2 миллион йемендік баланың дұрыс тамақтанбайтындығында. Сауд режимі әскерінің бомбалау амалдары ғана емес, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі бомбалау әрекеттерінен көбірек йемендік бейкүнә балалардың қазасына себеп болуда. БҰҰ-ның Балаларды қолдау қоры ЮНИСЕФ бір мәлімдемеде Йеменде жүздеген баланың қазасы мен жаралануына себеп болған Арабстан бастаған коалицияның Йеменге қарсы әуе шабуылдарын айыптады. ЮНИСЕФ осы мәлімдемесінде йемендік 400 мыңнан астам баланың дұрыс тамақтанбау салдарынан өлім аузында жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, екі миллионға жуық бала  дұрыс тамақтанбаудан зардап шегіп, екі милионнан астам бала оқу-білімнен мақұрым қалып, 1 миллионға жуық бала Йеменнің түрлі аймақтарында  баспанасыз жүр.

 

Осы жағдай шын мәнінде табандылық көрсеткені үшін йемендіктерден кек алып, бұл елді қайтадан Сауд Арабиясының үстемшілдігінің алдында тізе бүктіру мақсатындағы әрекеттердің салдары болып табылады. ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуінше, саудиялық әскер 2016 жылы 23 мың нәресте мен 273 мың ананың өмірін қиды. Бұл ұйым Арабстан бастаған коалицияны Йемендегі гуманитарлық апат пен нашар жағдайға жауапты деп атады. Йеменнің жағдайының нашарлағаны соншалықты, тіпті БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш қараша айының орта шенінде Арабстанның осы ұйымдағы өкілдер тобына жолдаған хатында: «Саудиялық коалицияның Йеменді қоршауы йемендіктерге гуманитарлық көмектердің жеткізілуіне кедергі келтіріп отыр» деді. Ол саудиялықтардың БҰҰ-ның Йеменді қоршауды тоқтату туралы бірнеше рет жасаған өтінішіне қатысты немқұрайдылығын сынға алып: «БҰҰ мен саудиялық коалиция арасында келіссөз өткізілмес бұрын Йеменнің порттары ашылуы керек» деп қуаттады.

Ашаршылық – йемендіктердің жалғыз қиындығы емес. Олар өз елдерінің инфрақұрылымдарының, соның ішінде, су тазарту стансаларының ауқымды түрде қиратылуы салдарынан тырысқақ және дифтерия сынды жұқпалы ауруларға шалдығуда.Ұлыбританиялық Guardian газеті бірнеше ай бұрын: «Арабстанның бомбалау амалдары кезінде Йеменнің инфрақұрылымдарының қиратылуы салдарынан 14,5 миллион йемендік, соның ішінде 8 миллион бала ауыз судан мақұрым қалды. Тырысқақ ауруына шалдыққан науқастардың саны ағымдағы жылдың соңына дейін 600 мың адамға жетеді деп күтілуде» деп жазды. Бұл көрсеткіш қазіргі уақытта арта түсті.

Сауд әулеті режимі Йеменді жан-жақтан қоршап, әлемдік Қызыл крест күштерінің өлім аузында жатқан йемендік балаларды құтқаруына жол бермей отыр. Сауд әулетінің билеушісі соғыстан зардап шеккен Йеменде жаңа геноцид пен холокосты жүзеге асыруды көздеп отыр.  Сол себепті БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Йеменге құрлық және әуеден шабуыл жасауды тоқтатуды сұрап: «Йеменде миллиондаған бала, әйел мен ер адамдар ашаршылық, ауру мен өлімге душар болды» деп ескертті.

Йемендіктер тырысқақ ауруы салдарынан қаза болуда


Дәрі-дәрмек пен медициналық мүмкіндіктердің жетіспеушілігі йемендік балалардың жағдайын нашарлата түсті. Осы аядағы түрлі мәліметтер Йемендегі гуманитарлық апаттың тек бір бөлігін ғана көрсетеді. Балаларды құтқару ұйымының кеңесшісі Каролин Анинг: «Ауруханаларда науқастарды емдеу бөлмелерінде қажет медициналық жабдықтар мен адам күшінің өткір жетіспеушілігі байқалады. Балалар аурухананың еденінде отырып емделеді. Бір төсекте алты бала жатады» деді. ЮНЕСКО-ның Байланыс бөлімінің меңгерушісі Басмарк Свангин: «Ауруханалардағы көрініс өте аянышты. Балалар ауруханалардың еденінде ұйықтайды. Қозғала алмайды. Олардың әлсіреген ата-аналары да қастарында отырады» деді. «Балаларды құтқарыңдар» ұйымы директорларының бірі Тамер Карлос: «Ондаған ана күн сайын өз перзентінен айырылады. Йеменде азық-түлік жетіспеушілігі, дұрыс тамақтанбаудан жапа шегіп жатқан, тырысқақ пен дифтрерияға шалдыққан балалар өліммен арпалысуда» деді.

БҰҰ мен Әлемдік азық-түлік бағдарламасының мәлімдеуінше, қазіргі кезде Йеменнің 60 пайызға жуық азаматы ашаршылықтан зардап шегуде. 2016 жылдың маусым айынан осы уақытқа дейін азық-түліктің өткір жетіспеушілігі салдарынан 17 миллионға жуық йемендік нашар халге жеткен. Бұл мәліметтің БҰҰ, ЮНИСЕФ және тағы да басқа халықаралық ұйымдар мен йемендіктердің 69 маманы тарапынан расталғаны, 10 миллион 200 мыңға жуық йемендіктің дағдарысты деңгейде, 6 миллион 800 мың адамның ең нашар деңгейде тұрғаны қуатталды.  Осы мәліметке сәйкес, қазіргі таңда Йеменнің 22 облысының арасынан 20 облысы ашаршылыққа душар болған. Ансаролланың қарамағындағы Лахдж, Таиз, Абьян, Саада, Хадджа, Ходейда мен Шабва облыстарында төтенше жағдай орнаған. Бұл жағдай мынадай шындықты көрсетеді: йемендік күрескерлермен жекпе-жек соғыста дәрменсіздік танытып отырған Сауд режимі өз қарсыластарының қарамағындағы аймақтарда өмір сүретін қарапайым халықты жаппай қыруда.

Йемендік балалар жан тапсыруда


Сауд әулеті және Йеменмен соғыста маңызды рөл атқарып отырмаған оның бірнеше одақтасы өз бетінше осындай рақымсыздықпен халықты  жаппай қыра алмас еді. Алайда АҚШ, Ұлыбритания мен сионистік режимнің қолдауы саудиялықтардың жолын ашып, Йеменде осындай рақымсыз қылмыстардың жасалуына себеп болды. АҚШ Арабстан режимін саяси, әскери және ақпараттық тұрғыдан қолдап отырғанда Йемен дағдарысын бейбіт жолмен шешу туралы айтуда. Америкалықтардың соғысқұмарлығы саудиялық әскердің балалар, әйелдер мен ерлерді өлтірудегі ең басты қаруы. Ұлыбритания да Йеменмен соғысқа қатысты осындай жолды таңдап отыр. Ұлыбританияның Жұмысшылар оппозициялық партиясының жетекшісі Джереми Корбин Твиттердегі парақшасында: «Ұлыбританияның консерватор  премьер-министрі Тереза Мэйдің Сауд Арабиясына сапары барысында Йемен қоршауы және Ұлыбританияның осы соғыстағы рөліне қатысты мәселеге үнсіздік танытуы оның Йемен халқын қорлауға келісіп отырғанын көрсетеді. Арабстан Йеменді қоршауын тоқтатуы керек. Ұлыбритания да Арабстанға қару-жарақ сатуды кейінге қалдырсын» деп жазды. Осы ретте сионистік режимнің Сауд әулетіне ақпараттық және әскери тұрғыдан қолдау көрсетуі назар аудартады. Саудиялық билеушілердің Иранға қарсы одақтасына айналған сионистік режим Сауд әулетіне, соңында сионистерге қауіп төндіретін кез келген қозғалыстан сескенеді.

Трамп  мен Малек Салман


Бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар саудиялықтардың Йеменге қарсы соғысы мен оның қоршауының басты құрбандары болып отырған жағдайда бейкүнә әрі баспанасыз йемендіктердің өлтірілуіне мүмкіндігінше тосқауыл болу халықаралық қауымдастықтардың міндеті болып табылады.