Босқындар мәселесінің болашағын өзгерту – азық-түлік қауіпсіздігіне инвестиция салу
Меһр айының жиырма төрті күні, сәйкесінше, қазан айының он алтыншы жұлдызы – Бүкіләлемдік азық-түлік күні. 1945 жылы бұл күн БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FАО) құрылуы күніне орай аталған.
Бұл – ар-ожданды оятып, өмір сүрудің бастапқы құқығынан, яғни, ас ішуден мақұрым қалғандарға тілектестік білдіретін күн. Осы күнге орай арнайы дайындаған бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз.
Тағам – тек адамның ғана емес, күллі тіршілік иелерінің бастапқы қажеттіліктерінің бірі. Қоректену – жаратылыстың алғашқы күнінен бастап осы уақытқа дейін адаммен бірге келе жатқан түйсік. Тіпті, осы бастапқы әрі қарапайым түйсіктің арқасында адамзат өнеркәсіп пен ауылшаруашылық алаңдарында үлкен жетістіктерге қол жеткізді деп те айтуға болады. Құранда да адамның осы қажеттілігіне назар аударылып, кейбір сүрелердің атауы тағамдардың атауларымен басталады. Бірқатар аяттарда кейбір тағамдардың ерекшеліктеріне сілтеме жасалса, келесі бірінде адамзаттың қоректенуіне лайық жан-жануарлардың атаулары аталған. Өкінішке орай, қазіргі таңда азық-түлік жетіспеушілігі мен ашаршылық көптеген қоғамдарда, әсіресе, үшінші әлем елдерінде шынайы дағдарысқа айналған. Кедейшілік әлемдегі осы дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады.
БҰҰ өзінің «Әлемдегі тамақтану мен азық-түлік қауіпсіздігінің 2017 жылғы жағдайы» деген атаумен жариялаған есебінде соңғы он жыл бойы төмендеген ашаршылық деңгейінің қайта өсе бастағанынын мәлімдеді. Осы есепке сәйкес, 2016 жылы 815 миллионға жуық адам, яғни, әлем халқының 11 пайызы, ашаршылық пен азық-түлік жетіспеушілігінен жапа шеккен. Аталмыш есеп дұрыс тамақтанбау мәселесінің әлемнің жер-жерінде миллиондаған адамға қауіп төндіріп отырғанына тоқталып, қазіргі кезде 5 жасқа толмаған 155 миллион баланың бойының өз жасына, 52 миллион баланың салмағының өз бойына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Әйелдер арасындағы қаназдық ауруының таралуы да алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі. Осы есепке сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда ашаршылықтан зардап шегіп отырған адамдар санының 37 миллионға артуы дағдарыстар мен қатыгездіктердің кең етек жаюының салдары болып табылады.
БҰҰ-ның есебінде келтірілген мәліметтер көрсеткендей, ашаршылықтан зардап шегіп отырған 815 миллион адамның 520 миллионы Азияда, 243 миллион адам Африкада, 42 миллион адам Латын Америкасы мен Кариб аймағында өмір сүреді. Сәйкесінше, Азияда халықтың 11,7 пайызы, Африкада 20 пайызы және Латын Америкасы мен Кариб аймағында 6,6 пайызы ашаршылықтан зардап шегіп отыр. Осы мәліметке сәйкес, әлемнің ашаршылықтан зардап шегіп отырған 815 миллион адамның 489 миллионы соғыс болып жатқан елдерде өмір сүреді. Қақтығыстар орын алып жатқан елдерде ашаршылық басқа елдермен салыстырғанда 1,4-4,4 пайызға артық таралады. Соғыс салдарынан қоршаған орта бұзылып, үкіметтік ұйымдар жойылған аймақтарда басқа аймақтармен салыстырғанда ашаршылық 11-18 пайызға артық көрініс табады. Соғысып жатқан елдерде өмір сүретін адамдар әлемнің басқа жерлеріндегі адамдармен салыстырғанда 2,5 есе артық дұрыс тамақтанбаудан зардап шегеді.
Соғыс пен ашаршылықтың арасындағы байланыстың айқын үлгілерінің бірін бүгінде Йеменнен көруге болады. 2015 жылдың наурыз айынан бастап АҚШ пен Ұлыбританияның қолдауымен Арабстан мен бірнеше араб елдерінің шабуылдарының нысанасына айналған бұл ел қазіргі кезде ашаршылық, ауру және өліммен арпалысып жатыр. Oxfam халықаралық көмек көрсету ұйымының атқарушы директоры Марк Голдринг жуырда бір сұхбатында: «Йемен ашаршылық салдарынан біртіндеп құрып барады. Бомбалау әрекеттері ең алдымен елге қажет азық-түлікті кіргізу үдерісін тоқтатты. Одан кейін порттар, қоймалар, күре жолдар мен көпірлер бомбаланды. Мұндай маңызды орталықтарға әуе шабуылдарының жасалуы кездейсоқ іс емес. Арабстанның бомбалау әрекеттері белгілі бір жоспар бойынша жүзеге асырылды. Йеменнің экономикасы, органдары мен үкіметтің халықты қорғап, оны тамақтандыратын күші жойылу қарсаңында тұр. Әлі де кері шегінуге мүмкіндік бар. Ашаршылық елдің түкпір-түкпіріне таралып кетпей тұрғанда соғысты тоқтатып, порттарды ашу қажет» деді.
Қазіргі таңда Йеменнің 26,7 миллиондық халқын тамақтандыруға қажет азық-түліктің тек жартысынан азырақ мөлшері ғана бар. Сауд Арабиясы таңған соғыстан кейін қазір Йемен ашаршылық мен кедейшіліктің ошағына айналды. БҰҰ-ның көмектері де қажет мөлшердің 60 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Йеменнің нашар жағдайын назарға алып Oxfam ұйымы: «Йемен ашаршылықтың салдарынан құлдырап барады. Ұлыбритания Йеменге қарсы жойқын соғыс ашқан Арабстанға ауқымды түрде қару-жарақ сатуын доғаруы тиіс» деп мәлімдеді.
Өкінішке орай, қазіргі кездегі соғыс пен қатыгездік кейбір әлем елдерін ашаршылыққа соқтырып отыр. Стокгольмның халықаралық бейбітшілік зерттеу орталығы жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі 2015 жылы соғысқа кеткен қаржы мөлшерінің 1,7 триллион доллардан асқанын және өткен 4 жылмен салыстырғанда алғаш рет 1 пайызға өскенін көрсетті. Бұл мәлімдеме сондай-ақ АҚШ-тың 2014 жылы әскери салаға жұмсаған қаржысының 2,4 пайызға азайғанымен, бұл елдің бұрынғысынша әлемдік жалпы әскери шығында ең көп үлеске ие болып отырғанын жария етті. Қытайдың да 2015 жылғы әскери шығынының мөлшері 7,4 пайызға артып, 215 миллиард долларға жетті. Бұл тұрғыдан Қытай АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Сауд Арабиясы мен Ресей, сәйкесінше, үшінші және төртінші орындарды иеленсе, Ұлыбритания бұл тізімде бесінші болып орналасқан. Алайда зерттеу нәтижелері әлем бойынша әскери шығынның тек 10 пайызының ғана 15 жылға дейін кедейшілік пен ашаршылықты тоқтату мақсатында пайдалану үшін жеткілікті болатынын көрсетті.
Әлемдік азық-түлік бағдарламасы тарапынан жуырда жарияланған халықаралық көші-қон, соғыс және азық-түік қауіпсіздігі туралы есепте көрсетілгендей, азық-түлік жетіспеушілігі мен ашаршылыққа әкеп соқтыратын соғыстар мен қақтығыстар – көші-қонның басты себептерінің бірі. Бұл мәселенің айқын үлгісін Мьянма мен Бангладеш шекараларынан көруге болады. Қазіргі кезде рохиния қауымының мыңдаған өкілдері азық-түлік қоры таусылғандықтан, көшуге мәжбүр болып отыр. Рохиниялық бір әйел France Press агенттігіне берген сұхбатында ащы шындыққа тоқталып: «Бангладешке бармақпыз. Себебі елде қалсақ, аштықтан өлеміз. Заңсыз саудагерлерге беретін ақшамыз жоқ» деді. Бангладешке жаңадан жеткен босқындар да аштықты Рахкайндағы пұтқа табынушылардың мұсылмандарға қарсы қолданып отырған жаңа қаруы деп атады.
Соғыспен қатар, климаттық өзгерістер мен экономикалық дағдарыстар да азық-түлік қауіпсіздігінің жойылуына себеп болатын көші-қонның себептерінің бірі болып отыр. БҰҰ-ның Балалар қоры «Уақыт өтіп бара жатыр» деп аталған мәлімдемеде осы шындықты көрсетіп, Сомали, Нигерия, Оңтүстік Судан мен Йемен елдеріндегі 22 миллион баланың көшуге мәжбүр болғандықтан, білім алудан мақұрым қалумен қатар, аштық пен аурулардан жапа шегіп отырғанын мәлімдеді. Осы мәлімдемеге сәйкес, 1,4 миллион балаға дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қауіп-қатер төніп тұр. Бұл балаларды тамақтандыру үшін 225 миллион доллар қаржы қажет.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FАО) бас хатшысының орынбасары Костас Стамулис былай дейді: «Әлемдегі аш әрі кедей адамдардың төрттен үш бөлігі ауылды жерлерде өмір сүреді. Ауқымды көші-қонның алдын алу үшін ауылдық бөлімдерге инвестиция салу қажет. Себебі, көші-қон өмір сүру мүмкіндіктеріне қол жеткізу мақсатында қабылданған шешім болып табылады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының пікірінше, халықтың ауылдық жерлерден көшуі ауылшаруашылық бөліміндегі жұмыстардың азаюына соқтырады. Көшіп жатқандардың басым бөлігін жастар құрағандықтан, ауылдық бөлімдерге инвестиция салу арқылы қазіргі кездегі көші-қон дағдарысын азайтуға болады».
Осы мәселенің маңыздылығына байланысты 2017 жылғы Бүкіләлемдік азық-түлік күнінің ұраны «Босқындық мәселесінің болашағын өзгерту: ауылдарды дамыту және азық-түлік қауіпсіздігіне инвестиция салу» деп белгіленді. Осылайша, кəсіпкерлікті арттыру жəне ауыл шаруашылық бизнесін дамытуға көмектесу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жөнсіз көші-қонның да алдын алуға болады.