Құдс – илаһи діндердің бесігі (4)
(last modified Fri, 12 Jan 2018 17:58:28 GMT )
Қаң 12, 2018 23:58 Asia/Almaty
  • Құдс – илаһи діндердің бесігі (4)

Бұл бағдарламада Палестина мен Бейт ул-Мұқаддастың Осман империясы кезіндегі өзгерістеріне шолу жасаймыз.

Бейт ул-Мұқаддас илаһи діндердің пайда болуының ошағы болғандықтан, киелі қала саналады. Себебі, бұл қала тарих бойында Алланың ұлы елшілерінің дүниеге келуі және адамдарға жетекшілік ету ошағы әрі бірқұдайлық пен имандылықтың бесігі болып келді. Қалада ұлы пайғамбарлардан қалған ескерткіштер оның маңыздылығы мен биік мәртебесін көрсетеді. Осы киелі мекеннің мұсылмандар үшін маңыздылығының тарихи алғышарттары бар. Бейт ул-Мұқаддас – мұсылмандардың алғашқы құбыласы.  Соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммад (ғ.с.) Меккеде өмір сүрген кездегі пайғамбарлығының алғашқы он үш жылында және Мединеге көшкеннен кейін де он жеті жыл бойы мұсылмандар әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған.  Әл-Ақса мешіті басқа жақтан да мұсылмандар үшін аса маңызды болып табылады. Бұл маңыздылық – пайғамбардың (ғ.с.) әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне қарай  және сол жерден аспандарға миғраж жасауында. Әл-Ақса мешітінің мәселесін көтеру Ислам әлемінің басты мәселесі және осы өлкеге тигізілген зарарларды қайта баяндау болып табылады. АҚШ президенті Трамптың Бейт ул-Мұқаддасты ресми түрде Израиль режимінің астанасы ретінде тану әрекеті осы қасиетті мекеннің мәртебесі мен маңыздылығына шолу жасауға мүмкіндік тудырды.

Бейт ул-Мұқаддастың сионистердің америкалық және еуропалық қолдаушылардың көмегімен ұйымдастырған бейберекеттіктерінің сахнасы болып отырғаны алғаш рет емес. Бейт ул-Мұқаддас міндетті түрде мұсылмандарға қайтарылатын болады. Өткен бағдарламада  кірес жорықтары, жеті ірі соғыс пен Бейт ул-Мұқаддастың мұсылмандар мен мәсиһилер арасында бір-бірінің қолына өтуі туралы айтқан болатынбыз. Жетінші кірес жорығы аяқталып, Аюби билігінің соңғы патшасы қайтыс болғаннан кейін, Мәмлүк атты мұсылмандардың келесі династиясы билікке келіп, Бейт ул-Мұқаддасқа үш ғасырға жуық уақыт билік етті. Олар Бейт ул-Мұқаддасқа шабуылы кезінде моңғолдардың әскерін қиратып, Аккадағы қалған кіресшілді жойды.

Ұзақ соғыстар мен Османғазының моңғолдар және грекиялықтармен шайқастардағы жеңістерінен кейін Осман империясының іргетасы қаланды. Осман 1326 жылы қайтыс болды. Бір ғасырдан кейін сұлтан Мұхаммад Фатех кресшілдердің маңызды орталығының бірі әрі Шығыс Римнің астанасы болған Констатинополь қаласын басып алып, кресшілдерді Еуропа қақпаларына дейін қуып, Еуропа, Азия мен Африкада көптеген жеңістерге қол жеткізді.  

Осман сұлтандары төрт ғасырдан астам уақыт бойы Палестинаның барлық жерінде, соның ішінде, Құдс Шәріпте билік етті. Бұл мемлекеттің күш-құдіреті мен ықпалы және оның Азия, Африка мен Еуропаның кей аймақтарына таралуы Британия, Франция, патшалық Ресей мен Италияның алаңдаушылығын тудырып, олардың арасында үрей мен қорқыныш жайыла бастады.

Осман империясы бөлінуінен бұрын

 

Еуропалықтар Осман империясының ықпалының таралуының алдын алып, оны құлату  үшін бар тәсілді пайдалануға бел буды. Британияның біріккен патшалығы Осман империясын әлсіретуде ерекше рөл атқарды.

Осман мемлекетінің сұлтандары мен басшылары  империяға қарасты елдер мен бұқара халыққа қатыгез әрі мейірімсіз қатынас көрсетті. Бұл Осман билігі астындағы елдердің көтеріліске шығуына себеп болуы мүмкін еді. Он тоғызыншы ғасырдың соңында Палестинада, әсіресе, Құдс жерінде ауқымды көтерілістер орын алды. Сол уақытқа дейін Осман империясының Азияда жер біртұтастығын сақтауын қолдау саясатын ұстанған Британия үкіметі кенет саясатын өзгертіп, Осман империясына қарсы шықты. Британия үкіметі Суэц каналын өз қолына алып, Үндістандағы ықпалы мен күш-құдіретін сақтап қалу және Осман империясын құлату үшін Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі одақтас елдердің сыбайласы ретінде түрлі қастандық жоспарлап, арабтармен келісімдер жасап, оларды өз қолдауына үміттендіріп қойды. Британия үкіметі 1916 жылы арабтарды Осман империясына қарсы айдап салып, оларды көтеріліске шығуға итермеледі. Британияның Палестинаны басып алуға жасаған әрекеттерінен бұрын сионистер де бір еврей елін құру бағытында ауқымды талпыныстар жасаған болатын. 1882-1897 жылдар аралығында әлемдік сионизм еврей босқындарды Палетинада орнықтыру үшін талпыныстар жасағанымен, бұл алаңда ілгерілей алмай, жеңіліске тап болды.

Осы аяда Neue Freie Presse (Нойе Фрайе Пресе) газетінің тілшісі Теодор Герцль (1860-1904) 1896 жылы сионизм мәселесіне саяси реңк беріп, 1897 жылы ресми орган әрі сионистік ойларды тарататын Die Welt газетінің негізін қалады. Осы жылы Герцльдің бастамасымен Швецияның Базел қаласында Бүкіләлемдік сионизм конгресі өтеді. Конгресте біршама жайттар бойынша құжаттар бекітілді. Олардың ең басында: «Сионизмнің негізгі мақсаты – Паестинада еврей қауымы үшін орталық құру және оны хлықаралық құқықтың көмегімен растап, кепілдендіру» деп қуатталды.

Теодор Герцль

 

Конгрес ол жерде «мемлекет» сөзін емес, оның орнына «орталық» сөзін қолданды. Себебі, егер «мемлекет» сөзін пайдаланған болса, Палестина халқы мен басқа елдердің наразылықтарымен бетпе-бет келер еді. Алайда конгрес қолданған «орталық» сөзінің түп мақсаты Палестина жері болды. 1915 жылы Британия мен Франция үкіметтері Осман империясының азиялық отарларын өзара бөлісу үшін Британия тарапынан сэр Марк Сайкс, Франция тарапынан Жорж Пико  «Сайкс-Пико» деп аталған келісімге қол қойды. Сайкс-Пико келісімі туралы хабар патшалық Ресейге де жетіп, бұл патшалық бірқатар басымдылықтарға ие болу арқылы осы келісімге ризашылық білдірді. 1916 жылдың сәуір айының он алтысы күні Британия, Франция және Ресей үкіметтері арасында келісімге қол қойылды. Бұл шарт «Сазонов» атымен танымал болып, Сайкс-Пико келісімін толықтырды. Осы келісімге сәйкес, Осман үкіметінің жері үш бөлікке бөлінді. Ирактың оңтүстік аймақтары, Бағдад қаласы, Хайфа порты мен Палестинадағы Акка жері Британияның үлесі болды. «Клемансо-Ллойд Джордж» атымен танымал келесі келісімнің тарауларына сәйкес, Британия үкіметінің отарына айналған жерлердің ауқымы кеңейді. Бұл келісімнің алтыншы тарауында Палестина мәселесін халықаралық мәселе деп атау үшін дәлелдер келтірілді.

Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталған кезде британиялықтар арабтарды Осман үкіметіне қарсы айдап салуға тырысты. Олар арабтарға қолдау көрсетуге уәде беріп, Осман үкіметіне қарсы араб елдерінің одағын құруға сөз берді. Осылайша, Ибн Сауд, Амир Наджад пен Меккенің билеушісі Шариф Хосейнмен келіссөздер жүргізе бастайды. Осман үкіметі тарапынан Меккенің билеушісі ретінде тағайындалған Шариф Хосейн атаққұмар адам болды. Ол Британияның арабтардың Осман үкіметінің іс-әрекеттеріне қарсы наразылықтарын пайдалану айласына алданып, 1916 жылдың маусым айының бесі күні Осман үкіметіне қарсы төңкеріс жасады. Сол жылдың қараша айының екісі күні ол өзін ресми түрде араб мәмлүктерінің сұлтаны ретінде жариялады.  

Шариф Хосейн

 

Хосейннің өз мемлекетін құратынын күтпеген британиялықтар алаңдай бастады. Олар «Сайкс-Пико» келісімі және Хосейн мен Британия келісімі арасындағы қарама-қайшылықтарға байланысты Хосейннің үкімет құруына қатысты наразылық білдірді. Шариф Хосейн 1917 жылы Британияның жасаған қастығын түсінеді. Билікке жаңа ғана келген Кеңес үкіметі келісімшарттың құпия мәтінін әшкере еткеннен кейін османдық түріктер оны Шариф Хосейнге жеткізіп, Британияның қулығы туралы ескертті. Түріктер Шариф Хосейннен Британиямен қатынасын үзуді сұрайды. Шариф Хосейн алаңдап, Британия үкіметінен жағдайды түсіндіруді талап етеді. Алайда олардан қанағаттандырарлықтай жауап ала алмайды.

Бейт ул-Мұқаддастың Осман империясы ыдырағаннан кейінгі дәуірдегі өзгерістеріне келесі бағдарламада тоқталамыз.