Қазақстан ирантанушылар ассоциациясы: ғылым мен мәдениетке құрылатын жаңа көпір
2024 жылдың 15 қарашасында Алматы қаласында Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдениет орталығының ұйымдастыруымен қазақстандық ирантанушылардың кезекті отырысы өтті.
Отырыста ирантанушылар ассоциациясын құру мәселесі көтеріліп, Қазақстандағы ирантану ғылымының қазіргі жағдайы және оны дамыту мәселелері де басты назарда болды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ирантану мамандарын дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны ретінде ерекше аталып өтті. Университет қабырғасында дайындалған мамандар тек қазақстандық ғылымның дамуына ғана емес, екі ел арасындағы мәдени-ғылыми байланыстарды нығайтуға да зор үлес қосуда.
Ирантанушылар ассоциацияның негізгі мақсаты – ирантану ғылымын дамыту, Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланыстарды нығайту. Ассоциация зерттеушілер, аудармашылар, әдебиетшілер және өнер қайраткерлері үшін бірыңғай алаңға айналуды көздейді. Оның қызметінің негізгі бағыттары:
- Ғылыми зерттеулер: иран және қазақ әдебиеті, тарихы, тілі мен өнеріне қатысты зерттеулер жүргізіп, оларды қазақ және иран қоғамына таныту.
- Аударма ісін дамыту: парсы классикалық әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне, ал қазақ әдебиетін парсы тіліне аудару жұмыстарын қолдау.
- Білім алмасу: конференциялар, семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру арқылы зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу.
- Мәдени шаралар: Көрмелер, фестивальдер, әдеби кештер өткізіп, екі елдің рухани байланысын жандандыру.
Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи байланыстар өте тереңде жатыр. Ұлы Жібек жолы арқылы орнаған сауда, мәдениет, білім алмасу дәстүрі ғасырлар бойы үзілмей, бүгінге дейін жетті. Ассоциация осы сабақтастықты жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазіргі жаһандану заманында шығыс мәдениетін зерттеу тек рухани қажеттілік қана емес, стратегиялық маңызы бар ғылыми бағыт. Иран – ежелгі өркениет бесігі, шығыс әлемінің мәдени, тарихи, ғылыми мұрасының қайнар көзі. Ұлы Абайдан бастап, Шәкәрімге дейінгі қазақ ойшылдарының шығармашылығында парсы әдебиетінің ықпалы терең із қалдырғаны белгілі. Ирантану ғылымының дамуы қазақ ғылымына да жаңа серпін береді. Қазақ ақындары мен ойшылдарының шығармаларын парсы оқырмандарына жеткізу арқылы еліміздің әдеби мұрасы халықаралық деңгейде кеңінен танылмақ. Бұл қадам елдің рухани және мәдени дипломатиясын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Ирантанушылар ассоциациясы – бұл ғылым мен мәдениеттің дамуына арналған заманауи алаң және рухани байланыстарды нығайтуға бағытталған көпір. Ассоциацияның құрылуы – болашақ ұрпаққа тарихи және мәдени сабақтастықты жеткізудегі маңызды қадам. Екі ел арасындағы ынтымақтастық нығайып, жаңа белестерді бағындыруға бастама болсын!
Г. Құдайбергенова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің аға оқытушысы