Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Иран-Қазақстан ғалымдары бірлесіп жазған кітаптардың тұсаукесері өтті
12 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерделеу бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы үшжылдық бірлескен жобалар аясында дайындалған кітаптардың тұсаукесері өтті.
Бұл кітаптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 19 маусымдағы Иран Ислам Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмасына сәйкес дайындалды. Аталған кітаптар Шығыс ойшылы, ғалым әл-Фарабидің еңбектеріне негізделген идеяларға сүйене отырып, иран мен қазақ халықтары арасындағы қарым-қатынас пен өзара түсіністік деңгейін кеңейтуге арналған.
Тұсаукесердің ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевтың құттықтау хатын оқыды. «Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерделеу елдер арасындағы байланыстарды тереңдетудегі маңызды қадам. Ұлы ғалымның идеялары бүгінгі күнге дейін өзекті. Бұл кітаптар білімді сақтап қана қоймай, қос мемлекеттің мәдениетін терең түсінуге мүмкіндік береді. Делегациялардың алмасу, мәдени іс-шаралар мен білім, ғылым саласындағы бірлескен жобалардың ұйымдастырылу екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайтады», – делінген хатта.
Жоба жетекшісі, Иран Ислам Республикасы сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Али Моуджани өз сөзінде: «Жобаның басты міндеті – әл-Фараби мұрасы негізінде бүгінгі және болашақ ұрпақтардың идеалды қоғамның бейнесін қалыптастыра алатын қарым-қатынасын қамтамасыз етуге тырысу», – деді.

Таныстырылымда Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі баспасының директоры Хабиболла Малакутифар, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің PhD докторы Хошбатени Хосейн, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д. Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы, ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы, арабтану орталығының директоры Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызы, осы жобаға қатысқан университет ғалымдары Иран-Тұран ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей мен «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Зүбайда Шадкам сөз сөйледі. Шараға сондай-ақ университет оқытушылары, докторант, магистрант, студенттер қатысты.
Дайындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетінің аға оқытушысы Айман Жұбатқанқызы Боранбаева
